Бандитизм қылмысының объектісі
Әрекеттің қылмыстық-құқықтық белгілерін ашуда, оған қылмыс құрамы деңгейінде анықтама беруде қылмыс объектісі жайындағы деректер мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, қол сұғушылық объектісімен оның белгілерінің анықтамасын дәл білу арқасында қылмыстық әрекетке заң тұрғысынан дұрыс баға беріледі, ол қылмысты әділ саралауды, жауапкершілікті жіктеп, жеке анықтауды қамтамасыз етеді. Мысалы, қылмыстық қол сұғушылық объектісінің қасиеті мен белгісін білу қылмыс құрамының басқа элементтерінің мазмұны мен белгілерін толық сипаттауға мүмкіндік береді, қылмыстық емес әрекеттерді қылмыстық қол сұғушылықтан бөліп алуға негіз болады. “Қылмыстық қол сұғушылықтың обектісін әрбір нақты жағдайда анықтау және бағалау едәуір қиындыққа алып келеді, себебі объект қылмыстық-құқықтық заң нормасының диспозициясында кейде толық ашып көрсетілмейді, ал қандай да бір сілтеме бола қалған күнде, ол әдетте, сол қылмыстық әрекеттен тікелей қол салатын қоғамдық қатынастардың кейбір элементтері арқылы ғана жасалады” деген И.В. Велиевтің пікірімен келіспеуге болмайды./2/
Б.С. Никифоров былай деп дұрыс жазады: қылмыс объектісін зерттеу “сол тарихи жағдайдағы қылмыстық қудалаудың жалпы бағыты мен “көлемі” туралы мәселені шешетін заң шығарушылар үшін ғана емес, практикалық қызметкерлер үшін де қажет. Сот тәжірибесінің материалдарына қарағанда, кінәсіздің сотталғандығы және қылмыс жасаған адамның жауапкершіліктен дәлелсіз босатылғандығы анық көрініп тұрса да, кейбір жағдайларда ол сот органдарының қылмыстық-құқықтық қорғау шегін, қылмыс объектісінің аясын дұрыс түсіне алмаушылығынан болады”/3/.
Қылмыстық қол сұғушылық объектісі-әрбір қылмыстың қажетті элементі. Кез келген қылмыс-ол белгілі бір объектіге қол сұғу. Еш нәрсеге қол сұқпайтын қылмыс өмірде болмайды.
Жасалған қылмыс нәтижесінде қандай әлеуметтік игілікке әрқашанда және сөзсіз нұқсан келеді дейтін болсақ - ол қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастар. Сондықтан да қылмыстың мәні қоғамдық қатынастардың бұзылуында жатыр.
“Қоғамдық қатынастар категориясы күрделі де көп жақты түсінік”,-деп Е.Қайыржанов дұрыс пайымдайды./4/ Тәуелсіз Қазақстанда халықтың мүддесін қанағаттандыратын қатынастар басты болып табылады. Мұндай қатынастарға қарсы бағытталған қылмыстық қол сұғушылық түгелдей қоғам үшін қауіпті, сондықтан да қандай қылмыс болмасын ол қоғамдық қатынастарға тікелей немесе жанама қол сұғушылық жасау болып табылады.
Қылмыс жасағанда оның объектісі “материалдық болуы мүмкін, немесе саяси, моральдық, мәдени және басқадай материалдық емес те болуы мүмкін”. Қоғамдық қатынастар осы көрсетілген әлеуметтік құндылықтарға жатады. Бірақ бұл жерде қоғамдық қатынастың барлық жүйесі емес, оның қылмыстық заңмен қорғалатын бөлігі ғана сөз болып отыр. Қылмыс объектісінің сипаты қылмыстың барлық қалған белгілеріне (элементтеріне) ықпал жасайды. Қылмыстық әрекеттің сипатын бәрінен бұрын, қылмыстық қол сұғушылықтың объектісі, оның қасиеті, қоғам үшін әлеуметтік құндылығы, қылмыс объектісі болып табылатын қоғамдық қатынастардың сақталуына, оған қол сұғылмауға мемлекеттің және адамның қаншалықты мүдделі екендігі анықтайды.
Ғылыми заң әдебиеттерінде “қылмыстық құқық қоғамдық қатынастарды реттемейді және реттей алмайды. Қоғамдық қатынастарды қандай да бір реттеу сапасы мен еркіне қылмыстық-заң нормаларының функциясы тікелей әсер ететін жеке адамның мінез-құлқы арқылы оған тікелей әсер етуді қарастырады” деп сын пікір айтылған. Біз тұжырыммен келіспейміз. “Қылмыстық заң нормалары функциясының” әсер етуі-әлеуметтік оң немесе теріс мінез-құлықтың субъективтік мазмұнын құрайтын адамдардың санасы мен еркіне қылмыстық заңның әсер етуі болып табылады. Адамның мінез-құлқы, қылмыстық заңның реттеу пәніне енгендіктен, қоғамдық қатынастардан тысқары қалмайтындығын атап өткен жөн. Және де ол көрсетілген қатынастардың қажетті элементі деп танылған. Соған байланысты, адамдардың мінез-құлқын реттей отырып, заң шығарушы, сонымен қатар, қатынастарды да реттейді.
Қылмыстық заңның қорғау объектісі болып табылатын қоғамдық қатынастың құрылымдық элементтерін ашуға көптеген ғалымдар үлкен мән береді.
Құқық теориясын зерттеуші бірқатар авторлардың тұжырымы бойынша қоғамдық қатынастардың мазмұнына енетін құрылымдық элементтеріне мыналар жатады:
-қатынастарды тудыратындар (субъектілер);
-қатынастардың туындауына себеп болған заттар, басқаша айтқанда, мұндай өзара байланыстың тууын және болуын көрсететін факторлар;
-қоғамдық маңызы бар әрекет (әлеуметтік байланыс).
Қоғамдық қатынастың құрылымы объектінің бұзылған кезін, қол сұғушылықтың нақты нәтижесін қылмыстық заң деңгейінде және оны қолдану практикасы деңгейінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұл - қылмыстық заңның қорғау объектісі теориясындағы айтыс тудыратын мәселелердің бірі. Мысалы, Н.А. Беляев қоғамдық қатынастың үш элементті құрылымын жақтайды: қатысушылар - зат-затқа байланысты қатынас (байланыс). Б.С. Никифоров пен Е.А. Фролов қоғамдық қатынастың құрылымдық элементтеріне: қатысушыларды, қатысушылар арасындағы қатынасты; қатынастың болу, іске асырылуы шартын жатқызады. Е.І. Қайыржанов пен Э.Х. Норбутаев құрылымға мүддені де кіргізеді және т.б./5/
Бұл теориялардың ішіндегі бір ғана дұрыс нәрсе - ол барлық қатынас-заттардың адамдардың мұқтаждығы мен мүдделерінен көрініс табатындығы және олардың нақты және құрылымды екендігі. Қоғамдық қатынастың қалыптасуына себеп болған заттарды, қызмет өнімдерін анықтау үшін мұқтаждықтардың маңызы зор.
В.Я. Таций ұсынған пікір бойынша “Қылмыстық-құқықтық қатынастары кейбір жағдайларды қылмыстық Заңсыз-ақ пайда болады, олар қылмыстық заңмен қорғалса да, әрқашан тәуелсіз жағдайда жұмыс істейді”/6/. Мұндай пікірмен келісуге болмайды. Қылмыстық заңсыз қылмыстық-құқықтық қатынастар туындауы мүмкін емес деп санаймыз, оның үстіне автордың өзі қылмыстық заң мен қылмысқа қарағанда қоғамдық қатынастар бастапқы болып келеді дейді /7/. Бұл жерде мәселе қылмыстық заң әрекеттерінің шеңберін кеңейтуде немесе тарылтуда болып отыр. Адамның мұқтаждық шеңберіне кіріп, әлеуметтік маңыздылық алып қана зат қоғамдық қатынастардың қайнар көзіне айналады. Қандай да бір қызметті жүзеге асыру мұқтаждығы қоғамдық қатынастардың көзі болады. Адамдар бірімен бірі мұқтаждық арқылы байланысады, ал бұл байланыстардың өздері мұқтаждықтардың өзара септестіктері арқасында жұмыс істейді, қатынастар жүйесіне айналады. Жалпы мұқтаждықтар қатынастар жүйесі арқылы өтіп мүдделер формасындағы нақты түр алады. Мойындалған мұқтаждық дегеніміз белгілі бір нақты-тарихи формада кескінделген, сол әлеуметтік- экономикалық жүйеге бағдар алған мұқтаждық. Бұл айтылғандардан мынадай тұжырым жасауға болады: адам қызметі мұқтаждықпен қандай жан-жақты байланыста болса, мүддемен де сондай байланыста. Қоғамдық қатынастар, әдетте, мүдде формасында көрініс табады. Саяси, әлеуметтіқ өнегелік және басқа қатынастар тиісінше мүдде ретінде көрінеді.
Осыған байланысты адамдардың жалпы мұқтаждығы мен мүддесі қоғамдық қатынастармен қатаң, етене байланыста деп айтуға болады. Бұлардың біріншісі көрініс табудың объективті формасы ретінде де, олардың өмір сүруінің қажетті қайнар көзі де бола алады. Адамдардың материалдық және рухани қажеттілігін бойына сіңіріп, оларды жүзеге асыратын, қанағаттандыратын адамдар арасындағы байланыс қоғамдық қатынас болып табылады. Атап өткеніміздей, қоғамдық қатынастағы қылмыс объектісінің мазмұнын құрайтын “мүдде” категориясына байланысты заң әдебиеттерінде пікір айтылды.
Бұл мәселені алатын болсақ, қылмыстық заң теориясында мүддеге қарама-қайшы анықтама беріледі. В.Я. Тацийдің есептеуінше, криминалистер оның қоғамдық қатынастармен арақатынасына түсініктеме беруде бір пікірлі емес. Оқымыстылардың бұл мәселеге қатысты пікірлерін ол негізгі үш бағытқа әкеп тіреледі:
мүдде-қоғамдық қатынастың құрылымдық элементтерінің бірі және онымен бірге қылмыс объектісі ретінде танылады;
мүдде мен қоғамдық қатынас-әртүрлі түсініктер, сондықтан да “мүдде” категориясының қылмыс объектісін анықтау үшін пайдалануы мүмкін емес;
мүдде-қоғамдық қатынастың мәнін білдіретін оның элементі ғана емес, ол іс жүзінде өзінше қатынас /8/.
Э.Х. Нарбутаевтың есептеуінше, “субъектілер арасында қалыптасатын қоғамдық қатынастарға қарағанда “мүдде” категориясы сапа жағынан жоғары сатыда тұр”/9/
Мүдде мәселесіне байланыстырып объектіге анықтама бергенде қылмыстық-құқықтық қорғау объектісі ретінде қоғамдық қатынасты мүддемен теңестіретін ғалымдар бұл қатынастарады жалпы түрде қылмыс объектісі деп танып, қоғамдық қатынастың ішкі құрылымын қарастырғанда оған негізгі элемент ретінде мүддені кіргізеді, оны қылмыстық заңмен қорғау объектісі деп хабарлайды, яғни бүтін құрылымды оның бір элементімен алмастырады. Мысалы, Е.І. Қайыржанов, қылмыстық объектісі деп әртүрлі мүдделерді санайды: халық мүддесін - қылмыстың жалпы объектісі деңгейінде, біртекті мүдделерді - тектік объект деңгейінде, т.б./10/ қарастырады.
Ары қарай, экономикалық қатынастар да мүдде есебінде көрініс табады деген белгілі ереже келтіріледі. Мұның бәрі қоғамдық қатынастардың әртүрлі формада көрініс таба алатындығын көрсетеді, бірақ ол формалардың ешқайсысы да қоғамдық қатынастардың толық мазмұнын бере алмайды. Яғни, қоғамдық қатынастар, қылмыстық заңмен қорғалатын объект ретінде басқа кез келген өзінің элементі сияқты мүддеге де сыйғызыла алмайды /11/. Қылмыстық заң теориясы жалпы, тектік тікелей объектілерді бөліп қарастырады.
Оларды бұзғаны үшін қылмыстық заңда жауапкершілік қарастырған қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастардың жиынтығы жалпы қылмыс объектісі болып табылады. Тектік объектілерге көптеген қылмыстар бағытталған біртекті қоғамдық қатынастар жатады. Қылмыстың тікелей объектісі-қылмыстық заңмен қорғалатын нақты қоғамдық қатынастар, оларға бір немесе бірнеше қылмыс қарсы бағытталған.
Кейбір ғалымдардың пікірінше, үш мүшелі жіктеуді барлық қылмысқа қатысты қолдануға болмайды, себебі кейбір жағдайларда тек екі объектіні бөліп алуға болады.
М.И. Федоров қылмыстың жалпы объектісі деген түсініктен бас тартуды ұсынады. Оның ойынша ол “ғылым үшін де, практика үшін де ешнәрсе бермейді”/12/. Келтірілген саралаудың дәлелдігін қолдай отырып, А.Е. Фролов оны төрт мүшелікпен ауыстыруды, аталған объектілерге тағы біреуін, яғни “түрлік” объектіні қосуды ұсынады /13/. Үш мүшелік жіктеу логика заңдарына және жалпы, ерекше және жеке философиялық категорияларынаға негізделген. Атап өткендей, жалпы объектіге қоғамдық қатынастар жатады.
Әлеуметтік-саяси талдау қылмыстық заң қорғайтын қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығынан мазмұны жағынан біртекті, өзара тығыз байланыстағы қоғамдық қатынастар тобын бөліп алуға мүмкіндік береді. Біртекті қатынастар тобының ерекшелігін көрсету үшін объект нақтыланған болу керек. Соған байланысты қылмыстық заңмен қорғалатын біртекті, өзара байланыстағы қоғамдық қатынастардың белгілі бір бөлігі тектік объектіге айналады. Тікелей объектіні бөліп шығару да қажет және ол пайда келтіреді.
Қылмыстық-құқықтық қорғау объектілерін көрсетілген “тігінен” жіктеуінен басқа қылмыстық заң ғылымында “көлденеңінен” жіктеу де бар, оның мәні объектілерді негізгі, қосымша және факультативтік деп бөлу. Бұл жіктеуді Е.А. Фролов мұқият жасаған, оның есептеуінше “қылмыс бір уақытта бұзатын бірнеше тікелей объектілердің ішінен негізгі, қосымша және факультативтік объектілердің ішінен негізгі, қосымша және факультативтік объектілерді ажыратып алу қажет”. Объектілердің бұл жіктелуіне кейбір қосымшалар енгізіліп Н.И. Коржановскийдің еңбектерінде толық қайта келтірілген, ал А.С. Михлиннің, Е.А. Фесенконың және П.С. Матышевтің еңбектерінде толық немесе жарым- жартылай қабылданған.
Бұл жіктеуді И. Велиев даулы деп есептейді, себебі оның ойынша жіктеу белгілі бір көпті салыстырмалы біртекті белгілерге шектеп бөлу, соның арқасында оның элементтерін жіктеуде өз орнын қатаң сақтайды, әрқашанда орын алады. “Көлденеңінен” жіктеуде тұрақты емес белгілер де болады, ол жүйенің тұтастығын бұзады. Сонымен қатар, заң шығарушы позициясынан жеке қылмыстарда бірнеше объектілердің болмайтындығы көрінеді /14/.
Мұндай үзілді-кесілді пікірді біз қолдамаймыз.
Объектілерді негізгі, қосымша және факультативтікке бөлу уақыт сынынан өткен. Негізгі объекіге, бәрінен бұрын, заң шығарушы құқықтық норма арқылы қорғауға ұмытылған қоғамдық қатынастар жатады. Қылмыс жасалған жағдайда міндетті түрде бұзылатын немесе бұзылу қаупі туындайтын қоғамдық қатынас негізгі объект болып табылады. Бұл критерий қорқытып алушылықтың негізгі объектісін анықтауға едәуір мүмкіндік береді, соған қарай осы қылмыс үшін күшіндегі заңда қарастырылған жауаптылық нормасының орны анықталуы тиіс.
Бандитизм қылмысы қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстарға жататын болғандықтан, ҚК бұл тарауында көрсетілген қылмыстар негізгі екі объектіге залал келтіреді немесе келтіру қаупін туғызады. Олар - қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп. Бандитизм- алғашқы объекті залал келтіру қаупін туғызатын қылмыстар қатарын құрайды Ал «қоғамдық қауіпсіздік деп - адамдардың қауіпсіз өмір сүруін , бірқалыпты қызметін, радиоактивті материалдарды залалсыз пайдалану, қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш қондырғыларды тиісінше және қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын қауіпсіз жүргізуді реттейтін қоғамдық қатынастарының жиынтығы болып табылады» /15/. Бұл - тектік объект. Дегенмен, оқулықтар мен ҚК түсініктемелердің барлығы да бандитизмнің тікелей оъектісі де қоғамдық тәртіп дегенді айтады. Ал Е.І. Қайыржановтың бұл тұрғыдағы пікірі мүлдем бөлек. Ғалымның пайымы бойынша, қылмыстың тікелей объектісі болып бір немесе бірнеше қылмыс тікелей яки жанама түрде бағытталған, заңмен қорғалатын нақты қоғамдық қатынастарды алатын болсақ, онда тікелей объект нақты қоғамдық қатынас емес, қоғамдық қатынастың жиынтығы болып шығады. Олай болса, тектік және тікелей объектілердің айырмасы қандай?- деген заңды сұрақ туындайды. Е.І. Қайыржанов мұндай шатасу диалектиканың жалпы, ерекше (особенный), бөлек (жеке) категорияларын дұрыс қолданбаудан деп есептейді. Көптеген авторлардың негізгі қатесі - олар “тікелей объектіден жекені көргісі келеді, бірақ бөлек ұғымын қолданады. Алайда, бөлек (отдельный) ол жеке (единичный) емес. Жеке әрқашан нақты жағдайда нақты анықталатын бөлектің шынайы көрінісі /16/, -дей келе, қылмыс объектісін топтастыруда” қоғамдық қатынастардың нақтырақ көрінісі” - мүдде ұғымын қолдансақ, аталған қателердің орын алмауы мүмкін.
Автордың ойынша “мүдде де қоғамдық қатынас, оның нақтырақ көрінісі”.
Е.І. Қайыржановтың сөз етіп отырған “қатесі” - ол тектік объект сол тектік объектінің көрінісі болып табылатын тікелей объектілердің жиынтық бейнесі болғандықтан, тектік объектіні атағанда, ешқандай жеке сипаттаушы белгілер көрсетілмей, жиынтық бейненің белгілерін ескеріп қоя салатындықтан ол тектік объектінің аясына сіңіп кетеді. Сол себепті де екеуінің арасында айырма жоқтай көрінеді. Мысалға, меншікке қарсы қылмыстардың тектік объектісі - меншік қатынастары, яғни, барлық азаматтардың затты иелену, пайдалану, билік ету құқығы танылса, тікелей объектіні түсіндіру кезінде де авторлардың зардап шегуші нақты меншік қатынастары деп жылы жауып қоя салуынан тектік және тікелей объектілер сәйкес келіп қалып жатады. Ал ол тікелей объект болуы үшін нақты субъектіге жататын нақты сипатты белгілері бар зат болуы қажет. Бұл кезде оны тікелей объект деуден гөрі нақты объект деп атау тиімді.
Е.І. Қайыржановтың өзі “егер жеке адамның мүлкін ұрлаудың топтық (тектік) объектісі болып КСРО кез-келген азаматтың, азаматтығы жоқ адамның немесе шет елдіктің материалдық-мүліктік мүддесі (игілігі, құндылығы) табылса, онда бұл қылмыстың нақты, тікелей немесе, дәлірек, жеке объектісі болып кей жерінде қатаң түрде жеке белгілерімен, не қасиеттерімен (мысалға, шұғадан емес, драптан жасалған т.б. ) ерекшеленетін, қатаң түрде белгілі бір субъектіге иесіне жататын сәйкес игілік болуға тиіс: Сидоровтың емес, барлық жеке мәліметтерін қоса алғанда, Иван Иванович Ивановтың нақ сол драп пальтосы” -деп тектік және нақты объектілердің ара жігін ашады. Сондықтан ол тікелей объектіге келгенде жалпылама қабылданған “қоғамдық қатынастар” дей салмай- оның “нақты жағдайда нақты анықталатын” құбылыс екендігін ескеріп, нақты жағдайды анықтауда әлдеқайда тиімді мүддеге көшеді. Және келген зардап та нақты мүдденің нақты субъектісі арқылы анықталады. Мысалға, қоғам мен мемлекет мүддесі тектік объектісі болып саналатын қылмыстардан бірден ол мүдделер зардап шекпейді, олар мүдденің иелері арқылы баспалдақты жолдан өтеді.
Айталық, “А. мемлекеттік құпияны беру арқылы Отанға опасыздық жасай отырып, сол заводтың (фабриканың), әскери бөлімнің мүдделеріне тікелей зардап әкеледі, содан соң және сол арқылы - елдің қорғанысына зардап келеді; тұлға қамау орнынан қаша отырып, ең алдымен сол түзеу мекемесінің мүдделеріне зардап әкеледі, содан соң және сол арқылы - мемлекеттің әділ сот мүдделеріне залал келеді. Сол сияқты кете береді”/17/. Бұдан тікелей объектінің тектік объектіге айналу механизмін көруге немесе тектік объектінің нақты объектіде қалай көрініс табатынын аңғаруға болады. Демек, бандитизм қылмысы үстінде бірден қоғамдық қауіпсіздік емес, ең алдымен, қоғамды құрайтын жекелеген тұлғалардың қауіпсіздігіне қауіп төнеді, содан соң ғана және сол арқылы ғана қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғылу қаупі туындайды.
Қосымша объект ретінде адамдардың өмірі, денсаулығы ғана емес, сондай-ақ меншігі мен өзгедей мүдделері де табыла алады.