Ең бірінші өлеңін мен жарияладым

Ол кезде қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер едім (1962 жыл). Есіктен күйі қашқан, салпаңдау киінген, ескірген пиджакпен біреу кіріп келді. Таныстық. Кейін білдім, ол сол шақта «анау» жақтан келген екен. Жеті-сегіз өлеңін алып келіпті. Бас редактормен кеңесіп алған соң, Ілияс ағаның өлеңін ең бірінші болып аға газетке жарияладым.

«Қаһар» романы шыққан соң жазушы ағамыз құлпырып шыға келді. Романы көптеген тілге аударылды. Су жаңа көйлек, қымбат кәстөм киді. Айтайын дегенім, Есенберлин сонда маған не үшін ұрысты?! Менің қырғыздар арасында достарым бар болатын. Сондағы достарымның бірі маған хабарласты да: «Қаһар» сұмдық роман екен, қолымыз жетпей жүр. Бір данасын бізге салып жіберсең, алғысымыз шексіз», – деді. Кітапты мен беріп жіберсем, оны қырғыздар өз тіліне аударса керемет қой. Ілияс ағамен кездесе қалсам, мақтанып айтам ғой. Есеп осындай. Оңбай қалдым. «Кенесарының басын алған кім? Қырғыздар! Бауырын өлтірген кім? Қырғыздар!» – деп қаһарланып, ұрсып-ұрсып тастады. Қырғыздар ақыр соңында сол кітапты «пайдаланып» кетті.

Есенберлинге көп көмектескен Дінмұхамед Қонаев еді. Ол тарихи кітаптарын ұзақ уақыт шығара алмай жүрді. Ыңғайы келіп, Қонаевқа жолыққан соң кітаптары шетінен басылды.

Өзім «Жазушы» баспасында жиырма жылдай редактор болдым. Қолжазбаның неше атасын көрдік. Жауапкершілігімдегі жұмысты істедім. Бір жолы Қабдеш Жұмаділов «Есенберлиннің романдарының көркем тұстарын, стильдік олқылықтарын мен толықтырдым» дегендей әңгіме айтыпты. Редактор болғаны рас. Бірақ, жанағы пікірі «романды мен жазып шықтым» дегендей әсер қалдырады екен…

«Мен ол кісімен жақын араласқан жоқпын. Бірақ, мынаны айтып берейін», – деген Шәрбану әпкеміздің әңгімесінен жазып алғанымыз осы.

«Тарих әшкерелеген бір өлікті қайта тірілтудің қаншалықты қажеті болды?»

Сәбит МҰҚАНОВ:

– Есенберлиннің кітаптарын тез шығаратыны сонша, тіпті оқып та үлгере алмайсың. Өз басым қолтаңбасын жазып, сыйлаған кітаптардың бәрін оқып жүрмін. Есенберлин маған кітабын сыйлаған емес. «Хан Кенені» орыс тілінде оқып шықтым. Кітап біршама жаман жазылмаған. Кенесары –

бүкілодақтық масштабта әшкереленген адам. Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар күшін әлі жойған жоқ. Осыдан кейін мұндай кітаптың қалай жарық көргеніне қайран қаламын. Тарихта екі Кенесары болған жоқ, біреу-ақ болған. Ендеше, Қазақстан КОК бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді? Кенесарының іс-әрекетіне көзқарас, қатынас біреу-ақ болуы керек. Оның іс-әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді. Ал, біздің Орталық Комитеттің қолдауымен осындай адам туралы кітап шығып отыр. Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұрандар көтеріп жүр. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз? Әрине, ескіні жазуға мен қарсы емеспін, бірақ хандық құрылысты мадақтаудың қаншалық қажеті бар еді? Халықтардың арасын ашып, араздастырған, тарих әшкерелеген осы бір өлікті қайта тірілтудің қаншалық қажеті болды? Бұл кітап жастарға керісінше әсер етіп, ұлтшылдық сезімін өршіте түседі. Жазушының жалпы тарихқа көзқарасы түзу емес. Ал, бұл жақсылыққа әкелмейді, зиянын тигізеді. Сіз – инженерсіз. Тарихтан гөрі өзіңіз жақсы білетін өндірісті жазбайсыз ба? Ханның сізге керегі не?

«Мен бұған қатты ренжідім»

ҒабитМҮСІРЕПОВ:

– Ілияс Есенберлиннің кітабы туралы әртүрлі пікір, талас туып жатыр. Бұл әдебиетіміздің бүгінгі мәселелері жөнінде әңгіме қозғауға жақсы себеп еді. Осы тұрғыдан келіп әдебиеттегі қандай құбылысты қолдап, қандай кемшіліктерден арылу керек екенін айтып, қазіргі жағдайға баға беруге болатын еді ғой. Бірақ, біз соған бара алмадық. Жұрт оның орнына дау-жанжал, сенсация күтіп, өрекпіп, дүрліге жөнелді. Мен мұны «саяси мещандық» деп айтар едім. Одақ бұл талқылауды менің келісімімсіз белгіледі. Одақ арнайы тізім құрып, өз адамдарын ғана жинады. Бұл – жабайылық дер едім. Күні бұрын белгілеген 40-50 шақты адам ғана жиналған. Мен бұған қатты ренжідім. Осылай істеуге бола ма? Бұл талқылауды ұйымдастырушы – Есенберлиннің өзі. Кітапта кемшілік жоқ емес, бар. Тарихи деректерді пайдаланудың айыбы жоқ. Әлі пісуі жетпеген шала материал нағыз шебер суретшінің қолына тисе, рухани дүниеге айналары даусыз. Кітапта осы жағы жетіспей жатқан сияқты…

«Есенберлин белгілі, беделді жазушы емес»

ХамзаЕСЕНЖАНОВ:

– Одақтың екінші басшысы беделді, белгілі жазушы болуы керек. Есенберлин ондай жазушы емес. Өз кітабын тезірек өткізіп, бастырып жіберуге қабілеті мол.

Одақтың қазіргі жағдайы бәрімізді де толғандырып отыр. Жазушылар ұйымына басшылық сапалы, дұрыс жүргізілмей келеді. Есенберлин

өзін-өзі сыйлыққа ұсынады. Ал, біз оны неге білмейміз? Осының бәрі үнсіз, жасырын жасалады. Оның соңғы романын мақтай алмаймын. Мен Мүсіреповтің пікіріне қосыламын. Арнайы комиссия құрудың қажеті жоқ еді. Талқылауды еркін өткізу керек еді.

Одақтағы бар әңгіме қазір тек жүзге бөлудің төңірегінде өрбіп жатыр. Әсіресе, Есенберлиннің романынан кейін осы ауру асқынып кетті… Бекежан Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы» кітабынан.

«Жан сырым» кітабындағы Павел Косенконың естелігінен:

Наши рекомендации