Кеңес берушіге қойылатын жалпы талаптар.
Психологиялық кеңес беру негіздері» пәні бойынша дәрістер конспектісі
№1 дәріс. Психологиялық кеңес беруге кіріспе
«Кеңес беру» сөзі латын тіліндегі consultare – ортақ шешімге келу, қамор болу, ақылдасу деген сөзден шыққан. Қазақ тіліне аударғанда ол кеңес, қандай да бір сұрақ бойынша маманның түсіндіруі, білімдер аясын кеңейту және оны тереңдету мақсатымен әңгімелесу деген мағына береді. Сөзбе-сөз аударғанда «кеңес беру» - қызықтыратын мәселе бойынша кеңес беру дегенді білдіреді.
«Психологиялық» деген сөзді екі жақты түсінуге болады. Бір жағынан, ол кеңес берудің психологиялық ғылымның мәліметтеріне негізделгендігін білдіреді. Екінші жағынан, ол кеңес берудің психологиялық мәселелер бойынша жүзеге асырылып жатқандығын, яғни оның психика, іс-әрекет, жүріс-тұрыс сияқты құбылыстарға қатысты екендігін білдіреді.
Психологиялық кеңес беру – қазіргі психологияның қолданбалы саласы. Психологиялық ғылымдар жүйесіндегі оның міндеті психикалық және соматикалық сау адамдарға олар қиындықтарға тап болған жағдайларда психологиялық көмек көрсетудің теориялық негіздері мен қолданбалы бағдарламаларын жасау болып табылады. Ол теориялық негіздер мен бағдарламалар, бір жағынан, психологиялық білімнің қазіргі күйін, эмпирикалық және теориялық зерттеулер ауданындағы жетістіктерді талдаудың негізінде қалыптастырылады. Екінші жағынан, осы теориялық негіздер мен бағдарламалардың қайнар көзі психологиялық көмек көрсетудің аса саналуан формаларының аясында жүйелі түрде психологиялық әсер ететін мамандардың практикалық тәжірибелеріне талдау жасау болып табылады.
Психологиялық кеңес берудің мақсаты мен міндеттері.
Іс-әрекеттің қандай да бір түрінде саналы түрде алға қарай жылжу үшін алдын-ала өз мақсатыңды анықтап алу қажет, одан кейін біртіндеп жүзеге асырылуы қалаған мақсатқа жеткізетін міндеттерді айқындап, сол іс-әрекетті жоспарлау қажет. Бұл психологиялық кеңес беру үшін де дұрыс.
Психологиялық кеңес берудің мақсаты мен міндеттерін, біз жұмыс жасағымыз келетін психологиялық кеңес беруге деген бағытқа байланысты әртүрлі анықтауға болады.
Ю.Е. Алешина (1994) психологиялық кеңес берудің негізгі мақсатын психологиялық көмеккөрсету ретінде анықтайды, яғни психологпен әңгімелесу адамға оның қиындықтарын шешуге және айналасындағы адамдармен өзара қарым-қатынастарды дұрыстауға көмектесуі тиіс. Осы мақсатқа байланысты келесідей міндеттер анықталады:
1. Клиентті тыңдау,оның нәтижесінде клиенттің өзі туралы және өз жағдайы жайлы түсінігі кеңейіп, ойлануға себеп пайда болуы қажет.
2. Клиенттің эмоциялық күйін жеңілдету, яғни кеңес беруші-психологтың жұмысының арқасында клиент жеңілденіп қалуы тиіс.
3. Клиенттің өзімен болып жатқан жағдайларға жауапкершілікті өз мойнына алуы.Кеңес беру барысында клиенттің локус шағымдары оның өзіне аударылуы керек, адам болып жатқан жағдайларға өзінің жауапты екендігін және өз күнәсін сезінуі тиіс, тек сонда ғана ол шын мәнісінде де өзгеруге және жағдайды өзгертуге тырысатын болады; олай болмаған жағдайда ол тек айналасындағылардың көмегін және олардың тарапынан болатын өзгерістерді күтетін болады. Минимум-бағдарлама бұл жерде – клиентке оның мәселелерінің және адамдармен қарым-қатынастарының осындай күрделі, әрі жағымсыз сипатқа ие екендігіне біршама өзінің әсер еткендігін көрсету.
4. Психологтың орын алған жағдайда нені және қалай өзгертуге болатындығын анықтаудағы көмегі.
Дәріс. Кеңес берушінің тұлғасына қойылатын талаптар
Кеңес берушінің (психотерапевтің) тұлғасы барлық теориялық жүйелерде кеңес беру үрдісіндегі маңызды емдік құрал ретінде айқындалады.
Кеңес берушіге қойылатын жалпы талаптар.
· Техникалық біліктілік – кеңес берушінің тапсырыс берушімен бірге таңдап алынған мақсатты нақты міндеттер жүйесіне трансформациялай алуы, оларды практикалық тұрғыда шешу икемділігі;
· Тұлға аралық коммуникативті біліктілік – дамыған вербалды және вербалды емес коммуникативті дағдылар, басқа адамдардың жүріс-тұрыс мотивтерін түсіну, өзіндік тұлғалық сипаттамаларын, бағдарларын саналаудың жоғарғы деңгейі;
· Контексттік біліктілік – әлеуметтік контекстіні меңгеру, кеңес беруші өзінің кеңес берудің негізін білгенімен қатар, қай жерде және кіммен жұмыс жасап отырғандығын саналы түрде түсінуі тиіс;
· Адаптивті біліктілік – өзгерістерді алдын-ала болжай білу және қайта қарастыра алу қабілеті, практиканың өзгеріп отыратын жағдайларына бейімделу;
· Концептуалды біліктілік – өзінің практикасы негізделген білімдердің негіздерін игеру;
· Интегративті біліктілік – ақпараттық кәсіби бағалар бере білу, негізделген шешімдер қабылдай алу, туындаған мәселелерді шешу және артықшылықтарды орнына қоя білу.
Негізгі бағдарлардың арасынан мыналарды атауға болады:
· Интеллектуалды қабілеттіліктер: фактілерді бақылау, соммалау, таңдап алу және бағалау қабілеті; дұрыс пайымдаулар; синтездеуге және жалпылауға қабілеттілік; шығармашылықтық қиял, өзіне ғана тән ойлау қабілеті;
· Адамдарды түсіну және олармен жұмыс жасау қабілеті: басқа адамдардың пікірлерін құрметтеу, төзімділік; байланыс орнатудың және оны қолдаудың жеңілдігі; адамның реакцияларын бұрынырақ біліп қою және оларды бағалай алу қабілеті; жазбаша және ауызша қарым-қатынас жасай алу; сендіре алу және әрекет етуге мотивтер қалыптастыру қабілеті;
· Интеллектуалды және эмоциялық кемелдену: жүріс-тұрыстар мен әрекеттердің тұрақтылығы; сырттан көрсетілетін қысымға қарсы тұру және сенімсіздікпен күресе алу қабілеті; барлық жағдайдағы өзін-өзі бақылау; өзгермелі жағдайларға бейімделушілік және иілгіштік;
· Өзіндік қайсарлық пен инициатива: өзіндік сенімділіктің қажетті дәрежесі; дұрыс атаққұмарлық; кәсіпкерлік рухы; әрекеттердегі ерлік, инициатива және өзін-өзі ұстай алу;
· Этика және адалдық: басқаларға көмек көрсетуге деген шынайы талпыныс; ерекше адалдық; өзіндік біліктіліктің шекарасын саналау қабілеті; қателіктерді мойындай алу және сәтсіздіктерден сабақ алу қабілеті;
· Физикалық және ақыл-ой саулығы: кеңес берушілердің басқару мәселелері бойынша айрықша жұмыстық және тұрмыстық қиындықтарына шыдай алу қабілеті.