Етістік туралы жалпы түсінік
1.Етістік, оның лексика-семантикалық ерекшелігі.
2.Етістіктің семантикалық топтары, оны ғалымдардың топтау жүйесі.
3.Етістіктің морфологиялық сипаты.
Қазіргі қазақ тілінде етістік – ең күрделі сөз табының бірі. Бұл оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасынан және оған үстелетін грамматикалық формаларының қат - қабаттылығынан және олардың арақатынасынан, жаңа сөз жасау жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметінен, лексико-грамматикалық қасиеттерінен байқалады.
«Заттың қимылын, күйін, белгінің, көңіл-күйдің, қарым-қатынастың қимыл түрінде өзгеру процессін білдіретін сөздер етістік деп аталады» - деп анықтайды Ы.Маманов.
Қазақ тілінде етістіктің құрылымын жақсы түсіну үшін оның көптеген сөз тудырушы және форма тудырушы аффикстерін, олардың түрлі грамматикалық қызметтерін - функцияларын осы тілдің өз тұрғысынан, аглютинативтік ерекшелігін ескере отырып айыру керек. Етістіктің түбір сөздерге әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы жасалуын синтетикалық тәсіл деп көрсетсек, сөздердің тіркесуі арқылы яғни аналитикалық тәсілмен жаңа мағыналы қимылдық ұғым тудыратын сөздер де жасалатындығын есте сақтаған жөн. Етістіктің лексика-семантикалық мағынасы мен формаларының байлығы оның өзіне тән әр алуан лексика-семантикалық,лексика-грамматикалық және грамматикалық категорияларынан тіпті айқын көрінеді. Мәселен, етістіктің өзіне лайық сөз тудыру жүйесі, ол жүйенің неше қилы формаларымен қатар, өзіне ғана тән сөз түрлендіретін де формалары бар. Ал шақ, рай, етіс, амалдың жүзеге асу сипаты сияқты категориялары – етістіктің семантикасы жағынан ең бай формалары, сондай-ақ етістіктің өзге семантикалық және морфологиялық формаларынан мазмұндары да, тұрпат түрлері де өзгеше есімше, көсемше деп аталатын категориялары бар. Бұлар бір жағынан етістікті басқа сөз таптарынан ерекшелендіретін формалар болса, екіншіден, солармен ұштастыратын айрықша функциялары бар категориялар. ( Кей ғалымдар есімше мен көсемшені етістіктің айрықша түрлері деп қарастырады). Сонымен қатар болымдылық және болымсыздық, сабақтылық және салттылық категориялары да бар.
Етістіктің лексика-семантикалық сипаты.
Тілімізде қанша сөзді етістік деп танысақ, солардың әрқайсының өзіне тән лексикалық мағынасы болады. Сөйте тұра олардың лексикалық мағынасы қаншалықты өзгеше болғанымен, сол етістіктердің бәрі де ең алдымен өздерінің бір ортақ сипаттарына байланысты бір сөз тобына телінеді.
Ы.Маманов етістіктерді мағынасына қарай топтастырып, сегіз топқа бөледі:
1) Іс-әрекеттік қимылды білдіретін етістіктер: жазу, сызу, көру, жұлу.
2)Қозғалыс-қимылын білдіретін етістіктер: жүгіру, еңбектеу, домалау, жорғалау.
3) Қалып-күй процесстерін білдіретін етістіктер: ауру, ұйықтау, тұру, отыру, жату, тынығу.
4) Көңіл –күйді білдіретін етістіктер: қайғыру, мұңаю, қуану, ренжу.
5) Сапалық белгінің өзгерісін білдіретін: ұзару, қысқару,сарғаю,ағару, азаю,көбею.
6) Еліктеу-бейнелеу етістіктері : жылмыңдау,қылмыңдау, пысылдау, ыңқылдау.
7) Туу, өсу қимылын білдіретін етістіктер : балалау, құлындау, қоздау, боталау.
8) Субъективтік реңді етістіктер : азсыну, кісімсу, көпсіну.
А.Хасенова етістіктерді алты семантикалық топқа бөледі :
1) Объектімен тікелей байланысты іс-әрекетті білдіретін етістіктер : іш, же, майла, боя, ұр, соқ, жүр, көр, оқы.
2) Субъектінің қозғалысының беталыс бағытын білдіретін етістіктер: кел,кет,түс, шық, ұш, самға, жинал, тара.
3) Субъектінің қалпының сапасының өзгеру процессімен байланысты айтылатын етістіктер : ұйықта , оян, азай, көбей, ұзар, қысқар, өл, ауыр, бат.
4) Бейнелеу етістіктері: адырай, бақырай, маңыра, мөңіре, жалтылда, үлпілде.
5) Ішкі объектілі салт етістіктері: қозда, бұзаула, гүлде, жапырақта.
6) Көмекші етістіктер : е, еді, деп, шығар.
Ф.П.Филин: «Лексика-семантикалық топ деп екі не бірнеше сөздердің лексикалық мағынасына қарай бірігуін айтамыз»- деп анықтама берген.
Ю.Н.Караулов орыс тіліндегі лексика-семантикалық топтарға тоқталып, бұл мәселенің дұрыс шешілуі үшін екі мәселенің басын дұрыс ашып алу керек дейді. Біріншісі, сөздердің жеке өз алдына дербестігі, басқа сөздерден бөлініп тұратындығы, екіншісі, контекстің қызметіне қандай роль беріледі.Айтылған пікірлерді жинақтайтын болсақ, сөздерді белгілі бір лексика-семантикалық топқа бөлу үшін мына шарттарды есепке алу керек болады.
Ø Бір лексика-семантикалық топтың құрамына енетін сөздер өзара бір мағыналық сыңар (семалар) арқылы байланысып жатуы керек.
Ø Бір лексика-семантикалық топтың компоненті болып саналатын сөздер өз дербестігін сақтау керек.
Ø Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бірі екіншісін мағыналық жағынан толықтырып, ұштасып жатуы керек.
Ø Антонимдік, синонимдік сыңарлар да белгілі лексика-семантикалық топтың аясында болады.
Ø Лексика-семантикалық топтар іштей семантикалық топтарға бөлініп, сатылай байланысып жатады.
Ø Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бір сөз табынан болу керек.
Осы шарттардың негізінде М.Оразов қазақ тіліндегі етістіктерді 11лексика- семантикалық топқа бөледі.
1. Амал-әрекет етістіктері.
1) Қоректенуді білдіретін амал-әрекет етістіктері . Мысалы : ішу, жеу, ұрттау, қарпу, жұту, сораптау, жалмау, сору, асау.
2) Жасау, құру етістіктері .Мысалы: құру, жасау, жарату, соғу, тұрғызу, өру, өндіру, салу, тігу, қалпына келтіру.
3) Қырып-жою етістіктері. Мысалы: сындыру, қирату, бұзу, құлату, жермен жексен ету, күлін көкке ұшыру, күл талқан ету, жырту. Осы мағынаға жуық шабу, сою, бауыздау, асу, шабақтау, мойнын бұрау, қабырғасын қирату, басын алу, мұрнын бұзу, пышақтау, балталау.
4) Өзгеру етістіктері. Мысалы : бояу, майлау, ақтау, жану, әшекейлеу, өрнектеу, қырлау, тазалау, сабындау, оюлау, бұйралау, өңдеу.
5) Объектіні қозғалысқа түсіретін амал-әрекет етістіктері. Мысалы : сүйреу, итеру, шашу, жүру, беру, алу, көтеру, лақтыру, ыршу, түсіру, құлату, тарту.
6) Объектіні толық қамтымайтын амал-әрекет етістіктері. Мысалы : керту, шабу, найзалау, сұғу, қамшылау, сипау, түрту, шымшу, шаншу.
7) Объектінің қалпын өзгертетін етістіктер. Мысалы: төңкеру, аудару, құлату, бүктеу, жазу.
8) Даралау және бөлшектеу етістіктері. Мысалы: боршалау, жіліктеу, бөлу, ажырату.
2. Қозғалу етістіктері. 1) Бағыт-бағдарды білдірместен жалпы қозғалыстарды білдіретін етістіктер. Мысалы : жүру, шабу, секіру, сүңгу. Бұл топтағы етістіктер де өз жолымен кіші семантикалық топтарға бөлінеді:
а) Жерде болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: жүру, шабу, еңбектеу, сырғу, жорту, желу.
ә) Суда болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: жүзу, сүңгу, малту,қалқу.
б) Ауада болатын қозғалысты білдіретін етістіктер: ұшу, самғау, қалықтау, құлау, құлдилау.
2) Қимылдың объектіге жақындығын білдіретін қозғалу етістіктері: кел, жақында, жанас, маңайла .
3) Қимылдың объектіден алыстауын білдіретін қозғалу етістіктері: кет, жөнел, зыт, қаш, табаныңды жалтырат, ұзақтау, алыстау, жоғалу, жөнелу.
4) Қимылдың жоғарыдан төмен қарай бағытталғандығын білдіретін етістіктер: түсу, құлдилау, төмендеу, төгілу, құлау.
5) Қимылдың төменнен жоғары қарай бағытталғандығын білдіретін етістіктер: шығу, өрмелеу, өрлеу.
6) Белгілі бір межемен кедергімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: кіру, шығу, өту, асу, аттау, секіру.
7) Қимылдың тездігімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: шабу, желу, жүгіру, зырлау, табаны жерге тимеу.
8) Қимылдың орындалу тәсілдерімен байланысты қолданылатын қозғалу етістіктері: жорғалау, аяғының ұшымен басу, ентелеу, балпаңдау, талтаңдау, аяғын майда басу.
9) Сұйық заттардың қозғалуымен байланысты қолданылатын етістіктер: ағу, тамшылау, сорғалау, атқылау, құйылу , жосылу, төгілу, саулау.
3. Сөйлеу етістіктері.
1) Хабарлау етістіктері. Мысалы : айту, сөйлеу, хабарлау, жеткізу, дерек беру, хабар беру, аузынан шығып кету, арыз айту, тілге келді, сөзге араласты.
2) Сөйлесу етістіктері. Мысалы: сөйлесу, әңгімелесу, әзілдесу, айтысу, келісу, тартысу.
3) Сұрақ-жауап мәнді сөйлесу етістіктері: сұрау, сұрастыру, хабар салу, іздеу, тергеу, жауап беру,.
4) Көңіл –күйге байланысты қолданылатын сөйлеу етістіктері: мысқылдау, келекелеу, мазақ қылу, мазақтау, қарғау, балағаттау, сөгу, мақтау, жамандау, мадақтау, жер мен көкке сиғызбау.
5)Индивидуал қарым-қатынасты білдіретін сөйлесу етістіктері: жалыну, жалбарыну, сұрану, тілеу, тілек білдіру, мінәжат ету, бұйыру, өкім ету, әмір қылу, насихат ету.
6) Бейнелік мәнді сөйлесу етістіктері : оттау, міңгірлеу, аузынан ақ ит кіріп қара ит шығу, көбік ауыздану, былшылдау, бөсу, шіңкілдеу, сыпсыңдау.
4. Қалып –сапа етістіктері.
Бұл етістіктерді ғалымдарымыз қалып-сапа не қалып-күй етістіктері деп атап жүр. Егер семаларының ара-қатынасын салыстырып өз іштерінен топқа бөлінеді.
1) Қалып-сапа етістіктері. Бұл етістіктер көбіне иелік зат есімдерге не сын есімдерге байланысты қалып-сапаны білдіреді де, сол сапаның біртіндеп өзгеруін не тұрақтылығын анық көрсетеді. Мысалы: ұзару, азаю, көгеру, көбею, ағару, қалыңдау,сөну, жану, шіру.
2) Адамның не жанды заттардың қалып-күйін білдіретін етістіктер: азу, тозу, семіру, жантаю, қисаю, ұйықтау, ауру, өлу, ісу, жүдеу, шаршау, арықтау.
3) Таза қалыптық мәнді білдіретін етістіктер: отыр, жатыр,жүр, тұр.
5. Сезіну етістіктері.
1) Көру етістіктері. Бұл топқа енетін етістіктер көздің қызметімен байланысты болады. Мысалы: көру, қарау, тігілу, көз қырын салу, телміру, сығалау, көз салу, көзін алмау, көзден өткізу.
2) Есту етістіктері. Мысалы: тыңдау, есту, құлақ салу, құлаққа жету,, құлақ түру.
3) Иіске байланысты етістіктер: сасу, мүңк ету, аңқу, бұзылу, иістену, мұрынды жару.
4) Теріге байланысты етістіктер: жаурау, қышу, ауру, сыздау, тоңу, ұю, сыну, жану.
6. Ойлау етістіктері.
Бұл лексика-семантикалық топтағы етістіктер ойлану процесімен тікелей байланысты болады. Мысалы: ойла, ойға түсіру, ойға шому, ойдан өткізу, ойдан шығару, түсіну, аңдау, ескеру, есіне салу, қабырғаңмен кеңесу, ой таразысынан өткізу, ой талқысына салу, басы қату, басы айналу, шамалау, мәнісін аңду.
Көңіл-күй етістіктері .
1) Таза психологиялық процестермен байланысты етістіктер. Мысалы : ұялу, қысылу, тартыну, бетінен оты шығу, абыржу, сескену, қорқу, қуану, көңілі толу.
2) Адамдардың эмоциясымен, көңіл – күйімен байланысты етістіктер. Мысалы: ұнату, жақтыру, еркелеу, ардақтау, әлпештеу, ғашық болу, қапалану, ашулану, жылау, долдану, мейірі түсу, мұңаю, жадырау ренжу, таңдану, аузын ашып қалу, күлу.
8. Дыбыс-сес және бейнелеу етістіктері .
1) Адамның және жан-жануардың дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер: мөңіреу, маңырау, үру, әупілдеу, күркілдеу, сырылдау, ұлу, ырсылдау, кісінеу, боздау, сыңсу.
2) Табиғат дыбыстарына байланысты қолданылатын етістіктер : шытырлау, гүрілдеу, сарқырау, сыңғырлау, тарсылдау, тықылдау.
3) Адамның бет құбылысына , сыртқы көрінісіне байланысты қолданатын бейнелеу етістіктері: бадыраю, адыраю, аңқаю, көзі алақандай болу.
4) Табиғаттың көрінісіне байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: жарқылдау, жайнау, құлпыру, шайқалу, толқу.
5) Қимыл-әрекеттің орындалу тәсілімен байланысты қолданылатын бейнелеу етістіктері: теңселу, қайқаңдау, елбектеу, далбаңдау, ербеңдеу, көлбеңдеу,жалпылдау, ойқастау, жалп-жалп ету.
9. Өсіп-өну етістіктері.
1)Тірі организмдердің туып-өсуімен байланысты етістіктер : балалау, боталау, қоздау, күшіктеу, жұмыртқалау, бұзаулау, төлдеу, босану, бала көру, немере көру, балапан ашу.
2) Табиғаттың өсуімен, көркеюімен байланысты қолданылатын етістіктер: өсу, жапырақ шығару, жапырақтау, бүртік жару, гүлдеу, түйіндеу, гүл жару.
3) Пісіп-жетілуге байланысты етістіктер: пісу, торлау, жетілу, ер жету, бой жету, қартаю.
10. Табиғаттың түрлі құбылыстарына байланысты қолданылатын етістіктер: түнеру, бұлттану, күн шығу, күн бату, ай туу, борандату, желдету, қас-қараю.
11. Субъектив реңді білдіретін етістіктер: азсыну, менсінбеу, бойын аулақ салу, білгішсіну, масаттану, мұрнын көтеру.
А.Ысқақов морфологиялық құрылымына қарай етістіктерді жалаң етістіктер және күрделі етістіктер деп екі салаға бөлген. Сонымен қатар тілімізде аналитикалық етістіктер де қалыптасқан деп ескерткен. Жалаң етістіктердің өзін түбір етістіктер және туынды етістіктер деп екі топқа жіктеген.
Ы.Маманов етістіктерді негізгі етістіктер және функциялық етістіктер деп бөледі. Осының ішіндегі негізгі етістіктерді лексика-грамматикалық мағыналарына қарай түбір етістіктер және модификациялық етістіктер деп бөледі.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. М.Оразов. Қазақ тілінің семантикасы.Алматы. 1991.
2. М.Оразов. Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктер. Алматы.1980.
3. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.
4. А.Ысқақов .Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі. 1991
5. Ы.Маманов.Қазіргі қазақ тілі.(Етістік)Алматы.1966.
Лекция №11