Мотивацияны тұлғаның жетістікке жету механизмі ретінде түсіндіріңіз
Психологиялық әдебиеттерде мотив, мотивация ұғымдарына әр түрлі анықтамалар береді. Сондықтан бұл ұғымдарды бірегей анықтау белгілі ғылыми мәселе болып табылады. Кейбір авторлар (В.В. Юрчук, М. Кордуэлл) мотив ұғымы арқылы психикалық құбылысты сипаттаса, ал басқалары (А.К. Маркова, В.И. Ковалев) жеке тұлғаның қылықтары мен іс-әрекетті таңдау себептерін түсіндіреді.В.И. Ковалев бойынша мотивтер қажеттіліктердің жоғарғы бейнелеу формасында пайда болып, тұлғалық қасиетіне айналатын, әрекет пен адам жүріс-тұрысымын саналы ынталары болып табылады.М.Ш. Магомед - Эминов бойынша мотивация әрекетті ұйымдастырып басқарушы, ішкі және сыртқы ынталарды бір мотивациялық ынтаға біріктіруші және әрекетке байланысты белгілі жүріс тұрысты туындататын адам ағзасының психикалық және саналы реттелінуінің бір түрі болып табылады деген.Е.П. Ильин мотиві жеке адамның ерікті саналы әрекетінің алғашқы сатысы ретінде, оны, адамды саналы әрекетке ынталандырушы күрделі психологиялық интегралдық құрылым деп белгілейді (6).Р.С. Немов бойынша «мотивация» терминi қазiргi психологияда екi түрлi мағына бередi: детерминантты мiнез-құлықты (бұған қажеттiлiк, мотивтер, мақсаттар, талпыныстар жатады) бiлдiретiн факторлар жүйесін анықтаушы ретiнде және белгiлi бiр дәрежедегі мiнез-құлықтық белсендiлiктi стимулдайтын процесс мiнездемесi ретiнде көрiнедi. Көбiнесе мотивацияны бiрiншi мағынада қолданамыз. Мотивацияны адамның мiнез-құлқын түсiндiретiн психологиялық мiнезқұлық себептерiнiң жиынтығы ретiнде де қарастырамыз. Оның бастау көзi – бағыттылық пен белсендiлiк.
Мотивация түсiнiгi мiнез-құлықты сипаттағаннан емес, түсiндiруден пайда болады. Бұл «нелiктен?», «неге?», «қандай мақсатпен?», «не үшiн?», «не мағына бар?» деген сияқты сұрақтарға жауап iздеуден туындайды. Мiнез-құлықтың тұрақты өз-гергiштiлiгiнiң сипатталынуы мен анықталуы оны құрайтын қылықтар мотивациясы туралы сұрақтарға жауап болып табылады.
Мотивация психология ғылымында жеке бастың мінез-құлқы, іс-әрекеті мен белсенділігін реттейтін фактор ретінде қарастырылады. Ал жеке тұлғаның іс-әрекеттің қандайына болсын мотивациялық ерекшеліктерін ескермей әлеуметтік психологиялық тиімді өзара әрекет, қатынас жасау мүмкін еместігі белгілі. Әрбір жеке тұлғаның мотивациясы өзіндік сипатқа ие болатындықтан, нақтылы фактілер мен заңдылықтарды талқылауға өтпей тұрып, негізгі ұғымдарды анықтап алу керек.
ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап тек адамға ғана қатысты мотивация концепциялары бөлініп шыға бастады. Алғашқы осындай концепциялардың бірін К. Левин ұсынды. Ізінше гуманистік психология өкілдері А. Маслоу, Г. Олпорт, К. Роджерс мотивация ұғымын анықтайтын өз еңбектерін жарыққа шығарды. А. Маслоу адам қажеттіліктерін иерархиялық тұрғыдан қарастыра отырып, қажеттіліктердің индивидуальды даму үрдісінде пайда болатынын атап көрсетті.20 ғасырдың екiншi жартысында мотивациялық концепциялар Д. Мак-Клеланд, Д. Аткинсон, Х. Хекхаузен, Г. Келли, Ю. Роттер еңбектерiнде толықтырыла түстi.Біз мотивті іс-әрекетті оятушы күш және ол белгілі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталады; мотив ретінде жеке тұлғаның қызығушылықтары, әлеуметтік құрылымдар, құндылықтар, идеалдар әсері алынады деген пікірді ұстанамыз. Мотивтің мотивациядан айырмашылығы, мотив – субъектінің тұрақты, жеке басына тән қасиеті және белгілі бір іс-әрекет жасаудағы ішкі оятқыш күші болып табылады.
Қандай болмасын объектінің себебін білмей тұрып, адамның бір мақсатқа жетем деген ойын қалайша тоқтата алатынын және оның мінез құлқының мән-жайын толық түсіну қиын болады. Түрлі жағдайлардың әсер етуіне қарай. Адам психологиясы әр-түрлі өзгерістерге түседі. Осыған орай оның түркілері де мақсатқа жету үшін қажетті шаралары да өзгеріске түседі. Мотивтің өзгеруі іс-әрекеттің бағыт бағдарына нәтижесіне әсерін тигізеді.Жеке адамды қандай болмасын әрекет не итермелемейтін қозғаушы күш-мотив, оның түрлі қажеттері, яғни бір нәрсеге мұқтаждануы. Адамның қажеттері қоғамдық еңбекте, еңбек ету процесінде қалыптасқан. Сыртқы ортамен байланыс жасауда адамның өмір сүруі үшін ең алдымен ерекше маңызды материалдар қажет (тамақ, баспана, киім, еңбек құралдары т. б.) болады. Басқа да қажеттілік түрлерін:
1) Қауіпсізден қажеттілігі;
2) Сыйласымды лық қажеттілігі;
3) Басқару қажеттілігі;
4) Тәуелсіздік қажеттілігі;
5) Жетістікке жету қажеттіліктері.
Адамның алдына әр түрлі мақсат қоюға себепші болатын – түрткі, қажеттіліктер. Осы қажеттіліктерді орындау барысындағы жағдайлармен индивидтің өзара әрекеттестігін мотивация деп атаймыз. Адам қажеттін өтеу үшін бар мүмкіндігін пайдаланып, бұл оның белсенді іс-әрекет етуге талпындырады.
Мотивация мәселесіне байланысты көпшілік зерттеулерде негізгі рөл мотивацияны іс-әрекетпен байланыстырып талдауында деп тұжырымдауға болады. Әр түрлі бағыттағы зерттеу жұмыстарының авторлары (А.Н. Леонтьев, С.А. Рубинштейн, Л.М. Якобсон, Д.И. Узнадзе, В.И. Ковалев) мотивацияның құрылымын тұлға іс-әрекетінде байқала дамитынын көрсетті.Кез-келген іс-әрекет белгілі бір мотивтерден туындайды да, белгілі бір жағдайларда өтеді. Мотивтер, қажеттіліктер және мақсаттар – адамның мотивациялық сферасын құрайтын негізгі элементтер.