Анатты сӨздердiҢ тӘрбиелiк мӘнi 2 страница
АЛАШТЫҢ АЗАМАТЫ – «қазақ халқының ұлы» деген ұғымды беретін бейнелі сөз.
«Балуан Шолақпен кездесіп те көрген адам емеспін. Сонда да алаштың атақты азаматының бірі ғой деп, іштен сыйлайтын ем, абақтыға ол түскенде ішім ашыды, бірақ амал қанша» (С.Мұқанов, Балуан Шолақ).
АЛДИЯР ТАҚСЫР – «құлдық, әміршім» деген мағынада қолданалатын қаратпа бейнелі сөз.
«Алдияр тақсыр, ағат айтсам, айып етпеңіз, ызалы сөз қашан да қаттырақ шығады» (Ә.Әбішов).
«АЛЖИР» - бұл сөз көз алдыңа еріксіз түрме туралы ой әкеледі. Шығу тегі: тоталитарлық жүйе салдарынан «халық жауы» аталып, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, партия кеңес басшыларының, қарапайым адамдардың әйелдері мен қыздары жазықсыз жапа шегіп, жазасын өтеген Ақмола лагері. Шығу негізі - «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» деген сөздің орыс тіліндегі түпнұсқасынан алынған – «Акмолинский лагерь жен изменников Родины».
АЛТЫ АЛАШ – «бүкіл қазақ халқы» деген ұғымды бейнелейтін сөз.
АЛҒАШҚЫ ТҮН ҚҰҚЫ - феодал не помещик өзiнiң вассалының не басыбайлы шаруасының қалыңдығының алғашқы түнiн пайдалануға құқы бар екендiгi туралы дәстүр.
АЛҚЫЗЫЛ ҚАЛАМПЫР - РЕВОЛЮЦИЯ ГҮЛI - қазан қарулы көтерiлiсi қарсаңында алқызыл қалампыр пролетарлық күрестiң эмблемасына айналды. Революцияны аңсаған жас демонстранттар өз киiмдерiнiң жиектерiне алқызыл қалампырды тағып алды. Ал гүлдi сату арқылы түскен қаржы партияның астыртын есебiне аударылды. Кейiн Кремль қабырғасына жерленген революционерлерге осындай гүл қоятын дәстүр қалыптасты.
АЛЛАНЫҢ АТЫМЕН АНТ ЕТЕМIН - ислам дiнiнiң негiзiн салушы Мұхамбет пайғамбардың сөзi. Әрбiр мұсылман серт берген ретте осы қанатты сөздi пайдаланады.
АЛТЫ АЛАШ, АЛТЫ АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ - дiнi бiр, тiлi ұқсас алты халықтың - қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түрiкпен, тәжiк халықтарының әдеби шығармаларда қолданылатын жалпы аты.
«Алты алаштың алғашқы басын қосқан хандардың бiрi - Алашахан да осы жерде қайтыс болды» (I.Есенберлин, Қаһар).
АЛТЫ БАҚАН АЛА АУЫЗ - қазақ халқының данышпан ақыны Абай өз халқының халықтық психологиясына шолу жасағанда осы тiркестi қолданған.
«Сабырсыз, арсыз, ерiншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшiн,
Алты бақан ала ауыз».
АЛТЫН ҒАСЫР – бұл бейнелi сөз «бақытты кезең» деген мағынада қолданылады. Алғаш рет грек ақыны Гесиод өз жырларында келтiрген. Белгілі бір халықтың өнерінің, ғылымының тарихында ерекше жетістікке жеткен кезеңі. Мысалы, XIX ғасыр орыс әдебиетінің «алтын ғасыры» деп бекер айтпаймыз.
АЛТЫН РУНО - ежелгi грек аңыздарының кейiпкерi. Аңыз аузынан от шашып тұрған аждаhа мен өгiздер қарауылдаған Колхидадағы алтын руноны (қойдың алтын терiсi) алып келуге жолға шығу үшін, «Арго» деген кеме жасайды. Ол сиқыршының және колхида патшасы Эеттің қызы Медеяның көмегiмен барлық қиындықты жеңiп, «алтын руноны» иемденедi. Бұл туралы ежелгі грек ақыны Пиндардың (б.э.д. 518-422 жылдар) шығармасында айтылады.
Бұл бейнелi сөзбен адамдар өздерi иеленгiсi келетiн байлықты айтады.
АЛТЫН ЖАУЫН – «кездейсоқ байлық» деген мағына беретiн қанатты сөз.
Аргос патшасы Акрисияның сұлу қызы Данаяға өлердей ғашық болған Зевс «алтын жауын» болып жауып, оның денесiн аймалап, жүктi еттi. Алтынға малынып тұрған Данаяның бейнесi Тициан, Ван-Дейк сынды суретшiлердiң шығармаларына арқау болған.
«АЛЕКСАНДР МАКЕДОНСКИЙ БАТЫР, БIРАҚ СТОЛДЫ СЫНДЫРУДЫҢ ҚАЖЕТI ҚАНША?» – «шектен тыс асудың қажетi қанша» деген мағынада айтылатын бейнелi сөз.
АЛЬФОНС - Александр Дюма-баласының (1824-1895) «Альфонс мырза» (1873) атты драмасының кейiпкерi.
Ол өз өмiрiнде әйелдермен жыныстық қатынастан тек қана материалдық игiлiктер көрудi мақсат еткен.
Өмiрге осындай көзқараспен қарайтын жігіттердi «Альфонс» деймiз.
АЛЫПТАР ШАЙҚАСЫ - 1812 жылы 26 тамызда Бородино даласында орыс-француз әскерлерi арасында үлкен шайқас болды. Оны Напалеон Бонапарт «алыптар шайқасы» деп атады.
АМЕРИКАНДЫҚ АРМАН –Д.Т.Адамстың 1931 жылы «Америка эпопеясы» атты кітабы жарыққа шыққан соң пайда болған бейнелі сөз. Кітаптың эпилогында автор «... Еліміздегі американдық арман дегеніміз әрбір адамның өмірі жақсырақ, байырақ және толыққанды, сонымен қатар әрбір адамның өзіне тиесілі және мүмкіндігі келетін нәрсеге қол жеткізуі», - деп жазды.
Қазіргі жағдайда АҚШ азаматтарының кешенді құндылықтарының жиынтығы деген мағына қолданылады.
АНТЕЙ - грек мифологиясында теңiз құдай Посейдон мен жер құдайы Геяның некесiнен туған алып денелi ұл. Ол барлық жекпе-жектi жеңiп отыратын, өйткенi жерге қолы тисе болды, оған жаңа күш бiтетiн. Бiрақ ол Гераклмен (Геркулеспен) шайқаста қаза тапты, өйткенi Геракл оны аспанға көтерiп тұрып, жерге қол созуға мүмкiндiк бермедi. Соның нәтижесiнде Антей тұншығып өлдi.
Антейдiң бейнесiмен әрбiр адамның өз туған жерiнде өзiн ерекше еркiн сезiнетiнiн меңзеп айтқанда қолданамыз.
АНТИГОНА - грек мифологиясының өкiлi Эдин патшаның қызы. Ол қуғынға ұшыраған әкесiнiң жағдайын жасап, оны күтiп-бақты. Ол туралы Софокл трагедия жазды.
Антигонаның бейнесi «әкеге деген құрмет, оның алдындағы борышын өтегендiктi» бiлдiредi.
АТА ЖАУ - бiрнеше ұрпақ бойы жауласып келе жатқан ұрпақ өкiлдерi.
«Жұмағұлды аттандырар жерде Тәкежан дауыстап тұрып:-Дәркембайды қолыма бередi екен. Ата дұшпаным Дәркембай, - деп кiжiнiп қалған» (М.Әуезов, Абай жолы).
АТАЛЫ ЖЕР - қазақ халқының белгiлi бiр руларының туып өскен, өнген жерi.
«Жұртың аталы жерге бермедi, бұлға бердi» деген өсегi болар деп те қорықты». (М.Әуезов, Таңдамалы).
АТАМЕКЕН – атадан балаға мұра болып қалып отыратын, «кіндік қаны тамған жер». Бүгінде Отан ұғымының баламасына айналып, елдіктің, мемлекеттің негізін білдіретін ұғым.
АРАБ ЕРТЕГIЛЕРI – «кездейсоқ, таңқаларлық керемет нәрселедрдi» «Мың бiр түн» жинағындағы араб ертегiлерiнiң ғажайыптарымен салыстырады.
АРАКЧЕЕВШIЛДIК – күш жұмсап, ұрып-соғудың режимi. Орыс патшалары І Павел мен І Александр кезiнде өмiр сүрген Аракчеевтiң есiмiмен осылай аталған. «Аракчеевшiлдiк» деген сөз қандай да өрескел басынушылықты көрсету үшiн қолданылады.
АРГУС - грек мифологиясындағы жалғыз көздi алып адам. Қызғаныш құдайы Гера Аргусты Зевске ғашық болған аргосс патшасының қызы Ионы күзетуге қойды. Ол оны аянбай күзеттi.
Аргустың есiмi қырағылықты, сақтықты, бiреудiң сыртынан бақылауды меңзегенде қолданылады.
«АРЫСҚА ӘЛI ЖЕТПЕГЕН, АҚСАҚ ТЕМIР КӨРЕГЕН» - талай жердi шаңдатып, талай жердi басып алған, адам сүйегiнен оба тұрғызған қатал да, қатыгез Ақсақ Темiр (1336-1405) Арыс өзенiн бөгемек болған, бiрақ ниетiне жете алмаған.
Сөйтiп халық осы қанатты сөзге айналған ойды таратқан.
«АРТИЛЛЕРИЯ – СОҒЫС ҚҰДАЙЫ» (Артелллерия - бог войны) - И.В.Сталин айтқан бейнелi сөз. Ол бұны кеңес-фин соғыстары кезiнде «арттилерия қарулары сынақтан өттi» деп тұжырым жасағаннан кейін, айтқан болатын.
«АРХИПЕЛАГ ГУЛАГ» – А.И.Солженицынның 3 томдық осы аттас романының аты. Онда КСРО-дағы 1918-1956 жылдар аралығындағы репрессия тарихы баяндалады. Автор архипелаг деп «кішкене аралдарды», яғни сол кезде құрылған көптеген еңбек түзеу лагерлерін меңзеген. ГУЛАГ – «Главное управление лагерей», яғни «Главное управление исправительно-трудовых поселений и мест заключения» деген сөзден алынған.
АСАН ҚАЙҒЫҒА ТҮСУ – «қатты уайымға түсу» деген ұғымды білдіретін қанатты сөз.
АС БЕРУ – атақты, елге еңбегі сіңген қайтыс болған адамның ұрпақтары жылына орай ас береді. Оның ерекшелігі қайтыс болған адамды есте қалдыру болып табылады. Ол үшін ат жарыс, түрлі ойындар және қызықтар өткізіледі.
«Анығында Бөжейдің асы бір Тобықты емес, тіпті бұл өңір, бұл атырапта талайдан болмаған ас делінді» (М.Әуезов, Абай жолы).
«АСҚА ТӘБЕТ АС ҮСТIНДЕ ШАБАДЫ» - француз епископы Жером де Анженiң 1515 жылы жазған «Салаттар туралы» атты шығармасында айтылды. Алайда ол қанатты сөз болып Ф.Рабленiң «Гаргантюа мен Пантагрюэль» атты романы жарықа шыққан соң қалыптасты.
АСТРЕЯ ҒАСЫРЫ - грек мифологиясы бойынша Астрея «әдiлдiк құдайы» болып саналады. Ол жерде өмiр сүрген кезеңде «алтын ғасыр» болатын. Темiр ғасыры басталғанда Астрея жердi тастап, аспан әлемiне орналасты. Сол кезден бастап Зодиак шоқжұлдызында Сүмбiле (Дева) деген атпен өмiр сүрiп келедi.
«Астрея ғасыры» деген бейнелi сөз «бақытты кезең» деген мағынада қолданылады.
АТАЛЫ ЖЕР – белгілі бір рудың орналасқан жерін меңзегенде қолданылатын сөз.
АТАМ ЗАМАННАН БЕРГІ – бірнеше ғасырлар бұрын деген ойды білдіретін тарихи қанатты сөз.
«Жұт деген киіз туырлықты қазақтың атам заманнан бергі зәулісі емес пе?» (М.Әуезов, Абай жолы).
«АТАСЫ БАСҚА АТТАН ТҮС, АТАСЫ БIР АРТЫМА МIН» – халық тiршiлiгiнiң салтына айналған мәтел.
«Тұманшы деген елде ертеде Түлек атты батыр болыпты. Қазақ-қалмақ арасындағы бiр қақтығыста қазақ жағы жеңiлiске ұшырап, Төлек батыр артына ұлын мiңгестiрiп қашып келе жатса, «ағатай, бiздi қалдырма?», - деп Есенбай, Құлтан деген iнiлерi алдынан шығыпты. Соңынан дұшпаны өкшелеп, алдынан екi iнiсi шырқыраған Төлек батыр:
- Көзiмнен аққан қанды жас,
Атаңды күнде жау қумас,
Әйелдiң ұлы аттан түс,
Құдайым ұлсыз қалдырмас,
Емшектес болған қос бауыр
Төлекке қайтып табылмас, - деп баласын жауға қалдырып, екi iнiсiн құтқарып қалған екен. («Арай» журналы, 1991 жыл,N3).
АТА-ТЕКСIЗ ИВАН (Иван, не помнящий родства) - каторгадан қашқан көптеген орыстар полицияның қолына түсiп қалған кезде, өздерiнiң шыққан есiмi мен шыққан тегiн жасыру үшiн, өздерiн орыс халқында ең көп тараған «Иван» деген атпен, ал шыққан тегi сұралғанда «шыққан тегiм есiмде жоқ» деп жауап берген. Полиция өз хаттамаларында мұндай кiсiлерге «Шыққан тегiн ұмытқан, Иван» деп жазды.
Бұл сөз тiркесi әдеби тiлде «идеясыз, мақсатсыз» адам деген мағынада қолданылады.
АТОЙ САЛУ – ұрандап шабуылға шығу деген ұғымды білдіретін қанатты сөз.
«Атой сап, айқасқа шықтық
Дүлей жауға қарсы түйіліп» (Д.Әбілов).
АТ ТӨБЕЛІНДЕЙ – «азғантай» деген білдіретін бейнелі сөз.
«Төре дегені – хан тұқымдары. Олар бұл маңайда ат төбеліндей ғана үй» (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).
АУСТЕРЛИЦТIҢ КҮНI - 1812 жылы 26 тамызда Напалеон Бородино шайқасының алдында «Мiне, Аустерлиц күнi» деп, өзiнiң Аустерлиц түбiндегi жеңiсiн еске түсiрген болатын.
АУЫЛДЫҢ АЛТЫ АУЫЗЫ – қонақтар дәм алып, еркін отыра бергенде қонаққа шақырушылар қонақтарға арнап, ән салдыртады. Сол әншіні «ауылдың алты ауызы» дейді.
«- Ауылдың алты ауызы болсын! – деп Абай емеурін жасады» (М.Әуезов, Абай жолы).
АХИЛЛЕСТIҢ ӨКШЕСI – «адамның ең осал жерi» деген мағына бередi. Ахиллес Гомердiң «Илиадасында» жырланған ержүрек жiгiт. Оның шешесi балам күштi болсын деп, қасиеттi суы бар Стикс өзенiне батырып алды. Сол сәтте ол оның өкшесiнен ұстап тұрған болатын. Сондықтан қасиеттi су өкшесiне дарымай қалды. Осы себептi оның ең осал жерi өкшесi болды. Ақыр түбi өкшесiне оқ тигенде қайтыс болды.
«АФИНЫҒА БАРМАҒАН АДАМ – АҚЫМАҚ; БАРЫП ТҰРЫП АРАЛАМАҒАН АДАМ - ЕСЕК; АРАЛАП ЖҮРIП ТАҢДАНБАҒАН АДАМ - МИҒҰЛА» - ежелгi грек мәтелi. Олар өз астанасы - Афиныны мақтан тұтқандықтан осылай дейтiн болған.
Әрбiр халық өз астанасын мақтан тұтқан ретте атын өзгертiп қолдана беруге болады.
«АЯҒЫНАН БАСЫНА ДЕЙIНГI ТҰЛҒАСЫ АДАМҒА ҰҚСАЙДЫ» - 1820 жылы орыс әдебиетiнде үстем тап өкiлдерi туралы эпиграммалар пайда болды. І Николай патша туралы былай деп жазылды: «Аяғынан басына дейiнгi тұлғасы адамға ұқсайды, ал басынан аяғына дейiн малға ұқсайды. Аз уақыт патшалық құрды: бiрақ көп бүлдiрдi. 125 кiсiнi Сiбiрге айдады, 5 кісіні дарға асты».
Ә
ӘЗIРГЕ ЕЛ БҮЛIНIП, ЕРТIС БҰЗЫЛҒАН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ - болмашы нәрсеге аптығып, бұрқан - талқан болғанды Ертiс жағасындағы ел осылайша бейнелеген. (Н.Төреқұлов, «Қанатты сөздер»).
«Әзiрше ел бүлiнiп, Ертiс бұзылған ештеңе жоқ. Бұл кикiлжiңдi қояйық, тағы да тату-тәттi боп кетейiк. Аржағы өзiнен - өзi түзеле бередi»(С.Мұканов, «Мөлдiр махаббат» романы, 496-бет).
ӘДІЛЕТТІҢ АҚ ЖОЛЫ –Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кітабының аты.
Бұл кітапта қоғамның басынан кешірген дағдарысты кезеңнің көптеген көкейтесті мәселелері сөз болды.
1991 жылы «Қазақстан» баспасынан қазақ тілінде, «Молодая гвардия» баспасынан орыс тілінде жарық көрді.
ӘДІЛЕТТІ СОҒЫС – Томас Гоббстің пікірінше, адамдар табиғатынан туа ітті бір-бірімен өзара қырғи-қабақ жағдайда болады. Тумысынан адам екінші бір тұлғаға жау болады, осыдан келіп біз бірімізбен соғыс жағдайында жүреміз. Бұл күйдің табиғи екенін ескерсек, онда ешқандай әділетсіздік туралы сөз болуы мүмкін емес.
ӘЙЕЛДI IЗДЕҢДЕР – көп жағдайда француз тiлiнде (Шершэ ля фам) айтылады. Бұл бейнелi сөз белгiлi бiр оқиғаның, қылмыстың, қиыншылықтың тiкелей себептерi әйел болғанда қолданылады.
Шығу негізі: Париж полициясының поручигі Габриэль де Сартиннің (1729-1801) 1979 жылы өз әріптестеріне қылмыстың ізін суытпай ашу үшін кез келген қылмысқа әйелдің не қатысы, не әйел үшін жасалатындығы себеп болатындықтан бірінші сол әйелді табу қажет екендігі туралы айтқан кеңесі.
Алғаш рет А. Дюма-Әкейдiң (1802-1870) «Париждiң соңғы тұяқтары» атты еңбегiнде айтылғаннан кейiн қанатты сөзге айналды.
«ӘЙТСЕ ДЕ МЕН ЕШКІМГЕ БОРЫШТАР ЕМЕСПІН» –ежелгі грек филоософы Платонның (б.э.д. 428-348 жылдар) сөзі, мұны ол өлімге кесілген соң өз дүние мүліктерін достары ментуыстарына таратып берген кезде айтқан.
ӘКЕЛЕР МЕН БАЛАЛАР - 1862 жылы жазылған И.С.Тургеневтiң романының атауы.
«Екi ұрпақ өкiлдерiнiң бiр-бiрiн түсiнбеу сәтiн» меңзегенде айтылады.
«ӘЛЕМДІ ДҮР СІЛКІНДІРГЕН ОН КҮН» –американ жазушысы Джон Ридтің (1887-1920) 1919 жылы жазылған кітабының аты. Бұл кітапта Ресейдегі 1917 жылғы қазан төңкерісі баяндалған.
Елеулі оқиғалар туралы айтқанда қолданамыз.
«ӘЛЕМДI МАХАББАТ ПЕН АШТЫҚ БИЛЕЙДI» – Шиллердiң «Әлемдiк данышпандық» (1795) атты өлеңiнiң соңғы қатары. «Әлемдi сұлулық құтқарады» деп айтылып жүрген бейнелi сөздiң түп негiзi.
ӘЛЕМНIҢ ЖЕТI КЕРЕМЕТI – бұл жетi санын тылсым сиқырымен, адамзат зердесiнiң шектелген мүмкiнiшiлiктерiмен, ежелгi дүниенiң ауқамымен және дәстүрдiң тұрақты сақталуымен анықталатын керемет архитектуралық мәдени ескерткiштердiң жалпы атынан пайда болған қанатты сөз. «Әлемнiң жетi кереметi» деген сөз көз алдыңызға Мысыр пирамидаларын (Египет), Галикарнас Мавзолейiн, Родос алыбын, Александрия маягiн, Эфестегi Диана гибадатханасын, Олимпиядағы Зевс мүсiнiн және Семирамиданың аспалы бағын көз алдыңызға елестетедi.
Бұл атау шамамен б.э.д. ІІІ ғасырда әлдекiм кереметтiң үлгiсi деп жоғарыдағы жетеуiн ауызға алғаннан кейiн қалыптасқан. Кейiңiрек «әлемнiң сегiзiншi кереметi» деген ұғым пайда болды.
ӘЛIМСАҚТАН (ӘЛМИСАҚТАН) БЕРI – «ерте дүниеден берi» деген мағынада қолданылатын сөз.
«ӘМIР, ТЕМIР КӨРЕГЕН» – бұл қанатты сөз көз алдыңызға Ақсақ Темiрдi (1336-1405) келтiредi. Ол қолбасшылығымен қатар мәдениеттi дамытуға да үлес қосты, яғни Қожа Ахмет Яссауи мавзолейiн салдырды.
«ӘРБIР ЖАУЫНГЕР ӨЗI ОЙЛАҒАН АЙЛАСЫН ЖЕТIК ТҮСIНУI ТИIС»- ұлы орыс қолбасшысы А.В.Суворовтың айтқан бейнелi сөзi.
«ӘРБIР ХАЛЫҚ ӨЗI ЛАЙЫҚ ҮКIМЕТТI ТАҢДАЙДЫ» - орыс сарайындағы Сардин корольдiгiнiң елшiсi Жозеф де Местрдiң (1754-1881) айтқан бейнелi сөзi. Ол оны І Александрдiң шығарған заңы туралы айтқан.
«ӘРБIР ФРАНЦУЗ СОЛДАТЫ ӨЗ СӨМКЕСIНДЕ МАРШАЛДЫҢ АСА ТАЯҒЫН ҰСТАЙДЫ» - Н.Бонапарт айтқан бейнелi сөз.
«ӘРКIМГЕ - ӨЗIНIКI» – Римнiң саяси қайраткерi Цицеронның (б.э.д. 106-43 жылдар) өз шығармаларында көп қолданған бейнелi сөзi.
Ауыспалы мағынада: «Әркiмнiң өз өмiрi, өз тағдыры, жұмысы бар» деген ойды бiлдiру үшiн қолданылады.
ӘРКIМНIҢ ТУҒАН ЖЕРI - ӨЗIНЕ МЫСЫР ШАХАРЫ - ертеден ел арасында айтылып келе жатқан бұл қанатты сөздi жұрт өзiнiң туған елiне деген ерекше ықыласын бiлдiру үшiн қолданады.
«Әркiмнiң туған жерi де Мысыр» дейтiн сөз ертеден есiмде» (М.Қаратаев, «Әдебиет және эстетика», 1970, 312-бет).
«ӘРКIМ ӨЗ БАҚЫТЫНЫҢ – ҰСТАСЫ» - рим консулы Аппий Клавдийдiң айтқан бейнелi сөзi.
ӘРҚАШАН КҮН СӨНБЕСIН - К.Спасская «Балалардың творчестволық әдебиетiн стимулдаудың әдiстерi» деген мақаласында бiр кiшкене қызға «Әрқашан күн сөнбесiн» деген сөздi түсiндiрген кезде, қыз бiршама уақыттан кейiн ойды былай жалғастырған:
Әрқашан күн сөнбесiн,
Аспаннан бұлт төнбесiн,
Қасымда болсын мамам,
Болайын мен де аман». Осы мақала журналға басылғаннан кейiн 1928 жылы К.И.Чуковский осы төрт қатар шумақты өзiнiң бiр өлеңiне қосты. Ал 1963 жылы композитор А.И.Островскийдiң «Әрқашан күн сөнбесiн» атты Л.Ошаниннiң сөзiне жазылған әнi дүниеге келдi.
ӘР IСТIҢ ӨЗ КЕЗЕГI БАР (Делу - время, потехе - час) - орыс патшасы Алексей Михайловичтың жазған «Аңшылық ережелерiнен» алынған қанатты сөз.
Б
«БӘЙТЕРЕК» - ӨМІР АҒАШЫ -ғасырдан ғасырға жеткен ежелгі аңыз президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында қайтадан жанданды. Еуразиялық кеңістіктің ең жүрегінде «дүниенің түйіскен жерінде Әлем өзені ағады, ал оның жағасында өмір ағашы – Бәйтерек өседі, тамыры жер астында, ал ұшар басы аспан әлемінде».
Аңыз қайтадан тірілді! Есілдің сол жағалауында өзінің бұтақтарын жайып «Астана-Бәйтерек» монументі шың көтерді. Тамаша сәулеттік ғимарат темір, бетон және шыныдан жасалған. Оның масштабы таңқаларлықтай: темір құрылымның биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан астам, 500 қада – діңгекке тіреледі. Бірінші рет дүние жүзінде салмағы 300 тонна болатын шар хамелеон шыныдан жасалған, күн сәулесінің түсуіне қарай өз түрін өзгертіп отырады, ол 97 метр биіктікте орналасқан.
«Бәйтерек» - өмір ағашы, онда әлемдік ағаштың күллі мифологиялық тұжырымдамасы бейнеленеді. Мұндай ағаштың негізі ерекшелігі басты үш деңгейін топтастырады: төменгі (жер астында), ортаңғы (жер бетінде), жоғарғы (аспан әлемінде).
«Бәйтерек» архитектурасында төменгі монументтік деңгейі жер астында 4,5 метр тереңдікте орналасқан, бұл жерде дәмхана, аквариум, сондай-ақ атақты суретші Ерболат Төлепбайдың суреттерімен шағын-галерея ұсынылған. Шолу лифтілері арқылы «Бәйтерек» ағашының бұтағымен көтеріліп (ортаңғы деңгей) аспан деңгейіндегі шарға тап боласың. Шардың ішінде бар орналасқан, астананың жаңа келбетін көру залында тұрып тамашалай аласың. Монументтің жоғарғы бөлігінде Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанымен күміс бой-тұмар орналасқан. «Аялы алақан» композициясының ортасында өз халқын бейбітшілік кепілі болуға, келісім мен достық және барлық қазақстандықтармен бірге жарқын болашақ туралы армандарын жүзеге асыруға ант берген президенттің оң қолының таңбасы бар, үшбұрышты тұмар орналасқан.
«Астана-Бәйтерек» монументі мемлекетіміздің өткеніне ерекше маңыздылық береді.
«Астана-Бәйтерек» монументі мемлекетіміздің өткені мен бүгінгісі, болашаққа деген үміт анық көрінеді. «Бәйтерек» сөзінің мағынасы – жас, мықты өсіп тұрған ағаш деген ұғымды білдіреді, дәл осы ескерткіш әлемдік қауымдастықтағы жаңа Астананың символы болып табылады, ол қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің ертеден келе жатқан, тамыры тереңге кеткен тарихи-рухани мәдениетін білдіреді.