Нер – өмірді танудың бір жолы
ӨНЕР– адамзаттық, қоғамдық санадағы идеологияның формасы. Оның бейнелейтін объектісі де біреу: ол – өмір, ақиқат шындық.
...Қай заманда да бақытты өмір, оңды адам шын көркемөнердің эстетикалық мұраты болған. Барлық елдің халық творчествосы барлық кезде сол халықтың ұғымына, арман-мүддесіне сай жақсы өмірді үлгі, өнеге тұтқан қаһарман адамдардың бейнесін жырлағаны белгілі».
Кез келген шығармадағы шытырман оқиғаның көптеген элементтері қаламгердің өз басынан өткізген өмірлік материалмен астасып жататыны рас. Суреткер өзі көрген, жан-тәнімен сезінген шындықты ғана адам таңданарлықтай реалистікпен сұлу етіп суреттей алады. Ақиқат шындық жоқ жерде терең мазмұнның болуы мүмкін емес. Өнердегі субъективизм өмірдің объективті мазмұнын ашу құралына айналғанда ғана көркем мәдениеттің дамуына қызмет етеді. Ал өнердегі субъекті мен объектінің арақатынасы туралы академик М. Қаратаевтың пікірі мынадай:
«Суреткер – субъект, суреттелетін өмір шындығы – объект. Субъект объектіден шығарма туғызғанда оның көшірмесін жасамайды, көркем бейнелі сурет жасайды. Ол субъект объектіге өзінің идеялық, эстетикалық тұрғысынан баға беріп, өзінің мүдделі көзқарасын, мақсат-ниетін білдіреді, өмір шындығын көркемдік жолмен қайта жасайды. Қайта жасалған шындық өмір шындығының дәл өзі емес, көркем шындық – көркемөнер шындығына бағынышты жасалған өз алдына бір көркем дүние. Бұл дүниенің өз ішінде өмірдегідей шытырман құбылыстар, адам характерлері бар да, олардың өзара байланысы, бірлігі бар. Мұны жасаушы суреткердің белсенді творчестволық әрекеті.
Сөйтіп, көркем шығармада өмір шындығының объективтік сипаттарымен қатар, суреткердің өзіндік ұғым, ықылас, арманы қатысқан субъективтік элементтер де бар, яғни объект пен субъектінің өзара диалектикалық бірлігі бар. Сондықтан да ол адамның жан жүйесіне әсер етіп, еліктіреді, еріксіз билеп әкетеді. Әйтпесе жай қайталанған өмір кімді қызықтырар еді. Жарасып қиысқан ақиқат пен әдемілік оларды жан салып жырлаған суреткердің жүрек жалыны – міне оқушыны, көрушіні, тыңдаушыны билейтін құдіретті күш осы».
Өнердің әсер ету ерекшелігін былайша түсіндіруге болады. Көркем образдағы рационалдылық (ақыл-ой) эмоционалдылықпен әрдайым үздіксіз байланыста болады және сол эмоционалды тұрғыдан бағаланады. Демек, өнер туындысын бағалауда ақыл-ойдан гөрі сезімнің қызметі жоғары екендігі баяғыда дәлелденген нәрсе. Кез келген көркем шығармада тартысқа түсуші екі тарап кейіпкерлердің сол шығармадағы өмір құбылыстары мен тіршілік болмысқа қатысты ойлары, негізінен, сол қаһармандарға өз қатынасын көрсететін автордың пікірі екендігін теріс дей алмаймыз. Мұндай ойлар тілден көрінеді, ал тіл – суреткер үшін ақиқат шындықтың өзі. Бірақ ғылым тіліне қарағанда әдеби тілдегі ойдың әрдайым эмоционалды бояуы қалың болып келеді. Эмоционалды бояу әдеби тілде құбылту мен айшықтауды және фонетикалық, интонациялық көркемдеу құралдарын молынан пайдаланудың әсерінен пайда болады. Соның нәтижесінде тіл ойды да, сезімді де еркін жеткізе алатын көркем тілге айналады. Тілдің осындай қасиетін терең түсінген Н. Чернышевский: «Өнер жай әңгімеге, соның ішінде ғылыми әңгімеге қарағанда өз мақсатын әлдеқайда анық та сенімді жеткізеді. Бояуы қанық айшықты суреттер біздің санамызды қасаң нұсқаулар мен құрғақ баяндауларға қарағанда әлдеқайда тез баурап алады, айналадағы заттар мен құбылыстардың сырын барынша анық етіп танытады, ойға қонымды етіп түсіндіреді», – деп жазған болатын.
Ал кез келген шығарманың тақырыбын суреткер ойдан шығара салмайды. Тақырып таңдау барысында өнер иесін ең бірінші адам тағдыры, адам өміріне қатысты әр алуан ойлар толғандырады, содан соң барып идеялық ізденістер мазалай бастайды екен. Тақырыпсыз идеяның, идеясыз тақырыптың болмайтыны белгілі. Олар өзара тығыз байланыста болады. Екінші жағынан, шығарманың идеялық мазмұны тікелей суреткердің ойына, қиялына тәуелді болса да, тақырып әр түрлі жағдайларға байланысты өзгерістерге түсуі мүмкін. Тақырып өзі көтерген мәселелердің үлкен немесе кішілігіне, қандай өмірлік материалдан алынғанына қарамастан, қоғамдық тұрғыдан мәнді болуы тиіс. Онсыз қандай шебер қолдан шыққан шығарма болса да халықтың қолдауына ие бола алмайды. Мысалы, кеңес дәуірінде қазақ жазушыларының тарихи тақырыпқа жазылған шығармалары көпшіліктің қолдауына ие болды, себебі онда халықтың өзі қалаған ақиқат шындық, қазақ қоғамы қажет еткен рухани мәселелер қозғалған еді.