Семинар №1. Өмірді тану - өзіңді танудан басталады

Адамда саналы түрде қалыптасқан өмірлік бағыт оның әлемді, өмірді, өзін-өзі тұтас түсінуіне байланысты. Өмірлік бағыт адамның ә-іс-әрекетінен, өмірге берген бағасынан, көрінеді. Адамның өмірлік бағытының негізгі сипаты-оның белсенділік дәрежесі. Өзін-өзі тануда, өзін-өзі жетілдіруде , өмірде және қоғамда өз орныңды табуда әркімнің белсенділігі алға шығады. Жақсылық үшін , адам игілігі үшін жасалған белсенділік маңызды деп саналады.

Адамның өмірлік бағыты оның өмір бейнесінен көрінеді. Адамдардың өмір бейнесі, салты олар өмір сүріп отырған қоғамның материалдық, рухани және мәдени дәрежесімен анықталады. Сондықтан адам өмірінің көп жағдайы өмірдің бағытына байланысты. Әр адам өз өмірінің бағытын анықтауға тиісті. Ол үшін мына ережелерді басшылыққа алсаңдар дұрыс болады:

ü Өмірде қандай жақсылық болса, соны көре біліңдер;

ü Өмірде кездесетін ұсақтыққа назар аудармаңдар;

ü Өмірдің ең құнды жақтарын алуға тырысыңдар;

ü Адамның әлсіздігіне шыдамдылықпен қараңыз, ондай жағдай сіздің де өміріңізде кездесуі мүмкін;

ü Өмірде жақсылық та, жамандық та болады, сондықтан оның жақсылығына рақаттаныңыз, алыңыз, ал жамандығына ренжімеңіз.

Сөйтіп, өмірлік бағыт дегеніміз әркімнің өз өмірлік жолын таңдауына әкеледі. Жас кезінде адамның алдында әртүрлі жолдар тұрады. Бірақ адам оған жетуі үшін, біреуін ғана таңдауы мүмкін. Ол қайсысы? Ол сені қайда апарады? Адамның өмір жолы жеңілдіктен ғана тұрмайды, ол ауыр болуы да мүмкін. Өмірдегі жеңіл жол әдетте тез таусылады және ештеңеге жеткізбейді. Жас адамға кез келген қиындық ештеңе емес, өйткені оның бойында күш-жігер бар. Батыл, намысшыл, қорықпайтын адам өз бағытынан таймайды.

Сондықтан өмірлік жолды, өмірлік бағытты таңдай отырып адамгершілік, әділдік, адалдық, шыншылдық, ар-ұят тәрізді адамдық асыл қасиеттерді басшылыққа алу керек.

Назар аудару

Өзін-өзі тану: 1) тұлғаның өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жүзеге асыру мақсатында өзі туралы нақты білім алуға бағытталған шығармашылық іс-әрекеті; 2) жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаның рухани-адамгершілік білімінің түйінді рөлін атқаратын оқу пәні.

Өзін-өзі тәрбиелеу: Жеке тұлғаның өзін-өзі тану, өзін-өзі талдау, өзін-өзі бағалау және өзін-өзі бақылау арқылы өзінің жағымды қасиеттерін жетілдіруіне және жағымсыз әрекеттерінен арылуға бағытталған саналы, мақсатты бағытталған іс-әрекеті.

Өзін-өзі анықтау: Өзін-өзі бағалау дәрежесі; тұлғалық бағытының мазмұнды жағы; адамның қоғамда өзін-өзі тұлға ретінде анықтауы, оның әлеуметтік-мәдени құндылықтарға байланысты белсенді көзқарас ұстануы және осы арқылы өзінің өмір сүру мәнін анықтауы (болашаққа ұмтылу арқылы); қандай да бір проблемалық жағдайда өзіндік ұстанымын анықтау мен бекіту бойынша жеке таңдауын саналы түрде жүзеге асыру процесі мен нәтижесі; адамның ішкі еркіндігіне ие болуының және оны көрсетуінің негізгі тетігі.

Өзін-өзі дамыту: Тұлғаның рефлексия, жоспарлау, өзіндік даму нәтижелерін болжап білу сияқты психикалық көріністерінің негізінде жүзеге асатын өзін-өзі жетілдіру процесі.

Өзін-өзі түсіну: Табиғи, әлеуметтік және тұлғалық аспектілер бірлігінде субъектінің өзін-өзі түсіну мен қабылдау іс-әрекеттері.

Өзін-өзі іске асыру: Адамның өзінің тұлғалық мүмкіндіктерін, қасиеттерін, басқа адамдар арасындағы орнын саналы түрде дамыту процесі мен нәтижесі.

Өзін-өзі жігерлендіру: Жеке тұлғаның рухани және шығармашылық әлеуеті көрінісінің жоғары деңгейі, өзінің жеке тұлғалық мүмкіндіктерін толық анықтау мен дамытуға ұмтылуы; мүмкіндіктердің шындыққа айналуы.

Жоғары оқу орындарындағы «Өзін-өзі тану» пәнінің міндеттері :

рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген білім беру арқылы студент жастардың өзін-өзі дамытуын іске асыру;

- өзінің өмірлік бағыты мен ұстанымдарын анықтай алуға ықпал ету;

- әр түрлі мәселелерді адамгершілік нормаларға сәйкес шеше алуға баулу;

- өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасауға үйрету;

- адамдарға қолдан келгенше көмек беру, туыстарына және жақындарына қамқорлық көрсетуге тәрбиелеу;

- өзімен өзі үндестікте өмір сүру; ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болуға ынталандыру;

- жасампаздық белсенділік, азаматтық және отансүйгіштік және толеранттық танытуды ұғындыру ;

- өз ойы, сөзі мен ісіне жауапты болуға және қоғамға қызмет ету дағдыларын іс жүзінде дамытуды қалыптастыру.

Өзіңді танығың келсе,

Адамдарға, олардың ісіне қара.

Өзгені танығың келсе,

Өзіңнің жүрегіңе үңіл.

Фридрих Шиллер

Өзіңе сен, өзіңнің күшіңе сен,

Қос қолыңмен істелген ісіңе сен.

Алысың да сыйлайды, жақының да,

Өзіңді өзің төменге түсірмесең.

Өз қайығың, бар болса өз ескегің,

Өмірде мен сені осал демес едім.

Қимылдай бер, тарта бер ескегіңді,

Шығады алдан жап-жарық келешегің.

Қозғалмасан, тоңазыр көлеңкең де,

Ескегінді ес, бір мезет тоқтай көрме.

Өз қайығың болғаны кандай жақсы,

Қашан, қайда барсаң да, өз еркіңде.

Тәжібаев

Наши рекомендации