Б.Қызығу және мүдде, олардың дамуы.

Адам айналасындағы сан алуан заттарға ерекше көңіл бөліп, қызығып отырады. Қызығуда үлкен орын алатын психикалық әрекеттердің бірі – тілек. Адам бір нәрсені тілейді, бір нәрсені қалайды, мұның бірі мұқтаждықтан пайда болады. Бұл жөнінде Маркс пен Энгельс «Неміс идеологиясында» мұқтаждық тілектің негізінде пайда болады дегенді айтады. Қызығу — әр уақытта адам зейінінің қызығатын заттарына, бет алып түйдектелуді керек етеді. Адам бір нәрсеге қызығу үшін қызығатын нәрселер адамға жағымды эмоциялық сезімдер туғызу керек. Егер адамға заттар таңқаларлықтай әсер етпесе, онда адам ол заттарға еш уақытта қызықпайды. Адам қызығу үшін оның көңілі көтеріңкі болуы қажет. Мысалға, науқас кісіні алсақ олар сау адам сияқты әр нәрсеге қызыға бермейді, олар өздерінің ауруымен әлек болып, тек «жазылсам» екен деген мақсатты алдына қояды. Сондай – ақ қарт адамдар да түрлі заттарға, болып жатқан құбылыстарға қызықпайды, бәріне де селқос қарайды. Өйткені олардың күш – қуаттары әлсіреген. Әрине, бұл жерде қарт адамдардың қызығуы мүлдем жоқ деген ой тумауы керек. Олардың да өздеріне тән қызығуы болады. Бірақ жас адамдай өте көрнекі болып келмейді. Қызығу деп мұқтаждықты, ізгілікті қанағаттандыруға жұмсалатын, белсенді зейін мен жағымды эмоциялық сезімдер туғызатын психикалық күйді айтамыз дедік. Қызығу өте күрделі процесс. Оны жай адамның зейінінің бет алуымен теңеуге болмайды. Кейбір кезде әсер етуші заттар өте көрнекі болғандықтан, я болмаса кейбір жаңа заттар пайда болғандықтан, адам заттарға еріксіз зейін қоюы мүмкін. Ол заттар адамға бір түрлі таңсық болып көрінуі мүмкін. Мысалы, көшеде көп адам топтанып тұрса біз не болып жатқанын білу үшін, сол топқа барамыз немесе қарап өтеміз, мұндай әрекетті қызығу деп айтуға болмайды. Бұл жай зейін бұру әрекеті болып табылады.

Адамның қызығуын оның әдеттерімен салыстыруға болмайды. Адам бір әрекетті бірнеше рет қайталап, әбден жаттығып, өзінде әдет пайда болдырудың нәтижесінен оның еңбегі бір түрлі қонымды, қиыстырулы, тәртіпті болып келеді. Мысалы, адам күнде оқуға сағат 8-ден кешікпей келетін болса немесе күнде жұмыс істейтін жеріне ерте келетін болса, оны жақсы әдет деп айтуға болады. Бірақ оны адамның қызығуы екен, сондықтан ерте тұрып, ерте келеді деп айтуға болмайды. Көбінесе жаңа заттар адамды қызықтырады, егер адам бұрын көрмеген заттарын көретін болса, оған таңырқап қарайды. Кейде оған түсінбегендіктен қызықпауы да мүмкін, сондықтан жаңа нәрсе ғана қызықты болмай, бұрынғы тәжірибемен байланысты жаңа заттар да қызық болады.

Қызығу – адамның саналы әрекеті. Адам алдына мақсат қойып, өздерінің ерік – жігерін жұмсап, кейбір заттармен үнемі шұғылдандырып отырады. Мәселен, оқушылар оқуға қызығу үшін олар оқулықтың мазмұнын түсінулері керек. Егер олардың оқуға ешбір түсінігі болмаса, оларда қызығу да болмайды. Адамның негізгі қызығуларын мына төмендегілерге бөлуге болады: 1. Мақсатты қызығу. Адам кейбір уақытта алдына бір мақсат, міндет қойса сол мақсатына жетуді қызық көреді. 2. Әрекеттік қызығу. Мұнда адам алдына бір үлкен міндет қоймай, істейтін ісінің нәтижесі қандай болатынына қызықпай, тек атқаратын еңбегінің ағымына қызығады. Мысалы, кейбір адамдар биллиард, не шахмат ойнаған адамдарды көріп, ойынға қатысуға қызығып тұрады. Бірақ ол сол ойыннан пайда келтірейін деп, я болмаса оны ойнап бір нәтижеге жетейін деп алдына мақсат қоймаса да, уақыт өткізу үшін жаңағы айтылған әрекеттердің ағымына ғана қызығуы мүмкін. 3. Қорытындыға (нәтижеге) қызығу. Адам кейбір кезде істейтін еңбегінің нәтижесіне қызығады. Бір нәтижеге жетуді көздеп, әрекет етеді, барлық күшін соған жұмсайды. Адамның қызығуын осылайша үш түрге бөлу – шартты нәрсе.

Қызығу туралы психологтар арасында бірнеше теориялар бар. Олардың ең көрнекісі мыналар.

У.Мак Дугалл (1871—1938). Адамның қызығуларын соқыр сезімдерге алып барып теңейді. Адамның қызығулары ерте бастан нәсіл арқылы соқыр сезімдер, инстинктер ретінде ата – анасынан баласына көшіп отырады. Қызығу мұқтаждықтан пайда болмайды, ол әсер етуші заттармен, сыртқы дүниемен байланыспайды дейді. Э.Торндайктың (1874—1949) айтуынша, адамның қызығулары сыртқы дүниенің, қоғамның әсерімен жүре пайда болады. Бұлар дағдылану мен әдеттенудің нәтижесі ретінде ғана пайда болып, бұл екеуінсіз ешбір қызығу пайда болмайды дейді. Бірінші теория қызығуды биологиялық тұрғыдан түсіндірсе, екіншісі – механистік бихеоризм (қылық психологиясы) принципімен орайластырады.

Қызығу оқу – тәрбие жұмысында өте керекті шарттар болып табылады. Оның балалардың жақсы оқуына, оқығанын жақсылап ұғып алуына, балаларды әдепті етіп тәрбиелеуде, олардың бойынан адамгершілік қасиеттерді енгізуде ықпалы зор. Егер баланың алдына тұтқан мүддесі, қызығуы болмаса, ол оқу пәндеріне, тәрбие жұмысына ешбір қызықпаса, оқудың да, тәрбиенің де жемісі болмас еді.

Қызығу нақтылы қоғамдық жағдаймен байланысты. Балалардың қызығуы өз бетімен пайда болмайды, ортаның әсерінен, үлкендердің қылықтарынан пайда болып отырады. Бала қандай әлеуметтік – қоғамдық жағдайларда тәрбиеленсе, сол қоғамның алға тұтқан мақсаттары, міндеттері нақтылы жағдайда оған әсер етіп, оның қызығуларын белгілеп, керекті қалыпқа салып, бағыттайтын болады. Осы айтылғанға орай, оқу – тәрбие жұмысында балаларды айналасындағы тұрмыспен таныстырып, әлеуметтік құрылыстың түрлі табыстарымен хабардар етіп отыру керек. Баланың қызығулары – оның жас өзгешелігімен де байланысты, сол себептен, оқу –тәрбие жұмысында түрлі жастағы балалардың өздеріне лайықты қызығулардың болатындығын ескеріп отыру қажет. Мектеп жасына дейінгі балалардың қызығуы көбінесе ойынмен байланысты. Олар түрлі ойын арқылы айналасындағы заттармен, болмыстармен танысып отыратын болса, ал мектеп жасындағы балалардың қызығулары көбінесе оқу – тәрбие жұмысымен, мектепте жүретін түрлі пәндерді мазмұндарымен таныса бастауымен байланысты. Ересек адамдарды алатын болсақ, олардың қызығулары көбінесе іс жүзіндегі әрекеттермен, жұмыстармен, түрлі білімдердің салаларымен байланысты болып отырады. Қызығудың пайда болуы мен жақсы дамуында білім өте үлкен орын алады. Адамның білімі көп болса, қызығушылығы да көп болады. Егер мәдениеттің, ғылымның, тұрмыстың кейбір салаларымен адамның жөнді хабары болмаса, адамның қызығуы да солғын болады.

Қорытып айтқанда, баланы ел – жұрт байлығымен, туған жер – суымен, қоғамдық құрылыстың түрлі салаларымен таныстырып, қызықтырып отыру қажет. Егер балалардың Солтүстік мұзды мұхит туралы ешбір білімі болмаса, онда оның қызығуы да болмайды.

Қызығудың дамуында балалар өздерінің күшіне сенетіндей болып, өздерінің атқаратын жұмысына ынталы түрде кірісуі қажет. Бала өзінің істейтін жұмысынан бір нәтиже шығарып, табысқа жетіп отырса, онда олардың көңі – күйі де, рухы да көтеріліп қалады. Басқа жұмыстарды да қызығып, ынтыға істейтін болады. Сондықтан бала әр уақытта істейтін жұмысына, оның беретін нәтижесіне сенімді болуы қажет. Ол үшін оларға онша қиын жұмыс бермей, қолдарынан келетін тірлікті тапсырып отырған жөн.

Мектеп жасына дейінгі балалардың қызығулары ойын әрекетіне байланысты болғандықтан, қызығулары онша тұрақты болмайды. Олар бүгін бір нәрсеге, екінші күні екінші нәрсеге қызығуы мүмкін. Бұл жастағы балалар көбінесе өзіне айрықша әсер еткен заттарға көңіл бөліп, қызығып отырады. Мектеп жасындағы (9-12 жастағы) балалардың қызығулары тұрақтала бастайды. Олар әр нәрсеге әуес болады, көп нәрсені білгісі келіп, ол заттардың қайдан пайда болғанын, неге олай екенін түсінгісі келеді. Кластағылар өз қызығуларын іс жүзінде тәжірибелермен байланыстырып, оларды жүзеге асыра алатынын, не аспайтынын белгілеп, ескеріп отырады. Көбінесе жүзеге асатын заттарға, болмыстарға қызығады. Бұлардың қызығуы тұрақты келеді. Олар неге қызығатынын ерте бастан ескеріп, алдына мақсат қойып, сол мақсатты жүзеге асыру үшін әрекет етеді, олардың белсенділігін арттырып, көңіл күйін де көтереді. Сол себептен жоғары класс оқушыларының арасында мамандық таңдау мәселесі жөнінде түрлі әңгімелер жүргізіп, балаларға әрбір мамандықтың қандай екендігін, оның айрықша өзгешелігін түсіндіріп отыру қажет. Оларды жоғары оқу орындарына алып барып, ондағы факультет, лабораториялармен таныстырып отырған жөн. Балаларды тәрбиелегенде, мынадай жайттарды ескерген дұрыс: 1. Балаларда танымдық қызығулар дами түсу үшін оқу сапасын жақсарту керек. Оқу мазмұнды, идеялы, тартымды болып келген жөн. 2. Балалардың көркем әдебиетті көбірек оқу жағын қарастыру керек. Себебі, осы арқылы оқушылар көп нәрсемен танысады, көп білім алады, сөйтіп олардың оқуға деген қызығуы артады. 3. Балалардың өз бетімен дербес жұмыс істеуі жағын үйретіп, олардың оқуының, еңбегінің мәдени түрде жүзеге асу жағын қарастырып отыру қажет. Түрлі шараларды қолданып, мұғалім балалардың сабағынан артта қалмауын қарастырғаны жөн. 4. Балалардың білімі әр уақытта жүйелі түрде бағаланып отырылуы тиіс. Бағаның нәтижесін өздеріне айтып, талапты, зерек балаларды мадақтап отырған дұрыс. 5. Мұғалім балалардың оқуын, тәртібін бағалау мәселесіне жауапты қарағаны жөн. Мұғалімнің оқушыға қойған қате бағасы оларға өте қатты әсер етеді, олардың көңілін қалдырады. Мұндай жағдайда бала сабағын дайындамайтын, мұғалімге сенбейтін болады.

Қызығу – адамның танымдық қажеттіліктерді сезіп, олардың мән – жайын айқын түрде түсіндірулегі жан дүниесінің сілкінісі. Қызығу барысында адам өзінің әр нәрсені танып білу қажеттілігін қанағаттандыру үшін әр қилы әрекеттерді белсенді түрде меңгеру керектігін түсінеді. Адамның танып білу әрекеттінің қозғаушы күші ретінде қызығу мазмұнына, мақсатына, кеңдігі мен тұрақтылық қасиеттеріне орай топтастырылып қарастырылады.

Қорытынды

Қорытындылай айтқанда, қиял адам өмірінде маңызды орын алады.

Қиял –адамға ғана меншікті психикалық процесс. Бұл адамның еңбек әркетімен байланысты дамыған психикалық функция. Қиялдау үшін адамның белгілі білім қоры, нақты образдар,тұрақты елестер болады.Адам әрекетінің барлық түріне қиял қатынасады. Қиялды баланың ойынан да, оқу процесінен де, еңбек әрекетінен де тауып алуға болады. Қиял-аса бағалы қасиет. Қиялдың эмоциялық күші тіпті үлкен. Көптеген қолы жетпей жүрген мақсатына ойымен қиялдап та адам мәз болады. Шаршап, шалдыққан жолаушы ауылын қиялымен елестеткенде, оған күш бітіп шырай түседі.

Адамның еркі де қиялмен байланысты. Қиял еңбек үстінде күшті болады. Еңбек –тек қиял туғызушы емес, оның дами беруіне қажет процесс. өмір қойған талаптарға сай адам баласы, өзінің жан-жақты әрекетінде ғажап табыстарға жетіп отырады. Кеңес Одағы тұңғыш рет жердің жасанды серігін ұшырып, ғарыш кеңістігін игерудің негізін салды. Бұл ең алғашында тек арман, қиял еді.

Адам қиялсыз өмір сүре алмайды, қиялдың шындық болмыспен ұштасып, адамды жаңа істерге, меңгерілген нәрселерді игеруге, ғылым мен техникадағы, өнер мен көркем әдебиеттегі жаңа белестерге ынталандырып отырады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Аймауытов Ж. Психология. — Алматы, 1995.

2. Алдамұратов Ә. Қызықты психология. — Алматы, “Қазақ университеті”, 1992.

3. Алдамұратов Ә. Жалпы психология. — Алматы, “Білім” 1996.

4. Әбдірахманов А.,Жарықбаев Қ. Психологиялық орысша- қазақша сөздік. — Алматы, “Мектеп”, 1976.

5. Елеусізова С. Қарым- қатынас психологиясы. — Алматы, 1995.

6. Жарықбаев Қ., Озғанбаев О. Жантануға кіріспе. — Алматы, 2000.

7. Жарықбаев Қ. Жүсіпбек Аймауытұлының психологиялық көзқарастары. — Алматы, 2000.

8. Жарықбаев Қ.Қазақ психологиясының тарихы. — Алматы, 1996.

9. Мұқанов М. Ақыл- ой өрісі. — Алматы, 1980.

10. Тәжібаев Т. Жалпы психология. — 2000.

Жақсы сөз — жанға қуат!

Наши рекомендации