І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңіндегі «Жалпы сын», «Жетісуда су суреті» бөлімдері
Тапсырма:І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңіндегі «Жалпы
сын», «Жетісуда су суреті»бөлімдерінде аты аталатын жер -су атауларына анықтама беріңіз, слайд жасаңыз.
Жер-су атаулары: Жетісу, Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шу, Ыстықкөл, Балқаш және т.б.
Жалпы сын
Жер таппан жерде жете Жетісуым
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған,
Жөкендің кім аңсамас балдай суын.
Жетісу, кеудең асқар, аяғың көл,
Қоңың құм, мықыныңда бар сексеуіл.
Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап,
Ол бір маң мал өсірген өлкедегі ел.
Көктемде құмнан әсем жер болсын ба,
Жайқалып жауқазыны, раң гүлдер.
Бойдағы бозбаладай асыр салса,
Қозысы құйрықтанып дөңгеленер.
Шөгіскен шоғар асқар қатпарланып,
Қия құз, мұсатыр мұз жақпарланып.
Емес пе көк ала бас ақ буралар,
Оралған шудалары мақпалданып.
Саятта аң аңдыған ол бір мерген,
Мылтық ап, бүркіт ұстап, қақпан салып.
Таудағы тас жаңғыртқан қойшы әндері,
Қайырлад еткенімен сақпан саңық.
Айқыра ала асқарлар жатыр шөгіп,
Жер жаншып, көктің көлбеп төсін еміп.
Ойнақы, құба, тарлан тағы аңдарын.
Тәбеті тау-тасына қойған теліп.
Құлпыртар құмда соққан қоңыр самал
Мәсімнің масатысын желі желпіп.
Қар кетіп, қара жері жасанғанда
Қонбасын қалай кұсша өлі келіп.
Ескінің ертегі айтсам ертесінен:
Жетісу қан малшынған белшесінен,
Алайда, айналармын, айтам әлі,
Шыға алмай жүрмін әзір жер шетінен,
Қалмақты, Қоңтәжіні Жөңкесінен,
Үркітіп Абылай мен Шоңай шауып,
Жөңкенің асырыпты желкесінен...
Жетісуда су суреті
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудің
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,
Тұмсығын қас қаққанша еркіндейді.
Бұлқынса анда-санда ала бура,
Жетісу желпең қағып селкілдейді.
Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,
Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап,
Асқардың ақтарылған ағы емес пе,
Қарқ болған қырғыз-қазақ суын сулап?
Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:
«Қолың бер, құт, береке» дейді «тумақ!».
Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін - Дулат.
Шымырлап Іле қайнап құмды кезген,
Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,
Алыстан арып көшкен керуендей,
Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,
Елге де, егінге де қарайласпай,
Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.
Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,
Естісең ертегіні ескі сөзден.
Арқырап асау Шелек орыпты тас,
Бурадай бұлқынады көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.
Айдынды айдағардай күміс көл бар,
Алысқан таумен, таспен алып болмас.
Қожыр тас қопарыла құмға айналып,
Жарпымен көшіп жатыр боп жым-жылас.
Қысылып қыспақтағы қыл көпірден,
Албандар өтеді азар деп «ақсарбас».
Көпірген Көксу көл бар басы бастау
Дегенге көшпелі әйнек суы ұйқастау,
Тау жуып, тасты қуған содыр суы,
Аңқылдайд арнасында меруерт астау.
Жалбасы, Шаған, Бұғы мүлгиді оған,
Шалдуар шалдай қалғып шала мастау.
Жар жарып, жерді жиған Көксу көл бар,
Бейне бір Жалайырға шабатын жау.
Арқырап айқай салған Көксу алып,
Жазыққа шыға келсе үркіп ағып.
Егінші, ылғи диқан Жалайырлар
Үлесед үй басына тоған алып.
Сол елдің қыдырынды қыдыры сол,
Cap бала, қара қазан болып қарық.
Мөлтеңдеп мойнақты орай Қаратал да,
Көксуға қойындасад жарды жанып.
Қосылып екі ерке су, екі сұлу,
Балқаштап қалың құмға кетед лағып.
І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңіндегі «Тау суреті» бөлімі
Тапсырма:І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңіндегі «Тау суреті»бөлімінде аты аталатын тау атауларына анықтама беріңіз, слайд жасаңыз.
Тау суреті
Тарбиған Тарбағатай жердің құты,
Барлық - ол «қыдыр түнеп көшкен жұрты».
Оранған ақ көбенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.
Ертеде сол асқардың сәулетіне,
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты.
Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұқыр, Таз,
Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрпы.
Аршалы, Амантекше, Қарасырық,
Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырык,
Сауыры Салқынбел мен Сайымбөлек,
Суығы соғып тұрад аласұрып.
Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,
«Бәйгеге» қосад өзін таң асырып.
Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге,
Қойыпты сәуекендей жарастырып.
Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,
Құр жатпас Қора мұзбен жүгенделмей,
Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,
Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,
Талақтай талаураған Баян - жүрек,
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей».
Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдей тірелгендей.
Қар кете қарлы алаңы қақ айыра,
Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей.
Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды,
«Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей.
Көкжамбас, көл Көпірлі таудың көркі,
Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі.
Ақиық Демікпеден алған адам,
Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі.
Қоңыртау қорқатыным бала жастан,
Жыланы түрі жаман - түкі, түрпі.
Түнімен тау күзеткен, таста айтақтап,
Дуана заржақ байғыз - шайқы-бұрқы.
Талғар тау тарғыл ала шоқы биік,
Асқақтайд емшегі, ерін көкке тиіп.
Арқырап асқарынан құлаған су -
Бауырын балбыратқан еліне иіп.
Малға жай, елге жайлау Үшқараштың
Сүбесін мекендеген суыр сүйіп.
Асы - астау, отырған ел - өрелі құрт,
Құрт жайып қодырайған Бақай биік.
Албыр бет Алматыда алма әдемі,
Алғандай ақ тамақты ауызға үріп.
Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт - ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың кұтты келесіндей.
Текестің көкке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың төресіндей.
Мың жылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей.
Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара жарасымды жазықжайлау,
Үй - күлше, құрпың жайған өресіндей.
Алыстан ауыл әрпін абайласаң,
Сүйекті баймөңкенің шегесіндей.
Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей.
Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға,
Өрнегі шербеністің билетіндей.
Осқырып теріс айналған Түптің суы,
Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей.
Жыландай ирең қаққан Иірсуда
Білдірмей тау іргесін сөгетіндей.
Лабасы терде жатыр төс табандап,
Шоңқиып малды ауылдың төбетіндей.
Бота жүн, бозғылт күрең шалғын біткен,
Жайлау жоқ Көктөбенің төбесіндей.
Жарбиып осы ереңге ықтырмалап,
Қоңырқай Қулық судың бөгетіндей.
Ешкідей үркіп шыққан Шөладыр тұр,
Қасқырдан бір тықырды көретіндей.
Телміртіп Текес аса ай туады,
Тайыншаның, тарғыл ала зересіндей.
Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр,
Жарқырап төбел таздың төбесіндей.
Айналсоқ ала асқарда сасық мұнар,
Тіміскіп төс түртпесе өлетіндей.
Қыз емшек қызыл сүйір шоқылары,
Томсартып тұман сүйіп өбетіндей.
Меңіреу мөлдір қара бұлт қоршайды,
Сұлуға жұпар бүркіп себетіндей.
Баладай балдырлаған сақау самал,
Қойнына әжесінің енетіндей.
Тұмсығы Торайғырдың түгел орман,
Сол таудың тыныс тартар өңешіндей.
Таппайсың Үшмеркіден ұшы-қиыр,
Қарағай қара шашты өретіндей.
Басы мұз, зәулім жақпар, дүлей тоғай,
Барлық аң бір шатқалдан өретіндей.
Мақтайтын ертедегі Иран бағын,
Сол жаққа барған кісі көретіндей.
Томардай тұқыл күйген, тұлан тұтқан,
Сорлы тау неге болсын Сөгетідей.
Қып-қызыл жамағандай тауды мыспен,
Қорғасын қорығандай су-күміспен.
Құймақы, қожыр қара жақпарлары,
Арналып отырғандай алып күшпен.
Таутеке, марал, бұғы тағылары,
Тау-тасын мекендеген жазы, қыспен,
Қартадай қатпар-қатпар қаптал жатыр,
Тазы ертіп, күзгі қарда шықсаң кұспен.
Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік,
Желіктен кісі аман ба қымыз ішкен.
Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ күн қыдырыспен,
Басына кешке таман Шырғанақтың
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен.
Ал, сонда алды-артыңа көзді салсаң,
Онды-сол, көз жетерді шолып алсаң,
Бұлдырап көзің шалып Түптің суын,
Албанның қонысына қайта айналсаң:
Қылқиып қыры кеткен Қызылауыз,
Кетпен мен Кеңсу кербез жатыр алшаң,
Томпиып томағадай Сарытау тұр,
Қарасай - ер қапталы атқа салсаң.
Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта,
Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң.
Шалкөде шүйгін шөпті құтты жайлау,
Сонда дейд сүзбе тұзды бара қалсаң.
Жер бар ма дәу Бақайдан көрінбеген,
Жүйеге тау қалсын ба бөлінбеген.
Көресің алдындағы дастарқандай
Жерлерді Теріскей, Сырт, Төрің деген,
Лабастың саласын да шолар көзің,
Тұлымдай тобық соққан өрілмеген.
Аса алмас алғыр қыран ала асқардан,
Өңкілдеп өзен қалай төгілмеген.
Шығысқа беттей шөге жатқан таулар,
Құшысып, сүйісіп тұр көгіменен.
Меруертгей жалтылдайды күңгей Мұзарт,
Кез түгіл үңілесің көңілменен.
Құздары Құдырғының құлдыр шұнақ ,
Өрікті - ол боз биедей желіндеген.
Ақсақал, Байсауырын, Тайсауырын,
Жалмауыз шығар көктің көгін жеген.
Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен.
Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу,
Мұз көйлек көк мұнармен белін буу.
Көлдегі көп шағала ортасында
Тартпасын көзді қалай айдында аққу...
Өзгені үйме-жүйме отырғызып,
Ортада бір ақсақал кеңес құру.
Қайырып, топты үйіріп бір боз айғыр,
Жусатып, қалғып көзін ашып-жұму.
Осыған ұқсамаса сөкші мені,
Басынан Кіндіктастың қарап тұру.