Меншікке қарсы қылмыстардың ұғымы мен түрлері
Мекшік құқығы адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары жүйесінде ерекше орынға ие, өйткені ол адамның жеке басының әл-ауқаттылығының көрсеткіштерінің бірі саналады. Сонымен қатар, ол экономикалық қарым-қатынастардың реттеушісі болып саналады, әрі осы мағынасында ол көпфункционалды болып келеді. ҚР Конституциясы мен қозғалатын және қозғалмайтын мүлікті иелену, пайдалану және билік ету құқықтарына байланысты мәселелерді реттейтін басқа да заңдары бүкіл меншік нысандарының бірдейлілігін және бірдей қорғалатындығын атап көрсетеді. ҚР ҚК-нің Ерекше бөлімінің 6-тарауында қарастырылған қылмыстардың тектік объектісі болып меншік саналады. ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес меншік құқығы деп заң акттері мойындаған және қорғайтын субъекттің өз қарауы бойынша өзіне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және билік ету құқықтары танылады. Қылмыстардың тікелей объекттері мемлекеттік және жеке меншік құқықтары болуы мүмкін. Субъективтік критерийлері бойынша меншікке қарсы қылмыстарды екі топқа ажыратуға болады: меншікке қарсы пайдакүнемдік және пайдакүнемдік емес қылмыстар. Пайдакүнемдік қылмыстарда сәйкесінше міндетті белгі болып пайдакүнемдік мақсат немесе ниет табылады. Өз кезегінде, қылмыстардың объективтік жағының ерекшеліктері бойынша оларды мүлікті бөтеннің меншігінен алуға байланысты (талан-тараж ету) және байланысты емес (талан-тараж етуге байланысты емес) топтарға бөледі. Талан-тараж ету деп пайдакүнемдік мақсатта бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге де иеленушісіне залал келтіре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру танылады (ҚР ҚК-нің 175-бабына 1-ескерту). Іс-әрекетті талан-тараж ету деп тану үшін осы аталған көрсеткіштер толықтай болуы керек. Ұрлық (ҚР ҚК-нің 175-бабы) – бұл бөтеннің мүлкін құпия талан-тараждау. Мүлікті алудың құпиялылығы екі критерийден тұрады – объективтік және субъективтік. Объективтік критерий кінәлінің іс-әрекеттерінің басқалардан нақ түрде құпия жүргізілгенін білдіреді. Ал субъективтік критерий қылмыстың жасалуы барысында кінәлінің өзінің жағдайды қалай түсінгенін сипаттайды. Тонау (ҚР ҚК-нің 178-бабы) – бөтеннің мүлкін ашық түрде талан-тараждау. Ол меншік иесінің немесе осы меншік иелігінде болған адамдардың не болмаса басқа адамдардың көзінше жасалады. Оның субъективтік белгісінің мәні – аталған адамдар мүлікке қатысты жасалып жатқан іс-әрекеттердің шынайы мән-мағынасын түсінуінде, ал кінәлі осы жағдайды ескермейді. Алаяқтықтың (ҚР ҚК-нің 177-бабы) объективтік жағы алдау немесе сенімні балғаттау арқылы бөтеннің мүлкін талан-тараж етуден немесе оған құқыққа ие болудан тұрады. Осы қылмысты жасағанда жәбірленуші мүлікті қылмыскерге оған сеніп өз қолымен тапсырады. Алданып немесе сеніп қалған меншік иесі немесе өзге де заңды иеленуші қылмыскерге мүлкін немесе мүілкке құқықты өз еркімен тапсырады. Иеленіп алу дегеніміз кінәлінің өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін өзінің пайдасына заңсыз айналдыруы мақсатымен оған заңсыз иелік етуі болып табылады. Мұндай ретте иеленген мүлік кінәлінің билігінде болады. Ол меншік иесіне негізсіз қайтарылмайды немесе бөтен адамға берілмейді. Ысырап етуге кінәлі адамның өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті заңсыз және тегін өзінің пайдалануы немесе басқа біреуге беруі, сатуы, қарызға беруі және басқа да әрекеттері жатады. Қарақшылық – талан-таражға слудың ең қауіпті түрі болып табылады. Қылмыстық заңда қарақшылық, «яғни бөтен мүлікті талан-таражға салу мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау» деп анықталған (ҚР ҚК-нің 179-бабы). Шабуыл жасау деп кінәлі адамның жәбірленушіге кенеттен, оның қарсылығын тойтару мақсатында өте үрдіс түрде күш қолдануы болып табылады. Заңда «Қорқытып алушылық, яғни бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді немесе күш қолданумен не бөтен мүлікті жоюмен немесе бүлдірумен қорқыту арқылы мүлікті сипаттағы басқа да іс-әрекеттер жасауды талап ету, сол сияқты жәбірленушіні немесе оның туыстарын масқаралайтын мәліметтерді таратумен, жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялау» деп белгіленгін. Қорқытып алушылықтың тікелей объектісіне меншік қатынастары ғана емес, жәбірленушінің немесе оның жақындастарының ар-намысы және олардың жеке басының бостандығы, ден-саулығы жатады.