Мәңгілік образдардың жиынтық түрлері

А) «замана» образы

Замана келбеті, Отан тағдыры, ащы шындық, ұлттың ұлы мұраты жолындағы ізгі, жалынды күрес қандай кезеңнің болмасын ақын-жазушыларының шығармаларынан көрініп отырған. Бұл қазақ әдебиетінде, әсіресе жыраулар поэзиясында айқын көрініп, «мәңгілік бейне» дәрежесіне дейін көтерілді.

Мысалы, Дулат Бабатайұлы «Ақжайлау мен Сандықтас» толғауында азғындаған заманның образын сол кезеңде өмір сүрген адамдардың бейнелері арқылы ашады:

Қилы-қилы заман-ды,

Заманға сай адамды.

Салғастырып қарасам,

Су мүйіз болған танадай

Шыр көбелек айналам.

Кешегі бір заманда,

Қайран қазақ, қайтейін,

Мынау азған заманда

Қарасы – антқор, ханы – арам,

Батыры көксер басы аман,

Бәйбіше – тантық, бай – сараң,

Бозбаласы – бошалаң,

Қырсыға туды қыз балаң[2, 29].

Ақын замана келбетін антқор кедей, арамдық бойын билеген хан, елінің емес, басының амандығын ойлайтын батыр, сараң бай, кері кете туған бозбала мен қыз бейнелері арқылы дәл көрсете білген.

Ал Шортанбай Қанайұлы «Зар заман» толғауында замана образын былайша суреттеген:

Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман,

Азусызға тар заман.

Тарлығының белгісі:

Жақсы – жаннан түңілген,

Жаман – малдан түңілген,

Мұның өзі – зар заман.

Зарлығының белгісі:

Бір-бірлерін күндеген,

Жай-жайына жүрмеген,

Мұның өзі – тар заман.

Тарлығының белгісі:

Мұсылманнан хал кетті,

Тәңірім болғай демесін[11, 180].

Шортанбай заман келбетін тірі бейнелер арқылы емес, заманның өзін тікелей суреттеу арқылы беріп отыр. Осы тектес Мұрат Мөңкеұлы да «Үш қиян» толғауында:

Киім кисе, жеңі жоқ,

Етегі бар да, белі жоқ,

Бармақ сияр жері жоқ,

Қатпа болған түйедей,

Киеңкі болған биедей,

Ел биледі бір сымпыс,

Екі бұты таралған [11, 183] –

деп заман образын тікелей меңземесе де, орын алған, болған жағдайлар арқылы нұсқап отыр. Жоғарыда келтірілген мысалдардан көріп отырғанымыздай, үш жыраудың мәңгілік «замана» келбетін беру тәсілі үш түрлі болса да көз алдымызға бір ғана «азғындаған, кері кеткен заманның» бейнесі келеді. Бұдан келіп, қазақ «мәңгілік образдарының» тағы бір ерекшелігі көрінеді. Ол – беру, жеткізу тәсіліне қарамастан образдың еш өзгермейтіні, басқаша айтсақ, қазақ «мәңгілік образдарының» берілу тәсілдеріне тәуелсіз, халық санасында өмір сүрді.

Бірақ, әрине, осы образдардың «мәңгілік» деңгейіне дейін көтерілуіне септігін тигізген, әр толғауларында заман келбетін және оның қайшылықтарын барынша шынайы, мүмкіндігінше терең бейнелеп беріп отырған ақын еңбектерін де жоққа шығаруға болмайды. Олардың шеберлігінсіз образдардың халық санасында шегеленуі мүмкін емес еді. Мәселен, Нарманбет Орманбетұлының «Кер заман» өлеңінің бастапқы жолдарына назар аударайық:

Ағайын ала,

Қолда жала,

Тұтап жана.

Ұрлық – зорлық

Аққан жала.

Өтірік арыз –

Бермек парыз.

Бармақ қала.

Күнде кеңес,

Ылғи егес –

Шап та тала[2, 66].

Өте қарапайым, әрі өте өткір, әсерлі жолдар. Демек, бұл – образдың өтімділігі, суреткердің идеялық-эстетикалық талғамына, өмірлік әрікөркемдік тәжірибелеріне, саналық деңгейі мен мәдениетіне, жеке сезім-түйсік қуатына байланысты екенін де көрсетеді.

«Мәңгілік образдылықтың» басты белгісі – уақыт сынынан өтуі, образдың өн бойында барша қасиетін бұлжытпай сақтауы. Яғни, замана келбетінің біздің кезімізде қалай сақталғанына назар аударайық. Айталық, Төрегелді Тұяқбаевтың «Бір министрге» дейтін өлеңінде:

...Қазақтың тілі – Қазақтың ділі,

Құзғындар қонбас шоқтығы.

Жемтігің үшін тіліме зорлық

Жасама, құзғын-көзқаман!

Тілімді саған күніге қор ғып

Жүре алман!

Бітті!

Сөз тамам! – дейді[2, 173].

Үзіндіден ішкі проблемалары өзгерсе де, замана келбетінің сол баяғы «терімен» қапталғанын көреміз.

Немесе, Аят Нысаналының өлеңдеріне де көз жүгіртсек:

Тіршіліктің тулайды толқындар,

Тарау-тарау тағдырдың арнасында.

Келеміз біз сенің бір иініңде,

Заманалар тарта бер биігіне!

Жиырмасыншы ғасырым, шырқауыңда,

Ойлануда бұл әлем, бұрқануда.

Ғұмыр кешіп осынау бір қауымда[2, 220].

Ақынның ақындық санасында, жүрек айнасында, көңіл таразысында – замана запыраны, тағдырдың сұсты жүзі, тіршілік әуені өз қолын қойғаны айқын көрініп тұр.

Наши рекомендации