Дәріс.Өзін-өзі танудың мәні және құндылықты сипаты

Мақсаты:студент жастарға өзін-өзі танудың мәні мен мағынасын түсіндіру;өзін-өзі танудың адам өміріндегі қажеттігін ұғындырып, оларды рухани-адамгершілік қағидалар негізінде өзін-өзі дамытуға тәрбиелеу.

Жоспар:

1.«Өзін-өзі тану» ұғымы туралы түсінік

2.Өзін-өзі танудың мақсаты мен міндеттері

3.Рухани қажеттіліктер өзін-өзі танунегізі

Істің басы- өзіңді тану

Шәкәрім

Жеке тұлғаның адамгершілік-рухани, әлеуметтік және шығармашылық дамуын қалыптастыруда адамның өзін-өзі тануы ерекше мәнге ие.

Адам болмыстың табиғи және жаратылыс аспектісі тұрғысынан қарастырылатын біртұтас үдеріс ретінде өзін-өзі танудың басты нысаныболып саналады. Адам болмысы күрделі жүйе болғандықтан, ол өзін-өзі жеке тұлға, іс-әрекет субъектісі және жеке дара субъект ретінде жүзеге асырады. Адамның осы қырларының біртұтас болуы оның өзін-өзі анықтау, өз маңыздылығын арттыру, өзін іс жүзінде көрсете білу және өзін-өзі жетілдіру аспектілерінен тұратын үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді.

Өзін-өзі танустудент жастарды өзінің өмірлік айқындамасын анықтауға, түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес шешуге,өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасауға үйретеді. Өзін-өзі тану нәтижесінде жастар адамдарға көмек көрсету, туыстарына және жақындарына мейірімді, қамқор болу, өзімен-өзі үндестікте өмір сүруге бейімделеді.Сонымен қатар өзін -өзі тани отырып, олар өз ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болуға, жасампаздықпен белсенділік, азаматтылық және елжандылық танытуға жауапты болуға дағдыланады.

Адамның өзін-өзі тануыадамгершілік, өмір, руханилық, сұлулық, даналық, ақиқат, денсаулық, үйлесімділік, қызмет ету, еңбек, достық, махаббат, жақсылық, сенім, арман, үміт, қарым-қатынас жасау және басқа да құндылықтарды өз бойына жинақтап, оларды оқып өмірде орынды пайдалана алғанда ғана жүзеге асады.

Өзін–өзі тану мазмұнын адамның сезімі, эмоциясы және әрекеттері, рухани әлем, махаббат-өмір негізі, жеке даралық және интеллект, өмірдің мәні мен маңызы, денсаулық, салауатты өмір салты, шығармашылық, рух, жан, тән, сана, интуиция және ұғыну, әркімнің жан дүниесіндегі адамгершілік заңы, дарындылық және қабілеттер, темперамент, мінез түсініктері сияқты құндылықтар құрайды.

Өзін-өзі тану жаңа ұғым емес, оның сан ғасырлық даму тарихы бар. Адамзат баласы тіршілік ете бастаған алғашқы қоғамнан бастап адам өзін–өзі тануға, өзін– өзі жетілдіруге, дамытуға және өзін–өзі іске асыруға үйрене бастаған. Адамды мұндай әрекетке өмір сүруге бейімделудің шарты әкелді.

Ал ғылыми тұрғыда адамның өзін–өзі тануы яғни руханилық және адамгершілік мәселелері ежелгі философ­тардың нақыл сөздерінен бастау алған. Ежелгі шығыс философиясы әлеуметтік әлеммен қатар табиғи әлемді де өте қадірлейтін және оған адамгершілікпен қарайтын тұлғаға баса назар аударатындығымен ерекшеленеді.

Адамды жаңаша түсіну қырларының қалыптасуын ежелгі Грекия және ежелгі Римнен табуға болады. Антиктік дәуірде Пифагор, Протагор, Сократ, Платон және т.б. ойшылдар адам туралы, оның мәні мен танымдық қабілеттері жайын­дағы ойларға көп көңіл бөлді.

Грек ойшылдарының адамға және оның ақыл-парасатына назар аударуы бүкіл грек мәдениетінің адамды өзін-өзі тануға шақыруы­нан көрініс тапқан басты айқындамасымен тығыз байланысты болды. Сократтың Дельфы қаласындағы Апполон ғибадатхана­сының кіре берісіндегі колоннасында ойып жазылған «Өзіңді-өзің таны!» деген нақыл сөзі әлем тарихы бұрылысының түйінді идея­сына айналды. Сократтың әйгілі осы сөзін даналық формуласы деп атауға болады. Сократ «адам ең алдымен өзін-өзі және өз істерін, өз іс-әрекеттерінің бағдарламасы мен мақсаттарын тануға, сонымен қатар әлемде жақсылық пен жамандық, әсемдік пен ұсқынсыздық, ақиқат пен адасушылық бар екендігін анық сезінуге мұқтаж», -деп айтып кеткен. Бірінші рет Сократ көтерген адамның өзін-өзі тануы тақырыбын философиядағы антропологиялық төңкерісдеп бағалауға болады. Міне, осы кезден бастап адамның өзін-өзі тануы әр адам үшін маңызды әрекет, ал сол әрететті жүзеге асыратын қайнар көздер рухани қажеттіліктер деп аталып келеді.

Рухани қажеттіліктер – әрбір адамның жан дүниесінің тереңінде жатқан, оны түрлі әрекеттерге ұмтылдыратын өмірдің идеалды формасы. Бұл өмірге, сұлулыққа іңкәрліктен, тұрмыс қуанышынан, адамдар арасындағы қайырымдылық пен өзара түсіністіктің мәнін және өзінің өзгелерге керектігін сезінуден туындайды.

Танымдағы рухани қажеттіліктер сана-сезімнің формалық жағынан кеңеюімен, мазмұны жағынан тереңдеуімен байланысты туады. Бұл социумда болып жатқан түрлі құбылыстардың табиғатын, себептерін, мәнін тануға деген ішкі мүдделіліктен басталады. Мұндай танымға жүрек пен ақыл, сол құбылыстың жалпы мәнін түсінуге ұмтылған абстрактылы-жинақтаушы ойлау мен нақты эмоционалдық күй тең дәрежеде қатысады.

Рухани қажеттіліктер адамның интеллектуалдық және эмоционалдық сапалық ерекшеліктерін жетілдіруге ықпал етеді.

Өзін-өзі тануға қажетті рухани құндылықтар жүйесі:

Ø а) өзін-өзі тануға: махаббат, денсаулық, еркіндік, бақыт, еңбек, тән мен жан үндестігі;

Ø ә) өзгелерді тануға: отбасы, достық, сыйластық, теңдік, бауырмалдық, диалог, өзара түсіністік, ынтымақтастық;

Ø б) әлемді тануға: табиғат, Отан, әлем, өмір, бүкіл әлеммен үндестік, сенім, үміт;

Ø в) адамзаттың рухани тәжірибесін тануға: ақиқат, шығармашылық, мәдениет, тарих, білім.

Рухани қажеттіктер (танымға, шығармашылыққа, сұлулыққа, адамдарға пайдалы болуға деген қажеттіктер) саналы адамға тән болуы заңды. Сондықтан бұл қажеттіктерді қалыптастыруда өзіндік сананың рөлі зор.

Наши рекомендации