Киелі сандар жүйесіндегі этномәдени ерекшеліктер

Ерте кезден келе жатқан тіл бірліктерінің бір тобы – сан есімдер. Сан есімдердің қалыптасуы ақиқат өмірмен, халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігіндегі өмір тәжірибесімен байланысты дүниеге келген. Сан есім жүйесін зерттеу нысанына арқау еткен Ә.Хасенов: “Түркі тілдеріндегі негізгі сөздік қорға жататын сан атаулары өмір шындығынан, конкретті заттан алынған. Әрине, бұл жалпы сандық ұғымдардың дамуы математика ғылымының дамуына байланысты, адамзат қажеттілігінен туды деген пікір ешбір қайшы келмейді, қайта оны толықтыра, растай түседі. Екіншіден, белгілі бір ұғымның, құбылыстың өткен тарихын қазіргімен салыстыра, қазіргі формаларын зерттей отырып ашуға, тануға болады”, - дейді [Хасено Ә., 63 б.]. Зерттеушілер сан атаулары, санау жүйесі он саусаққа байланысты шыққан деп санайды. Сан атаулары – заттарды бір-бірінен ажыратып танудың, өзін қоршаған әлемді танып-білудің тілдік көрсеткіші. Сан есімдердің кейбіреулері тура мағынасымен бірге ауыспалы мағынасында да қолданылады. Бұл, әсіресе, тұрақты тіркестер құрамынан ерекше байқалады. Сан-мөлшер ұғымына қатысты жеке, сыңар, тақ, дара, қос, пар сияқты сөздер де қолданылатыны кездеседі. Бұлар лексемалар заттың яки оның бөлшегінің нақты санын білдірумен бірге “көп”, “мол” ұғымында да жұмсалады.

Кейбір сан атаулары киелі, қасиетті деп саналады (үш, жеті, тоғыз, қырық т.б.). Сондықтан сан есімдерді таза сандық тұрғыдан ғана емес, танымдық сипаты тұрғысынан да зерттеудің маңызы зор. Санға байланысты ұғымдардың халық танымында алатын орны ерекше. Сан есім – мәдениет лексикасын құрайтын рухани байлығымыздың бірі. Олар күнделікті тұрмыста уақыт және кеңістік, көлемдік өлшем ретінде ерекше қызметімен қатар этномәдени мазмұнға бай киелі, қасиетті қызметтер атқарғаны белгілі. Этнограф Г.Н.Потанин өзіне дейінгі зерттеулерге шолу жасай отырып үш, жеті, тоғыз сандарын киелі санаған. Оның ойынша. жеті саны аспандағы жеті планетаны дәріптеуден іздеу дұрыс емес, ол адамдардың аспан шырақтарын ұзақ уақыт бойы бақылау нәтижесінен деп түсіну керек дейді [Потанин Г.,93].

Үш, жеті, тоғыз сандарының әлем халықтарының этномәдени дүниетанымындағы киелілігі туралы көптеген зерттеушілер талдаулар жүргізгені белгілі. Мәселен, В.Н.Топоров: «число три – наиболее значимое если не во всех, то во многих мифологических системах, идеальная модель любого динамического процесса, предполагающего возникновение, развитие и упадок, реализующаяся, в частноти, в вертикальной структуре вселенной»; төрт санын «статическую целостность Ү идеально устойчивую структуру», «надежность и гарантию»; ал үш пен төрт санының қосындысынан шыққан жетіні «магическую семерку» немесе «сумму мира» деп атайды [Топоров В., 630]. Қоршаған әлемдегі «Жеті ғалам» ұғымының да жеті санымен байланысты екенін философия ғылымы да әлдеқашан дәлелдеген. Яғни «Жеті ғалам» ұғымы жалпы тіршілік атаулының көлденеңінен қарастырғандағы төрт бұрышы (шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік) мен жаратылыс болмысын тігінен алғандағы үш қат әлемнің (жоғарғы, ортаңғы, төменгі) қосындысын білдіретін космостық модельден тұрады.

Түркі тектес халықтардың сан есімдері туралы В.А. Горделевский, Н. Поппе, И. Зенга, Ф. Розенберг, Г. Рамстед, В. Бартольдт, В. Радлов сияқты ғалымдар тарихи-салыстырмалы зерттеулер жасаса, қазақ тіл білімінде сан атаулары І. Кеңесбаевтың, Ә. Хасеновтің, Т. Жанұзақовтың, Е. Қойшыбаевтың, Ж. Байзақовтың, Н. Уәлиұлының, А. Елешеваның, Қ. Ғабитханұлының, Қ. Дүсіпбаеваның зерттеулерінде түрлі қырынан қарастырылған. Атап айтқанда, жоғарыдағы ғалымдар сан есім қатысқан фразеологизмдердің өзін әр қырынан зерттей отырып, сандардың өзіндік ерекшеліктерін ашуға тырысады.

Қазақ халқының этномәдени дүниетанымында үш, жеті, тоғыз, он екі, қырықсандары қасиетті, киелі сандар болып есептеледі. Ежелгі дүниетанымдық түсінік бойынша, сандар жүйесі тіршіліктің алдына ала болжайтын хабаршысы болған, әрбір сөздің, әрбір әріптің өз саны, өз белгісі болады, оның иелік етерліктей қасиеті бар деп танып, әрбір санды қастерлеп киелі санаған. Сандарды құрастыру арқылы оларға иелік етуші сандардың жұмбағына үңіліп, болашаққа сәуегейлік жасау арқылы қырық бір құмалақ ұғымының бізге жеткені белгілі. Қазақтың этномәдени дүниетанымында сан есімдердің лингвомәдени қолданысын ертегілерден, аңыз-әңгімелерден, мақал-мәтелдерден, тұрақты сөз тіркестерінен кеңінен байқауға болады. «Жау үш шапса – жан қалмайды, жұт үш оралса – мал қалмайды», «Төрт тұрманы түгел», «Ер қаруы - бес қару», «Жиен келгенше жеті бөрі келсін», «Он сан оймауыт», «Қаусаған отыз тісім қайта шықты» сияқты мақал-мәтелдер арқылы аз сөзге көп мағына сыйдырып, өмір құбылыстарын сандық жүйе негізінде топшалап түйіндей білген. Сондай-ақ, «Үш қайнаса сорпасы қосылмайды», «Маңдайының соры бес елі», «Он ойланды, тоғыз толғанды», «Жеті жұртқа әйгілі», «Қырық пышақ болды», Тоқсан ойдың түйіні» сияқты тіркестердегі сан есімдер жеке тұрғанда математикалық ұғымды бергенімен, контекстік қолданыста жанама түсінікке ие.

Сандардың қасиеті туралы І. Кеңесбаев түркі халықтарында жеті саны тілге терең тамырын жіберген киелі, қасиетті сан. Бұл сан тек түркі халықтарында ғана емес, маньчжур, монғол, араб, қытай және үнді халықтарының мәліметтерінде де кездеседі. Мұндай ортақтық тарихи мәдени ауыс түйістен туындаған болуы керек деген болжам жасайды. Сондай-ақ, орта ғасыр ғалымдарының жеті күнге жеті жұлдыздың атын беруі, жеті металдың (алтын, күміс, темір, сынап, қолайы, мыс, қорғасын) пайда болған күні деп, жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі күндеріне ат берілуі деп жеті сан есімінің мәнінің терең екенін аңғартады.

Қазақ халқының этноментальдық рухани болмысында киелі сандармен байланысты қалыптасқан тілдік бірліктер мен олардың этномәдени мазмұнына назар аударайық:

Үш мақсат:

сауда мақсаты – ұту;

жол мақсаты – жету;

дау мақсаты - біту.

Үш көз:

су анасы – бұлақ;

жол анасы – тұяқ;

сөз анасы – құлақ.

Үш алыс:

жер мен көк алыс;

кәрі мен жас алыс;

жақсы мен жаман алыс.

Үш қуат:

ақыл қуат;

жүрек қуат;

тіл қуат.

Үш ғайып:

ажал ғайып,

қонақ ғайып,

несібе ғайып.

Үш даусыз:

мінез даусыз,

кәрілік даусыз,

ажал даусыз.

Үш тоқтам:

ақыл – арқан,

ой - өріс,

адам - қазық.

Үш қадірсіз: жастық,

денсаулық, жақсы жар.

Үш жамандық:

нақақтан қан төгу;

кісі малын нақақ алу;

ата-бабадан қалған ескі жұртты

бұзу.

Үш із:

бала - артта қалған із

бақыт – ұзатылған қыз;

байлық - қолға ұстаған мұз.

Үш қазына:

ер қазынасы - жүрген із.

ел қазынасы - көне көз.

тіл қазынасы – ескі сөз.

Үш арсыз: ұйқы, тамақ, күлкі;

Үш қат: жоғарғы қат аспан,

орта қат жер үсті, төменгі қат

жер асты.

Жеті.Дүниеде көптеген халықтардың мәдениеті өзара ауыс-түйісте бір-біріне ықпал етіп мифтік сананың архаикалық нұсқасынан бастау алады. Жеті санының әлемдік мәдениетте өшпестей орын алып, кең жайылған түп тамыры б.э.д. 4 мың жыл бұрын Қос өзеннің бойында тұрған, көне шумер халықтарында жатыр. Бұл кезеңде шумер халықтары көптеген ұсақ рулар мен территориялық бөлшектерден құралып, әр қайсысы өз алдына, өз құдайларына табынған. Кейін олар шоғырланып, олардың табынған құдайы да бірігіп, бір этностық сипаты бар құдайға айналған. Бұл әсіресе олардың ішінен жеті құдайдың орны ерекше болған. Олар: аңу (шошқа), эа (арыстан), энги (өгіз), щинина (қой), набу (ешкі), ранар (мысық), еркіала (қоян) – жеті ұлы құдай деп табынған. Кейін келіп Семит халықтарының дәуірлеуіне байланысты Шумер халықтарының құдай аттары Семиттер тарапынан өзгертіледі. Олар элиттар, син, шамаш, нерғал, набу, мордук, намгар. Вавилон дәуіріне келгенде мәдениет пен ғылымның дамуына байланысты Шумер, Семит халықтары табынған құдай түгелдей планеталық құдайларға айналады. Олар: күн, ай, марс, меркурий, юпитер, шолпан, сатурн. Вавилон мәдениеті бойынша аптадағы жеті күннің әр күні киелі саналған, олар жеті аспан шырағының (күн, ай, меркурий, шолпан, марс, сатурн, юпитер) санына сәйкес белгілеген және әр күн аспан денелері аясында деген ұғым қалыптастырған. Осы ұғым дүние жүзіне тарап жетілік апта мәдениеті қалыптасқан.

Тарихта үнді, парсы, ислам, қытай мәдениеттері түркі халықтарының мәдениетіне әртүрлі жолмен ықпал етіп келгені белгілі. Өзінің сандық сипаты жағынан басқа түркі халықтары, оның ішінде, қазақ халқының ұғымында да жеті саны этномәдени бірлік ретінде кеңінен көрініс тапқан. Жеті санының этномәдени болмысы ұжымның когнитивтік санасында қатталып тіл арқылы жүйеленіп, сөз құдіретінің негізінде халық есінде ғасырдан-ғасырға сақталады. Адамның дүниеге келуі мен кетуіне байланысты халқымызда көптеген салт-дәстүрлерді қалыптастырғандығы белгілі. Осы салттар мен ырым-жоралғылар жеті санының киелі дүниетанымдық мағынасымен астасып жатады. Мысалы, бала дүниеге келіп жеті күннен соң атын қою, бесікке жеті түрлі зат салу, бесікті аластағанда жеті рет күйдіру, адам қайтыс болғанда сүйектің аяқ жағына, оны шығарғанға дейін жеті шам жағу, жетісін беру.

Жеті сөзімен байланысты халқымызда жеті қазына, жеті күн, жеті жұрт, жеті жоқ, жеті жұт, жеті ғалам, жеті қат көк, жеті ғашық сияқты ұлттық киелі ұғымдар пайда болған. 16 ғасырда өмірге келген Әз Тәуке ханның "Жеті жарғысы" да жеті сөзінің қасиетіне, киелі жағына мән беруден туған болу керек. Өлген адамның жетісін беру, жеті шелпек пісіріп, еске алу және жеті қабат жер астында, жеті жұрт – көп ел, жеті жау – ежелгі жау, жеті жұртқа әйгілі – танымал, жеті дария жері – кең, алыс, қиыр шеті жоқ, жерден жеті қоян тапқандай – қуану, жеті рет өлшеп, бір рет кес – шешім қабылдау, жеті атасын білмеген жетесіз - ұятсыз, жеті атадан қыз алыспау – дәстүр, жетіге келгенше жерден таяқ жеу – жығыла беру сияқты дәстүрлік сөздер мен мақал-мәтелдердің шығуы да жеті сан есімімен байланысты қалыптасқан.

Жеті сан есімімен байланысты қазақтың рухани мәдени лексикасында төмендегідей ұлттық ұғымдар қалыптасқан:

Жеті ата:әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.

Жеті ғалам: күн шығыс, күн батыс, түстік, аспан, жер үсті, жер асты.

Жеті қат көк:Ай, Меркурий (Шоқжұлдыз), Шолпан, Күн, Марс (Өмірзая), Муштари (Юпитер), Сатурн.

Жеті кермет: Египет пирамидалары, Олимпиядағы Зевстің мүсіні, Родос алыбы, Семирамида бағы, Диана ғибадатханасы, Карнас мұражайы, Александр маягі.

Жеті жұт: құрғақшылық, жұт (мал қырылуы), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала (жер сілкіну).

Жеті жоқ:жерде өлшеуіш жоқ, жылқыда өт жоқ, Аллада бауыр жоқ, таста тамыр жоқ, тасбақада талақ жоқ, құста сүт жоқ.

Жеті жетім: тыңдамаған сөз жетім; киюсіз тозған бөз жетім; иесіз қалған жер жетім; басшысы жоқ ел жетім; аққу, қазсыз көл жетім; жерінен айырылған ел жетім; замандасы қалмаса, бәрінен де сол жетім.

Жеті жетекші:

Адамның басшысы - ақыл,

Жетекшісі - талап,

Жолаушысы - ой,

Жолдасы – кәсіп,

Қорғаны - сабыр,

Қорғаушысы – мінез,

Сынаушысы – халық.

Тоғыз санына киелілік мән беру ислам дінімен байланысты енуі мүмкін. Тоғыз саны қытай халқының дүниетанымында да киелі мәнге ие. Мұны көне Қытайлықтардың аспанды тоғызға бөліп қарауы анықтай түседі. Олар: 1. Аспан ортасы. 2. Шығыстағы аспан (көк аспан). 3. Шығыс-оңтүстік аспан. 4. Күн оңтүстікке келгендегі алау түсті. 5. Батыс-оңтүстіктегі нар қызыл аспан. 6. Батыстағы ақ аспан. 7. Батыс-солтүстіктегі сұрғылт аспан. 8. Солтүстіктегі қара аспан. 9. Солтүстік-шығыстағы құбылмалы аспан. Яғни, қытайлықтар күннің кеңістікті айналудағы аспанның реңктік түсіне қарап, оны тоғыз түске бөліп, осы негізде аспан астындағы жерді де тоғыз бөліктен құралады деп түсінген.

Ал көне түркілер әлемінде от, су, ауа, топырақ тәрізді төрт нәрседен дүние құралған деген түсінік бар. Сондықтан от, ауа, су, топырақты құрмет тұтады. Көне түркілердің дүниені төрт нәрседен туған деген қарапайым материалистік идеясы дүниенің төрт бұрышы бар және бір орталығы бар деген дүниетанымға сәйкестендіріліп тоғыз сан есімін жарыққа шығарған.

Атап айтсақ, орталық жер кіндігі - Көк төбе. Ауа, жел - шығыс (көк түс). От – оңтүстік (қызыл түс). Су – батыс (ақ түс). Топырақ – солтүстік (қара түс). Демек, жер кіндігі мен шығыс, батыс, солтүстік, оңтүстік, төрт құбыла осыған сәйкес әрбір бөлшекке сай әлемнің төрт негізінен су, топырақ, ауа, от бір-бірімен сәйкес тоғыз нәрседен жер құралған деген мифологиялық дүниетанымдық түсініктен туындайды. Тоғыз сан есімімен байланысты қалыптасқан этнографизмдер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері, тұрақты теңеулер, нақыл сөздер рухани лексикамызда молынан ұшырасады. Мысалы: тоғыз жолдың торабы, тоғыз саққа жүгірту, тоғыз қабат торқа (мата), тоғыз қабат асыл киім, тоғыз ай, тоғыз күн бала көтеру, бір тоғыз (айыппұл), тоғыз киіт кигізу, тоғыз көзді кіреуке, тоғыз шашақты найза, тоғыз шашақты ту, тоғыз ұл, тоғыз қыз, тоғыз көзді дәу, тоғыз көзді айдаһар және т.б.

Ұлттық этномәдени дүниетанымымызда қадір қасиет тұтатын тағы бір сан есім - қырық.

Қырық сан есімінің нақты сандық мәнінен гөрі ауыспалы келтірінді мағыналарда қолданылуы бірсыпыра фразеологизмдерден байқалады және олар қазақтың ежелгі мифтік санасындағы рухани дүниетанымының наным-сенімдермен тікелей байланысты болып келеді. Мәселен, нәрестенің өмірге келгеніне қырық күн толып, мойны бекігенде, "қырқынан шығару" ырымы жасалады. Қырық қасық суға түсіру – көз тиген баланы қырық қасық немесе қырық ожау суға шомылдыруға байланысты ырым. Қырық үйдің қылауынан – сүйегі сынған адамға қырық үйден ас әкеліп беретін ырым; яғни мертік ас қырық үйден жиналған. Қырықтың қылауынан – көп асылдың сынығы (қылау – пышақ, қылыш сияқты құралдың өткір жүзіне байланысты сөз), өзгеше жаратылған. Сол сияқты қайтыс болған адамның "қырқын беру" дәстүрі де бар. Бұл мысалдардың этномәдени мәнінен қырық сан есімінің қасиетті, сиқырлы мәнін аңғруға болады.

Ал қырық құрақ фразеологизмі “тозығы жеткен, ескі, жамау-жасқаулы” деген мағынада, қырық пышақ “араз, жақ-жақ, басы бірікпеген” ұғымында, қырық пышақ қылды фразеологизмі “біреуге біреуді айдап салды, араздастырды” деген ауыспалы мағынада жұмсалады.

Тілімізде қырық сан есімімен байланысты қырықтың бірі - қыдыр, қызға қырық үйден тию сияқты мақал-мәтелдер ұлттық тәлім-тәрбиеге байланысты жұмсалады.

Тапсырма.

1. Киелі сан есімдер жүйесін туыстас түркі тілдері жүйесімен салғастыра отырып, рухан және материалдық лексикада қалыптасқан этномәдени ұғым-түсініктерді саралап, өзіндік ерекшеліктері мен ұқсастықтарын дәйектеңіз.

2. Қазақ дүниетанымында қалыптасқан жеті қазына, жеті жұрт, жеті ғашық, тоғыз жолдың торабы дегендегі тоғыз жол ұғымдарының мәні нақты тілдік фактілер негізінде айқындаңыз.

3. Этимологиялық сөздіктер негізінде үш, жеті, тоғыз, қырық сандарының этимологиялық мағынасын айқындаңыз.

4. Мәтіндегі киелі сан есімдермен байланысты қалыптасқан ұғымдар жүйесіне назар аударып, ұлттық дүниетаным тұрғысына талдау жасаңыз.

Пайғамбарымыздың бір хадисінде ақиқат ақпарат бар. Рауаят Масхудтың баласынан. Разы болсын Алла Тағала. Айтты пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. «Шындықта жаратылдың әрбіреуінің аналарының құрсағында қырық күн тамшы күйінде, одан соң жоғарғыдағыдай қырық күн ұйыған қан күйінде, одан соң жоғарғыдағыдай қырық күн кесек ет жасап, кесек еттен сүйек жаратып, оны етпен қаптаған жоғарғыдағыдай қылып жүз жирма күнде күнде, яғни төрт айдан соң Алланың әмірі бойынша періште рух үрлейді де құрсақта пайда болған баланың тағдырына төрт нәрсені жазады. Олар: 1. Жақсылығы. 2. Жамандығы. 3. Рызығы. 4. Өмірі.

Підиясының өзі талай тоғыз болып саналады. Бастоғызытүйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі тоғыздары және ішіккілем сияқты тоғыздар еді (М.Әуезов, Шығ.); құн, өтем ретінде берілетін зат: Оразбай пәлеге тоймас қалпымен енді тағы асқындай түсіп айып тіледі. Айтқазы өз аузынан өз жағына екі тоғыз айып атады (М.Әуезов, Шығ.).

Жігіттің жеті қазынасы : Жүрдек аты –жігіт қаны, қанаты; Қыран бүркіт – қарым күші, қуаты; Құмай тазы - бастан берік сенімі; Ақ мылтығы – сөнбес оты, серігі; Алмас кездік – жігіт сусы, һәм мысы; Ау жылымы – амал, айла, әдісі; Қара қақпан серті себі тірліктің.

ДӘРІС 12

Наши рекомендации