Бөтен елде бар болса, Ежеттесің, сыйласың, Сыбырлас, сырлас көп болған. Көптен тату қимасың. Басыңа жұмыс түскен күн Татулықты бұрынғы Не қылып ол ойласын. Ашып берер жауыңа Өзі көрген қоймасын. Желіккен жауға кез болса, Араздығы сөз болса, “Бәрекелді батыр” деп, “Мықты боп бара жатыр” деп, Мақтап-мақтап қоздырар. Ескі досын көргенде, Есебі жоқ ант ішіп, Аруақ, құдай айтысып, Сыр алғалы айттым деп, Жауыңды алдап қайттым деп, Құдайдан қорықпай, антұрған Иман жүзін тоздырар. Келіп-кетіп көп жүріп, Мен досыңмын деп жүріп, Дұшпандығын оздырар. Алдайды деп жауыңа, Ел тарттырмай баурына, Көрінгенді азғырар. Кеселді болып бітеді Жақсыға біткен жақындар. Жау жағадан алған күн Өздері иттей тақымдар. Үйде отырып ескенде, Бәрі шешен қақылдар. Аулаққа шығып бірінің Бірі сөзін мақұлдар. Жау көп болса басыңда, Бірі қалмас қасыңда. Жетектесең, табандар. Далаға шығып өзіңді Жаттан бетер жамандар. Жалбарынып күн көріп, Жақынын сатып, жөн көріп, Қалтаң-құлтаң амалдар. Туысқанға кекшілі Жас баладан бетерді, Ойлау да жоқ, білу жоқ, Келер менен кетерді. Жақынға еріп, мал салмай, Жауды көріп, жан салмай, Қайдан ғана біледі Ауыр менен жеңілдің Арасымен өтерді? Жолдас аз боп сасқанда, Әуел сонан естисің “Ат үстінен көтерді”. Ауыр жұмыс кез болса, Араздығы сөз болса, Араз кісі болғансып, Сылтау етер бекерді. Үйренбейді кісіден Кіржіңдеп жүріп кекерді. Оңалып егер алдыңыз, Әржерден-ақ көбейер Ажарлыңыз, малдыңыз. Пәленшені ұрам деп, Түгеншені қырам деп, Таршылықта қайраңдап, Кеңшілікте ойрандап, Көп батырға қалдыңыз. Егер тілін алсаңыз, Бірі қалмас кісіден, Егер тілін алмасаң, Бықсып шірір ішінен. Әркімде-ақ бар ғой туысқан, Қайсысы жауды қуысқан? Күн жауғанда қойныңда, Күн ашықта мойныңда — Арылмас міндет болған соң, Әркімнің көңлі суысқан. Жақсыға біткен ағайын Өз үйінде кезексіз Шешен келер сартылдап. Білетiн бiреу кез келсе, Сөз таба алмас қалтылдап. Қалжыңға келер шорқақтау, Жауға келер қорқақтау, Еркін жерде ызақор, Томырық келер тарқылдап. Әдеппенен тамылжып, Мінезі тәтті болмайды, Сасық паңдау келеді, Қырт мақтаншақ оңбайды, Кісімсініп жалпылдап. Біреуге өктем іс қылса, Өз күшім деп ойлайды. Егер күші жүрмесе, Бағанағы жақсының Қылғаны деп қоймайды. Жат айбынар ісі жоқ, Жау айдынар күші жоқ, Өз еркіне жіберсең, Ешнәрсеге тоймайды. Қалжыңы теріс, сөзі—ұрыс, Айтқан сөзге көнбейді, Өз тентегін көрмейді, Қазан бұзар бір қырыс. Сондай кесел туысқан Қай жерінен болады Көңілге медеу, ол тыныс? Жалығуды пәледен Жұрт ұмытты біржола. Шыныменен тамам ел Кете ме екен ит бола? Ішкені мас, жеген тоқ, Уайым айтар біреу жоқ, Тым болмаса болмады “Бұлт ала, жер шола”. Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды. Ел ішінде бітімші Түгел алып қайтпайды Сұрай келген бір малды. Ел жамаған билер жоқ, Ел қыдырып сандалды. Астыртын барып жолығысқан, Ақша беріп жалғасқан, Ақысын әрең, сол алды. Орыс сыяз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер Аз жүрегін жалғайды. Орыссыз жерде топ болса, Шақырған кісі бармайды. Бітім қылып бір кісі Адал малын алмайды. Қызығы кеткен ел бағып, Қисыны кеткен сөз бағып, Ендігі атқа мінгендер Күнде ертеңге талмайды. Бас қосылса арысқа, Кім шабады намысқа. Жатқа қарар беті жоқ, Жалынбай тұрар к... жоқ, Ісі кетер шалысқа. Ел бүлігі Тобықты Көп пысыққа молықты. Малдының малын көре алмай, Борышын түгел бере алмай, Көрінгенге обықты. Қазақтың, малын сапырып, Көп бәлеге шатылып, Кесепатқа жолықты. Өзінен шыққан жақсылар Түзей алмай зорықты. Бөтен елдің адамы Тынбаған соң арамы, Көңілі әбден торықты. Сәудегер қашты бұл елден, Несиесін жия алмай. Бұралқылар сандалды, Жуандарға сия алмай. Сыйымсыз болды алашқа, Барымтасын тыя алмай. Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқасы кетті ғой, Елмін деген салты бар. Әлі күнге уайым Қылған жан жоқ ұялмай. |