Галлюцинаторлы және сандырақтық синдромдар
Галлюциноз - бір анализатормен шектелген сана күңгірттенуінсіз көп мөлшердегі галлюцинациялармен сипатталатын жағдай. Науқас үрейлі, тынышсыз немесе керісінше, тежелген. Науқастың жүріс-тұрысы мен галлюцинацияға қатынасына қарап жағдайдың өткірлігін байқауға болады. Жеделдігіне байланысты жедел және созылмалы галлюцинозды ажыратамыз, ол мазмұнына қарай - есту, тактильді, көру болып бөлінеді.
Есту галлюцинозы әдетте вербальды болады: дауыс естілгендей, өзара сөйлескендей, дауласқандай, науқасты кінәлағандай, оның өміріне қастандық ұйымдастырғандай болады. Есту галлюцинозымен алкагольды психоздың клиникалық көрінісі анықталады; синдром сонымен бірге интоксикациялық психозда, нейросифилисте, бас-миының қантамырлық зақымдалуында да кездеседі.
Тактильді галлюцинозда науқас терісінде және тері астында жәндіктер, құрттар, микробтар жүргендей сезінеді, жыныс мүшелеріне жанасып тұрғандай болады; бұл күйзелістерге әдетте сыни көзқарас болмайды. Егде жас психоздарында, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануында кездеседі.
Көру галлюцинозы –кенеттен көру қабілетін жоғалтқан қарт адамдарда жиі кездесетін галлюциноз формасы, және де соматогенді, қантамырлық, интоксикациялық және инфекциялық психоздарда кездеседі. Шарль Бонне галлюцинациясы кезінде науқастар бір уақытта үй қабырғасынан айқын суреттер, күнге шағылысқан суды, гүлдер алаңын, ойнап жүрген балаларды көргендей болады, бұл көрініске таңданады, дегенмен көру қабілетінсіз мұндайды көру мүмкін еместігі, дертті күй екендігін науқас саналы түрде түсінеді.
Әдетте галлюциноз кезінде науқастың орын, уақыт және өзіндік тұлғасына бағдары бұзылмайды, дертті күйзеліс амнезияланбайды, басқаша айтқанда сана күңгірттенуі болмайды. Кейде науқас өміріне қауіп төндіретін сипаттағы жедел галлюциноз кезінде науқаста үрей, қорқыныш деңгейі жоғарылайды да, сананың аффективті тарылуы болады.
Паранойяльдық синдром – сандырақ синдромы, біріншілік сандырақ, шынайылық факттарын сандырақта интерпретациялау (интерпретативті сандырақ), қате пікірді негіздей үшін дәлелдер жүйесі келтіріледі (жүйеленген сандырақ). Сандырақ біртіндеп, доминантты идеялардан аса бағалы идеялар сатысынан өту арқылы түзіледі. Бұған, аффективті реакциялардың күштілігімен және ригидтілігімен, ал ойлау және әрекет саласында – байымдылық және детализацияға бейімділікпен тұлға ерекшеліктері ықпал етеді. Мазмұны жағынан бұл жанжалшылдық, шығармашылдық, қызғаныш, соңына түсу сандырағы.
Паранойяльды синдром шизофрениялық сандырақтың бастапқы сатысы болуы мүмкін. Бұл сатыда галлюцинация және псевдогаллюцинация болмайды, психикалық автоматизм құбылысы жоқ. Паранойяльды синдроммен паранойяльды психопатияның және алкагольды параноидтың психопатологиялық симптоматикасы толықталады.
Галлюцинаторлы–параноидты синдромдар - өзара органикалық байланысты галлюцинаторлы және сандырақтық бұзылыстар әртүрлі арақатынаста көрінетін синдромдар. Егер галлюцинация басым болса, галлюцинаторлы синдром деп, сандырақ идеясы басым болса, параноидты деп атайды. Параноидты синдром деп сандырақ дамуының параноидты сатысы да аталады. Бұл сатыда бұрын паранойяльды сандыраққа сәйкес келген қате пікірлер жүйесі сақталуы мүмкін, бірақ оның ыдырау белгілері табылады: жүріс-тұрысында оғаштық, сангдырақ мазмұнының басым аффектке және галлюцинацияға (псевдогаллюцинацияларға) тәуелділігі, олар да параноидты сатыда пайда болады.
Кандинский-Клерамбо психикалық автоматизм синдромы галлюцинаторлы-параноидты синдромның жеке жағдайы болып табылады және псевдогаллюцинациялар, психикалық актілердің бөтендену құбылысы - автоматизмдер және әсер ету сандырағы қосылады. Қабылдау бұзылысы шеңберіндегі науқас, олардың еріктен тыс пайда болатындығына, жасандылығына сенімді – автоматизмнің мәні осында. Автоматизм идеаторлы, сенсорлы немесе моторлы болып бөлінеді. Науқас өз ойын басқарып тұр, оларды параллельді етеді, оны ойша балағаттауға мәжбүрлейді, басына бөтен ойлар салады, оның ойларын оқып, тартып алады деп есептейді. Бұл жағдайды идеаторлы автоматизм деп айтамыз. Бұл автоматизм түріне псевдогаллюцинациялар жатады. Сенсорлық автоматизмге сезімдік таным бұзылысы жатады және науқастың сезім (немқұрайдылық, әлсіздік, ыза, үрей сезімін «шақырады») және түйсіктің (дененің әртүрлі бөліктерінде ауру сезімін, электр тоғы жолдары сезімін, күйдіру, дызыл «тудырады») жасандылығы жөнінде айтуларымен сәйкес келеді. Моторлы автоматизм дамуында науқаста өз қимылдары мен қызметтерін басқаруды жоғалтқандығына сенім туады: бетінде еріксіз күлкі пайда болады, аяқ-қолдары еріксіз қозғалады, күрделі қимылдар жасалады, мысалы, суицидальды актілер.
Созылмалы және жедел галлюцинаторлы - параноидты синдромдарды бөледі. Созылмалы галлюцинаторлы-параноидты синдром бірте-бірте күрделенеді, алғашқы симптоматикасы жаңалана түседі, күрделі психикалық автоматизм синдромы түзіледі.
Жедел галлюцинаторлы-параноидты синдромдар емдеу әсерінен редуцирленеді және басқа психопатологиялық синдромға жылдам ауысады. Синдром ауысқанда бұрынғы психопатологиялық симптоматика жойылып, орнына жаңасы келеді. Жедел галлюцинаторлы-параноидты синдромның құрылымында жедел сезімдік сандырақ, қоршаған ортаны сандырақтық қабылдау, сасқалақтау немесе қанық аффект көрінеді; Кандинский Клерамбо синдромы толық жетіліп үлгермейді (оның кейбір элементтері байқалады).
Жедел галлюцинаторлы-параноидты синдром жиі жедел парафрения және онейроидты жағдай дамуының бір сатысы бола алады. Галлюцинаторлы-параноидты синдром маниакальды депресивті психоздан басқа барлық психоздар кезінде диагностикалануы мүмкін.
Парафренді синдром – фантастикалық сандырақ синдромы. Ол созылмалы және жедел түрде болады, қандай да болмасын сандырақ түзілуінің соңғы сатысы болып табылады және психикалық функцияның ауыр бұзылысына сәйкес келеді. Созылмалы сандырақта парафренді синдром біртіндеп ақыл кемдігіне ауысады, жедел түрінде онейроидты типтегі сана күңгірттенуіне ауысады.
Парафренді сандырақ құрамына ұлылық идеясы қатысады. Сандырақтық идеялар оғаштықпен, гротескілікпен ерекшеленеді, табанды тұжырымдау ешқандай дәлелсіз келтіріледі. Көтеріңкі немесе кеңпейілді көңіл-күй фонында айқын конфобуляциялар (фантастикалық-конфабуляторлы парафрения) болады.
Парафренді сандырақ бір түрі депрессиялық науқастарда дамитын ипохондриялық Котар сандырағы болып табылады. Дамудың әр сатысында Котар синдромы нигилистік-ипохондриялық сандырақпен үрейлі-сандырақтық депрессия көрінісімен, немесе мәңгі өмір сүру, мәңгі қорлық көру, немесе сыртқы әлемді жоққа шығарумен фантастикалық ипохондриялық сандырақ түрінде көрінеді.