Тірек сөздер: этнос, фразеология, семантика, этимология, лингвомәдениеттану

Қазақ ұлтының мәдени өмірінің көрінісі – фразеологиялық қордан ерекше байқалады. Өйткені қазақ фразеологизмдері – халық өмірінің айнасы. Бұл айнада ұлт менталитеті көрінісі тұтастай қамтылады десек, асыра айтпағандық болар.

«Мәдениет тілі» - семиотикалық жүйелерде сақталады. Бұл ретте ұлт мәдениеті оның ғылымында, өмірінде, дінінде тіл арқылы танылады десек, онда фразеологиялық материалдар ұлттық маңызы бар деректерден тұрады. Бұл деректердің түп төркіні, таралу, шығу көзі фразеологизмдердің тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты. Фразеологизм белгілеріндегі мағына тұтастығы, қолданылу тиянақтылығы, даяр қалпында қолданылу тұрақтылығы арқасында ұлт тілінде ұрпақтан ұрпаққа жетіп сақталуда. Әр фразеологизмде мәдени ақпар беретін дағдылы қалыптасқан дүниетаным, ұлт ерекшелігі аңғарылады.

Осындай ұлттық мәдени ерекшеліктерді қамтитын тұрақты тіркестерді талдап түсіндіру үшін оның ұлттық мәдени негізіне сүйену керек. Біздің бұл ұсынысымыз В.Телияның ұсынысындағы: «что сам порядок предьявления этих источников, достаточно произволен, так как еще непроводились исследования продуктивности того иного ресурса интерпретиции применительно, в частности, к материалу фразеологии» (1996, 240) деген пікірінен туып отыр.

Шынында әр ұлттың мәдени ағымындағы тілдік құбылыстар тамырланып, қалыптасуы үшін оның көптеген алғышарттары мен салалары болу керек. Фразеологизмдердің мәдени ақпар көздерінің түсініктері қандай мәдени негізде пайда болып, жасалынады деген сауалдарға мынандай ғылыми жорамалды ұсынар едік.

1. Қазақ халқының ең маңызды мәдени ұлттық ерекшеліктерінің бірі жан-жақты қамтылған дәстүрлі мәдениет үлгілеріндегі дағдылы ұлттық рәсімдері. Халық ұғымында мұндай ұлттық рәсімдер түрлерінің әбден сақталып қалғандығы ғана бүгіндері ұлт төлқұжатындай көрінеді және өзге ұлттардан бөлек мәдени айырмашылықтарын айқындайды.

Ұлттық рәсімдерге әдет-ғұрыптар мен салт дәстүрлер жатады. Қай ұлттың болмасын өзінің өмір сүрген дәуіріне қарай, күн-көріс тұрмыс-тіршілігі, сол ұлтқа ғана тән әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері, мәдениеті бар. Ежелден келе жатқан қазақ ұлтының да бұрыннан қалыптасқан көне мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, тұрмыс тіршілігінің бізге жеткен үлгілері сан түрлі. Күні бүгінге дейін жер бетіндегі басқа ұлттардан ажыратып көрсететін қазақтың салт-дәстүрі туралы айту – қазақтар туралы айту деген сөз.

Қазақтар өмірінің сан ғасырлық тарихы әдетте ана тілімен тығыз байланысты. Барлық өмір салты туған тілінде әртүрлі номинативті атауларынан, әсіресе фразеологизмдерінен көрініс тапқан.

Мысалы, құда түсу рәсімдері, үйлену тойы, ас беру, т.б. толып жатқан ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып түрлерінің атаулары тілде сақталмаған болса, онда рухани мәдениет үлгілерінің мазмұны да кеми бермек. Еншісі бөлек, ені басқа – бұрынғы уақытты малға таңба салынып, ержеткен азамат балаларына арнап тиісті мал-мүлік үлесін бөлу. Қазақ салты бойынша енші ұл балаларға бөлінеді. Осыдан әрі қарай енші алу /беру/ тіркесі - өзіне тиісті сыбағасын алу /беру/ мағынасында айтылады.

Ерулік беру – көрші кеп қонған үй иелерін шақырып қонақ ету мағынасында айтылады. Бұл әріден келе жатқан көне дәстүр. Көшпелі қазақ көшіп қонуды аса маңызды іс деп санады. Көшу – бұрын қазақтар өмірінде үлкен салтанат деп есептелінген. Бұрын көшіп барып отырған ауылдар /еру отырған/ жанына қонған ауылды жабыла қарсы алып, «қоныс жайлы болсын» айтып, үйін тігіседі, ерулік апарады. Бұл – көшіп, шаршап келген туыс-жекжаттарына жасалған сый, құрмет және қамқорлық. Сол сияқты сауын айту, жылу жинау, асар салу /асарға шақыру/, байғазы беру, шаңбасар алу, тұсаукесер т.б. толып жатқан тіркестері ұлттық этнографизмдерден қалған.

Қазақтардың бүгінгі мәдени өмір салтында әлі де сақталып келе жатқан дәстүр – тілек айтып, бата беру салты. Қазақ тіліндегі қалыптасқан тұрақты тіркестер сияқты көп қайталанып, әрі көп өзгеріссіз айтылатын тіркестердің біразы тілек-бата сөздеріне де тән. Жиі қолданыста жүретін тілек-бата сөздері ауыздан-ауызға кең тарайды, грамматикалық құрылысы берік, орнықты болғандықтан көп өзгеріссіз айтылады. Тілек-бата сөздеріндегі тұрақты тіркестердің лексика-семантикалық және тақырыптық парадигмаларының молдығынан, тілек-бата сөздерінің өзі тұтастай фразеологизацияға ұшырайтын кездері жиі байқалады. Мұның өзі назар аударатын нәрсе.

2. Фразеологиялық материалдардың мәдени деректер түсінігіне жататын қазақ тіліндегі ұлан-ғайыр паремиологиялық қор – мақал-мәтелдер. Мұнда халықтың ғасырлар бойы өмірден түйген өзіндік ақыл-ойы, парасат танымы, өмірлік түрлі қағидалары мен философиясы жатыр. Біз бұл деректер түсінігін фразеологизмдерді кең мағынада түсінуді жақтайтындықтан қосып отырмыз. Жалпы қазақ мақал-мәтелдер мәдениет тұрғысынан зерттеліп, өз бағасын әлі алған жоқ. Күні бүгінге дейін қазақ мақал-мәтелдері тек тағлым тұрғысынан ғана талданып келеді. Ал ондағы халық даналығынан басқа да сол ұлт менталдылығына аз сөзбен көп түйін түйіп жеткізген тіркестер ұлт тілінің ерекшелігі ретінде әлі танылған жоқ...

Мәдени ұлттық дүниетанымның сыры мен ерекшеліктері тек ұлт тілі арқылы жетіп танылады. Адамдардың материалдық тұрмыс тіршілігі, қоршаған ортасы және рухани ой өрісі бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, бұл бірлік мәдени өмір сүру заңдылықтарына сай, сол ұлттың өз менталитетін айқындайды.

Тіл-тілде сақталып келген образды, метафоралы тіркестер әсіресе, фразеологизмдер халық менталдығынан хабардар етеді. Ұлт ерекшелігін тұтастай тану үшін оның тілдік, танымдық қасиеттерін зерттеп білмейінше пәлендей ой пікір түюге болмайды. Тіл дүниенің ұлттық-мәдени айшықтарын бейнелеуде адамдардың когнитивтік (танымдық) әрекетін қоршаған ортаның ықпалымен ұштастырды. Халықтың күн көрісі, тұрмысының мазмұндық белгілері жинақталған фразеологиялық тұлғаларды түсініп талдау арқылы ұлттық дүниетаным, құбылысты қабылдаудағы көркемдік ақыл, ой деңгейін бағдарлауға болады.

Әдетте фразеологиялық мағынаның пайда болуына дәстүрлі тіршілік пен мәдени өмірдің әсері мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда ондағы ұлттық қабылдау, қазақи дүниетаным, ойлау ерекшеліктері бірден аңғарылады. Фразеологиялық мағынаға тірек, негіз болатын нәрсе – (денотат) адамдардың күнделікті күйбең тіршіліктеріндегі көріп жүрген түрлі заттар, құбылыстар, көріністер ықпалы.

Мысалы мына тұрақты тіркестердің мағыналары:

бас шұлғу – мақұлдау, құптау (ҚТФС, 104);

қамшы салдырмау – 1. Тапсырылған істі тез, тыңғылықты орындау. 2. Шаршамау (ҚТФС, 312) дегенді білдіреді.

Ал осы фразеологизмдердің о бастағы тура мағынада қолданылып, бір кездегі көріністердің балама оймен ұштасуы арқылы (ассоциациялануы) ауыспалы мағынаға көшуі, тұрақты тіркестің тілдік қолданыста қалыптасуына әсер етеді.

Семіздіктен еріккен жарау аттар түн салқыны мен тыныштығына қызғандай. Бастарын шұлғып, қамшы салдырмай ығысады (М.Әуезов, І – 15).

Соңғы сөйлемдегі «бастарын шұлғып, қамшы салдырмау» деген дағдылы (стереотип) қимыл қозғалыс – қазақтардың күн көріс тіршілігнде ұдайы қайталанатын, күнде көріп жүрген ситуация. Аттың үнемі басын шұлғып тұруы, жорғаның жиі қамшы салдырмауы санаға сіңе береді. Адамның көз алдында жиі қайталанатын қимыл-қозғалыс, құбылыс, зат көріністері тұрақты бейнеге айналады.

Сенімен қатар әдебиетке келген жігіттер қамшы салдырмайды ендігі. Шүу, қарақұйрық!.. (Ш. Құмарова – 266).

Жұлдызы оңынан туу, асығы алшысынан түсу – жолы болуды білдіретін мағыналас фразеологизмдер. Ауа-райын болжау үшін аспан денелерінің орналасуына қатты зер салған халықтық бақылаудан туған айдың шаруаға жайлы боп тууы туралы тіркес немесе асық ойыны кезіндегі ережені білдіретін асықтың алшысынан түсу фактілері о баста тура мағынаны білдірген еркін сөз тіркестері. Құбылыстың әр кездегі осындай дағдылық (стереотип), мазмұндық белгілерге (эталон, символ) айналуы образдың тууына себепші болады.

Дәріс№11

Наши рекомендации