Б.Майлин комедияларының көркемдігі мен тілі.
Б. Майлин–күлкiнiң шеберi. Б.Майлин комедиялары бiр актiлi және көп актiлi болып екiге бөлiнедi. Комедия – Б.Майлин шығармашылығының басым бөлiгi. Себебi, автор ғасыр басындағы тұрмысы төмен, қараңғылығы басым қазақ ауылдарындағы, елдiң жаппай сауаттану кезiндегi күлкiлi элементтердiң негiзiнде болашақ шығармасына өмiрлiк басты желi ете алған. Әсiресе, қулығы басым молдасымақтардың айласы немесе “сауаттылықты жою” кезiндегi мұғалiм алдына әйелдерiн бергiсi келмейтiн ауылдың аңқау еркектерiнiң қылықтары, бозбала мен бойжеткендер арасындағы күлкiлi эпизодтар т.б. iс-әрекеттерден тамаша сахналық туынды шығара бiлген. Бiр ескерерлiк Б.Майлиннiң алдында қазақ драматургиясы тарихында үлгi аларлық дәл сондай деген сахналық өнердiң болмағанына қарамай, туа бiткен талантына сүйенiп,классикалық дүниелердi мұраға қалдырды.
Б.Майлиннiң “Ыбыраймыз, Ыбыраймын” (1928) атты диалогке құрылған шағын өлеңiнде Ыбырай байдың заманындағы өктем дауысы, iсi мен, совет заманы, конфискация тұсындағы өшiп бара жатқан, ұяң, басылған кезеңнiң, әрi қарапайым, әрi орынды сөздермен суреттейдi. Жалған әспеттеу, немесе керiсiнше құлдыратып жiберуге жол бермейдi.
Екі перделі «Неке қияр» комедиясын молданы сынаған, әйел теңдігін паш еткен шығарма деп қана тұжырымдасақ, драматургтың бірталай олжаларын көрмей кеткен болар едік.
Автор ең алдымен комедияға лайық өмірлік ситуацияларды сәтімен таңдап алған. Революциядан бұрынғы заманды бейнелейтін туындылар үшін көп материалдың бірі ретінде қаралатын дүниелердің жаңа дәуір жағдайында комедияға өзек етілуі заңды құбылыс.
Қыз көре бару, құрдастар әзілі, құдалық ритуалы, жастар арасындағы түсінбестік – екі күннің бірінде кездесетін жағдай. Жаңа заман мораліне сыйымсыз, тарих бетінен көшіп бара жатқан институттың рәсімдерін сахнада көрсету арқылы Майлин әлеуметік талапқа жауап берер жігерлі күлкі тудыра білген.
Алғашқы көріністе отыздағы Жомарт, қырықтағы Кәрім отыздағы сұр бойдақ Жәленді қажап, таптап отыр. Қазақ ішінде кімнің жағдайы қиын. Оң жақта сопиып ұзатылмай қалған кәрі қыздың жағдайы қиын, басында үйі, бауырында баласы жоқ сүр бойдақтың жағдайы қиын. Солар сүр бойдағың мынау Жәлен. Кісілігі, ірілігі жоқ, сөйлер сөзі жоқ осал.
Драматург әрекетті сахна аталаптарына лайық өрбітеді. Әрбір жаңа персонаждың өзіне лайық ісі бар. Жеңге әзілі жігіттердің шымбайына батып бара жатыр. Қыздың Жәленді жезде деп ойнап, шымшып алуы европалық драматургия тілімен айтқанда, фарста кездесетін тәсіл. Күлкілі жағдай Сары қатынның келуімен ұлғая түседі. Әуелі жамбастап, жымып, шапаннан бастайды. Оның реті болмаған соң, ақша алуға ойысады. Қу мүйіз Кәрім бақайына отырғызбай сырғақтай жөнелгендегі Сары қатын сөзі: «Қой, ойбай, оны алып жаман атты болғанша, алмайық та, көріспейік те…Етегін ашып отырған Әлімнің қызы бұл емес . . . Алған-берген еш нәрсе болмайды: тек әшейін пәленшенің қызын көрсеткенде пәлендей алыпты»,-деген аты болмаса, берсеңдер өз мерейлерің. Тіпті, бермей кетсеңдер де, үйіп ауыздарыңды қу шөппен сүртпеңдер».
Алдында ғана тиынның есебін білмегенсіген кісі отыз сом аталғанда тулап қоя берді.
Жігіт пен қалыңдықтың кездесу сәтін асыға күтеміз. Сырттай басы саудаға түскен қыздың өзі қандай екен? Ағайын-туысқанның ұйғарымымен буындары сыртылдаған шалға көздің жасын көлдетіп кете баратын қыздар халы қазақ әдебиетінде аз айтылмаған. Заман өзгерістерін, өмір құбылыстарын дәл аңғарғыш, сергек қаламгер Майлин қазақ әйелінің санасындағы заман тудырған жаңалықтарды әр қырынан, жан-жақты бейнелеген жазушы.
Шымылдық ішінде алғаш рет кездесіп отырған жігіт пен қыз не айтыспақ? Әрине, бірінші сөзді азамат бастауы жөн. Жілігінің майы жоқ, жетесіз Жәлен программалап қойған робот іспетті. Алдында ғана Жомарт үйреткен сөздер бар: «Амансың ба?», «Жасыңыз нешеге келді?», «Тамыр бозбалаң бар ма, соны білейін деп едім» - осылар айтылады. Қыз жауабы: «Өй шірік! «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп… Сені күтіп отырмақпын ғой».
Түсінген адамға жеткілікті нәрсе. Бірақ күйкі Жәлен достарының үйреткендерін әлі аяқтап бітпеген, өзіне тартып құшақтамақ болады. Шымылдықтан шыға қашқан қыз, не істерін білмей салы суға кеткен жігіт. Бұған күлмегенде қайтесің. Ситуациядан, жағдайдан туған күлкі.
Екінші передеде басқа да комедиялық-сатиралық жайттар бар. Қызылға ұмтылған бөрілердей атқа мінер, паракор Ылаңбай мен молда екеуінің некеқиярға берілетін дүниеге таласқанын көреміз. Қан базардағы нағыз сауда теке тірес. Оқыған жігіт Рахат пен милиционердің келуі бұлардың бұлардың үстінен жай түсіргендей. Драматург милиционер аузына әйел теңдігі, революция жеңісіне байланысты үгіт-насихат сөздерін салады. Поэзия айқын, жағымды ыңғайда алынған персонаждың қылығын автор өзі де құптап отыр. Әділет тілеп, милицияға еріп жүре берген қызының күйігіне шыдай алмаған Қайралаптың баласын сырттай саудалап, бәтуә жасап жүрген парақор, пәле Ылаңбайды тарпа бас салуы пъеса тартысының оқыс шешімі. Еріксіз күлдіретін қызық шешім.
Қазақ арасында енді орнығып келе жатқан жаңа қарым-қатынастарды, сананы көптеген жазушылар жағымды кейіпкерлер әрекеті арқылы бейнелесе, Майлин түрлі әлеуметтік орта адамдарының күлкілі істерін суреттей отырып, комедиялық, сатиралық шығармалар тудырды. Шағын көлемді пъесалардың тартысы дәуір талабына орайлас, өмірге қарап бой түзегенін көреміз. Дер кезінде уақыт мақсатына қабысып жазылған кейбір дүниелер біраз қызмет атқарып, көркемдік қуатынан тез айрылып қалатыны болады. Әрі заманында актуалды мәселе көтерген, әрі өнер тарихында терең із тастаған шығарма сирек олжа.
Билет