ДАИШ ТЕРРОРИСТЕРІ –ШЕЙХСЫМАҚТАРДЫҢ ЖЕТЕГІНДЕГІ САУАТСЫЗ ТОБЫРЛАР

Мұхиддин ИСАҰЛЫ,

теология ғылымының докторы,

исламтанушы ғалым

Бүгінде исламға күйе жағуда кең қолданылып жүрген терминдердің бірі - терроризм. Ал, террорист деген кім? Ойымызға бірден келетіні бет-аузын тұмшалаған, қолына қару ұстаған, халықтың құтын қашырғысы келетін жан. Психологтардың айтуынша, олар да адам баласы, бірақ адами қасиеттен айырылғандар. Ендеше, олар бұл жолға қалай түсті? Террорист дайындаудың қандай да бір мектебі бар ма? Жалпы, террористердің танымы мен әлемдік психологиялық зерттеулердің қорытындысы туралы теология ғылымның докторы, исламтанушы ғалым Мұхиддин ИСАҰЛЫН әңгімеге тартқан едік.

– Мұхитдин аға, қарапайым ғана сұраққа жауап берсеңіз. Адам қалай террорист болады?

– Жалпы,содырларға психологиялық зерттеу жүргізілгенде, ең алдымен олардың бәрі террорлық іс-әрекеттің құрбаны екені анықталған. Өзінің адами қасиеттері мен өмірге деген сенімін жоғалтқан және болашаққа деген үміті өшіп, адами ұстанымы, сенімі бұзылғандар бірден террорист болатыны дәлелденген. Мұндай құрбандар болашақ өмірін жоғалтып алғандықтан, олардың жан-дүниелерінде қайғы-қасірет болады. Өмірден өз орнын таба алмай, қабілетсіз әрі діттеген мақсаттарына жете алмағандықтан, осының бәріне кінәліні өзгеден көріп, өш алудың жолына түседі. Сол жолда өзін де құрбан етуді мақсат тұтады. Өйткені, оның бойында алдымен өзінің қабілетсіз болғаны, ал өзге адамдардың қабілетті болып діттеген мақсаттарына жетіп жатқаны, оны әрі қызғандырады әрі өшпенділік сезімін оятады. Екіншіден, оның ең қорқынышы – болашаққа деген үмітсіздігі. Яғни, болашағы күңгірт әрі өте қорқынышты болып көрінеді. Сол қорқынышының қасында өзін құрбан ету ешқандай да қорқыныш емес, керісінше әлгі қорқынышты басу, серпілту болып саналады. Ал, мұны жаман пиғылды топтар өз мақсаттарына пайдаланып кетеді.

– Көбіне қай жастағы адамдар бейім болып келеді?

– Әрине, жасы ұлғайған жандарда мұндай қорқыныш кездесе бермейді. Психолог ғалымдардың сөзіне қарасақ мұндай сезімдер көбінесе 17-23 жастағы жастар арасында кездеседі. Осы жас аралығындағы террористерді зерттегенде, олардың көбі ата-анасынан және өз ортасынан қорлық көрген, мұң-зарын ешкімге айта алмағандар. Олар үйде де, сыртта да, жалпы қоғамнан шеттетілгендер.

– Яғни, оларды толығымен рухани науқасқа шалдыққандар деп атауға бола ма?

– Келісемін. Біреуі өзінің кім екендігін, енді бірі ұлтшылдығын, енді бірі діни сенімін алға шығарғысы келеді. Бірақ, табысқа жете алмаған соң қаталдық арқылы тез арада қол жеткізуге тырысады. Егер, өзін танытқысы келсе тірі бомбаға айналады. Ал, қоғамдық болса арнайы өзін қолдайтын террорлық топтарға қосылады. Кейбір психологтар оларда мұндай науқас көрінбейтінін, бар-жоғы түрлі себептерден болатынын айтады. Мысалы, туғаннан атыс-шабыс арасында өскен, өзгелерден қорлық көріп, ешбір тірі жанға сенбей, барлық адамдарды өзіне жау көріп өсу де адамды террорлық іс-әрекетке сүйрейтінін алға тартады. Сондай-ақ, психологтар әрбір террористің өзіндік психологиялық ауытқуы барын айтады. Террористтердің бәрін «бір таразыға салып тарту» қиын екендігіне назар аудартады.

– Жалпы, террористердің түрлі типологиялары барын білеміз. Мысал ретінде, ИШИМ құрамындағы содырларды екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі - психологиялық ауытқуға ұшырағандар. Ал, екіншісі - ислам дінін білмейтіндер. Осы екі топты ашықтап түсіндіріп берсеңіз...

– Дұрыс айтасыз. Террористердің арасында ақыл-есі дұрыс, интеллектсі жоғары тұлғалар, сондай –ақ сауаты шамалы адамдар да кездеседі. Психикалық тұрғыда ақыл есі толық емес фанатиктер де жетіп артылады. Сол секілді ақшаға байланысты - пайдакүнемдік мотивтері ретінде де анықтауға болады.

Ал, қазіргі ИШИМ-де өз-өзін жарып жатқан «мұсылмандарға» келетін болсақ, бұлардың псиохологиялық ауытқулары бір арнаға тоғыса бермейді. Әйткенмен, бұларды өзіңіз айтқандай, екіге бөліп қарауға болады. Әуелгі топта психологиялық ауытқулар бар. Отбасымен дұрыс қарым-қатынаста болмаған немесе бала кезінде ортасынан қысым көрген, қысқаша айтқанда өмірден опа таппаған жас. Біздің елдегі суициттің басым көпшілігі осындай себептен болып жатады. Осындай жастар теріс ағымдардың қолына түссе, оп-оңай солардың ығына жығалады.

Екінші топтағылар - ислам дінін білмейтіндер. Олар өз дінін білгісі келіп жүргенде, сол теріс ағымның қолына түседі де оңай және төте жолмен жұмаққа барғысы келеді. Олардың шейхтары оларға аят пен хадистен мысал бере отырып (бұрмалап), шейіт болудың қадір-қасиетін айтып, дәрі арқылы емес кәдімгі насихат арқылы өздерін құрбан етуге дайындайды. Олар, тіпті жұмақта жүргендей сезінеді. Яғни, бірі қоғамнан өш алу үшін, кек алу үшін істесе, енді бірі өзінің жұмақтық бақыты жолында зұлымдықты дұрыс санайды. Бұл топтағыларды егер дін білетін біреу олардан бұрып әкетіп, ұзақ уақыт насихаттайтын болса өз райларынан қайтуы мүмкін. Бұл ретте айтарым, террорлық іс-әрекетке баратын содырлардың бәрін бір таразыға қойып, бәріне бірдей диогноз қою қиын. Бірақ, бәрінің де адами қасиет жағынан психологиялық ауытқулар бар екені анық.

– Осы, теріс ағымдардың жергілікті халық дәстүрлерін, құлшылықтағы кейбір айырмашылықтарын ширкке шығарып, бидағатқа балауы қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

– Бидағатшылықтың қаупі сырттай қарағанда, содырлық әрекеттермен салыстырғанда қауіпсіз тәрізді көрінгенмен, салыстырмалы жағынан келгенде оның содырлық әрекеттерге баратын жастарды дайындауға және психологиялық ауытқуына ерекше рөл атқаратын жақтары бар. Яғни, бидғатшылық қаупі содырлық қауіптің түпкі тамырлары деп айтуға келеді. Бидғатшылықтың түбінде халық пен қоғамды өзіне жау ету жатыр.

Жалпы, исламда бидғат жаман-жақсы болып екіге бөлінеді. Бидғат деген сөз асылы дінде болмай, кейіннен адамдардың не болмаса белгілі бір халықтың дінде жоқ нәрселерді дін етіп көрсетіп, соны діни амалдай санауы. Мысалы, сахабалар Мысырды алғанда ол жерде сол баяғы пирамида тәрізді жәдігерлік ескерткіштер көп еді. Бірақ, оларды қиратпаған. Сұлтан Фатих да Аясопияны мешітке айналдырғанда қабырғалардағы христиандардың киелі санаған суреттерге тиіспеген. Ауғанстан тәрізді елдерде де Орта Азияда көне будда тәрізді діндерге арналған жәдігерлер әлі күнге дейін сақталған еді. Міне, дінде осылай бола тұра ислам атын жамылған содырларда осыған қарама-қайшы әрекеттердің болуы, олардың исламға қарама-қайшы топтар екені анық білінеді.

Олар өздеріне бір жеткіншекті тартқан кезде, осы бидғатшылықты басқаша түсіндіріп, қоғамды өзіне жау етіп көрсетеді. Мысалы, қазақтың бүкіл салт-дәстүрін және ханафидің фәтуаларын дінде болмаған нәрсе етіп көрсетіп, жастың санасында «бұлар адасқан, ендеше олардың қанын төгу – халал» деген түсінік орнықтырады. Мұның арты «бұл ел, бұл ұлт сенің ұлтың емес, сенің барың да, жақының да бізбіз» дегенге ұласады. Яғни, техникалық тілмен айтқанда «виндоуысы» тұтас ауысады. Түрі қазақ, бірақ жан дүниесі тұтастай өзгеріп кетеді.

– Өзіңіз білесіз, қазіргі уақытта радикалды топтар содырларды дайындауда Құран аяттарын жиі пайдаланады екен. Әрине, аяттарды терең түсіндірмей, өз мақсаттарына ыңғайлап, жастардың санасына басқаша пікір қалыптастырады. Осы ретте, құранның астарлы аяттарын қалай түсіндіруге болады?

– Жорамал арқылы ғана түсіндіруге болады. Мысалы, Құранда Алла Тағаланың затына қатысты аяттарды Имам Матуриди тәрізді ғалымдар жорамал арқылы түсіндірген. Бірақ, жорамал тұп-тура ақиқат, меңзеген мағынаның дәл өзі деген сөз емес. Сол астарлыға жақын мағына. Мұндағы мақсат - қарапайым халықты ақиқатқа жақындату және ақиқаттан алыстатпау. Ал, мұның содырларды дайындауда қандай психологиялық әсері бар деп сұрайтын болсаңыз, бұл жерде әсері мол. Жалпы, исламда ең әуелі сенім – Аллаға сенім, Аллаға деген түсінік. Ал, енді содырларды дайындайтын психолог мамандар өзінің нысаналық адамының санасында «жорамалдарды» жоққа шығарып, астарлы аяттар туралы басқа пікір айтып, солай қалыптастырғанда, оның сенімі мүлде басқаша болып шыға келеді. Яғни, ол нысана өз межесінен тайғанда, күллі қоғаммен үйлеспейтін бар-жоғы сол елде «жиһад» жасауға араб елінен келген мужаһид болып сезінетін болады. Сол үшін де олар арнайы өздерінің бағыты қойылған діни терминдерді жиі айтқызатын болады.

Бұған қатысты «Әли Имран» сүресіндегі жетінші аятта мұндай астарлы аяттарды жүрегінде ауытқу болғандар ел ішінде бүлік шығару үшін өз идеологияларына пайдаланатындығы ашық айтылады. Тіпті Муслимде хазіреті Айша Пайғамбарымыздан «олар кімдер?» деп сұрағанда Алла елшісі астарлы аяттарға қарай жүгіріп, өзіне қарай бұра тартқандарды көрсең, міне Алланың атап көрсеткені солар деп белгілерін береді.

– Ал, ИШИМ құрамындағы діни санасы уланған, діни білімі таяз азаматтар тек ИШИМ уағызын тыңдаумен шектеледі емес пе?

– Иран билігі қалай Аятолладан жеңілді? Олардың ең басты қателігі, оған жәй бір уағызшы ретінде қарап, мән бермеді. Ол шет елде жүрсе де халық арасында уағыз насихатын кең жайды. Ол діни уағызды пайдаланып, өзінің саяси идеологиясын діни мотив арқылы жақсы жүргізе алды. Ол төңкеріліс жасаған кезде халық әлдеқашан әзір болып, бояуы сіңіп кеткен еді.

Ендеше, саясатшылар ғана емес содырлардағы психолог күштер де діни мотивпен өз идеологиясын кеңінен жүргізеді. Дінді қашан да сыңар жақты етіп түсіндіріп, соны сіңіретін болса қалғанының бәрі жалған болып көрінеді. Өйткені, дінді саяз білетін адамда діни түсінік солардың идеологисына қарай қалыптасып, қатаяды. Оны олар аят пен хадистерді пайдалана отырып қалыптастырады. Белгілі бір уақыттан кейін ол қалыптан айнуы өте қиынға соғады. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық көрінеді». «Ет пен тері жымдасып, сүйек қатайған соң ота жасау қиынға түседі». «Қисық айна тәрізді. Дүниенің ең түзуін де қисық көрсетеді». Ал, ислам түсінігінде олай емес. Мысалы, исламда қалыптасқан төрт мәзһаб бар. Мұсылмандар сол мәзһаб имамдарының бәрін ұстаз санайды. Ендеше, ИШИМ уағызын тыңдаған ел арасындағы жастар арнайы лагерлерде содырлыққа дайындалып жатқан бір жерде жиналған топтар тәрізді. Уағыз арқылы содырларды дайындау әлде қайда жеңіл әрі әлдеқайда шығынсыз болады. Ал, жою жағынан келсек лагерлерді жою оңай, ал ел арасында санасы өзгергендерді түзеу аса қиынға түседі. Олар қазір көрінбегенімен, уақыты келгенде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай бұрқ ете қалады.

– Мамандар ИШИМ құрамындағы жастардың көбі тәкпіршілер екенін алға тартады. Жалпы, тәкпір ұғымының мәнін түсіндірсеңіз...

– Тәкпір ұғымының психикалық түбіне үңілсек өз тобынан, өз үйірінен басқаның бәрін жау санау деген сөз. Әрбір санасында тәкпірлік пікір қалыптасқан адам өз деңгейінде террорист деген сөз. Ең азы содырлық жұқпалы дерт жұқтырған адам. Қазіргі Кореядағы «эбола» дертінен де жаман. Өйткені ондай дерттердің әйтеуір бір күні емі табылады. Бір ем бәріне жарайды. Ал, тәкпірлік дертін жұқтырғандардың бәріне бір ем әсер ете бермейді. Жазылғанмен күндердің бір күні бұғып жатып, қайта бас көтере салуы мүмкін. Өйткені, оның ұғымында өздерінен басқа барлық жер бетіндегі мұсылмандар – кәпір мен екі жүзді мұнапық. Күллі мешіт пен имамдар сол кәпірлердің басшысы, Әбу Жәһілдер болып саналады.

ИШИМ идеологиясының негізінде тәкпіршілік ұғым мен сенім жатыр. Олардың идеологиясы тек шариғатқа ғана қарсы емес, күллі адами қасиеттердің бәріне жат нәрсе. Олардың тағылықтары ең азғын жыртқыштардан да асып кеткен. Ал, исламдағы шариғат адами қасиеттердің бәрін қорғау үшін, жер бетіне зұлымдықты жойып, әділдік пен бейбітшілік орнату үшін Алладан берілген.

– Арнайы уақыт бөліп, тағылымды сұхбат бергеніңізге рахмет!

Наши рекомендации