Трагедиялық қаһарманның басты ерекшеліктері

Трагедиялық деген не? Ол да көне грек тілінен алынған сөз. Трагед – теке, дия – ән, яғни тура мағынасында текенің әні деген ұғымды береді. Оның шығу төркіні ежелгі гректердің халықтық салт-дәстүріне, алғашқы театр өнерімен байланысып жатқандықтан оған тереңдеп бармай-ақ, трагедияның эстетиканың бір категориясы ретіндегі маңызы мен сыр-сипатына тоқталғанымыз орынды болар.

Трагедиялық дегенді бүгінде кез-келген көзі қарақты адам қайғы, қасірет, сор, адамдардың басынан өткен қаралы оқиға, өлім, қаза, т.б. бақытсыздыққа тән құбылыс ретінде түсінетіні рас. Бірақ шын мәнінде кез-келген өлім, кез келген бақытсыздық трагедиялық бола бермейді екен. Мысалы, Кукрыниксовтың Гитлердің соңғы күндерін бейнелейтін «Құрдым» (Конец) деген суреті бар. Онда адамзатқа үлкен қасірет әкелген қанышер фашистің өзінің де соңғы сағаттарының соққанын анық түсінген шарасыз, қайғылы бет-әлпеті, айналасында оған көптеген жылдар бойы сеніп келген, тықыр таянғанда ештеңеге дәрменсіз бейшара күйге түскен генералдарының бейнесі суреттелген. Осы аталған суреттегі Гитлердің бүкіл болмысынан танылатын қайғы-қасіретті біз іштей түсінгенімізбен де, оған деген титтей де болса аяушылық сезіміміз оянбайды. Қайта оның сол сорлаған бейшара түріне жирене қарап қана қоймай, іштей табалап, оның қайғысынан кегің қайтқандай рахат табатын секілдісің. Мұның сыры не?

Мұнан шығатын қорытынды, трагедиялық дегеннің өзі әсемдіктің өзіне қарама-қарсы күштерге төтеп бере алмай жеңілуі, зұлымдыққа қарсы күресте күйреуі екен. Геометрияда ғана екі нүктенің арасын қоссаң түзу сызық пайда болады. Ал өмірде олай болмайтыны жұрттың бәріне де белгілі. Өмір өзің о баста жоспарлағандай түзу сызықтың бойымен бұралаңсыз өте шығады дегенге ешкімді де сендіре алмайсың. Олай болуы мүмкін де емес. Адам өмірі әрдайым оқыс оқиғаларға толы, күнделікті жағдайда күтпеген шытырман жағдайларға кездесіп жататынымызды да жоққа шығара алмаймыз. Өмірде трагедиялық халдің орын алуын әр түрлі жағдайда кездестіруге болады. Өмірдің не екенін әлі түсініп болмаған қаршадай баланың өлімінен бастап, әлі де болса халық игілігі үшін берері көп, шығармашылық күш-қуаты қайтпаған қарттың өмірден өтуі немесе халық бостандығын аңсаған, сол азаттықты жүзеге асыруды мақсат тұтқан ұлт-азаттық көтерілістің күйреп, жеңіліс табуы үлкен қайғы-қасірет, яки трагедия. Трагедия жеке бір адамның немесе әулеттің, тұтас бір ұлттың, кейде тіпті күллі адамзаттың басынан өтуі мүмкін. Трагедия тек қана адамдар арасындағы айқастан, олардың арасындағы қайшылықтардан ғана туындамайды, кейде табиғаттың стихиялы күштерінен де адам баласы зардап шегіп, үлкен қайғы-қасіретке ұшырауы ықтимал. Мысалы, 2011 жылғы Гайтидегі 300 мыңнан астам адамның өмірін жалмап кеткен, Жапониядағы 20 мыңнан астам адамның өмірін қиған жер сілкіністері, 2010 жылы қырық бестен аса адамды құбан еткен еліміздегі Қызылағаш су тасқаны оған толық дәлел бола алады. Ал сол жер сілкінісі мен сунамиден зардап шеккен Жапониядағы атом электр станциясының істен шығып, радиациясының жер жүзіне тарай бастауы, оған тосқауыл қоюға адам баласының әлі де дәрменсіздік танытуы жалпы адамзаттық трагедия.

Эстетиканың басқа категориялары сияқты кезінде трагедияға да әр түрлі анықтамалар берілген. Аристотельдің өзі оны адамның бақыттылықтан бақытсыздыққа өтуі деп атаған. Чернышевский трагедияны «адам өміріндегі ең сұмдық қасірет» деп тұжырым жасаған. Бұл екі анықтама да өнердегі емес өмірдегі трагедияға қактысты айтылған. Соның өзінде бұл пікірлер әлі де болса толықтыруды, жетілдіруді қажет етеді.

«Музыкатанушы И.И. Соллертинскийдің пікірінше, П.И. Чайковскийдің Төртінші симфониясының эстетикалық құрылымын мына формуламен білдіруге болады: «Трагедия – қаза болу – мереке». Бұл трагедиялық шығармаларды құру үшін қажет типологиялық мәнге ие формула.

Көріп отырғанымыздай, уақыт өтуіне қарай трагедия туралы бұрынғы ескі түсінік түбірімен өзгеріске ұшыраған. Біздіңше оған таң қалудың керегі жоқ, себебі трагедиялық ұғым да басқа эстетиканың категориялары іспетті өмірмен, тарихи шындықпен тығыз байланыста дамып, өркендейді. Трагедиядан трагедиялық қаһарман ұғымын бөліп қарастыра алмаймыз. Бұл екеуі бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын құбылыстар.

Трагедиялық қаһарман болу үшін бақытсыздыққа ұшырау, азап көру, керек десеңіз құрбан болудың өзі жеткіліксіз. Ол басқа кейіпкерлерден ерекше, асқақтықпен астасып жатуының сыры да осында.

Мынау өмірде кейбір бірін бірі жақсы көрген жастардың ата-аналарының қарсы болғандарына наразылық көрсетіп биік үйдің шатырынан секіріп опат болғандарын бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып та, көріп те жүрміз. Бірақ оларды трагедиялық қаһармандар қатарына жатқыза алмаймыз. Ал Қозы Көрпеш-Баян Сұлудың адал махаббат үшін өмірден өтуі нағыз трагедия, екеуін де трагедиялық қаһарман ретінде танимыз. Неге? Себебі Қозы мен Баянның бір-біріне деген сүйіспеншіліктері, ойлары, армандары, жалпы адамдық қасиеттері орасан зор қарапайым адамдарға тән сезімдерден әлдеқайда биік.

Егер театр сахналарында классикалық трагедия қаһармандарын көріп жүрген болсаңыздар, олар еш уақытта да күйкі тіршілік әрекетпен, тұрмыстық сипатта көрермен алдына шықпайды. Олардың мінездерінің өлшемі тұрмыстың қарабайыр әрекеттері емес, керісінше аса биік асқақтық қасиеттер болмақ. Біздер үлкен сахналардан тамашалайтын Гамлет немесе Король Лир, Федралар трагедияның жазылмаған заңдарына байланысты еш уақытта да түшкірмейді, жөтелмейді, арзан күлмейді, ашқарақтанып тамақ жемейді. Ондай ұсақ қылықтар комедия үшін орынды болғанымен, трагедия үшін орынсыз болып саналады.

Өнердегі трагедиялық туралы айтқанда, трагедияның мазмұны мен пішіні арасындағы маңызды байланыс туралы айтуды естен шығармаған жөн. Өйткені трагедияның мазмұны мен оның қаһарманы ғана биікке көтеріліп қоймай, оның тілі де асқақ болуы тиіс. Дүние жүзі әдебиетіндегі ұлы трагедиялық шығармаларды оқып байқасаңыз олардың көпшілігінің өлеңмен жазылғанын көреміз. Неге десеңіз поэзия тілі прозалық тілге қарағанда әлдеқайда сұлу, асқақ ұғымдарды жеткізуге ыңғайлы келеді екен. Оны мысалы, Мұхтар Әуезовтің әлем әдебиетінен аударған трагедиялары мен өзінің ақ өлең үлгісімен жазылған трагедияларын оқысақ та айқын байқаймыз. «Еңлік – Кебек», «Айман – Шолпан», «Қарагөз» бәрінде де ақ өлең үлгісі қолданылған.

Трагедиядағы өлең жай ғана шығарманың сыртқы сұлулығы үшін жазыла салатын мазмұны тайыз дүние емес, ол шығарманың күллі ішкі болмысымен астасып жататын, әрбір ырғағы мен дауыс екпіні белгілі бір құбылыс пен әрекетті толық айқындайтын, нақты сюжетті сипаттайтын мәні терең поэзиялық шығарма болуы тиіс. Поэзияның мұндай терең қасиетін актер ғана сезініп қоймай, оны жалпы көрермен қауым жоғары деңгейде қабылдауы керек.

Қалың оқырман қауым арасында трагедиялық категорияны пессимистік тұрғыдан түсіндіруге тырысатындар да кездеседі. Нағыз трагедиялық шығарма еш уақытта да үмітсіздікке бой алдырып, пессимизмге жол бермек емес. Бұлайша түсіну үлкен қателік болып саналады. Ол көбінесе трагедиялық шығарманың соңғы шешімінің қайғы-қасіретпен аяқталуынан жататынын да жасыра алмаймыз. Біздіңше олай тұжырым жасаудың басты себебі трагедияның мәнін терең және дұрыс пайымдай алмаудан деп ойлаймыз.

Өмірдегі трагедиялық пен өнердегі трагедиялықтың соңғы нәтижесі барлық уақытта бірдей бола бермейді. Оларды салыстыра қарастырудың өзі білімсіздік болып саналады. Мәселен, Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясындағы бір-біріне ғашық болған екі жастың бірі үшін екіншісінің жанын қиюы көрермен үшін амалсыз жасалған бос әрекет емес, шынайы махаббат жолында құрбан болған ақ өлім ретінде бағаланады. Баянның өзін-өзі өлімге қиюы пәк сезімінің, өз сүйгеніне деген адал махаббатының дәлелі ретінде қабылданады. Олардың бір молада жерленуі екі ғашықтың мына жалған өмірден өтіп, мәңгілік өмірге аяқ басқанын аңғартады. Сондықтан да халық олардың бұл әрекеттерін қолдады, жырға қосты, өзгелерге үлгі етті.

Бұл сюжетті қазақтың біртуар ақыны, әнші Әсет Найманбаев өзінің махаббат туралы ғажайып әніне арқау етті:

Қозы менен Баяндай,

Бір молада өлсем-ай, –

деген асыл арманнан туған ән сөзі бұл ойымызды толық растайды.Баян өлімі өнердегі трагедия, асқақтықтың үздік үлгісі, өйткені оны күллі халық солай қабылдады және дәл солай түсініп келеді.

1863 жылы орыс ақыны Некрасов «Қызыл шұнақ сары аяз» («Мороз, Красный нос») поэмасын жазып аяқтады. Онда күйеуі жақында ғана қайтыс болған шаруа әйелі Дарья орманға отынға барады. Аталған шығарма ақын өзі үшін мақтаныш еткен, оқырман да сүйсініп жанына жақын тұтқан бас кейіпкердің қазасымен аяқталады. Некрасов шығармашылығын зерттеушілердің айтуынша, бастапқы жазбаларында ақын Дарьяны өлімге қимай, аман алып қалғысы келгенге ұқсайды. Отынға барған әйел тоңғанымен, тірі қалған нұсқасы сақталған. Бірақ соңғы нұсқасында автор ол ойынан айнып, поэманы Дарьяның үсіп өлуімен аяқтаған. Себебі, Некрасов өнердің жазылмаған заңдылығын оқып біліп қана қоймай, нақты сезінген, егер бас қаһарман ажалмен бетпе-бет айқаста өлімге душар болса, оқырман көкейінде оның бейнесі бұрынғыдан да әсем, тірі қалған күйінен де әсерлі із қалдыратынын терең түсінген. Дарьяның өлімі жай көптің бірінің өлімі емес, ол ерлік өлім, асқақ өлім. Лессинг кезінде «трагедия мақтаныш сезімін тудырмау керек, керісінше адам бойындағы аяушылық, мүсіркеу сезімін оятуы керек» деген болатын. Оның мақсаты адамды адамгершілік тұрғыдан тазарту, үлкен әрекеттер жасауға ұмтылдыру, трагедиялық қаһармандарды қолдауға тәрбиелеу, әсемдік үшін күресуді насихаттау.

Наши рекомендации