Демелі салдану кезіндегі психикалыҚ бҰзылыстар
Үдемелі салдану мерезбен науқастанғандардың 1 - 5%-да мерезбен ауырғаннан кейін 10- 12 жылдан соң көрінеді және жылдам үдейтін тотальды ақыл кемдігімен, неврологиялық бұзылыстармен, қан мен ликвордағы серологиялық реакциялармен сипатталады.
Аурудың бастапқы, ортаңғы, соңғы сатыларын бөледі.
Бастапқы сатыда церебрастениялық симптоматика пайда болып, белсенді түрде үдейді, сөйлеу, оның артикуляциясы, қарқыны бұзылады. Ортаңғы саты ақыл кемдігінің үдеуімен, тұлғаның дөрекіленуімен, критиканың, қоршаған ортаны дұрыс қабылдаудың төмендеуімен, ес нашарлауымен, бейғам көңіл-күймен сипатталады.
Біртіндеп тұлға өзгерісі мен интеллект құлдырауының барлық белгілері көрініс береді.
Үдемелі салданудың соңғы сатысы (марантикалық сатысы) психикалық қызметтің толық ыдырауымен, толық қорғансыздықпен, физикалық маразммен сипатталады. Қазіргі кезде заманауи ем қолдану нәтижесінде дертті көріністер маразм дәрежесіне дейін жетпейді.
Үстемдік ететін психопаталогиялық синдромға байланысты үдемелі салдану төмендегідей жиі кездесетін формаларға бөлінеді: дементті - сандырақсыз және психомоторлы қозусыз үдемелі ақыл кемдігі, депрессивті - өзін- өзі кінәлау және соңына түсу сандырағымен көңіл-күйдің төмендеуі; экспансивті- эйфория құбылыстарымен, конфабуляцияциялармен, ауқымды ұлылық сандырағымен. Арджил – Робертсон симптомы аса тән – конвергенция мен аккомодацияға реакция сақталуымен қарашықтардың жарыққа реакциясының болмауы. Бұнымен қатар көз қарашықтарының біркелкі еместігі, птоз, аз қозғалмалы, көмескі мимика, мұрын астынан шыққандай сөз, сөз артикуляциясы (жылдам сөйлей алмайды), жазу, жүріс бұзылысы байқалады.
Арнайы серологиялық реакциялар: қан және жұлын сұйықтығындағы Вассерман реакциясы әрдайым оң болады (әдетте сұйылтылғанның өзінде 2:10). Жұлын сұйықтығында клеткалар санының жоғарылағаны (плеоцитоз), оң глобулиндік реакциялар (Нонне – Апельттің, Панди, Вейхбродт реакциясы), пробиркалар түсінің паралитикалық қисық типтес өзгеруімен жұлын сұйықтығындағы коллоидты реакция (Ланге реакциясы).
Науқас 59 жаста. Психикалық аурулармен тұқым қуалау ауырлығы жоқ. Өсуі мен дамуы жағынан құрдастарынан артта қалмаған. Мінез- құлқы бойынша тіл табысқыш, лидерлікке ынталы болды. Мектепке 8 жасынан барған. Жақсы оқып, оқуға, музыкаға қабілеттілігі байқалған. 1941 жылы 10 класты аяқтап, соғысқа аттанып кеткен. 1945 жылы демобилизациядан кейін цирктік училищені аяқтап, циркте 25 жыл әуе гимнасты болып жұмыс істеді. Шет елдерге шығып тұрды. 25 жыл бойы бір әйелмен жақын қатынаста болып, ол қайтыс болғанда қатты қайғырған. Кездейсоқ жыныстық қатынастары болған. Мерез жұқтырған мерзімі туралы дәл мәліметтер жоқ.
52 жасында мінезі бірден өзгеріп, анасына бұрынғы жақындығы жоғалып, суық қатынас қалыптасқан. Өзімшіл, тітіркенгіш болып, басының жиі ауыратындығын, тез шаршағыштықты байқап, түнгі ұйқысы нашарлаған. Стационарға түсерден 1 жыл бұрын (58 жасында) командировкаға шыққан, онда өзінің қызметтестерімен керісу жағдайынан кейін ауруханаға қайтадан жатқызылды. Командировкадан мерзімінен бұрын оралды. Сылбыр, жыламсырағыш, өзгеріп, едәуір салмақ жоғалтқан. Сөзі түсініксіздеу, кейде мас адамның сөулеуін еске түсіреді, артынан сөйлеу бұзылыстары күшейе түсті. Оқи алмады. Үнемі бас ауыруына және тершеңдікке шағымдар айта бастады. Күн бойында болған оқиғаларды қиындықпен еске түсіреді. Ауыруы үдей бастады. Көңілі бейғам және жыламсырағыш болып кетті. Мағынасы жоқ сұрақтарды қойып, өзі қойған сұрақтардың мәнін түсіне алмады. Сұрақтарға сәйкес емес жауап берді. Көшеде айналадағылар оны мас адам деп санаған. Өзі пайдаға асыра алмайтын бөтен адамдардың заттарын алып кететін болды.Туыстарын танымай, өзін-өзі күтуді қойды. Стационарға жатардың алдында үйінен кетіп қалып, мас адам деп танылып, милицияға түскен. Апасын танымай, қайда тұрғанын түсінбеді. Өзін атақты әскер басшысы деп мәлімдеді. Осындай жағдайда психиатриялық ауруханаға жатқызылды.
Психикалық жағдайы: науқас салақ, жүрісі сенімсіз, теңселіп жүреді, асығыс, үнемі бір нәрселерді сыбырлап айтады. Ауруханада жатқанын түсінеді. Жылды дұрыс атайды, бірақ ай мен күнін атай алмайды. Дауыстап сөйлейді, дизартриялы. Өзіне бағытталған сөзді күтпестен, спонтанды, көп сөйлейді. Сөз қоры шектелген, аграмматикалы. Қойылған сұрақтарға жалпы алғанда дұрыс, бірақ зейінін аудартып барып, кеш жауап береді. Берілген текстерді дұрыс оқи алмайды. Өзінің фамилиясын қиыншылықпен, қатемен жазады. Өзін атақты қолбасшы деп санайды. Қытайда, Америкада және Жапонияда соғысқандығын әңгімелейді. Дәрігерден өзінің құжаттарын алып келуін сұранады. Алаңдағыш. Бұрын болған жағдайларды еске жақсы түсіреді. Жақында болған оқиғаларды есіне нашар сақтайды. Әңгіме мазмұынан қарай өзгеріп отыратын аффект тұрақсыздығы байқалады. Кейде эйфориялы, кейде жабырқаулы, кейде жасаурағыш. Клиникада болған күндерінде қимылдық қозу жағдайы байқалды, асығыс біреуді іздеп жүреді. Өз жағдайына сын көзқарас жоқ. Өз тағдырына немқұрайлы қарайды.
Неврологиялық жағдайы: қарашықтары бірдей емес, жарыққа реакциясы нашар. Конвергенциясы әлсіреген. Мұрын, ерін қыртысының жазылғандығы байқалады. Көзін жапқан кезде қабақтары дірілдейді. Тізе рефлекстері күшейген. Ромберг позасында теңселеді. Лабораториялық мәліметтері: қандағы Вассермен реакциясы оң - 4 +. Жұлын сұйықтығы: Нонне-Аппельт, Панди, Вейхброд реакциялары оң мәнді, Вассерман реакциясы – 4+. Цитоз 35/3. Белок 9,9г/л. Панге реакциясы – 777766432211.
Диагноз: үдемелі салдану, экспансивті формасы.