АзаҚ поэзиясы жиырмасыншы жылдарда

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзиясы - қайшылығы мол күрделі жылдар поэзиясы. Қазан төңкерісінен кейін ақындардың басты ойы Кеңес өкіметін қалай түсініп, қалай бағалау керек деген төңіректе болды. Салт-дәстүрі қалыптасқан қазақ поэзиясының байырғы өкілдері жаңа заман ұрандарына сын көзімен қараса, теңдік, бостандық жалауын өз жалауым деп ұққан жалшы, кедейлерден шыққан ақындар тобы төңкерісті өз төңкерісім деп қарсы алды. Заман ағымын әрқалай түсінушілік, ұлттық бостандықты әр-түрлі деңгейде қабылдау, болашақты дәл болжап білу қиындығы әдебиетті дағдарысқа ұшыратты. Бостандық үшін деп жасалған Қазан төңкерісі Кеңес өкіметін құрғанмен, халыққа қажет демократиялық жол ашылмай, қайта бірынғай өктемдік етек алды. Енді әртүрлі бағыттағы поэзияның өрісі тарылып, төңкеріске ілеспеген поэзия жолдан ығыстырылып, тек бір беткей Кеңес өкіметін қолдаған поэзияға ғана жол ашылды. Бұл келе-келе жалаң ұраншылдыққа соқтырды да, халықтық, әсіресе, ұлттық ой-сезімге толы поэзияның оты өше баетады.

Жиырмасыншы жылдарда қазақ поэзиясы әрқилы шығармашылық тағдырды бастан кешірді. Уақытқа, қоғамға деген әртурлі көзқарас бірте-бірте дараланып, шығармашылық қалпы сан алуан поэзия талапкерлері дүниеге келді. Бұл ақындар ішкі қайшылығымен де, қай-қайсысы өзіндік ерекшелігімен де көзге түсті. Кімді де болса уақыт саралайды. «Уақыт - әділ қазы», - деген сөздің ұлы мағынасы бұл күндері айқындалып, сол заманда шерменде болған әдебиеттің шын жайына енді көз жетіп отыр.

Қазан төңкерісі алдындағы кезең және жиырмасыншы жылдар - ең алдымен қым-қиғаш күрес дәуірі. Бір емес, бірнеше халықты тұтастай қараңѓылықта ұстап келген патша өкіметі құлады да, әрбір ұлт бостандыққа, теңдікке, азаттыққа ұмтылды. Күрес жолына түсті. Күреске бастау үшін, алдымен қараңғылық қапаста келе жатқан халықты ояту керек еді. Қазақ халқын сол ояту жолында поэзия аса үлкен рөл атқарды. Халықтан шыққан ақындар үніне жұрт құлақ түрді. «Бостандық», «азаттық» деғен сөздерді ұйып тындады.

Міржақып Дулатов «Оян, қазақ»1 деп жар салды. Ахмет Байтұрсынов, ең болмаса ұйқыдағы жұртын «Масадай»2 шағып, оятуды көздеді. «Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер»3, деп Мағжан Жұмабаев келешекті ойламау түпке жететінін жырлады. «Басып жатты тәтті ұйқы Сарыарқаның даласын»4, деп Сәкен Сейфуллин ел-елге аттанды. «Алалықты арадағы жой, қазақ...»5 деп Бейімбет Майлин барша казаққа үндеді. «Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер»6, деп Ілияс Жансүгіров «үміті біткен тірліктің» үмітін оятты. «Менің өмірім күрестің нағыз іші»7, деп Сәбит Мұқанов ілгері ұмтылып, талап етуге қадам басты. Бұл бағыт Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев шығармашылығында, сонымен қатар Ғұмар Қарашев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әріп Тәңірбергенов, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Нармамбет Орманбетов, Мақыш Қалтаев, Шәңгерей Бекеев, Шәді Жәңгіров т.б. ақындардың өлең-жырларында белең алды. Бұл тұста Жамбыл Жабаев, Нүрпейіс Байғанин, Омар Шипин, Нартай Бекежанов, Қайып Айнабеков т.б. көптеген халық акындары, жыршылар дәуірдің рухын, өмір өзгерісін түсінуге, оны жырлауға ден қойды.

Қазан төңкерісінен кейін, көп ұзамай: «Революцияны жақтайсың ба, жоқ әлде оған қарсысың ба?» деген жалау көтеріліп, оған нақты жауап ізделді. Қазақ әдебиетінің идеялық, көркемдік бағытын төрт жаққа тартқан сарқылмас қайнар бұлақтың көзі бар еді.

Біріншісі - Кеңес өкіметіне сеніп, қолына қалам да, қару да алып күрескен Сәкен Сейфуллин, Баймағамбет Ізтөлин, Сәбит Мұқанов, т.б. ақындар тобы. Екіншісі - бұл дүниенің болашағьша барлай көз жіберіп, баянына шүбә оймен қараған Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов т.б. ақындардың жұлдызды шоғыры. Үшіншісі - әдебиетте демократтық бағыт ұстаған нағыз бұқарашыл ақындар - Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров. Төртіншісі - еңбекші халық арасынан шыққан ел ақындары - Жамбыл Жабаев, Иса Байзақов, Нұрпейіс Байғанин, Нартай Бекежанов, т. б. тегеурінді талант иелері. Ел үшін майдан да, халық үшін күрес те алдыңғы екі топ арасында болды. Яғни әдебиеттін, екі ұлы күшінің екі басында екі ақын тұр-ды. Ол - Сәкен Сейфуллин! Ол - Мағжан Жұмабаев! Бір-біріне қарсы болмаған, бірақ дүниетанымдары әр басқа.

«Ұлтшыл әдәбиетпен суарылған соң, одан басқа көргенің болмаған соң, ол кезде ел ішіндегі жастарды баулып түсіндіруші болмаған соң, ұлтшылдық жолдың терістігін ұғындырушы болмаған соң қайтесің, адасасың»,- деп жазды Бейімбет Майлин 1931 жылы1.

Осы сөзді зерделеп, астарын аңғарсақ, Б.Майлин «қайтесің, адасасың» деген сезді бекерге айтып тұрмағанын білуге болады. «Адастыруға» итермелеген саясаттың әңгір таяғы лажсыз айтқызып тұрғанын байқау қиын емес. Сонда таразы басындағы екі тұлғаның қайсысы адасты? Сәкен Сейфуллин бе? Әлде Мағжан Жұмабаев па? Әлде, екеуі де адасқан жоқ па? Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Бүгінде адасудан көз ашпадым, не нәрсені көздесем тап баспадым»2 деуінде не сыр бар? Ақындар қалай адасты? Неге адасты? Барлық гәп осьшда. Революциядан бұрын бел шешіп, шындық үшін шырқыраған ақын-жазушылар Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев сынды қаламгерлер «Революция дәуірінде үндемей қалды», деп келдік. Неге жазбады? Неге үндемей қалды? Мәселе осында!

Бұрынғы тұжырым бойынша: ...Бейімбет қолынан шыққан шығармалардың қайшылығы да сезіледі. Ол «Қазақ», «Жас азамат», «Бірлік туы» газеттерінде жарияланған біраз өлеңдерінде халыққа бай, кедей болып бөлінбе, үлт туының астында басыңды қос, ел бастаған азаматтың соңьіна ер деген жалпылама ұранды қолдады»3 делініп келді. «Бай, кедей болып бөлінбе» дегенін қоя тұрып, «Ұлт туының астында басыңды қос» дегеніне назар аударсақ, мұнда қандай бөтендік бар? Елдікті ойлаған азаматтың салиқалы сөзі емес пе? «Бірақ, бір жақсысы, саяси сергек жазушы бұл сарыннан тез айықты»4, - деп жазылды. Шынына келсек, «тез айықтыруға» сол кездегі жағдай итермелеген жоқ па?

Демократ ағартушылық бағытта жазып келген С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Б.Майлин сияқты ақындардың аз уақыт идеялық адасқандығы деп кінә тағылған кездер болды. Сол тұста шын мә-нінде адасты ма? Шын мәнінде сол туындылар идеялық қайшылығы көп шығармалар ма еді?

Ақын Бернияз Күлеевті «өмір шындығын идеалистік көзқарас тұрғысынан жырлаған символист-романтик»1 деген кездер де болды. Қазақ әдебиетіндегі реакцияшыл ағым өкілдері ретінде ақындар Шортанбай, Мұрат, Әубәкірлер де сыналды.

Сонымен қатар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаевты «әшкерелеушілер» олардың өрелі ойларын жоққа шығара алмай жақсылық жақтарын: «Әрине, байшыл-ұлтшыл жазушылар ел ара-сына өнер-білім жаюды жақтады, феодализмнің кейбір өрескел қылықтарьш сынамай отыра алмады»2, деп мойындады. Халқым деген ой-толғаныстары ысырып тасталды. Олар жаңа құрылыстьщ жауы ретінде қаралды. Әдебиет зерттеу. ғылымында бұл жайлардың арасын ашып, шындықты айтатындай мүмкіндік болмады.

Мағжан Жұмабаевтың ақындық туындыларынсыз жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетін толық деп қарауға болмас еді. Мұхтар Әуезовтің «Біздің поэзиямыз 20-шы жылдардан 30-шы жылдарға басқанда бір он жыл емес, талай он жылдар сапалы сапарын кешіп өтті» дегенде Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов шығармаларын басты назарға алғаны түсінікті.

Жиырмасыншы жылдарда Мағжан Жүмабаев шығармашылығы енді күрделене бастаған еді. Ақын алдағыны болжағыш, қай саясат болсын оған ойлана қарап, туған халқының тағдырына көз салды. Ел-жұртының ендіғі қамын ойлады. Акынның толғанатыны - халық тағдыры, ел басына төнген науқан. Ақын ашынған тұста:

Іс - санаулы, сөз - аңдулы, ерік жоқ,

Өз қолымен ұнамды тон піштірмес,-

деп (62-6.) өкімет саясатының сол тұстағы «ұнамды тондай» ұнамды жырын жазуға тұсау салғанына назалана отырып, өзіне-өзі тоқтау айтады:

Ер жүректі азаматтың басына

Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес,- дейді.

және:

Күш кеміді айбынды ту кұлады,

Кеше батыр - бүгін қорқақ бұғады.:.

Қыран құстың қос қанаты қырқылды,

Күндей күшті, күркіреген ел тынды,

Асқар Алтай - алтын ана есте жок,

Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды.

Бұл Мағжанның «Қазақ тілі» атты өлеңінен. Тек тілге ғана-немкетті қарау емес, енді ата-тегімізді, тарихымызды ұмытуға бет алдық деген сөз. Саналы түрде қабылдағанымыз өз алдына, мансұқ еткен рухани байлығымыз қаншама:

Ерлік, елдік, бірлік, кайрат, бақ, ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...

Мұның бәрін жойып отырған, немесе жойғызьш отырған сол кездегі шұғыл саясат, сол заманнан басталған сыңаржақ саясат.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың! -

дейді ақын. Шынында да халық ойын, оның жай-күйін білдіретін туған тіл, құдіретті, қасиетті тіл сүйеніш болды, қауымға қызмет етті.

Жиырмасыншы жылдары М.Жұмабаев «Батыр Баян», «Қорқыт», «Ертек», «Жүсіпхан» поэмаларын жазды. Мағжан қазақ поэзиясында күрделі жаңалықтар жасады. Классикалық үлгідегі романтикалық поэзияның, оның ішінде жада сипаттағы поэманың негізін қалаушы болды. «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт» дастандары осындай романтикалық поэзияның теңдесі жоқ үздік үлгілеріне жатады. Ал, «Батыр Баян» сынды ұзақ дастанда XVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы қазақ қауымы басына түскен ауыр хал, елдің бірлігі мен ерлігі баяндалды.

Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» кітабы 1922 жылы қайта басылып жарық көрді. Мұнда басылған «Нәбік аты» өлеңі «Тәржіма» деп жазылғанымен, осы күнге дейін қай ақыннан аударғаны белгісіз. «Арабтың Нәбік деген жалғыз аты» деп басталатын өлеңнің негізгі арқауы кедей мен бай арасындағы тартыстан басталып, соңғы түйінінде, кедейдің ішінде де, байлардың арасында да адамгершілігі мол, аталы сөзге тоқтайтын адамдар бар екенін жырлайды. Бар мәселені таптық шеңберге ғана бағындырмай адамгершілік, ізгілік тұрғыдан келеді. Нәбік сөзіне құлақ асқан Дайырбай кедей жүрегін түсінеді.

Тәржіма деген аты болмаса, төл шығармадай оқылады. Ю.М.Лермонтовтың «Мцыри», А.С.Пушкиннің «Балықшы мен балық», Крыловтың «Есек пен үкі», Надсоннан, Вольтерден аударған дүниелері де тәржімеден гөрі қазақ тілінде қайта жырлаған нәзира өлеңдер секілді. Бүл да жиырмасыншы жылдар поэзиясы үшін А.Байтұрсынов бастап берген жаңа бір беталыс еді.

Ахмет Байтұрсыновтың ақын ретінде азаматтық рухын биікте-тетін жыр - «Жиған-терген». Бұл Абайдың «Сегіз аяқ» үлгісімен жазылса да, өзіндік өрнегімен көзгетүседі.

Намыстан гөрі, болыстықты, елдіктен гөрі, қарақан басының қамын ойлағандарды көргенде, «ұлғайып қайғы, уытын жайды, айтпасыма болмайды», деп қынжылады ақын. «Жаңбыр жаумай, қар жауса, жүрт жұтайтын түрі бар» екендігін алдын-ала ұғынған жүрек:

Балалық қалып,

Ес біліп анық,

Ер жеткелі жиырма жыл.

Баяғы қалып,

Баяғы салты,

Бұ неткен жұрт ұйқышыл?!

Болсын кедей, болсын бай,

Жатыр бейқам, жым-жырт, жай,-

деп қамығады. Бейқам жатқан - қазақ жұрты. Ертеңімен жұмысы жоқ. Айнала жау. Назары - қазақ жерінде, жазира даласында.

«А.Байтұрсынов өз өлеңдерінде... қарапайым да ұғынықты тілмен еркіндікті, езілген қазақ халқын жырға қосады, оларды білімге, еңбек сүйгіштікке, ғасырлар бойғы ұйқыдан оянуға шақырып, әрбір қазақтың жүрегіне азаматтық рух сіңіреді», деп жазады Міржақып Дулатов «Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының еңбектері» деп аталатын жинақтың үшінші басылымында (1922). Бұл өз замандасының бағалауы еді.

Жиырмасыншы жылдарға дейінгі қазақ поэзиясының тағы бір шоқтығы биік шыңдарының бірі - Міржақып Дулатовтың өлеңдері. Абайдың өлеңдер кітабындай, Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағындай, қазақ даласын дүр сілкіндірген ұлы, оқиға - «Оян, қазақтың» дүниеге келуі. «Жазылған келгенімде жиырма беске» деп ақын өзі жырлағандай, жастықтың жалын отымен жазылған өлеңдері - ғүмырлы жырлар. Міржақып та Ахмет Байтұрсыновтай: «ұйқыда жатар қазақ көзін ашпай» деп жазады.

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты!

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қарағым, енді жату жарамасты!--

деп толғанады ақын. «Жер кетті, дін нашарлап» деуінде де дәстүр-салттан айрыла бастаған, атамекеніміз - қасиетті жерімізге арам қолдарын сұға бастаған жайларды көріп, көкірегі қарс айрылған ақын: «Қазағым, енді жату жарамасты» деп ой салады, ойға қозғау салады. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ поэзияеына «Оян, қазақтың» еткен ықпал-әсері орасан зор.

Міржақып Дулатовтың «Қайда едің?» атты өлеңі де - көркемдігі жағынан айрықша, мән-мазмұны жағынан әлі күнге дейін қасиетін жоймаған, көркемдігіне - мазмұны, мазмұнына - түрі сай шыққан дүние, барша қазақ әулетіне арналған аталы сөз.

Жиырмасыншы жылдар поэзиясын айтқанда Одақтағы басқа халықтар поэзиясының да бір-біріне ұқсас, әрі әсер-ықпалы болғанын ескеру қажет. Өзбек ақындары Хамза «Советтер жасасын» (1918), «Өзбек әйелдеріне» (1927), қырғыз ақындары Тоқтағұлдың «Қандай адам тапты екен Лениндей дананы» (1919), Тоғалақ Молданың «Алға» (1922), тәжік ақындары Садриддин Айни Марсельеза әуенімен жазған «Бостандық маршы» (1918), Абылқасым Лахути «Ленин тірі» (1925), түрікмен ақындары Молла-Мұрат «Бәрі де біздікі» (1926) т.б. өлең-жырларымен үн қосса, алғашқылардың бірі болып жана заманның жыршысына айналған Қазақстанда Сәкен Сейфуллин, Баймағамбет Ізтөлин т.б. ақындар еді. Бұл тұста орыс ақындарының да одақтас республикалар әдебиетіне ықпал-әсері болмай қалған жоқ. Александр Блоктың 1918 жылы жазған «Он екі» және «Скифтер» атты дүниелері, Андрей Белыйдың 1917 жылы жазған «Отан» атты өлеңі, Демьян Бедныйдың 1917 жылы жазған «Менің өлеңім», Велимир Хлебниковтың 1917 жылы жазылған «Бостандық келер...», Анна Ахматованың «Менің даусым болатын» (1917), Борис Пастернактың «Үлкен Дерт» (1923), Илья Эренбургтың «Россия» (1920), Владимир Маяковскийдің «Солға, солға маршы» (1918), Всеволод Рождественскийдің «Октябрьдің ауа райы» (1927), Сергей Есениннің «Жел бекерге соққан жоқ» (1917) атты өлең-жырлары жаңа орнап келе жатқан қоғам жайын аңғартады, бұл туындыларда оны қай тұрғыда қалай бағалап, қалай түсіну керек деген тақырып көтерілді.

Бұл кезеңде елеулі поэмалық шығармалар жазылды. Бейімбет Майлиннің «Маржан», Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш», Жақан Сыздықовтың «Майкөл тамы» поэмаларында адамның бас бостандығы, әсіресе, өз теңіне қосыла алмаған жастар трагедиясы жыр ланса, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Ілияс Жансүгіровтын, «Күй» атты поэмаларында өткен заман оқиғалары жырланды. С.Мұқановтың «Октябрь өткелдері», «Батырақ», Б.Майлиннің «Сағындық», «Қанай» поэмалары бостандық жолындағы күресті, Кеңес өкіметінің кезінде теңдік алды деген кедейлер жайын баяндады. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1917-1920 жылдары жазған «Адаскан өмір», «Кедей», «Айтыс» поэмалары және де «А, дүние», «Жас жүрек», «Неге жасаймын» өлеңдері адам өмірінің әрқилы жайларына арналды, шеберлік жағынан да, өмірді көрсете білу жағынан да, аса қүнды көркем шығарма болып калды. С.Сейфуллиннің «Советстан», С.Мұқановтың «Батырақ» (1926-27), «Октябрь өткелдері» (1927), «Қанды көл» (1927), Ғ.Малдыбаевтың «Конфеске» (1928), Ә. Тәжібаевтың «Құлғара» поэмалары болса, Сәкеннің «Аққудың айырылысуы» (1925), «Көкшетау» (1928), Б.Майлиннің «Маржан», «Қашқан келіншек» (1928), Ж.Сыздықовтың «Майкөл тамы» (1928), С.Мұқановтың «Жетім қозы» (1926), «Сұлушаш» (1926-1928), «Қүланның құны» (1928-1929) деген поэмалары көркемдігі жағынан әртүрлі, тақырыбы жағынан саналуан шығармалар болып, бәрі де 20-шы жылдар поэзиясының тарихына енді.

Бұл жылдарда уақыт, заман тудырған тақырыптар дүниеге келді. Әсіресе, сол кездегі идеология ақындардың басын бұлтартпастай етіп, жаңа заманға лайық қамыт кигізгендей, тақырып ауқымы тарыла бастады. Біріншіден, ақындардың төңкерісті жырлауы міндет болса, екіншіден, жаңа қоғам құрып жатқандықтан таптық ара-жікті айыру үшін де тап күресі тақырыбын сол тұстағы идеология алға қойды: Кедейді жырлау, бай-манап, шынжырбалақ, шұбар төстерді сынап-мінеп жазу, байлықтан бас тартып, кедейлік дәстүрге шоқындыру - қоғам талабына айналды. Осыған орай, үшіншіден, байдың малын, байлығын тартып алып, өкімет қарамағына өткізу науқаны басталуына орай, кәмпеске тақырыбы да жыр өзегіне айналуға тиісті еді. Бұдан соңғы коллективтендіру кезеңі мен Қазақстанда жүргізілген «кіші Октябрь» науқаны да поэзияның жазбасаң болмайтын тақырыбына айналғаны - сол кездің уақыт шындығы. Жиырмасыншы жылдар поэзиясын сөз еткенде бұл тақырыптардан аттап өтуге болмайды. Бұған жеке-жеке мысалдар келтірсек, Б:Майлиннің «Қарда» (1917), «Қазаққа» (1917), «Съезд» (1917) атты өлеңдері төңкеріс тақырыбына арналса, «Жаңартты қазір жырды ауыл» (1929), «Керегесін қалады» (1929), «Коллективтің жырын айт» (1930) т.б. дүниелері жиырмасыншы жылдардың екінші жартысы мен отызыншы жылдардың басындағы жеке шаруаларды біріктірген коллективтендіру тақырыбына арналды. «Коллективтендірудің қарқыны және колхоз құрылысына мемлекеттің көмек көрсету шаралары туралы» - БК(б)П Орталық Комитетінің (1930 ж, 5 қаңтар) сыңар жақ қаулысын қабылдатуға колхоздастыру қозғалысы себеп болды. Кулактарды тап ретінде жою, колхоздастыру қозғалысын Қазақстанда 1931 жылдьщ күзінде, немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді. Бұл ұлы апат - халықты аштық қырғынына әкеліп тіреді. Бірғана Б.Майлин шығармасын мысалға келтіргенімізбен коллективтендіру жырын жырламаған ақын аз. Бірақ, олардын, көбісі солақай саясаттың неге әкеліп соқтыратынын түсінбей, байыбына бармай жырлады. Көш бастаушы кейбір қаламгерлер бұл тұста көрегендік таныта алмағанын айрықша айтып өткеніміз орынды.

1928 жылдың 27 тамызында Қазақ ССР. Орталық Атқару Комитеті ірі бай-манаптардың мал-мүлкін конфискілеп, оларды жер аудару туралы заң қабылдады. Кәмпескіге сұлтандар мен хандардың, болыс-билердің ұрпақтары, көшпелі аудандарда 400-ден, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден, отырықшы аудандарда 300-ден астам ірі қара малдары бар байлар жатқызылды да, «Артық сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранына жалғасты. Осы кәмпеске тақырыбы да сол кездегі ақындардың жырларынан тыс қалған жоқ. Қайта, кезектегі жырлау науқанына айналды. Бұл кезең С.Мұқановтың батырақтары мен шоқпытын, Б.Майлиннің «Мырқымбайын» тудырды. Ал, олардың ұстаған ұраны:

Маған серік кедей қазақ - құл қазақ,

Бай, кедей боп жігін бөлсін бұл казақ,-

болды. Бұл ұран ел түрмысын көріктендіруге емес, қайта кедейлік, азып-тозу көшіне бастады. Бұл көш аштық апатына әкеліп жолықтырды.

Осы кездің жалаң ұранына айналған туындыларына Ғ.Малдыбаевтың «Конфеске» («Жаңа әдебиет», 1928, № 11) атты өлеңі мысал бола алады. Сонымен қоса, I.Жансүгіровтың 1928 жылғы «Конфеске» атты поэмасы, Сәкен поэмасындағы «Жер бөлісі мен конфиске әсерін» де қосып айта өткен жөн.

Осындай сан-алуан тақырыпты өмірге әкелген жиырмасыншы жылдар поззиясының темірқазық жұлдызына айналған ақын - Сәкен Сейфуллин. Сәкен «Асығып тез аттандық» өлеңінде:

Тәуекел қылып аттанып,

Атқа қамшы бастық біз.

Неше қатер жерлерден

Аман-есен астық біз...

Күнге жайып кұшақты,

Шақырып бері шаттандық.

Қуантуға ел жұртты

Асығып тез аттандық, -

деп, аласапыран кезді көзге елестетіп, «түнерген зұлмат аспанда», бұлтты қуар рахымды куннің туарына сенеді. Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов жырлаған қараңғылық құшағында жатқан қазақ даласын, Сәкен де қостап:

Басып жатты тәтті ұйқы,

Сарыарқаның даласын.

Құл ғып жатты қара түн,

Қалың қазақ баласын. -

дейді. Сол ұйқыдан халықты ояту жолында Сәкен де күреседі. Бірақ, әр тұлғаның күресі әр бағытта. Түптеп келгенде, «қалың қазақ баласын» бостандыққа, тәуелсіздікке алып шығу. Сол үшін ақын Анненковтың азап вагонын да бастан кешіп, қайыспайтын қажымас қайрат көрсетеді. Қол-аяқты шырмаған шылбыр да ақынның өлең жазуын тоқтата алмайды. «Қажыма, ер көңілім, бәрі де өтер, сан азап бір күнгідей болмай кетер» деп ертеңіне үміт артады. Ақыры Колчактың Омбыдағы тұтқын лагерінен кашып шығады. Бетпақтан Арқаға бастаған ақын жібек жалды, барқыт түкті Күрең атқа, жалғыз серігіне:

Күрең ат, күрсінесің зорықтың ба?

Тыныштықтан күдер үзіп торықтың ба?

Мендей-ақ тыныштық таппай елден безіп,

Сен дағы сергелдеңге жолықтың ба?

Күрең ат, жабырқайсың, қамықтың ба?

Сағынып Сарыарқаны, торықтың ба?

Тыныштықтан безіп жүрген бір адаммен,

Жолдас боп арып-ашып талыктың ба?

Күрең ат, жабырқама, арқаң босар!

Үйірден бөлген тағдыр қайта қосар!

Жарқырап алдыңнан ай; маңдайыңнан

Қуаныш бақытты күн бізді тосар1, -

десе, бұл - ақындықтың көрінер тұсы. Күрең ат арқылы ақын өзіне де мұң шаққандай, өз-өзімен сырласқандай. «Үйірден бөлген тағдыр кайта қосар» деген арман. «Ел» деп сергелдеңге түскен, тыныштықтан күдер үзген ақын, келер күннің болашағынан күдер үзбейді.

«Өткен күндер» атты алғашкы өлеңдер жинағы Қазанда 1914 жылы жарық көрген Сәкен Қазан төңкерісі қарсаңын біршама қалыптасқан, қолтаңбасы ерекшеленген ақын деңгейінде қарсы алды. Озбырлық атаулыға жаны қас, әділет үшін жанын салатын ақын Қазан төңкерісін - еліне, жеріне бостандық, тәуелсіздік әкелетін төңкеріс ретінде танып-білді де, саналы түрде оған өлең, жыр арнады. Жыр арнауына негіз де бар еді. Қайтсек халқымыздың көзін ашамыз, ел қатарлы санатқа қашан қосыламыз деген –оймен Омбыдағы қазақ жастары ашқан «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. Сәкен Қазан төңкерісінен кейін көп ұзамай Ақмола каласында «Жас қазақ» ұйымын ашты. «Асығып, тез аттанған» ақын: «Азамат, жүнжіме, жүрме бос, қол үстас, бірігіп тізе қос» дей келіп, теңдік алудың күні туды деп жар салды. Патшада әділдік жоқтығын, бұқара халықты кем тұтқан ұлықтардың пара-қорлығын, ел-жүртты айламен надан ғып ұстап келгенін жыр ету - Сәкеннің азаматтық, қайраткерлік жолдағы ұмтылысы еді. «Зұлымдық пен әділдіктің алысқанын айтуға» талпынған қадамында ақын тек халқы үшін өзегі өртенді, қазақ жұртының бостандығын көкседі.

Қазақ әдебиеті тарихында қазақ халқының бостандыққа ұмтылуын идеялық қайшылықпен суреттеген ақындар қатарында Ғұмар Қарашев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мақыш Қалтаев, ІІІәңгерей Бөкеев, Әріп Тәңірбергенов, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Нармамбет Орманбетов, Шәді Жәңгіров сынды ақындар бар.

1920 жыл Омбы қаласында, кейіннен Петропавл қаласында шыққан «Кедей сөзі» газетінде «Болат» деген жасырын атпен Баймағанбет Ізтөлиннің бірнеше өлеңдері жарияланды. 1922 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағы, «Қызыл Қазақстанның» 10-санында Бернияз Күлеевтің «Қайда екен» атты поэмасы, 12-санында Бейімбет Майлиннің «Байдың қызы» поэмасы жарияланды. 1923 жылғы қарашада «Еңбекші қазақ» газетінде ақын Шолпан Иманбаеваның «Жолаушы мен жұмыскер» атты өлеңі басылды.

1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Шолпан өлді» деген мақаласында С.Сейфуллин «Шолпан қазақ қыздарынан шыққан бірінші ақын еді... Шолпан жыл құсы еді...» деп жазды.

Шолпан 1923 жылы жарық көрген «Жолаушы мен жұмыскер», азаҚ поэзиясы жиырмасыншы жылдарда - student2.ru «Жеттік міне» өлеңдерінде бостандықты жырлайды. Сыршыл да, ойшыл қазақтың ақын қызы әдебиет әлемінде үш-ақ жыл көрініп, мәңгілік жұлдызына айналды. Өз атына сай қазақ әдебиетінің жұлдызы болды. Әйел мұңын жырлады. Қазақ әйелінің халі қасіретті де, тауқыметті де еді. Әсіресе, оның толғағаны қазақ қыздарының қасіреті, өмірдегі өксігі еді.

1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында Б.Майлиннің «Маржан» атты поэмасы жарияланды. 1925 жылы Сәкен «Советстан» поэмасын жазып бітірсе, 1926 жылы «Әйел теңдігі» журналының бірінші санында Шолпан Иманбаеваның «Бүгінгі күн» және т. б. өлеңдері жарық көрді. Бұл жылдары А.Тоқмағамбетовтың «Бәтиманың хаты» дейтін өлеңі басылып, сол кезеңнің ерекше әдеби қүбылысына айналды деуге болады. 1927 жылы қыркүйек айында «Еңбекші қазақ» газетінде С.Мұқановтың «Октябрь өткелдері» атты поэмасы жарық көрсе, 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналында оның өлеңмен жазылған «Сұлушаш» романы басылды, I. Жансүгіровтың бірінші өлеңдер жинағы - «Сағанақ» баспадан шықты. 1929 жылдың әдеби оқиғасы болып I.Жансүгіровтың «Гималай» толғауы мен С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы дүниеге келді. Ал, 1930 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің бірнеше санында Ілиястың «Дала» атты поэмасы жарияланды.

Осы бір қысқаша хронологиялық көрсеткіштен қазақ поэзиясының сол кездегі өсіп-өркендеу, кемелдену жайы байқалады. Жиырмасыншы жылдар поэзиясы «Кедей сөзі» газетіндегі өлеңдерден басталып, «Советстан» поэмасына ұласты, кейін бұл кезеңнің әдеби жанрдың туьш өркендеу кезеңі деп аталуы да «Көкшетау», «Сұлушаш» поэмаларының дүниеге келуімен қорытылып, тұжырымдалмақ.

Алғашқы он жылдағы Сәбит поэзиясының шарықтау шегі - «Сұлушаш» поэмасы. Бұл - тек өзінің ғана емес, кезіндегі бүкіл казақ кеңес әдебиетінің табысы, «Сұлушаш» поэмасы - мазмұнына түрі сай, кесек шығарма. «Идеясына көркемдігі сай бірінші сюжетті поэма «Сұлушаш». Оның тарихи мәні, үлкен бір құндылығы да осы жағында», деп бағаланған болатын. Сәбиттің «Сұлушаш», Ілиястың «Дала», Сәкеннің «Көкшетау» поэмалары алғашқы он жылдағы қазақ поэзиясының көркемдік тұрғыдан қарағанда биікке көтерілген елеулі шығармалары болып қалды.

Тайыр Жароков 1927-1928 жылдардан халыққа таныла бастады. Оның «Күлімдеді күміс күн де», «Аэроплан», «Жыл құсы» атты алғашқы өлеңдері де осы кездері жарық көріп, жұртшылықты өлең еткізді. Бұл тұста, яғни 20-жылдардың екінші жартысында Әбділда Тәжібаев әдебиетке келіп, 1927 жылы «Сыйлық» атты жинаққа алғашқы өлеңдерін бастырады. «Қалықтап қаршығасы өрлеп көкті, құйылған бүркіт елтпей атқан оқты», «Судырап сұлу селеу сұрғылт тартып, жымиып қияқ шөпке мойнын артып», «Ырғалған көрікті ырың ыққа мүлгіп, тұрғандай жасыл жусан ойға сүңгіп» тәрізді образды сурет тілімен келген ақын, «Бурыл күн бұйраланған Арыс құмын» (1928) бейнелей білген ақын «Жалшылар, міне, жеңді енді» (1928) тәрізді уақыт ағымындағы жырлардан тыс қала алмады. Бірақ, Әбділда ақынның өз даусы жиырмасыншы жылдары ерекше үнімен естілді. Сол сияқты Ғалым Малдыбаев «Ант» (1928), «Конфиске» (1928), «Сатылған қыздың зары» (1928), «Жақан Сыздықов «Әйел» (1926) атты өлеңдерімен бастап, 1928 жылы «Еңбек жемістері» атты алғашқы өлеңдер жинағымен әдебиет есігін аттады. «Ленин» деген тұңғыш өлеңі жарық көрген Асқар Тоқмағамбетовтың ақындық даусы 1928 жылы жарияланған «Бәтиманың хаты» атты әйел теңдігіне арналған жырымен бүткіл қазақ даласын тебірентті, ел-жұртты баурап әкетті.

Ғали Орманов ол жылдарда «қағаздай ақша қарда қаздаң қағып, қаламдай сызық тартып сол бір таңда» туған үйінен - туған әдебиетіне сапар тартқан еді. Ғали ақын есімі де жиырмасыншы жылдар поэзиясында көрінді. Оның тырнақ алды өлеңдері 1927-1928 жылдары шыға бастады.

Бұл кезеңде Жамбыл Жабаев пен Иса Байзақовтың көптеген өлеңдері туды. 1924 жылы Жамбыл ақын толғаньш:

Заман ақыр болған жоқ,

Жамбыл сөзден қалған жоқ,

Ел жайлаудан көшкен жоқ,

Көктен жасын түскен жоқ

Жамбыл атым өшкен жоқ!- деді.

Бұл өлең шумағы ақын бойында құдіретті күш, таусылмас ой бар екенін аңғартады. Ежелден келе жатқан қайнар бұлақтың кәусарынан нәр алған Жамбыл Жабаев жаңа өлең жырлар тудырды. «Заман ақыр болған жоқ» деп басталатын «Белсенділерге» (1921) деген өлеңі заман талабына сай еді.

Жамбылдың:

Ақын болдым он үште,

Алатын құстай тарандым!

Алды-артыма қарандым,

Шарықтадым әр жерде,

Келгенінше шамамның,-

деп 1922 жылы Қазан төңкерісінің бес жылдық тойына арналған өлеңі де жаңа өмірді белсене жырлауға кіріскен шайырдың жайы еді. Бұл ұзақ жырдың табиғатынан Жамбылдың нағыз шынайы ақын екендігін, өзі ұнатқан тақырыпқа келгенде тосқауыл бермейтін тасыған дариядай арынды екенін көреміз. Бірақ, кейін ақын «мынаны жырла, ананы жырла» деген-сынды көңілі қаламайтын тақырыптарға жетеленді де, таза саяси ағым екпінімен кетті.

Әділет пен әділетсіздік тақырыбы - жиырмасыншы жылдар поэзиясының басты айырмашылығы. Жамбылдың «Замана ағымы» (1927), Иса Байзақовтың «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі» (1925), Ж.Сыздықовтың «Майкөл тамы» (1928) шығармаларында өткендегі қытымыр заманның әділетсіз жайлары көрінді. Езілген ел-жұрттың еңсе көтеруі, бостандық іздеуі, әділет іздеуі поэмаға арқау болды.

Иса Байзақов 1925 жылы жарық көрген «Құралай сұлу» поэмасында қалмақ ханы Сейхынның қамсыз жатқан қазақ еліне шабуыл жасап, жылқыларын қуып кететін оқиғасы берілген. Оқиға Есім ханның тұсынан өрбіп, он сегізінші ғасырдың бас кезіндегі қазақ, қалмақ арасындағы тарихи жанжалдасу, ата-қоныс үшін айқастарға ұласады.

Поэманың басты кейіпкері «Арқаның ақ бұлтынан ай күткендей» ару - Құралай сұлу және де «қызумен өлім барын еске де алмай» тарихи шайқасқа он үш жасынан түскен Келден батыр. «Тұтқынға түскен Келден батырды бас игізіп, алдына жықпақ болған» қалмақ ханының әрекетінен ештеңе өнбейді. Сейхын ханның алдында айтқан қайсар да, өжет сөздері Құралай сұлудың құлағына шалынып, қасіретте өткен анасы үшін де кек алып, еш қайтаруға бел байлайды: Анасының аманатын орындауға бел буған Құралай сұлу Келден батырға қиын қыстауда қол ұшын береді. Құралайдың Келденге деген махаббатының ұшқындап, жалын атуына, қуғыншылар мен батыр айқасының үстінде айқын көрінеді. Қуғыншыларды тас-талқан етіп, Сейхын ханның Дауыл атты баласын найзаға шаншып, дұшпанынан өш алғанымен екі жас арман-мақсатына жете алмайды. Құралайды қопа арасында жолбарыс шауып, махаббаты үшін құрбан болады.

Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс, майдангершілік, тек жылқыны қуып кету тәрізді тар шеңберде ғана емес, ата қоныс үшін, елдің елдігі дәрежесіндегі әлеуметтік деңгейге көтеріледі поэмада. Құралайдың анасы болса да, шапқыншылық, жаугершілік заманның қүрбаны. Қалмақтың қолына түскен кешегі жас ару - Құралайдың анасы еді. Одан дүниеге келген Құралайдың көріктілігі, сұлулығы анасының түп-тамырында екенін ақын асқан шеберлікпен суреттейді. Поэмадағы Монтай бейнесі - Келден мен Құралай сияқты ерекше образ. Ол өз заманының қара қылды қақ жарып айтатын әділ қазысы, әділетті би. Қанатты да, әулетті сездерді Монтайдың аузына сала отырып, ақын халықтың қасиетті ұлын, парасатты перзентін көрсетуге күш салған. «Армансыз адам көрмедім, осы жасқа келгенше, мұңсыз ешкім көрмедім, қартайып отым сөнгенше» деуі де сондықтан. Монтайдың: «Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды, Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деуі де Монтай мен ақын парасатынан туған ойлар.

Жиырмасыншы жылдар поэмаларын тақырыбы жөнінен екі салаға бөлуге болады:

Бірінші, кеңес шындығы, жаңа өмірдің жаңалықтарын жырлаған поэмалар - С.Мұқановтың «Пионер» (1925), «Балбөпе», «Батырақ», «Октябрьдің еткелдері» (1927 жыл), Жамбыл Жабаевтың «Замана ағымы» (1927 жыл), Ә.Тәжібаевтың «Құлқара» (1929 жыл), X.Жұмалиевтің «Ерхожа мен Егізбай» (1928 жыл) атты шығармалары.

Екінші, ел аузындағы ертегі, аңыз әңгімелер уақиғасынан алынған поэмалар - И.Байзақовтың «Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі» (1925 жыл), С.Мүқановтың «Жетім қыз күйі» (1926 жыл), «Сұлушаш» (1926-1928 жылдар), Ж.Сыздықовтың «Майкөл тамы» (1928 жыл) атты шығармалары.

С.Мұқанов «Балбөпе» поэмасында әйел теңсіздігін, кейбір салт-ғүрыптың әділетсіздігін жырлау арқылы қатыгез тағдырдың кәріне ұшыраған Күңшаш ананың және оның қызы Балбөпенің трагедиясын алға тартады.

Күншаш, Күңшаш болғалы,

Күңшаш атын алғалы

Күл көмірімен бірге өскен ана, қызына қазанның қырындысы - қаспақ беруге де дәрмені келмей дүниеден өтеді. Балбөпе болса анасы тартқан касіретті басымен кешіп, он бір жасқа толғанда, көзге ілігетін әжептәуір аруға айнала бастайды. Бірақ, нәрестенің аты нәресте. Сәби-ау деп ешкім қол ұшын бермей, «кекшіл сақал, істік мұрттың» қанжығасында жылай-жылай кете барады. Кейін жаңа өкіметтің әділеттілігі арқасында, күйеу шалды «нарсот» үш жылға кесіп, Балбөпе бостандыққа қол жеткізеді. Поэманың сюжеттік желісі карапайым оқиғаға құрылса да, сол кездің шындығы көркемдікпен ашылған. «Балбөпе» поэмасындай жаңа өмірді жырлаған поэмалар қатарында - «Батырақ» атты өлеңді хикаясы. Бұл автор сөзімен айтқанда, «қазақ жалшыларына» арналған. Сол кездегі замана ағымымен ақын:

Мен сендерден бір тамшы аққан жаспын,

Сол тамшы болғандықтан байға қаспын.

Сенің жүрген жеріңнен қозғалмайтын,

Жұдырықтай қарам бар, қатқан таспын, -

дейді.

Таптық көзқараспен жазылған поэмада, бай мен кедей атаулыны бір-біріне қарсы қою тенденциясы, солақай идеологияның салқыны бар. Бұл ақсүйектердің музыка аспабы деп, пианинаны қиратуға ұмтылған орыс мұжықтары мен қазақ жалшыларының рухтас сезімдері «Батырақта» белең алған. «Қарашұнақ» бөлімінде «үңгір көз, мұрны қайқиған, табақтай беті жалпиған», сонымеы қоса «Екі иіні қақпақтай, Бұлшық еті тоқпақтай беті жалпиған», екі елі кір кеудесі, баттасып жатқан батпақтан» Қарашұнақ бала жалшылықпен ғұмыр кешіп, Күңшаш атты жұбайынан нәресте көреді. Нәрестенің атын молда жалшы баласы болғандықтан да «Қозыбақ» деп ат қояды. Қарашұнақ жалшыны «жыланбас бура» шайнап өлтіреді. Содан кейінгі бөлімдерді ақын «Қозыбақ жетім», «Қозыбақ қозышы», «Қозыбақ қойшы», «Сүйіскен көңіл», «Батырақ съезі», «Нұсқаушының ақылы» «Қозыбақ ақысын алды», «Қозыбақ үйленді» - деп баяндау сарынымен уақыт шындығын елестетуге ұмтылған. Бұл да таптық тұрғыда жазылған жаңа өмірді жырлауға арналған поэма.

Ел аузындағы ертегі, аңыз әңгімелер уақиғасынан алынған поэмалар қатарында - Сәбит Мұқановтың 1926 жылы жазылған «Жетім қыз күйі» және 1926-1928 жылдары дүниеге келген «Сұлушаш» поэмасы. Ақынды ақын ретінде биікке көтерген туындысы - «Сұлушаш». Бұл поэманың сюжеті ел аузындағы аңыз, ертегіден тамыр алып, басты кейіпкерлері Алтай мен Сұлушаштың махаббат трагедиясына, сол дәуірдегі қоғамдық жағдайлардың шындығына құрылған.

Басты кейіпкер Алтай Тілеуберді тәрізді байдың қызына қол созып, әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы күреседі. Тұсау салған әлеуметтік теңсіздіктен құтылу жолын іздеп шарқ ұрған Алтайдың тұйыққа тірелуі, жол таба алмауы, қоғамдық ортаның қатал заңының қармағында қалуы - заңды көрініс еді. Алтай өзінің досы Қайсарға иек артып, жеке бақыты үшін кек алуға бел шешкенімен, әлеуметтік теңсіздіктік сыры неде екенін терең сезіне алмайды. Көркемдік шешім тапқан поэманың басты қаһармандары бостандық пен еркіндікті табиғаттан іздеуі де, от пен судың, жыртқыш аңның қамауында қаза табуы да - шығарманы күрделі ойға бастап тұрғандай. Заман мен қоғам от пен судың ортасында, өмір мен тіршілік жыртқыштардың өткір тісі мен улы тырнағында тұрғандығын ақын бейнелі суреттейді. «Сұлушаш» поэмасы Сәбит Мұқановтың ғана жетістігі емес, сонымен қоса бүткіл қазақ әдебиетінің көркем дүниедегі қомақты табысы еді.

Сұлушаштың қайтқан қазға наз айтуы:

Онда да сүйіскенді айыра ма,

Сүйгендер сүйдім деуге тайына ма,

Қарамай қарсылыққа малы көптер,

Сүйместін, басын малмен қайыра ма? -

тәрізді табиғатпен тілдесе толғанулары - поэманың күре тамырына айналған.

Тап күресіне арналған поэзияның табиғатын, беталыс, бағыт-бағдарын Сәбит Мұқановтың 1926-1928 жылдары жазылып, 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналында жарияланған, өлеңмен жазылған осы «Сұлушаш» романының беташар «Кілтінен» байқауға болады:

Жалғанда табиғатым тәңірім табым,

Табы жоқта «тәңірі» жоқ - күні жарым...

Көзсіз көрдегі досыма күндер туса

Табым қолда жарық қып ұстар шамым...

Наши рекомендации