Зін-өзі танудың мақсаты мен мотивтерін талдап көрсетіңіз.
Жеке тұлға дамуының қозғаушы күші неден басталатынын түсіну адамның жалпы әрекетінің мотивация жүйесіндегі өзін өзі тану қажеттігінің мәнін сезінуге мүмкіндік береді. Мотив – адамды нақты әрекетке итермелуші күш, онда белгілі бір қажеттіктер көрініс табады (3). Мәселен, қарым-қатынас жасауға деген қажеттікті қарым-қатынас мотиві тудырса, еңбекке қажеттік еңбек әрекеті мотивінен туады, ендеше, өзін-өзі тануға қажеттік өзін-өзі тану мотивінен бастау алады. Белгілі бір мотивтің әсерімен адам алдына мақсат қойып әрекет етеді, әр түрлі әдістерді, тәсілдерді, әрекеттер тізбегін пайдалана отырып сол түпкі мақсатына жетеді. Мақсат – болашақ нәтиженің алдын ала болжамдалған бейнесі. Егер өзін-өзі тану пәні мысалында алар болсақ, олар әр түрлі болуы мүмкін және олардың бәрі өзін-өзі тану барысында бірте-бірте қол жеткізілетін болашақ нәтиженің бейнесі. Ішкі сипатына қарай мақсаттар “кең” және “тар”, нақтылы іске асатын және нақтылы іске аспайтын, шынайы және жалған мақсаттар деп бөлінеді.
Өзін-өзі танудың “кең” мақсаттарына адамның өзін жеке тұлға ретінде тануы мен өзінің өмірлік мақсаттарын белгілей алуы жатады. Кейбір ғалымдар өзін-өзі тану пәнінің мақсатына адамның өзін жеке тұлға ретінде тануымен қатар, өз өмірінің тұғырнамалық мәнін саналы түрде ғана емес, бейсаналылық пен санадан тыс деңгейде тануы да кіреді деп көрсетеді. Мұндай деңгейдегі өзін-өзі тану өмірдегі басқа мақсаттарды екінші кезекке ысыра отырып, өмір өзегін басқа арнаға бұратын мақсатқа айналуы мүмкін. Әйтсе де адамдардың дені өзін-өзі танудың шексіздігін сезінгендіктен де, оны оқытуды өмір сүруге, жасампаздыққа, өзін-өзі дамытуға жеткілікті дәрежедегі дағдыларды меңгерту аясымен шектейді.
Өзін-өзі танудың “тар” мақсаттарына адам үшін дәл қазіргі сәтінде өзекті болып саналатын “МЕН” образының нақты мазмұны кіреді. Тар мақсаттар үйлесімділіктің әр түрлі жүйесіне қатысты қарастырыла береді. Адам өзінің интеллектуальдық мүмкіндіктерін немесе мінез-құлық қырларын, зейіндік және қатысымдық қабілеттерін тани алады. Бұл тізімді ары қарай да жалғай беруге болады. Ең маңыздысы - өзіңнің бойыңдағы танылатын объектілерді немесе әрекетің мен болмысыңның сипатын тізбелеу емес, бастысы жеке тұлға үшін дәл бүгінгі таңда ненің мәндірек екенін анықтау. Егер біз мамандық таңдасақ, мұндағы басты мәселе - осы таңдалған салаға сай өз қабілеттерімізді дұрыс бағалай алу. Егер біз бір адаммен танысып, достасуды қаласақ, онда біз үшін мәнді нәрсе - өзіміздің қатысымдық сапамызды, өзгеге ұнайтын қасиеттерімізді, жақсы дос болу қабілетімізді тани алуымыз. Өзін-өзі тану мақсаттарының жүйелі қойылымы болуы да мүмкін. Ең бір кең таралған және тәжірибеде ең жиі қолданылып жүрген бағдарлар жүйесі “қалаймын” – “орындай аламын” – қажет” триадасы тізбегі болып саналады. Егер адам осы мәселелерге жауап бере алса, жақын күндерде және кемел болашақта неге қол жеткіземін, менің мүмкіндіктерім қандай, олардың бәрі социумның, қоршаған ортаның талаптарына қалай жауап береді ? деген сауалдарға уәжі бар болса, ол өзін-өзі тану ауқымын да кеңейте алады деген сөз.
Өзін-өзі танудың мақсаттары нақтылы іске асатын және нақтылы іске аспайтын, шынайы және жалған деп те сараланады. Нақтылы іске асатын мақсат біздің бойымызда осы уақытқа дейін қалыптасқан қасиеттерді танып, талдау жасау қажет болған тұста қойылады. Ал нақтылы іске аспайтын мақсат, осыған керісінше, әлі өз бойымызда жоқ нәрселерді табуға және оны тануға ұмтылыс жасағанда тірек болады. Адамды өзінің алдына “кең” және “тар”, нақтылы іске асатын және нақтылы іске аспайтын , шынайы және жалған мақсаттарды қоюға не итермелейді? Әрине, оған өзіне сәйкес қажеттіктерде көрініс табатын әрекет мотивтері қозғау салады. Ондай мотив түрлерін үлкен екі топқа біріктіруге болады:
1) өзін-өзі тану әрекетінің негізіндегі арнайы мотивтер;
2) өзін-өзі танумен қосалқы байланысатын жанама мотивтер
Арнайы мотивтерге, бірінші кезекте, адамның өзіне деген қызығушылығы жатады. Қызығушылық – өзін танудағы эмоциялық бояуы қанық танымдық қажеттілік. Мамандар адамның өзіне деген қызығушылығының дамуын бірнеше сатыға бөліп қарастырады: әуестік; өзіне деген жеке қызығушылық; өзі-өзі тануға құштарлық. Өзін-өзі танудың жанама мотивтеріне өзін-өзі тану әрекетін күшейтуде қосалқы қызмет атқаратын барлық мотивтер енеді. Олар өзінің рөліне қарай үш деңгейге бөлініп, іштей былайша топтастырылады (4):
• адамның өзіндік “Менімен” байланысты мотивтер ( өзін-өзі құрметтеу, “Меннің” біртұтастығы мотивтері, өзін-өзі дәл тани алу мотивтері, өзін басқалардың көзімен тану мотивтері);
• өзін-өзі дамытуға байланысты мотивтер (өзін-өзі бекіту, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі жүзеге асыру, өзін-өзі таныту, өзін-өзі белсендіру мотивтері);
• басқа әрекет түрлеріне қатысты (қарым-қатынас, бедел, жетістік, таным, оқу, адамгершілік және т.б.) мотивтер.
Аталған мотивтердің өзін-өзі тану мотивімен де өзара байланыс механизмдері шамамен бірдей болып шығады. Өзін-өзі тану мотивінің дұрыс қалыптасуы өзге мотивтердің де қызметінің жандануына оң ықпал етеді. Өзіне деген қызығушылық адамның өзін-өзі дамыту мотивтерінің өрістеуіне кең жол ашады. Ал өз кезегінде айқындалған өзін-өзі дамыту мотиві өзін-өзі тануға деген қажеттілікті күшейтіп, адамның өзіне қызығушылығын арттырады. Мұндай сабақтастықты барлық мотивтерге қатысты санамалап айтуға болады. Мәселен, адамның өзіне қызығушылығы қарым-қатынасқа ерекше мән беру нәтижесінде сол өзі қатынасқа түсетін адамдарды тануға деген құлшынысты туғызбай қоймайды (5). Өзін-өзі тану мотивтері әлсіз байқалатын кей жағдайларда оның орнын басқа мотивтер алмастырады да, өзін-өзі тану әрекетінің дамуына себепші болады. Мысалы, жеке тұлғаның бойында жетістік мотиві айқын көрінгенімен, оның өзін-өзі тануға деген қызығушылығы байқалмайды. Тек кездейсоқ бір сәттіліктерге сеніп не жолы болғыштыққа жорып, үлкен бір жетістіктерге жету мүмкін емес, сол себепті адам әрдайым өз бойындағы қабілеттер мен мүмкіндікті танып, соған мән беріп отыруы, яғни өзін-өзі тануға ұмтылуы шарт. Басқаша айтқанда, өзін-өзі танымайынша ешқандай мотив шын мәнінде толық жүзеге аспақ емес. Айналып келгенде сол мотивтің бәрі өзін білуге, өзіне деген қатынасқа, өзін-өзі жүзеге асыру және өзін-өзі бағалау қабілеттеріне келіп табан тірейді, тек сондай жағдайда ғана аталған мотивтердің өзара бірлікте жүзеге асуы белгілі бір нәтижелерге қол жеткізетін болады. Тұлғаның мотивациясы мен құндылығының арақатынасының мәнін анықтауда оның өзін-өзі тануының негізгі төрт аумағын төмендегідей көрсетуге болады:
1. Тұлғаның мотивациялық аумағы: мінез-құлықтың және іс-әрекеттің мотивтері, әлеуметтік қажеттіліктер.
2. Белсенділік аумағы: интерналдылық, инициативтілік, өзіне-өзі сенімділік, өзін-өзі таныту.
3. Тұлғаның құндылықтық-мағыналық аумағы: құндылықтық бағдарлар, өмірдің мағынасы мен мақсаттары.
4. Тұлғаның этникалық өзіндік санасының аумағы – этникалық жаңсақ нанымдардың негізінде қалыптасатын этномәдени сәйкестілік .
Өзін-өзі танудың басты нысаны адам, яғни дара тұлға. Сондықтан қоғамдық ғылымдарда тұлға мәселесі ең өзекті деп танылады. Қазіргі ғалымдар тұлға мәселесін зерттеуде тұлғаның психодинамикалық, аналитикалық ,гуманистік когнитивті, мінез-құлықтық, іс-әрекеттік, диспозициялық теориясы сияқты ұстанымдарды бөліп қарастырады. Бұл ұстанымдардың негізі жалпы психологиялық болғанымен, олар өзін өзі танудың да өзегін құрай алады. Олай болса, тұлға дегеніміз - адамның даралық өзгешелігін, мінез-құлқының өзіндік сипаттарын көрсететін көп өлшемді және көп деңгейлі психологиялық сипаттамалар жүйесі. Сөйтіп, тұлғаның ішкі жан дүниесін байытуға қажетті мотивациялар мен құндылықтар адамның өзін-өзі тануына негіз болады беп айтуымызға болады.