Тақырып. Тұлға түсінігін зерттеудің әлемдік теориялары
Жоспар:
1. Тұлғаның қалыптасуы мен дамуы
2. Теориялар аясындағы тұлға. Тұлға теориялары.
Негізгі ұғымдар: психоанализ, бихевиоризм, гуманистік психология.
Адам тұлға болып туылмайды, ал қалыптасады деген көзқараспен қазіргі психологтардың көбісі келісуде. Бірақ тұлғаның дамуы қандай заңдарға бағынатыны жөніндегі көзқарастар сан алуан. Өйткені тұлға дамуы үшін қоғам мен әлеуметтік топтардың мәні, дамудың заңдылықтары мен кезеңдері, тұлға дамуының дағдарыстары(кризис), даму процесін тездету мүмкіндіктері әрқилы түсіндіріледі.
Кең тараған тұлға теорияларының әрқайсысында тұлғаның даму мәселесі өздігінше қарастырылады. Мысалы, психоаналитикалық теория даму деп адамның биологиялық табиғатының қоғамда өмір сүруге бейімделуін, белгілі қорғаныс механизмдерінің пайда болуын, қажеттіліктерді қанағаттандыру жолдарын түсіндіреді. Қырлар теориясы (теория черт) бойынша тұлғаның барлық қырлары өмір сүру барысында қалыптасады, олардың туындау, қайта түзілу және тұрақтану процестері биологиялық емес заңдылықтарға бағынады. Әлеуметтік үйрету теориясы тұлғаның даму процесін адамдардың белгілі тұлғааралық өзара әрекеттерінің қалыптасу жолдары ретінде түсендірсе, гуманистік және басқа феноменологиялық теориялар оны “ Мен” деген түсініктің қалыптасуымен ұштастырады.
Дегенмен, тұлғаны барлық теориялар позициясынан шоғырланған, біртұтас етіп қарастыру тенденциясы бар.
Адам тұлға ретінде қалыптасып, дами келе кемшіліктерді де иеленеді. Бір теорияда оң және теріс қасиеттердің үйлесімін жан-жақты көрсету мүмкін емес. Сондықтан Эриксон өз концепциясында тұлға дамуының екі шекті желісін бейнелеген: қалыпты және аномалды. Олар таза күйінде өмірде кезпегенімен адамның тұлғалық дамуының барлық аралық варианттарын елестетуге мүмкіндік береді ( 1 кестеде көрсетілген).
Психологтарға үйреншікті ой бойынша тұлға әлеуметтік ортада өмір сүріп, тәрбиеленуі кезінде дамиды. Адам әлеуметтік тіршілік иесі болғандықтан әлеуметтік өзара әрекеттерге түседі. Ең бірінші араласу тәжірибесін бала сөйлемей тұрып-ақ өз жанұясында алса, кейін үнемі субъективті тәжірибе жинайды. Ол тәжірибе тұлғаның ажырамас бөлігі. Осы процесс, сондай-ақ кейін индивидтің әлеуметтік тәжірибесін белсенді жандандырылып әлеуметтену деп аталады.
1 кесте Тұлға дамуының кезеңдері (Э.Эриксон бойынша)
Даму кезеңі | Дамудың қалыпты желісі | Дамудың аномалды желісі |
1. Ерте нәрестелік шақ (туылғаннан 1 жасқа дейін) | Адамдарға деген сенім. Өзара махаббат,үйір болу, ата-ана мен баланың бірін бірі тануы, балалардың араласудағы және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру | Анасының баласына нашар қарауының нәтижесі ретінде баланың адамдарға сенбеуі, мән бермеушілік, немқұрай-лық, махаббаттан айыру. Баланы ана сүтінен өте ерте және күрт айыру, баланы эмоционалдық оқшаулау. |
2. Кейінгі нәрестелік шақ (1 жастан 3 жасқа дейін) | Дербестік, өзіне өзі сену. Бала өзін дербес, жеке, бірақ әлі ата-анасына тәуелді адам деп санайды. | Өз өзіне сенбеу, өте ұялшақ болу. Бала өзінің бейімділмегендігін сезініп, қабілеттеріне күдіктенеді. Қарапайым қимыл әдеттерінің дамуында кемшіліктерді сезінеді, мысалы жүргенде. Оның сөйлеу қабілеті нашар дамыған, кемшіліктерін қоршағандардан өте қатты жасыруға тырысады. |
Êåñòåíiң | Жалғасы | |
3. Ерте балалық шақ (3-5 жас шамасында) | Қызығушылық және белсенділік. Қоршаған ортаны қызыға зерттеп, бейнелерді елестету, ересектерге еліктеу, түрлі рольдерге қосылу. | Пассивтілік және адамдарға мән бермеу. Инициативаның болмауы, салбыр болу, басқа балалардан қызғану, ұсыныстардан бас тарту, рольдерге қосылу белгісінің жоқтығы. |
4. Орта балалық шақ (5 пен 11 жас аралығы) | Еңбекті сүю. Мойнына жүктелген парызды сезіну, табыстарға ұмтылу. Танымдық және коммуникативті білім мен әдеттердің дамуы. Өз алдына шынайы мақсат қойып, оған жетуге тырысу. Инструменттерде ойнауды белсенді меңгеру, шешімдер қабылдау. | Өзін өзі кемсіту. Әлсіз дамыған еңбек ету қимылдары. Күрделі тапсырманы орындаудан, басқалармен жарысудан бас тарту. “Дауыл алдындағы” немесе жыныстық жетілу кезеңі алдындағы тыныштық сезімі. Біреуге бағынушылық. Түрлі есептерді шешкенде жұмысы зая кететіндей сезіну. |
5. Жыныстық жетілу, жеткіншек жасы және бозбалалық (11 мен 20 жас аралығы) | Өз болашағын анықтау. Уақытша перспективаның –болашаққа жоспардың дамуы. Қандай болу? Кім болу? деген сұрақтарға жауап іздестіру. Білім алу, үйрену. Тұлғааралық тәртіп формаларындағы жыныстық ерекшеліктер. Дүниеге көзқарастың қалыптасуы. Құрбылар арасында лидер болу, қажет болса оларға бағыну. | Рольдердің шатасуы. Уақытша перспективалардың ығысуы және араласуы: болашақ пен осы шақ туралы ғана емес, өткен шақ туралы да ойлардың пайда болуы. Рухани күштерді өзін өзі тануға жұмсау, сыртқы әлем, қоршаған адамдармен қарым-қатынас орнатудың орнына өзін өзі түсінуге тырысу. Еңбек белсенділігін жоғалту. Жыныстық айырмашылықты көрсететін рольдердің ауысуы, лидер болуға ұмтылмау. Мораль мен дүниеге көзқарастың шатасуы. |
6. Ерте ересек шақ (20 мен 45 жас аралығы) | Адамдарға жақын тарту, оларға көмектесуге тырысу. Бала сүйіп, оларды тәрбиелеу, махаббат пен жұмыс. Жеке бас өмірімен қанағаттану. | Адамдардан оқшаулану, олардан қашу, әсіресе жақындардан, олармен жыныстық қатынасқа түсуден қашу. Мінездің ауыр болуы, адамдарды таңдамай араласу, болжамға келмейтін әрекеттер жасау. Мойындамау, оқшаулану, әлем қауіптерге толы-мыс деген ойлардың әсерінен психика ауытқуының, жан дүниесі күйзелуінің алғашқы белгілері. |
7. Орта ересек шақ (40-45 және 60 жас аралығы) | Шығармашылық. Өзімен өзі және басқа адамдармен өнімді және шығармашылық жұмыстар жүргізу. Толық құнды, әр қилы өмір. Отбасылық қатынастармен қанағаттану, өз балалары үшін риза болу. Жаңа ұрпақты үйрету және тәрбиелеу. | Тоқтап қалу. Эгоизм және эгоцентризм. Жұмыстың өнімсіздігі. Ерте мүгедек болу. Үнемі өзіне кешірімді болып, тек өзіне ғана күтім жасау. |
Кестенің | жалғасы | |
8. Кеш ересек шақ (60 жастан жоғары) | Өмірдің түрлі оқиғаларға бай болуы. Үнемі өткенді ойлап, оған саналы баға беру. Өткен өмірді өз күйінде қабылдау, оның пайдасын түсіну. Тағдырдың жазғанына көну қабілеті. Өлім қорқынышты емес екендігін ұғыну. | Үміт үзу. Өмір босқа өткен деп, уақыт аз қалғандығын, ол өте тез өтуде деп ойлау. Өмір сүруді мағынасыз деп түсіну, өз күшіне, басқаға деген сенімнің жоғалуы. Қайта өмір сүруді тілеу, бұрын алғаннан да көбірек нәрсені қажет ету. Әлемде тәртіп жоқтығын, жаман, санасыз бастаманың көптігін сезіну. Жақындап келе жатқан өлімнен қорқу. |
Әлеуметтену процесі адамдардың қарым-қатынасқа түсуімен және бірлесіп әрекет етуімен тығыз байланысты. Әлеуметтік тәжірибені меңгеру субъективті: бірдей әлеуметтік жағдайлар әр түрлі болып қабылдануы мүмкін. Түрлі тұлғалар объективті бірдей жағдайлардан сан алуан әлеуметтік тәжірибе алады, бұл индивидуалдану процесінің негізі.
Әлеуметтену және тұлғаның қалыптасу процестері арнайы әлеуметтік институттар шебінде, мысалы, мектепте, және түрлі формалды емес бірлестіктерде жүзеге асырылады. Тұлға әлеуметтенуінің маңызды институттарының бірі - жанұя. Отбасында, жақын адамдардың арасында адам тұлғасының негіздері қаланады. Адамның тұлға негіздері 3 жасқа дейін қаланады деген түсінікті кездестіруге болады. Бұл жас кезеңінде адамның психикалық процестері ғана дамып қоймай, ол өмірдің соңына дейін бойында сақталатын алғашқы тәжірибе мен өзін өзі ұстау тәрбиесін алады.
Әлеуметтенудің реттелетін, мақсатқа бағытталған сипатымен қоса реттелмейтін, стихиялық сипаты да бар екендігін айта кеткен жөн. Әлеуметтенуді бір уақыттағы мақсатқа бағытталған және реттелмейтін процесс ретінде түсіндіру үшін А.А.Реан келесідей мысал келтіреді. Мектепте өтетін сабақ кезінде оқушы сабақтың материалын, әлеуметтік ережелерді меңгеріп қана қоймай, ұстаз үшін “кездейсоқ” болып көрінетін нәрселермен өзінің әлеуметтік тәжірибесін байытады. Бұл тәжірибе позитивті де, негативті де болуы мүмкін.
Тәрбие беру барысында ата-ана мен педагогтың өз алдарына қоятын мақсаттары: баланың тәрбиесін қалыптастырып, оны әлеуметтік ортада өмір сүруге даярлау, ол үшін белгілі қадамдар жасау.
Психологияда әлеуметтеуді біріншілік және екіншілік деп ажыратады. Екіншілік әлеуметтену еңбекті бөлісумен және оған сай білімнің таралуымен байланысты. Адам еңбек етудегі өзінің ролін түсіне бастайды. Б.Г.Ананьевтың концепциясы бойынша әлеуметтену екі бағыты бар процесс ретінде қарастырылған, ол адамның тұлға ретінде және әрекет субъектісі ретінде қалыптасуын білдіреді. Мұндай әлеуметтенудің соңғы мақсаты – индивидуалдылықты қалыптастыру. Бұл жерде индивидуалдылық деп нақты тұлғаның даму процесін түсіну керек.
Әлеуметтенумен бір уақытта өтетін процесс – инкультурация. Егер әлеуметтену дегеніміз әлеуметтік тәжірибені меңгеру болса, инкультурация дегеніміз индивидтің жалпы адамзаттық мәдениетті, тарихи қалыптасқан әрекеттер жолын игеру процесі. Ол әрекеттерде түрлі даму кезеңдеріндегі адам әрекетінің рухани және материалдық өнімдері жинақталған. Бұл процестер бір-бірінен қалып қоюы мүмкін. Адам мәдениетті табыспен игерсе оның әлеуметтік тәжірибесі жеткілікті деп айту дұрыс емес және керсінше.
Тұлға дамуы теориясының негізгі мәселелерінің бірі - тұлғаның өзін -өзі өзектендіру (самоактуализация). Ересек тұлға өзін өзі дамытуы тиісті деп саналады. Өзін өзі дамыту және өзін- өзі өзектендіру идеясы адам туралы көптеген қазіргі заман концепциялары үшін маңызды болып қалып отыр. Мысалы, ол гуманистік психологияда және акмеологияда басты орынды алады.
Тұлға дамуының мәселелерін қарастырған авторлар адам дамуының шарты болып табылатын себептерді анықтауға тырысады. Көптеген зерттеушілердің ойынша тұлға дамуынынң қозғаушы күші - түрлі қажеттіліктердің кешені. Олардың ішіндегі маңызды орын алатыны - өзін өзі дамыту қажеттілігі. Бірақ ол қол жетпес идеалға ұмтылу деген сөз емес. Тұлға үшін нақты мақсатқа жету немесе белгілі әлеуметтік статус алу маңыздырақ.
Келесі мәселе - тұлға қасиеттерінің тұрақтылық дәрежесі. Көптеген тұлға теорияларының негізіндегі тұжырым - тұлға әлеуметтік-психологиялық феномен ретінде негізгі көріністері тұрақты құрылу. Тұлға қасиеттерінің тұрақтылық дәрежесі әрекеттердің бірізділігін, мінез-құлықты болжау мүмкіндігін анықтап, оның қадамдарының заңдылықтарына сипат береді.
Алайда, бірқатар зерттеулердің көрсеткеніндей, адамның жүріс-тұрысы өзгермелі. Сондықтан еріксіз туындайтын сұрақ: адамның жүріс-тұрысы, тұлға болуы қаншалықты тұрақты және неде?
И.С.Конның ойы бойынша бұл теориялық сұрақта әрқайсысы бөлек қарастырылатын жеке сұрақтардың тұтас сериясы бар. Мысалы, біз ненің тұрақтылығы жайлы әңгіме қозғап отырмыз- жүріс-тұрыс, өзін - өзі ұстаудың ба әлде психикалық процестердің, тұлғаның қасиеттері мен қырларының ба? Бұл жағдайда бағаланатын қасиеттердің тұрақтылығы мен өзгергіштігінің индикаторы не? Ол қасиеттер тұрақты және өзгермелі екендігін көрсететін уақыт көлемң қандай? Осы уақытқа дейін жүргізіліп келе жатқан зерттеулер бірыңғай жауап бере алмағандығын айта кеткен жөн болар, олардың нәтижелері де әртүрлі. Мысалы, үнемі тұрақты болуы тиісті деп саналатын тұлғаның қырлары тұрақты емес болып шыққан. Кейде тіпті бір адамның бойындағы қасиеттердің көріністері жағдайға байланысты елеулі түрде ауысады екен.
Ал лонгитюдті зерттеулер тұлғада тұрақтылықтың белгілі дәрежесі бар деп көрсетеді, мұндай тұрақтылықтың өлшемі түрлі тұлға қасиеттері үшін бірдей емес. 35 жыл жүргізілген осындай зерттеулердің бірінде 100 адам белгілі тұлғалық сипаттамаларының жиыны бойынша бағаланған. Олар алғашқы рет орта мектеп жасында тексерілсе, кейін мектептің жоғарғы сыныптарында, ал соңғы рет 35-45 жас шамасында тексерілген.
Бірінші тексеруден кейін екінші тексеруге дейін 3 жыл аралығында сыналғандардың тұлғалық сипаттамаларының 58 %-ы сақталғаны анықталған. 30 жыл бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесі тұлғалық сипаттамалардың 31 %- ы сақталатынын көрсетті.
Тұлға психологиясы саласындағы зерттеулер бұрыннан жүргізіліп келеді, олардың өзіндік тарихы бар. Тұлға психологиясы дамуының 3 кезеңі келесідей: философиялық-әдеби, клиникалық және тәжірибелік.
Зерттеулердің бірінші кезеңі көне ойшылдардың жұмысынан басталып, ХIХ ғ-ң басына дейін жалғасқан. Бұл кезеңдегі тұлға психологиясының негізгі мәселелеріне адамның өнегелік және әлеуметтік табиғаты жөніндегі сұрақтар жатады. Тұлға туралы алғашқы анықтамалар айтарлықтай ауқымды. Ол анықтамаларға адамның бойындағы бар нәрсе, оның жеке басыныкі деп саналатынның бәрі жатқызылған: биологиясы, психологиясы, мүлігі, мінез-құлқы, мәдениеті және т.б. Тұлға туралы осындай түсінік кейінгі уақытқа дейін сақталыпты. Нақты мазмұнға толы, тұлғадан бөлек көптеген басқа да түсініктер мен ғылыми категориялары бар психология үшін мұндай анықтама өте кең болып табылады.
ХIХ ғ-ң бірінші он жылдығында тұлға писхологиясының мәселелерімен философтармен қатар дәрігер-психиатрлар да айналыса бастады. Олар ең бірінші рет клиника жағдайында науқасқа тұлға ретінде жүйелі түрде байқаулар жүргізіп, оның жүріс-тұрысын, өзін өзі ұстауын жақсырақ түсіну үшін өмір тарихын зерттей бастаған. Психикалық ауруларды диагностикалау және емдеумен байланысты кәсіби қорытындылар ғана жасалып қоймай, адамзат тұлғасының табиғаты жөнінде жалпы ғылыми қорытындылар да келтірілген. Философиялық-әдеби кезеңмен салыстарғанда клиникалық кезеңде тұлға - ерекше құбылыс деген түсінік мағынасы таратылған. Психиатрлардың аса мән бергені - әдетте науқас адамнан табылатын тұлғаның ерекшеліктері. Дәрігерлер тапқан ерекшеліктер барлық дені сау адамдарға тән болғанымен, науқастарда олардың көріністері гипертрофияланатыны (асыра білінетіні) анықталды. Мысалы, күйгелектік пен ригидтілік, тежелу мен қозғыштық.
Қалыпты, патологиялық және акцентуацияланған (норманың шекті варианты) тұлғаны сипаттауға мүмкіндік беретін терминдерді дәрігерлер тұлғаға анықтама беру үшін қолданған. Алайда мұндай көзқарас психология үшін жеткіліксіз деп танылды. Өйткені, қалыпты тұлғаны тұтас сипаттау үшін ол анықтамалардың мазмұны тар, ондай анықтамаларға шектен тыс көрініс бергенімен кез келген жағдайда “қалыпты” деп саналатын тұлға қасиеттері (мысалы, түрлі қабілеттердің болуы, адамгершілік қасиеттер) енгізілмеген.
ХХ ғ-ң басына дейін тұлға философиялық-әдеби және клиникалық тұрғыдан ғана зерттелсе, кейін бұл іске таным процестері мен адамның күйін зерттеумен айналысқан психологтар кірісті. Ғасыр басында психологияда тәжірибелік зерттеулер қарқынды дамып, гипотезаларды нақты тексеру және айқындалған фактілерді алу мақсатымен психологтар зерттеулерге мәліметтерді математикалық-статистикалық өңдеу әдістерін енгізуге тырысқан. Осыған байланысты психологтар ұзақ жылдар бойы қалыпты тұлғаны сенімді және валидті тесттер арқылы зертеу тәсілдерін жетілдіруді өз алдарына мақсат етіп қойған.
Келесі кезектегі әңгіме неғұрлым әйгілі тұлға концепциялары мен теориялары, олардың жіктелуі жөнінде болады.
Ғылыми жұмыстар мен оқу құралдарында тұлға концепциялары мен теорияларының әрқалай жіктелуі келтіріледі. Р.С.Немовтың ессебі бойынша 48 тұлға теориясы бар, олардың әрқайсысы 5 параметр бойынша бағалануы мүмкін.
Мінез-құлықты түсіндіру жолдары бойынша барлық тұлға теорияларын психодинамикалық, социодинамикалық және интеракционистік деп бөлуге болады.
Психодинамикалық теориялар психологиялық, немесе ішкі, сипаттамаларына орай тұлғаны сипаттайды, адамның жүріс-тұрысын түсіндіреді. Ал социодинамикалық теориялар бойынша тәрбие детерминациясындағы басты роль сыртқы жағдайларға беріледі. Интеракционистік теориялар сыртқы және ішкі факторлардың өзара әрекеттесу принципіне негізделген. Ондай өзара әрекеттер адамның өзекті әрекеттерін басқарады.
Теорияларды типтерге бөлудің келесі негізі - тұлға туралы мәліметтер алу жолы. Осы тұрғыдан барлық теорияларды эксперименталды және эксперименталды емес деп бөлуге болады. Эксперименталды теорияларға тәжірибе барысында жинақталған мәліметтерді сараптау және жалпылау арқылы құрастырылған теориялар жатқызылады. Эксперименталды емес теориялардың авторлары эксперимент жасамай-ақ өмірден алған байқауларға сүйеніп, теориялық талдап қорытады.
Тұлғаға құрылымдық және динамикалық құрылым деген көзқарастағы авторлар тұлға теорияларын басқаша жіктейді. Құрылымдық теория үшін басты мәселе- тұлға құрылымын және оны сипаттауға көмектесетін ұғымдар жүйесін анықтау. Негізгі тақырыбы - тұлға дамуындағы қайта құрылу, өзгерістер, яғни оның динамикасы болып табылатын теориялар динамикалық деп аталады. Сонымен қатар, бірқатар теориялар жас кезеңдік және педагогикалық психология шеңберінде пайда болған. Олар тұлға дамуындағы шектелген жас кезеңін қарастырады, мысалы, туылғаннан орта мектепті бітіргенге дейінгі, яғни нәресте болудан ерте бозбалалық шаққа дейінгі. Кейбір басқа теориялардың авторлары тұлға дамуын бүкіл өмір бойында бақылайды.
Тұлға теорияларын жіктеу кезінде көңіл бөлінетін нәрселер: ішкі қасиеттер, тұлғаның қырлары мен қасиеттері немесе олардың сыртқы көріністері, мысалы, мінез-құлқымен жасаған іс-әрекеттері. Осылай қасиеттер теориясын бөліп қарастыруға болады. Бұл топ теорияларының қағидаларына орай барлық адамдар бір-бірінен жеке, тәуелсіз қырларының жиынтығы мен даму дәрежесі бойынша ажыратылады, бірнеше адам бір адамның мінез-құлықтарын, қырларын байқап, оларды жалпылау арқылы тұлғаға біртұтас сипаттама бере алады. Тұлға қырларын бағалаудың екінші жолы барлық адамдарды типологиялық топтарға біріктіруді жорамалдайды. Мұндай бір топқа кіретін адамдардың психологиялық сипаттамалары бір-біріне жақын, мінез-құлықтары ұқсас. Сонда әрбір типологиялық топтың психологиялық сипаттамалары өзгеше, басқаға ұқсамайды деген сөз.
Тұлға теорияларының жіктелуін қарастырған тек Р.С.Немов қана емес. Б.В.Зейгарник теорияларды пайда болу және даму жағдайларына тәуелді мазмұнды-мағыналық және тарихи аспектілерде қарастырған. Ол келесі теория топтарын бөліп көрсетеді: фрейдизм мен неофрейдизмнің тұлға теориялары, гуманистік тұлға теориялары, экзистенциальді психологияның тұлға теориясы, француз әлеуметтік мектебінің тұлға теориялары және т.б. Осылардың кейбіреулерін жалпы түрде қарастырайық.
Қазіргі кезде тұлға зерттеуде жеті негізгі тұлға теориялары дамыды. Әрбір бағыт өзінің теориясымен және де өзінің әдісімен, құрылымымен ерекшелінеді.
Тұлғаның психологиялық сипаттамасы. Қазіргі кезде психологияның ерекшелігі психиканы зерттеуші бағыттың көптігімен, тұлға теориясының кеңдігімен мәселенің күрделілігі психологияның алдында тұрған теориялық міндеттерге және ғылымның дамуының ішкі қажеттіліктеріне байланысты.
Тұлға – психологиялық сипаттамасы,бірқалыпты жоғарғы даму жүйесі, индивидуалды қажеттіліктермен қамтамасыз ететін, уақытша және белгілі бір жағдайларда адамның тұрақты жүріс-тұрысы.
Тұлға теориясы – бұл болжамдардың жиынтығы немесе тұлға дамуының табиғаты мен механизмінің болжамы.
Тұлға теориясын тек түсіндіруге тырысып қана қоймай, ол адамның жүріс- тұрысын сипаттайды (А.Хьелл, Д. Зиглер).
Көптеген теориялар психологиялық оқулықтарда берілмейді, американдық тұлға теориялар басқа елдердің теорияларын мойыңдай бермейді, тек тұлға теориясын жасаушы Фрейд, Юнг, Адлер болмаса, әрі көптеген теориялар өз «ұясында» қала береді, жаңа теориялар келе береді. Теорияларға контент анализ жасасақ, барлық классикалық теориялар шыққанына көп уақыт болды, тіпті тұлға теориясы жайлы американдық оқулық 1967 жылы шықсада олар қайта басылып шығып жатыр.
Бүгінгі тұлға теорияларының жағдайы қалай, сол американдық оқулықтан кейін өзгерді ме, бүгіндері тұлға теориясында әлеуметтік конструкционизм методологиясы үстемдік жасауда, олар кез келген теорияны немесе ұғымды әлеуметтік контекстте суреттейді. Солардың ішінен теориялардың үш тобын бөлеміз - біріншісі операциялық немесе клиникалық бағдарланғандар, тұлға теорияларының ішінен қызығу туғызатыны экзистенциалды бағдарлану тұлға теориялары - бір жағынан Фрейдті екінші жағынан Хайдегерді жақтайтын М.Босстың теориялары-тұрмыстық анализ теориялары, логотерапия - В.Франкл (1990-1997).
Тұлға теориялары- 1.Фрейд, 2.Юнг, 3.Адлер, олардың оппоненті 4.Роджерс, 5.Скиннер, 6.Оллпорт, 7.Маслоу, 8.Фромм, аралық статуста Кэттелл, Келли, Эриксон, Бинсвангер, Босс, Шелдон, кейінгі орында Доллард, Миллер, Салливан, Меррей, Роттер, Хорни, Айзенк, Левин ең соңында.
Ең көп оқылатыны - психоанализ, бихевиоризм, гуманистік психология. Жаңа американдық тұлға теориялары бағытында екі бағыт үстемдік етеді - біріншісі, әлеуметтік когнитивті бихевиоризмнен шыққан Дж.Роттер, А.Бандура, екіншісі каузальды (себеп, басқа мінез-құлықтан себеп іздейді) атрибуцияға байланысты мінез-құлық пен мотивацияны регуляция жасайтын эгогендік ықпал, яғни тұлға әуел бастан социумға қосылған, мінез-құлық грамматикасы, ережелер, сөз дамиды.
Тұлға теориялары өте көп олардың бәрі оқулықтарда беріле бермейді. Шет ел психологиясында көп оқылатын теориялардың алдында тұрғандары, олар, З.Фрейд, К.Юнг, А.Адлер, К.Роджерс теориялары алдыңғы қатарды алады, оларға Б.Скиннер, Г.Оллпорт, А.Маслоу, Э.Фромм, А.Бандураның еңбектері қосылады.
Келесі орында Р.Кэттелл, Дж.Келли, Э.Эриксон, Л.Бинсвангер, У.Шелдон алса, келесі топты Дж.Доллард, Н.Миллер, Г.Салливан, Г.Меррей, К.Хорни, Г.Айзенк алады. Осыдан көріп отырғанымыздай көбінесе писхоанализ бихевиоризм гуманистік психология үштігі көп қылады, оқулықтарда көп жазылады.
Кеңес психологиясында жазылған теорияларда басты деген төрттеорияларды көрсетуге болады іс-әрекеттік концепцияға негізделген мәскеулік мектеп (А.Н.Леонтьев, Л.И.Божович), ленингард мектебі (Б.Г.Ананьев, В.Н.Мясищев), грузин мектебі (Д.Н.Узнадзе), пермь мектебі (В.С.Мерлин). Кейінірек бұл мектептерді жалғастырған теориялардың қатарына А.Г.Асмолов, Б.С.Братусь, Ф.Е.Василюк, Д.А.Леонтьев, А.В.Петровский, В.А. Петровский, В.И.Слободчиков және тағы басқалардың еңбектерін айтуға болады.
Тұлға теорияларының ішінен таңдап, олардың қайсысын оқулыққа кіргізу керек деген сұрақ өте күрделі болып табылады. Соған қарамастан тұлға феноменінің табиғатын аша алатын, нақты жағдайды көрсете алатын теорияларға шолу жасау мүмкіндігі автордан байланысты болады.
Негізгі екпінді шет ел теориялардағы тұлға мәселесі қалай анықталады, олардың кеңес психологиясында және қазіргі психологияда алатын орнына қарай және кеңес психологиясындағы негізгі теорияларға және олардың бұл күндері жалғасын тауып отырған теорияларға жасала отырып оқырмандарға психология ғылымындағы тұлға түсінігінің мәнін ашу болып табылады.
ПІет елдік теорияларда әрине тұлғаны түсіндіруде, оны анықтауда әсер еткен, адамзат баласының өмірінде ұлы із қалдырған ұлы классиктерге де екпін жасалады (Гиппократ, Платон, Аристотель), сол сияқты ұлы ойшылдардың еңбектеріне сүйенбей тұлға түсінігін талдау мүмкін еместігі көрсетіледі (Кант, Гоббс, Локк, Спиноза, Ницше).
Ал кейінгі тұлға теорияларын қалыптастыруға негіз болған еңбектерді айтуға болады, олар Шарко мен Жаненің, Фрейдтің, Юнгтің клиникалық бақылаулары, гештальттық дәстүрлер мен В.Штерн еңбектерін айтуға болады. Кешірек эксперименттік психология мен үйрену теорияларының тұлға теорияларын жасауға негіз болды. Келесі бір негізді психометриялық зерттеулер береді.
Шет елдік теорияларда тұлғаны әрқалай түсіндіреді, ағылшын тілінде тұлға епті деген мағынаға келеді. Индивидтің тұлғасы әртүрлі жағдайда әртүрлі адамдардың позитивті реакциясын алуға ұмтылатын тиімділігімен бағаланады. Сондықтанда курстарда «тұлғалық тренинг» деп аталады.
Оқушының тұлғалық проблемасын айтқанда мұғалімоқушының педагогпен, оқушылармен қанағаттанған қатынас орната алу үшін әлеуметтік ептілігі адекватты емес екені туралы айтады. Индивидтің қоршағандарға әсері туралы айтқанда индивид «агрессиялы тұлға», «тіл алғыш тұлға», «қорқынышты тұлға» дегендер туралы түсініледі.
Оллпорт әдеби шолуларда тұлға туралы елуге жуық анықтаманы бөліп көрсетеді. Оллпорт ол анықтамаларды ажырату үшін биосоциалды және биофизикалық деп атады. Биосоциалды анықтамаларда тұлға терминінің тұрмыстық қолданылуына сәйкес келеді, тұлғаны индивидтің «әлеуметтік стимулды құндылығы» дегенмен ара қатыстырылады, Яғни басқалардың реакциясы субъектінің тұлғасын анықтайды, оған Оллпорт тұлға тек басқалардың реакциясымен ғана анықталмайды деп қарсы болып оған биофизикалық анықтамаларды қосады, тұлғаның сипаттамалары мен саналарын кіргізеді.
Басқа анықтамаларда индивидті бағалауда оның маңызды деген қасиеттерін кіргізеді, ал тағы бір анықтамаларда тұлғаның ұйымдастырушы немесе интеграциялаушы функциясын көрсетеді, тұлға индивидуалды мінез-құлықтың әртүрлі түрлерін реттейді деп айтады. Тағы бір анықтамаларда тұлғаны мінез-құлықтың уникалды немесе индивидуалды аспектілерімен береді, индивидті басқа адамдардан ажырату үшін сол анықтаманы қолданады.
Кейбір теоретиктері тұлға адамның маңыздылығын құрайды деп санайды. Сонымен шет елдік теорияларда тұлғаны тұлға теориясын жасаған авторлардың өздерінің жеке зерттеген бақылаулары негізінде жасалған эмпирикалық түсініктерімен түсіндіріледі. Біз тұлға феноменін өз эксперименттері мен жеке бақылау нәтижелерінде ашып көрсеткен соның негізінде жазған басты теориялардың кейбіреулеріне тоқталамыз