Ық бұзу тәртібін алдын-алу міндеттерін қолдана отырып, жұмыс жоспар жасаңыз

Қазақстан Республикасының Заңы

Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы

Осы Заң мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, барлық меншік нысанындағы ұйымдардың және азаматтардың құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік негіздері мен қағидаттарын айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) құқық бұзушылықтың алдын алу - мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық меншік нысанындағы ұйымдар және Қазақстан Республикасының азаматтары жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтауға және күшейтуге бағытталған құқықтық, әлеуметтік, экономикалық ұйымдастырушылық іс-шаралар және өзге де шаралар кешені;

2) құқықтық тәрбие - азаматтарда заң сыйлаушылық мінез-құлықты қалыптастыруға, құқықтық білім алуға және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені;

3) әлеуметтік бейімдеу - қоғамда қабылданған мінез-құлық ережелері мен нормаларын адамның бойына белсенді сіңдіру процесі;

4) әлеуметтік оңалту - құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі органдары мен мекемелері жүзеге асыратын, құқыққа қарсы мінез-құлықты адамға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық, педагогтік көмек көрсетуге бағытталған шаралар кешені, сондай-ақ психологиялық немесе моральдық жарақатты жеңу процесі;

5) криминологиялық сараптама - олардың криминогендік жағдайдың жай-күйіне ықтимал әсерін бағалау үшін жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын арнайы зерттеу;

6) жеке профилактикалық жұмыс - құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі субъектілерінің әлеуметтік қауіпті жағдайдағы адамдарды уақтылы анықтау, оларды әлеуметтік оңалту және (немесе) олардың құқық бұзушылық жасауын ескерту жөніндегі қызметі;

7) құқық бұзушылық - ол үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде жауапкершілік көзделетін, жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің мүдделеріне зиян келтіретін адамның құқыққа қарсы, кінәлі әрекеті не болмаса әрекетсіздігі;

8) қоғамға қарсы іс-әрекеттер - белгіленген әлеуметтік нормалар мен мінез-құлық ережелерін бұзатын, адамның психикасына және/немесе денсаулығына теріс ықпал ететін іс-әрекет: алкогольдік ішімдікті жүйелі түрде пайдалану, есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес тұтыну, қаңғыбастықпен, қайыршылықпен және жезөкшелікпен айналысу;

9) заң сыйлаушылық мінез-құлық - заңда белгіленген мінез-құлық нормаларына сәйкес келетін, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтын адамның саналы жүріс-тұрысы;

10) профилактикаланатын адам - оған қатысты жеке алдын алу жұмысы жүргізілетін, құқық бұзушылықтың алдын алу субъектісінің профилактикалық есебінде тұратын жеке адам;

11) құқықтық тәртіп - заңдылықты сақтау, заңмен кепілдік берілген құқықтарды іске асыру және барлық жеке адамдардың, органдардың және ұйымдардың заңда белгіленген міндеттемелерді орындауы.

2-бап. Қазақстан Республикасының құқық бұзушылықтың алдын

алу туралы заңнамасы

Қазақстан Республикасының құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына , Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, осы Заңға және құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне негізделеді.

Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда белгіленгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеттері

1. Осы Заңның мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай мемлекеттік саясат орнату, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.

2. Осы Заңның міндеттері:

1) азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауды қамтамасыз ету;

2) құқық бұзушылықтың деңгейін азайту;

3) құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, жою;

4) бас бостандығынан айыру орындарынан оралған, осыған орай туыстық байланыстарын жоғалтқан, сондай-ақ тұрақты тұратын жері және құжаттары жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту;

5) құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі субъектілерінің және оған қатысушылардың қызметін үйлестіру;

6) салауатты өмір салтын қалыптастыру, азаматтық құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті тәрбиелеу;

7) құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету болып табылады.

4-бап. Құқық бұзушылықтың алдын алу қағидаттары

Құқық бұзушылықтың алдын алу:

1) азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және сақтау;

2) заңдылық;

3) жариялылық;

4) құқықтар мен міндеттердің бірлігі;

5) ізгілік;

6) ғылыми негізділік;

7) кешенді тәсілдер және профилактикалық ықпал ету шараларын саралау қағидаттарына негізделеді.

2-тарау. Құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі

5-бап. Құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің

жүйесі

1. Құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің жүйесін:

1) мемлекеттік органдар;

2) жергілікті өзін-өзі басқару органдары;

3) мемлекеттік ұйымдар құрайды.

2. Құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесінің субъектілері болып табылатын мемлекеттік органдардың құрылымында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жекелеген функцияларды:

1) нашақорлықпен, алкоголизммен, уытқұмарлықпен, туберкулездің жұқпалы түрлерімен, АҚТ жұқпасымен ауыратын, психикалық ауытқулардан азап шегетін, аталған аурулардан ерікті емделуден бас тартатын адамдарды мәжбүрлеп емдеуді;

2) бас бостандығынан айыру орындарынан оралған, туыстық байланыстарын жоғалтқан, сондай-ақ тұрақты тұратын жері және құжаттары жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеуді және оңалтуды (оңалту, әлеуметтік бейімдеу орталықтары және қабылдау-тарату орындары);

3) алкогольдік ішімдікті теріс пайдаланатын, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды медициналық емес пайдалануға жол беретін адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтуды;

4) әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауды;

5) баланың құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын ұйымдар мен мекемелер құрылады.

3. Басқа мемлекеттік органдар құқық бұзушылықты алдын алуда әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген құзыреті шегінде қатысады.

4. Құқық бұзушылықтың алдын алуға Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес ұйымдары мен азаматтары ерікті негізде қатысады.

6-бап. Үкіметтің құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі

өкілеттіктері

Қазақстан Республикасының Үкіметі құқық бұзушылықтың алдын алу саласында:

1) құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді және іске асырылуын қамтамасыз етеді;

2) құқық бұзушылықтың алдын алу саласында нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;

3) құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі бағдарламалық құжаттарды бекітеді;

4) құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құрады және таратады;

5) құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің өзара іс-қимыл жасасуын және олардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді.

7-бап. Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың

өкілеттіктері

1. Жергілікті өкілді органдар өз құзыреті шегінде:

1) құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысатын азаматтар мен ұйымдарды көтермелеуге қаражат бөлуге қатысты бағдарламаларды қарайды және бекітеді;

2) әкімнің ұсынысы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекітеді.

2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:

1) құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі бағыттарын іске асырады;

2) құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді;

3) құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар мен ұйымдардың өңірлік есебін жүргізеді, оларды көтермелеудің түрлерін және көтермелеу тәртібін, сондай-ақ ақшалай сыйақы мөлшерін анықтайды;

4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді іске асыруды қамтамасыз етеді;

5) құқық бұзушылықтың алдын алу, еңбек нарығын тұрақтандыру, еңбекпен қамтылмаған халықтың кәсіптік бағдарын жетілдіру жөніндегі өңірлік бағдарламалық құжаттарды әзірлейді;

6) халықты еңбекпен қамтуда көмек көрсетеді;

7) құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың дербес құрамын тиісті мәслихаттарға бекіту үшін ұсынады;

8) құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесі мекемелерін құруды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

9) алкоголизммен, нашақорлықпен, уытқұмарлықпен, туберкулездің жұқпалы түрлерімен ауыратын және психикалық ауытқулардан азап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдейтін мекемелердің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

10) құқық бұзушылық санының өсуіне апаратын дағдарыстық демографиялық процестерге қарсы іс-қимыл, жұмыссыздықтың күрт өсуін және халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін баяулату жөнінде уақтылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етеді.

11) құқықтық насихаттау жүргізуді қамтамасыз етеді.

Наши рекомендации