Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек

Бұл ән -
Бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған -
Ұйқасты өлең сөз керек,
Өзіне орайлы.

Денең -
Жан нұрлы болса, жөнделмек,
Өлең -
Әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.

Ән - өлшеуіш,
Өлең - күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу,
Не кем салу,
Қарпі қалу жарамас.

Ауыр -
Осы әнге тауып сөз салмақ,
Тәуір,
Татымды ұйқас жиналмақ,
Тереңнен толғанып.
Сырын
Бұл әннің айтып қарайын,
Түрін
Сипаттап, тізіп санайын,
Өлең тап ойланып:
Буыны - сегіз,
Алтауы егіз,
Үшеу деңіз екеуі.
Кім дәл басты,
Кілтін ашты,
Жақсы ұйқасты нешеуі?

Қайран,
Қайғысыз, қамсыз күндерім,
Сайран,
Сауықты рахат түндерім!
Сендерден не пайда?

Асқан
Алпыстан мынау жасымыз.
Қашқан
Шалдыққан ғаріп басымыз,
Қаласың қай сайда?!

Ноқталы бас,
Ағызып жас,
Қызусыз мас, желіксіз,
Хаққа көніп,
Жалын сөніп,
Көрге төніп еріксіз.

Жастық
Жалынсам және келер ме,
Мастық
Денеме қызу берер ме,
Суынған тұла бой.

Маған
Қарама, көңілім, мұңайып,
Саған
Жеткізбес, кеткен ол ғайып,
Жас өмір - өткен той.

Бұл алпысты,
Түскен тісті,
Тозған түсті жасымда,
Сөгуші едім,
Опық жедім,
Бәрі менің басымда.

Тағдыр
Адамды айдап туғызбақ,
Әрбір
Сүйгенін нәпсі қуғызбақ-
Өмірдің жолы бұл.
Жақсы
Нәпсісін өзі билемек,
Тапшы
Наданды нәпсі сүйремек,
Мақтанға болып құл.

Ата-анасы,
Айналасы,
Замандасы,
Қылған іс,
Тәлім берер,
Соған ерер,
Тағы келер бір туыс.
1919.

«Тауып айтса мінді деп...»

Тауып айтса мінді деп,
Жоғалтып бақ мініңді.
Өз етіңді жұлып жеп,
Ашпа алашқа сырыңды.

Мойындамай бақырма,
Бар жыныңды шақырма.
Айғайлама, ақырма,
Шығармай өл үніңді.

Таппай айтса егерде,
Адасқаны мынау деп,—
Майдалап айт әр жерде,
Берсін қауым сынау» де.

«Бас көзімен қарасаң — нәпсі жалған...»

Бас көзімен қарасаң — нәпсі жалған,
Бір сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзімен қарағанда,
Өзін берер қалыңға ол қызды алған.
Қылықты қыз сияқты көрінсе де,
Өлшеусіз сансыз байдан жесір қалған.
Күніңде қызыл гүлдей жүз күлсе де,
Сырт айналса, жүрекке жалын салған.
Бас алуға жаралған бір жәдігөй
Өткір қылыш сықылды уға малған.
Өлмей адам осыдан құтылар ма,
Неге қылып жүргеміз өлімді арман?
Нәпсі үйінде байлаулы Ынсап жатыр,
Мұның емін, тегінде, сол аса алған.
Сопысынып, ақсынып әуре болмай,
Ер болсаң, босатып ал сол зынданнан.
Ақыл, ғылым әр түрлі айтса-дағы,
Жиыны осы созбен аяқталған.

«Қай жолдассың, айтшы сен?...»

Қай жолдассың, айтшы, сен?
Адамды аңша атасың.
Өз анаңның сүтінен
Қанды адал деп татасың.

Өмір қылмен байлаулы,
Өз қамыңды жесеңші.
Заманды себеп жайлаулы,
Онда нем бар десеңші.

Жақсы уақыт кез келсе,
Жаралыстың сыйын біл.
Істің түбін тексерсе,
Не боларын білмес ол.

Айла, күшке таянба,
Болар-ау деп сол себеп.
Өлшеуі оның заманда,
Бұйырады ол не деп.

Өмір деген — ұйқы ғой,
Түс көргізбей қоя ма?
Қиын-қызық, әр түрлі ой
Іс көргізбей қоя ма?

Түстегіні шын ғой деп,
Шынды ұмытқан жарай ма.
Әл жеткенің бәрін жеп,
Арды жұтқан жарай ма?

Таза емес деп шекпенін,
Сыртын көріп сын тақпа.
Әркім орар еккенін,
Өз ішіңді салмақта.

Ол — не жақсы, не жаман,
Оның жүгі сенде емес,
Десе біреу, «мен аман”,
Ол зияннан кенде емес.

Сопылар да күтіп жүр
Бейістің тәтті шарабын.
Маскүнем де жұтып жүр
Мас қылатын арағын,

Шымылдық артын кім білер,
Шын иесі болмаса.
Соның жолы жөнделер,
Кімді сынап оңдаса!
1919.

«Жылым— қой, жұлдызым — июль...»

Жылым — қой, жұлдызым — июль,
Жасым — жеті жүз он жеті ай.
Толық алпыс болады жыл,
Қосылса июнь, апрель, май.

Қазақшылап есеп қылсам,
Бесінші мүшелім — бұл сан.
Өмір қанша, өлім қанша,
Емес ол біз білерлік жай.

Тірліктің түрін көрдім,
Көңілдің сүйгенін бердім.
Жеміс деп, білмей у тердім,
Бола алмай шын ғылымға бай.

Талайдан бар бір ой менде:
Бұл әлемді жаратқан не?
Жоғала ма жан өлгенде,
Түзу жол, істер іс қалай?

Не сыр бар дін деген жолда,
Кітап, тәпсір, қожа, молда...
Бояулы бір шатақ ол да,
Сынарлық қаруым жоқ сай.

Ол ойды жүр едім қағып,
Құмар, пайда, атақ бағып.
Ізденбей қалғамын нағып,
Кезегін өткізіп, дүние-ай!

Қаз ілген лашын ем көлден,
Жас өтті төрт пенен нольден.
Азайып от-жалын сөнген,
Дариға, кәрілік, қаза-ай.

Алақтап іздедім қару,
Бекілген артыма бару,
Керек боп көп ғылым табу,
Болып тұр күн қаран-ай, һай!

Орысша, не арабшадан
Тілім жоқ жетіліп алған.
Кітап оқып түрік жазған,
Ұғындым осыны азғантай.

Білімдінің кітаптарын,
Жазыпты түрікше бәрін,
Философ білгіш ойларын,—
Сезіндім біразын байқай.

Кітап ғылым, ой алмаққа
Маған жол болды сол жақта.
Жұмылдым Меке бармаққа
Алаң боп іше алмай шай.

Пароходта жүріп жолда,
Әл елде кез келіп молда,
Он үш күн боп Стамболда,
Керек кітап табылғаны-ай!

Парижде де оқыған жан,
Түрік, Серкеш, әм Үндістан,
Араб, башқұрт, қызылбастан,
Переводчик түрік, ноғай.

Солармен кірісіп сөзге,
Жоғарғы ой-мақсатым өзге,
Түсіп сәуле соқыр көзге
Ауыр тұман ашылуы-ай!

Ол ойға көп керек тармақ,
Әр тілден словарь алмақ.
Сынап нағызына нанбақ,
Наданға болмады-ау оңай!

Сол ойды бес жыл жаздым,
Арыдым, шаршадым, аздым.
Инемен көп құдық қаздым,
Сырым, ойым, жайым сондай.

Неден бармын? Не қылған жөн?
Жоғала ма жан өлген соң?
Бұл үшін ойды елемеген, .
Талап, ойсыз, есер, бәңгі-ай!
1919.

«Жас алпыстан асқан соң...»

Жас алпыстан асқан соң,
Өлімге аяқ басқан соң,,
Тіршіліктен оянып,
Көзімді анық ашқан соң.

Хақиқаттың қымызын
Ішіп, бүгін мас едім,
Тазалап жүрек ындызын,
Нәрестедей жас едім.

Шақырды бір періште
Тәнімді емес, жанымды.
Өтірік деп көріспе,
Осы сөзім нанымды.

«Неге отырсың байланып —
Деді — байғұс, тұзақта.
Әуре болма айланып,
Лайық орын бұ жақта».

Құбылмалы сарай бұл,
Құм үстіне салынған.
Сансыз байдан қалған тұл,
Жарай ма, оған жалынған?

Өмір үйі желде тұр,
Үміт үйі—сағымда,
Көз жетпейтін көлде тұр,
Іздеген ерік бағында.

Жасыл күмбез ішінде
Жан-тәнімен кім азат?
Бұл тіршілік тұсында,
Бола алмайсың, шын азат.

Қабағыңды аш, қайғырма,
Берілгенге разы бол.
Анық ойдан айрылма,
Ашылған жоқ еркін жол.

Бақтың гүлі күлсе де,
Уәде берді демеңдер.
Гүл соларын білсе де,
Кейімейді кемеңгер.

Тәтті сез бен түзу ой,
Тағдыр сыйы емес пе?
Әуре қылма, жаным, қой.
Мені күндеп егеспе!
1919.

Көңіл

Баяғыда жас бала едiң сен‚
Ойың бұзылмаған, көңiл!
Перiштеден таза едiң сен‚
Қиянат қылмаған көңiл!
Ата-анаңа махаббатың,
Бояусыз нұр, кәрәматың.
Жоғары ғаршыдан затың,
Анық шын бұл маған‚ көңiл.
Жiгiттiкке жетелеген,
Секунд, минут, сағат деген.
Жаралыс бұл солай деген,
Балалықты ұрлаған көңiл!
Бiлем, болам, озамын деп,
Биiкке қол созамын деп,
Ақыр бiр күн тозамын деп,
Асығыс зырлаған көңiл!
Атақ, мақтан, құмар, пайда,
Өзiмшiлдiк, зұлым, хайла
«Жетесiң‚ қу‚ - дедi‚ - әйда!»
Боялып, сырланған көңiл!
Бұ болды қайта бip туыс
Тысы толық, iшi қуыс.Әлемдi қылды бiр уыс,
Тереңге зымыраған көңiл!
Балалық‚ тазалық өлдi.
Жүректiң ақ нұры сөндi.
Амалсыз осыған көндi.
«Дұрыс» деп тыңдаған көңiл!
Түзелмес мiн емес бұлар,
Әр өмiр өз iсiн қылар.
Сынарлық тағы мезгiл бар,
Ауыспай тұрмаған көңiл!
Қырық жылдан жас өткенде‚
Қызудың көбi кеткенде‚
Есептер кезi жеткенде‚
Не болар бұрмаған көңiл!
«Келiп қайдан, барам қайда?
Не қылғаным болар пайда?
Қаламын ба мола боп сайда?» -
Деген ой тырнаған көңiл!
Жиырма жыл жүрек тесiп,
Бiрi олай‚ бiрi бұлай десiп,
Алынғанша анық шешiп,
Тыным ап тынбаған көңiл!
Бүгiн тауып тiлегендi,
Хақиқатқа көңiл сендi.
Қуанып, түрленiп ендi,
Бозторғай шырлаған көңiл!
Бүгiн менiң ұлыс күнiм,
Бағымды ашқан қадiр түнiм.
Жетiлiп тұр қызыл гүлiм,
Бұлбұлдай жырлаған көңiл!
Көзiм көрдi дегендей iс
Табылды. Кет‚ жоғал, кейiс!
Өлiмнiң шын түбi - бейiс‚
«Анық» деп ымдаған көңiл!
Тазалыққа тағы кеттiм‚
Балалықты қуып жеттiм.
Жоғары ғаршыдан өттiм‚
Осыны шындаған көңiл!
Терең ойсыз кей арамтер
«Өлiмнен соң өмiр жоқ» дер.
Өкiнiп қайғымен өтер‚
Мойынсұнбаған көңiл!
Келем десең‚ өлiм‚ маған‚
Досымсың‚ жау емен саған.
Есiктi аш жолды байлаған‚
Жөнелсiн ұнаған көңiл!
1919

Тау басындағы ой

Шыққаным Шыңғыстағы бір биік тау,
Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау!
Қайырлы түн болсын деп үнсіз айтып,
Күн кеткен соң, түн келді қараңғылау!
Аспандағы ай, жұлдыз,— бәрі айланды,
Жалғыз-ақ Темірқазық тапжылмайды-ау!
Күн батып, ай, жұлдыздың айналуы —
Шынында, дөңгелеген жер жүрісі-ау.
Күн жауды, көз шағылды нажағайлап,
Судан от жаратылып шыққаны анау.
Көктен жаңбыр құяды, жерден бұлақ,
Қанша ақса да оларда бар таусылмау.
ЖЫЛЫЛЫҚ Пен салқыннан жаратылған,
Ойласам, ОНЫҢ түбі жердің буы-ау.
Көз адасты, ой тапты, көрдіңіз бе?
Ақылмен сыналмаған іс бұлдырлау.
Көз, құлақ, қол, мұрын, тіл,— бәрі алдайды,
Тетігі — таза ақылмен өлшеп сынау!
Терең ойлап, тексеріп, күн батырып,
Сонда тауып байлаған ойым мынау:
Тұңғиық қараңғы түн, жарық күндіз,
Қуалап бірін-бірі жүр тынымсыз.
Біржолата қараңғы болмасын деп,
Көмескі сәуле берер ай мен жұлдыз.
Жүрісі шатаспайды, шаршамайды,
Дыбыс жоқ, кідіріс жоқ, не қылмайды із.
Күн нұрын, жер жүрісін, көлеңкені
Жарық уақыт, қараңғы деп атаймыз.
Жоқ болса, ыстық, жарық, қараңғылық
Біздің де мүмкін бе еді барлығымыз?
Сыртын біліп, сырынан хабарсыз боп,
Надандықпен айтамыз осыны біз!

«Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық...»

Күннен неге түсіп тұр мұнша жарық,
Сегіз минут, шерікте жерге барып.
Әншейін құр жарқырап тұрып алмай,
Жылылық нұрмен бірге жүр қозғалып
Бұл дүние жылуы жоқ нұрсыз болса,
Әлемнен кім жүре алар пайдаланып?
Дүние атаулы теп-тегіс мөлдір болса,
Көлеңке орнығады қайда барып?
Барша әлем тапжылмай тұрып қалса,
Бола ма уақыт деген өлшеу салып?
Мақсат, тәртіп керексіз тозаңы жоқ,
Тексермей неге отырмыз мұны ойланып?

«Қараңғы мен жарықты жүрміз өлшеп...»

Қараңғы мен жарықты жүрміз өлшеп,
«Күңгірт, жарық, қараңғы, көмескі»—деп.
Жыл мен ай, сағат, минут, секунд дейміз,
Секундты мың бөледі хроноскоп
Жүйрік оймен оны да бөле берсек,
Кетпей ме ең аяғы есепсіз боп?
Қай жерден былайғысын жуан дейміз,
Бас қанттай ағаш жонсақ тым үшкірлеп.
Жұпардай неше жылдай иіс шығар,
Сол иістің ұсағын бөлші есептеп!
Мұхитқа тозаң құрлы тұз салайын,
Ойлайсыз сол нешеге бөлінді деп?
Жаралыс жұмбағының ісі өлшеусіз,
Білдім деген, білмедім дегенге есеп.

«Шымды жерде көресіз қара топырақ...»

Шымды жерде көресіз қара топырақ
Шіріген шөп, тозаңнан болған құрақ.
Егер оған дым тиіп, күн жылытса,
Жан кіріп, шөп шығады гүл-жапырақ.
Өлген шөптің күлі еді тозған тозаң
Онан тағы не шықты, байқа, бірақ.
Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ,
Өзгертіп, түрленеді, ойла, шырақ.
Бұл соңғы шөп -— өлген шөп емес дерсің,
Шөп-жанынан білдің бе оны сұрап?
Дене — киім сияқты, күнде ауысар,
Жан ауысты деуіңіз қиынырақ!

«Атаның шаһуатының, көп қой мәні...»

Атаның шаһуатының, көп қой мәні,
Ананың құрсағында қан болғаны.
Құс пен адам болар деп кім айта алар,
Өлі қан мен жаны жоқ жұмыртқаны?
Басында оның киімі жаһуат еді,
Қызыл қан, ақ жұмыртқа кигені әні?
Денесі неше миллион құбылса да,
Оның жаны-баяғы ескі жаны.
Сезімінің зорайып, азаймағы -
Қандай түрде болғаннан оның тәні.
Қайда барса ол өзін "өзім" дейді,
"Өзім" деп денені емес, жанды айтқаны.
Сол жаннан тіпті "өзімдік" жоғалмайды,
Есеп емес сан өліп, сан қайтқаны.

«Ей,жастар, қалай дейсің бұл дүние?...»

Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?
Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?
Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?
Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ,
Тәртіпті, таң қаларлық зор машиие.
Алыстан іздемей-ақ, ойласаңыз,
Көру үшін жаралған көзіңіз де.
Себебі, толымдының ісі толық
Ең түпкі жаратушы — мінсіз ие.
Күш, білім, шеберлікті іс білгізер,
Есті, мінсіз — шебердің ісі емес пе?
Ұлықтарша қорқытпай законменен,
Молдаларша теңемей кәпірменен,
Егер сөзім қонбаса көкейіңе,
Жығатын дәлеліңді айт ақылменен.
Ар, Ынсапқа ие жауап берер едің,
Түзу істі қисайтсаң тақылменен.
Құдай жоқ, қиямет жоқ, десең-дағы,
Арың жолдас емес пе мақұлменен?

«Бұл кездегі діндердің бәрі нашар...»

Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар.
Өңкей алдау, жалғанды дінім дейді,
Тексерсең, ойың түгіл жаның сасар.
Әлемдегі діндердің түп мақсұты
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар.
Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұспандық қару жасар.
«Інжіл» «Құран»—бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып ардан күсіп қара басар.
Сөйтіп бұзып бүлдіріп, есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар.
Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді,
Қанеки, бұл сөзіме кім таласар?

«Бейіс, дозақ молда айтқан сияқты емес...»

Бейіс, дозақ молда айтқан сияқты емес,
Ақылды адам оны анық сондай демес.
Құрсақтағы балаға осы өмірді
Ұқтыр десе, айтар ең қандай кеңес?
Сол сияқты, мысал ғой ұқтыруға
Осы қыздай, қыз құшып жеміс жемес.
Бірақ қатты қуаныш, не кейіс бар,
Дәлелім — ұждан, зұлым бар тетелес,
Сондықтан бір тексеру болмай қоймас,
Мұнымды әділетпен ойла да шеш!
Егер құдай барлығы анық болса,
Тең болмас ақ жүрек пен сұм залалкес.
Бұл сөзге күндей ашық дәлелім көп,
Не дінмен, не ақылмен қылсаң да егес,
Соқыр ойлы бір езу өзімшілге
Қанша ғылым білсе де кіре алмайды ес!

«Ұждандыны мақтайды тамам адам...»

Ұждандыны мақтайды тамам адам,
Мейлі ғалым болса да, мейлі надан.
Ар, ынсаппен іс қылып азап тартып,
Ақ жолында өледі бірталай жаіь
Ыразы қылам дейтұғын құдайы жоқ,
Өлген соң тірілмеймін деп ойлаған.
Осыны терең ойлап, тексерейік
Сорлыны ер ынсабы неге айдаған?
Өлген соң жұрт мақтасын дей ме мені
Олай болса іс бар ма мұнан жаман?
Ел түзеуге құрбанмын деп-ақ айтар,
Өзі қалай пайда алар оңысынан?
Адал жолда өлгеннің арманы жоқ,
Дегені болмай ма екен құрғақ мақтан.
Ар, ынсаптың құмары осы десе,
«Құмарың не-деп-сұра зұлымдықтан?»
Артында азап та жоқ, рахат та жоқ,
Емес пе ерегіскен екі дұспан?
Сен ананы сүйесің, ол мынаны
Мұнан ақыл жиренді не қылмыстан.
Ар, ынсаптың осыдан үміті не?
Ел түзелсе, өлген соң, не пайда оған?
Не дін емес, не тыныш өмір емес,
Артқы үшін арпалысты неге осыған?
Ел түзеп тарихта аты қалар дейді,
Ақылым тоя алмайды менің бұған.
Жоқ, шырағым! Жанымыз жоғалмайды,
Екі өмірдің азығы — осы ұждан!
Әйтпесе оған бұл өмір төлеу емес,
Төлеуі: түпсіз рахат, тозбас заман.
Ар, ынсаптың пайдасын жан сезеді,
Өлген соң бәйге аларын біліп тұрған.
Ақ жүрек, адал ниетті бола алмайды,
Ұжданның бұл сырына шын нанбаған.
Шын нану — ақылымен қабылдауы,
Қалады зұлымдықтан сүйткенде аман.
Әйтпесе өлген соң да мақтанбақшы
Жорымасқа жолым жоқ солай таман.
Ақ, арам, ұждан, зұлым деп не керек,
Сый алмай, не қиналмай жоғалса жан.
Шолақ ойлы дәлелсіз шолтаңдаған
«Фанатик» діншілсің ғой дер-ақ маған.
Тамам, дерттен сау ақыл, менің сыншым
Мың айтып ұқтыра алман деймін саган!
1922.

«Тура жолда қайғы тұрмас...»

Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын бер шарап.
Қайғы, рахат — бәрі бір бәс,
Ешбірінде жоқ тұрақ.
Келсе бейнет, келді-кетті,
Болса уайым — болды не?
Ақ жолына бұрма бетті,
Бас нығыздап, мықтырақ.
Мен мешітке келмеді-ау деп,
Сөкпе, сопы, молдалар.
Еркін аяқ кетті билеп.
Шын хақиқат жолды. ұнап.
Сіз бояулы дін тұтасыз
Мақтаның мен пайда үшін.
Сусыным деп у жұтасыз
Кетпегейсіз бір құлап.
Таза ақылмен таппаған дін
Шын дін емес—- жындылық.
Қармалаған бір соқырсың,
Өлген ой мен көз, құлақ.
Ескілерше қу қазыққа
Байланып мен тұрмадым.
Және емеспін жаңалыққа
Көрсеқызар қиқырақ.
Мен хақиқат құрбанымын,
Берді бізге сәулесін.
Кетті сұм түн шықты нұр күн
Мінді көңіл шын пырақ.
Кезсе ойым барша, барлық —
Ақылымның тұтқыны.
Неге болды, не боларлық...
Бәрін өлшеп тұр сынап,
Тән көретін бастағы көз
Байқамайды жаң сырын.
Көр де ақылға сал деген сөз
Көз керек қой ойлырақ.
Хақиқатты дәл көруге,
Жан көретін көз қерек.
Бас қөзімен сенделуге
Бізге рұхсат жоқ, щырақ!
Сөнген ойды жандыруға
Жан берерлік сез керек.
Жаны жоқты нандыруға
Жан керек қой милырақ.
Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтап сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, құдай жоқ, дер тұрақ.
Біз хақиқат елегіне

Осы екеуін елесек,
Түкке тұрмас керегіңе,
Екеуі де қалжырақ.
Пәнші дейді: «қайда тәңірі?
Дінші дейді: «менде тұр!»
Екеуі де сөзге нанды,
Таза ақылдан жоқ сұрақ.
Пәнші нанды бес сезімге
Дінші адасты жолынан.
Сал ақылға, дұрысы не ?
Дәлелін тап жақсырақ.
Кім жасаса зор машине
Онда одан не қалар?
Құдіретінен қалды, әрине,
Сайраған із шам-шырақ.
Түп негізді жаратушы
Меңіреу ме, есті ме?
Таза ақылға сынатушы,
Тайқымай айт сен, бірақ.
Шынды білмек ойласаң сен,
Алдыменен жанды біл.
Ең керекті үш сұрақпен
Жан құлағын қой бұрап.
Келді қайдан, қайтсе пайдам, ,
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген жан — ақыл айнам
Жоғала ма сол шын-ақ?
Бар болған зат жоғала ма,
Жоқтан әсер қала ма?
Аш көзіңді тұмшалама,
Кетпе ақылдан тым жырақ.
Осы әлемде барша барлық —
Жанды ақылдың табысы.
Нәрсесі жоқ бос қаларлық,—
Мейлі, шөп пен топырақ.
Шын сүю бар, жирену бар,
Мақсұты бар, еркі бар.
Жаратылған неге бұлар? —
Осыны тап ой құрап.
Барша әлемнің нәрселері
Болса жанның әсері,
Есті сол жан, тәңірі әсері
Тазалықты тұр сұрап.
Шын таза жан тазалықпен
Тәңірісіне бармақ ол.
Мейрім, ынсап, әділеттен
Ағызым деп нұр бұлақ.
Мына жақта нәпсі жатыр
Қиянатты жастанып.
«Бармайық-деп,— қойшы, батыр
Етегінен жұқылап,
Ындыныңа сен иесің,
Кімге көндің ерік беріп?
Міне байқа жан жүйесін,
Аса берме бұрқырап.
Әділет пен мейірім, ынсап,
Құлшылығым тәңіріме.
Қиянатқа жанды жұмсап,
Жанбан отқа шырқырап.
Жанға көнсем, жан иесі —
Тәңіріге де көнгенім.
Таймай өлсем, жолым осы,
Нәпсі қалсын зар жылап.
Таза діннің шын негізін
Ұстаған бір пенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ.
Дін тазасын діннен ізде
Дін шатағын сынға сал.
Анық айна өзіңізде.
Айда ақылды қаттырақ.
Шала дінді пәнде таппас.
Дін тавасың ой т^бар;
Еркін ақыл тіпті адаспас,
Кезсе кірсіз жарқырап,
Шынды таптым, қайғы басты,
Шын сырымды айтайын.
Дін де, пән де қатты адасты.
Дау сабасты барқырап.
1924.

Адамшылық

Кісіге адамшылық неге керек?
Адамдық — өзге айуаннан артық, демек!
Ит талаған төбеттен қалай дейсің,
Аямай әл келгенін жұлып жемек.
Мейірімсіз қасқырда да күшті өмір бар,
Артылған жерің қайсы онан бөлек?
Үнемі сен жеріңді қайдан білдің?
Бұл дүние кезек берер істі өңгелеп.
Онан қорқып, обырлық қоймасаң да,
Адам боп, хайуаннан болсаңшы ерек'!
Жалмағанша, жәрдемің тиізсеңші,
Жығылған, жылағанға болып көмек.
Мархабатты теріс деп кім айтады?
Адамшылық сол дейді тамам зерек.
Мейірім — жақсы, зұлымдық — жаман дейсің,
Қасқырлыққа қайтесін құр дөңгелеп
Жаны ашып жәрдем қылмай өткен адам,—
Өсіп, өшіп құлаған бір бәйтерек.

Ноль

Қаламым, қарындашым — жан жолдасым!
Жау болды, жан аяспас сан жолдасым.
Қайрылып, мейірімденіп қарамайды,
Кеше аласа, бүгін зор, паң жолдасым...

Жарқырап нұрын шашып, жанады шам,
Талайлар пайда алады жарығынан.
Су тамып, не жел тиіп сөне қалса,
Көрмей, басып, таптайды пайда алған жан...

Демеймін мұңымды айтып зарланайын,
Жаралыс солай қылған адам жайын.
Жарық алып жалғанды тексерсең де,
Таза жүрек таппайсың, сол уайым...

«Кешегі Қаражан мен Байғұлағым...»

Кешегі Қаражан мен Байғұлағым,
Жобалай, Әділ, Мыңғат, Байұзағым!
Бірадар Рақымберді, Ұсабай мен,
Тоғалақ Тәкей менен болды Ысқағым.
Сәкен, Көжек, Молдабай, Әкежандар —
Қамшы, құрық, жанторсық, саптаяғым.
Не малыма қызықпай, не асыма,
Қиянатсыз, дос болып жүрген шағым.
Іні ағалар, туғандар кеп болса да,
Жалғанда шын дос еді сүйген бағым.
Қайда жүрсе қараған қабағыма
Өзгенің берсе да алмай алтын тағын.
Онымды айтпай біліп, ашпай көріп
Бір мен үшін дайындап жүрер жоғын.
Айрылдым ақ жүректі замандастан
Қайда екен, қайран достар, аруағың?!
Бүгін бар есендіктен Кәріқыздар
Солардың көре қалған бір тырнағын.
Үйткенмен кеудесінде құр сүлдері,
Білмейді өзінің де не қылмағын.
Доссыз өмір — шоғы жоқ қара көмір,
Өткен күп—елестеген ол бір сағым.
Жан сүйеніш жақыннан айрылған соң,
Айып па алдымды ойлап жылағаным.
Солардың бәрін нем жарылғасын,
Тілеймін жақсы орында жолықпағын.
Ойласам, өрт шалады жүрегімді.
Жана бермей, қылайын сөзді шағын
1924.

Наши рекомендации