Шын бақ қайсы? күншіл кім?
Бай, ұлық жуандарды бақты көрмек,
Ол мисыз шолақ оймен баға бермек.
Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар:
Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.
Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ,
Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ.
Бір адамға мұндай бақ біте қалса,
Өзімшіл көп күншілдік көзін оймақ.
Жарқанат жек көреді күннің нұрын,
Күншілдің ұқсатамын соған түрін.
Өзге жанға біткенін ұнатпайды,
Әлгі айтылған бақтардың бірде-бірін.
Өзімшілдің іші тар, ойы шартық,
Ала алмас ол біреудің бағын тартып.
Күндейді деп күн нұры жоғалғанша,
Мың жарқанат соқыр болып қалғаны артық.
«Айна қойдым алдыма...»
Айна қойдым алдыма,
Көрейiн деп өзiмдi.
Екi құлақ тарс бiтiп,
Шел басыпты көзiмдi.
Иiс бiлер мұрын жоқ,
Таза ақылдан ырым жоқ,
Түзелерлiк түрiм жоқ,
Жалған деме сөзiмдi.
Ақ ниетiм бұрын жоқ,
Жүрегiмде нұрым жоқ,
Жасыратын сырым жоқ,
Айтпай арам безiмдi.
Жалғыз менi деме қор,
Менi көр де, сене көр,
Сен де емессiң менен зор,
Дәл мен деп бiл өзiңдi.
Адамның бәрiн елесе,
Аламын деп iрiсiн,
Бәрi өтедi әрi қарай,
Сен де соның бiрiсiң.
Електе қалмас бiр адам,
Не ғылымды, не надан.
Бiз сияқты барша жан
Сорға сатқан ырысын.
Ындыны таза ешкiм жоқ,
Сыртында май, iшiнде оқ.
Түп қарыны толған боқ,
Жасырып жүр мұнысын.
Қазақ
Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа,
Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа.
«Анау — қу, мынау — пысық, мен — батыр»—деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа.
Ойда жоқ: «өнер біліп, жол табайын»,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі пе болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын.
Өтірікпен өткізіп күн мен айын,
Демейді жамандықтан жалығайын.
«Анау — шыным, мынауым — сырым ғой»— деп,
Сонша жақсы біледі алдау жайын.
Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,
Тыныштықпен ішкізбей тақта шайын,
Ұрысы ұрлап, қуы алдап, сұмы елертіп,
Құрытады үш жақтан тамам байын.
Байдың да ойлағаны — ел алайын,
Білмейді, қу шағып жүр өз бақайын,
Көзі аспанда, көңілі мақтанда боп,
Тауысқанын сезбейді ішкі майын.
Демейді ғылым біліп жанданайын,
Мақсаты — мақтан іздеп паңданайын.
Қанша ұқтырып айтсаң да — қалыбында,
Ойда жоқ жігерленіп, қамданайын.
Мінеки, естісеңіз елдің жайын,
К...нен кейін кетті басқан сайын.
Қайран елім, қазағым, қалың, жұртым,
Көп айтып, а, дариға не қылайын!..
Насихат
Кел, байлар, балаңды оқыт, ғылым ізде,
Қазақты бастайтұғын қару сізде.
Партияға шашқанша осыған сал,
Қолыңда қорегің бар кезіңізде.
Білгіштер, біліміңді өнерге сал,
Жарты өмір жалғыз күндік болмайды жал.
Тіленіп, тілің безеп қу атанбай,
Ғылым білсең, табасың қадір мен мал.
Есті жи, ел шаңына ер, мұны тастап,
Қайғы жоқ басқа жатсаң ғылым жастап.
Сен — батыр, мынау — білгіш, анау есті,
Апардың қазақ көшін қайда бастап?
Көрмедім көш бастаған қазақ ұлын,
Кеңірдек, өңеш кетіп, қалды жұлын.
Бәрің есті, батырсың, айлалысың,
Қазақтың түзеттің бе жалғыз қылын?
Жарлылар, жалаңдама, сендер де ойлан,
Кер кедей, кежірлікті шығар бойдан.
Бойың жалдап қор болма, ойың жалда,
Түк өнбес алты ай жүріп алған қойдан.
Онан да өнер үйрен тек жүрсең де,
Ақы алмай, тамақ қана жеп жүрсең де.
Өнер білсең — он күнде жүзді аласың,
Басында пайда алмай-ақ көп жүрсең де.
Жастарым, құмар болма көрінгенге,
Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге.
Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ,
Өкінбе жастық бойдан серілгенде.
Ғылым тан жас күніңде буын қатпай,
Басында байқамассың дәмін татпай.
Менің көрген жайымды сендер білсең,
Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай.
Адамнан адам озар немен артып,
Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып.
Залымдықпен ел алса, сол оза ма,
Маңайының бәрін де оттай шарпып?
Біреу жүр алдап алып қайта малын,
Жалындай тысқа жаққан күнде шалқып.
Көпке пайда тигізіп біреу жүрсе
Ғылым іздеп жап-жатық майдай балқып.
Осылардың қайсысын ұнатасың?—
Ақылға әрбіреуін сынатасың.
Көпке паңда тигізген жақсы десең,
Оны неге іздемей тек жатасың?
Егерде ел алғанға қуанасың,
Немесе алдау қылып жұбанасың.
Бұл екеуін көңілің жақсы көрсе,
Бәрібір, сен де соңдай дуанасың.
Тағы сорлы қазақ
Салынған қала жоқ,
Оқытқан бала жоқ,
Қолында өнер жоқ,
Ғылымда дана жоқ.
Қалалық жері жоқ,
Еңбектің тері жоқ,
Пайдасыз шығыншыл,
Қазақтан сері жоқ.
Қазынасы тағы жоқ,
Басында бағы жоқ.
Партия, барымта...
Ісінің ағы жоқ.
Қуаты, күші жоқ,
Сырты бар, іші жоқ.
Артына қам қылып,
Ұмтылған кісі жоқ.
Көретін көзі жоқ,
Ұғатын сөзі жоқ.
Қазақтың бұл күнде
Аты бар, өзі жоқ.
Түзелер кезі жоқ,
Түзетер тезі жоқ.
Жер жүзі халқының
Қазақтан езі жоқ.
Ош!
Жас өтті тынымсыз,
Өнерсіз, ғылымсыз,
Надандық жолымен
Кеттім-ау білімсіз.
Оқытпай баламды,
О да өсті тыюсыз.
Ойламай шамамды
Алды-артым жиюсыз.
Бақ қайда қиынсыз,
Бос тілек сыйымсыз,
Қазақ та қажытты,
Күнім жоқ жиынсыз.
Бір жол бар келгісіз,
Қайта өмір көргісіз.
Ізім жоқ, түзім жоқ,
Өттім-ау белгісіз!
Қағазым — жолдасым,
Қаламым — сырласым
Өлген соң белгілі,
Қайта кеп тұрмасым.
Тіл сорлы — сырласым
Бекерге тұрмасым,
Алдымнан жарылқап,
Алла кәр қылмасын.
Ел анау, мен мынау
Қайтейің, бір басым.
Аман бол, агайын,
Татуым қимасым.
Надандық жаман ғой,
Оқыған — адам ғой
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой.
Насихат тегін ғой,
Салулы егін ғой.
Еңбек қыл, ерінбе,
Араздық кегін қой.
Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң емің ғой.
Бәріне жетеді,
Таусылмас көлің ғой.
Мен қайғы жедім ғой,
Қапы өттім дедім ғой,
Қазағым, қам ойлан,
Сен де адам едің ғой.
Шошыма, ойым, шошыма
Шошыма, ойым, шошыма,
Келмейді жындар қасыма,
Таһараты жоқ сайтан
Жоламас менің қасыма.
Қажыма, ойым, қажыма,
Қарама тозған жасыма,
Адаспасаң ақ жолдан,
Қонады бақыт басыңа.
Билет бәрін сабырға,
Кірме ажалсыз қабырға,
Сырласатын күн туар
Жан қияр жақын тамырға.
«Кейбіреу безді дейді елден мені...»
Кейбіреу безді дейді елден мені,
Есалаң айтады екен сезіп нені.
Хақиқатты танитын баста ми жоқ,
Ондайлардың сау емес анық дені.
Көре алмас өзімшілдер пейілі тар,
Жуандық, зорлық, күншіл мақтаны бар.
Қасқырша жемтік жеуден тартынбайды,
Адамшылық бойында қалмаған ар.
Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,
Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды
Оңашада қорытам ойға салып.
Зорлығын елге істеген басшылардың,
Алдаған арам молда, бақсылардың
Жариялап, жайларын жайып жұртқа
Құлағына салмақпен жақсылардың.
Жалмаудан жалықпаған елді талап,
Нашарды момынменен күнде сабап.
Өсектеп мені елге жамандайды,
Көрмейді арсыз қылығын өзі санап.
Жетім менен жесірдің алып малын,
Малын қойып, талайдың ішіп қанын,
Жазықсыздан нақаққа жала жауып,
Аямай шырқыратар шыбын жанын.
Көрген соң ел жарасын анық сезіп,
Аңдайын айдалаға кеттім кезіп.
Ел емес, елге істеген қылығынан
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безіп.
Елсізде неге жалғыз қалғанымды,
Қырық жыл нені жинап алғанымды
Сезбейсің тартпаған соң көп қайғысын,
Сен емес ұғатұғын арманымды.
Арманым байлық, мансап, мақтан емес.
Ойлы адам оны әсте олай демес.
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы
Итше талап өз елін, жырып жемес.
Партия, алдау, қулық — қылған ісің,
Жылмайы сыртың таза, арам ішің.
Саған ақыл айтудан жалыққамын,
Сарп еткен бар еңбегім кейінгі үшін.
Айтамын, сөзімді ұқсаң, кейінгі жас,
Қиянатсыз адамға емеспін қас.
Жүректегі дертімді білер едің.
Өсекке ермей, меңімен болсаң сырлас.
Арамнан адалды ақтап ала алмадым,
Жанғанның жанын сақтап қала алмадым
Ел зарлатқан арсыздың қылығынан
Жанына жаным шошып бара алмадым.
Елді сөктік сайтанға ересің деп,
Неге оларға тізгінің бересің деп.
Елерткенге елігіп ере берсең,
Ескерттім азып-тозып өлесің деп.
Сұрашы, не айттым екен жақыныма,
Біреуі көнді ме екен ақылыма?
Сырт беріп, сырдаң тартып жүре берді
Қыстырма ақылымды тақымына.
Еті кетіп, қауқиған сүйегім бар,
Жай таппай жанып жүрген жүрегім бар.
Жайнаған таза жүрек, талапты жас,
Ұғар деген сөзімді тілегім бар.
Жоспарым, жайым осы, мақтаным жоқ,
Ел жеген әкімдерді ақтарым жоқ.
Өлгенімше жазумен еңбек етем,
Қажыдым, кәртәйдім деп жатқаным жоқ.
«Партия қуған өңкей қырт...»
Партия қуған өңкей қырт,
Жазылмайтын ол қыл құрт.
Мен тартам ел қайғысын,
Әкімі — залым, биі — әңгірт.
Сұрқия тілін жалдайды,
Момын мен аңқауды алдайды.
Қанды қақпан бар құрған,
Түсірер болса қандайды,
Бар сырын білем қолма-қол,
Осынымды сезеді ол.
Айналама қазып ор,
Қалдырмай отыр маған жол.
Адамдық жоқ, онда сән,
Құриды жаны, шіріп тән,
Таусылмайды бұл өмір,
Орнына келер жаңа жан.
Көрмесе де көзімді,
Білмесе де өзімді,
Кейінгі жаңдар қабылдар
Айтылған түзу сөзімді.
Ойсызға сөзім жақпайды,
Арсыздар оны таптайды.
Мұраны асыл жоғалтпай,
Сан ғасыр тарих сақтайды.
Өртеген әкім, ғалымды,
Жер жүзіне мәлімді.
Кейінгі сынап сөздерін,
Алған сонан тәлімді.
Қиналған тәнім азапқа,
Жанған жаным дозаққа.
Әділ жандар алдында
Ақталып шықса, ғажап па?!
Адам немене?
Білімділер сөз жазып, зарлағанда,
Ой кезіп, жердің жүзін шарлағанда,
Алдаусыз адам өмірін түзетерлік
Әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда?
Әйтпесе мәз боп жүр ме қиянатқа,
Зорлықпен бірін-бірі жалмағанға.
Мен адамнан таза ақыл таба алмадым,
Ойланып, өзеленіп, қармағанда.
Көрсеқызар, жалмауыз, бәрі алдағыш,
Көп адамның қылығын барлағанда.
Өнерпаз, білімді елдің мінезі осы —
Алу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?
Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,
Әшейін бар деп бізді алдаған ба?
Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иісі аңқиды,
Істерін әбден сынап талдағанда.
Кей-кейде «түзелейік, кел»—деседі,
Кешікпей соғыс ашып, белдеседі.
Айласы артық, қаруы сайы жеңіп,
Мақтанып «бар ма біздей ел?»—деседі.
Тамам жан өзін-өзі «мен» деседі,
Өзгелерді жатырқап «сен» деседі.
«Біз» дейтұғын бір елді таба алмайсың,
Бұл қайтіп әділетпен теңдеседі?
Ойласаң, барша адамзат —туған бауыр,
Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.
Балалық айуандықтан шыққан ел жоқ,
Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.
Европа білімді жұрт осы күнде,
Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.
Терең ойлап сөзімнің түбін біл де,
Іштен жыла, шырағым, сырттан күл де.
Сол есті елде киім бар мода деген
Керегіне лайықтап киінбеген.
Жас балаша қызығып сәкәкүлге
Масқара боп жүргенін бір білмеген.
Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек,
Киін алып, қылтиып қағар селтек.
Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа
Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?
Әйелдері — қуыршақ үлбіреген,
Жалбыр шашақ сәкәкүл талай неген.
Кеңірдегін сорайтып, кеудесі ашық,
Осы емес пе орынсыз сәнқой деген.
Ойлашы, осы ақылға жараса ма,
Емес пе ержетпеген бала-шаға?
Не денеге, не жанға жайлы емес қой,
Осыған да дау айтып таласа ма?
Лайықты киім жоқ па бұдан басқа,
Керексіз кербезденіп бос шатаспа.
Ақылды киім бермес, ғылым берер,
Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста!
Бақ-дәулетті мол берді жаратылыс,
Пайдаланын, қылсаңшы жақсы жұмыс.
Табиғаттың таусылмас қасиетін
Жұрттың жұмсап жүргені — ақылсыз іс.
Қайда кетті жаралыс берген байлық,
Ұстанғалы әскер мен қару сайлық?
Жаны ашымай әлсізді аңша қырып,
Мейірімсіз, озбырлығы осындайлық.
Мұнысы айуаннан қалай дейсің,
Бір жаңа өнер шықса, «пәлі-ай», дейсің.
Ол өнермен өзгені құлданып ап,
Аямай өз баурыңды қалай жейсің?
Күн көре алмай жақының жатыр өліп,
Шіміркенбей жемтігін жейсің бөліп.
«Ғылым деген бұл болса, адыра қалсын,»—
Демеске бара жатыр ішім толып.
Қанеки, ақ жүрекке қайсың жеттің?
Жеттім деп тамам жанды тентіреттің.
Жиырмасыншы ғасырдың адамынан
Анық таза бір елді көрмей өттім.
«Мен — ақ жүрек» деген сөз босқа шығын,
Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын,—
Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ,
Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.
Қару, әскер тастаудың жөні келмес,
Неге десең, біріне-бірі сенбес.
Тамам адам періште болмай тұрып,
«Ал, түзелші»—дегенге ешкім көнбес.
Айла, күш,— айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес,
Ар түзейтін бір ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес.
Құр айтқанмен қолынан түк келмейді,
Ақ жүректі таза адам болса кем-кес.
Қас түзеймін деп жүріп көз шығарын,
«Қалмақ ойын» ойнаумен ештеме өнбес.
Жас баланы ұрғанмен шырылдатып,
Ойы толмай тұрғанда ақылы өнбес.
Араны ашық жалмауыз, арсыз төбет,
Аулақта жемтік жеуден жиіркенбес.
Адамның сыртқы дене жаралысы,
Нәпсісі айуанмен анық теңдес.
Бөлектігі жалғыз ақ аза ақылда,
Әлің келсе, жол тап та осыны емдес!