Электрофизиологиялық зерттеу
Электрофизиологиялық зерттеу негізінде мидың функциональды жағдайын әртүрлі электрлік құбылыстарды қолдану арқылы анықтау жатыр. Сондықтан электрофизиологиялық зерттеу функциональды диагностика әдісі деп те аталады. Психиатриялық тәжірибеде электроэнцефалография, реоэнцефалография және эхоэнцефалография қолданылады.
Электроэнцефалография-мидың функциональды жағдайын көрсететін электропотенциалдарды тіркеу болып табылады.
Мидың электропотенциалы өте аз, 100 – 150 мкВ ке дейін. Мұндай әлсіз потенциалдарды тіркеу үшін күшейткіштер қолданылады. Қалыпты жағдайда ми биотоктарын бас терісі арқылы белгілі бір жылдамдықпен жүріп тұрған (30 мм/с) қағаз лентаға жазып алады.
Қазіргі кезде бір мезгілде бастың бірнеше жерінен электропотнециалды жазатын 4 – 24 – ке дейін каналы бар электроэнцефалографтар ойлап табылған. Электроэнцефалограмма функционалды жүктемелер арқылы науқастың босаңсыған сергектігі жағдайында жасалады: гипервентиляция, жарықпен және дыбыспен стимуляциялау, фармакологиялық сынамалар т.б. Бұл тыныштық жағдайындағы ОЖЖ – нің электрлік белсенділігін ғана емес, әртүрлі сыртқы әсерлерге мидың жауап реакциясын анықтауға да мүмкіндік береді. ЭЭГ- ны терең зерттеу үшін белсенді сергектік жағдайында, яғни адам ой еңбегімен шұғылданғанда немесе әр деңгейдегі ұйқы жағдайында зерттейді. ЭЭГ қорытындысын визуальды және санау машиналарына жалғанған анализатор құралдарымен анықтайды, ЭЭГ қорытындылаған кезде мынадай параметрлерге көңіл аудару қажет: жиілікке, амплитудасына, электропотенциалдың ауытқу конфигурациясына, тербелістің жиілігіне және олардың жойылуына. Жиілік белгілі уақыт бірлігінде (1 сек) тербеліс саны бойынша анықталады. Жиілік бойынша биоритмдердің мынадай түрлері белгілі: альфа ырғақ (8 – 12 тербеліс/с.) бета ырғақ (13 -25 тербеліс/с.), гамма ырғақ (25 – 30 тербелістен жоғары), дельта ырғақ (0 – 3), тета ырғақ (4 – 7 ). Секундына жиілік ырғағы 8 – 30 арасында болса жылдам деп атайды, аз жиілікті тербелістер болғанда баяу толқындар жөнінде айтылады. Амплитуда деп ЭЭГ электропотенциалының тербелісінің көлемін айтамыз.
Альфа толқын кофигурациясы синусоидты, ал бета және гамма конфигурациясы ұшы үшкір болғандықтан үшбұрышқа ұқсайды; баяу толқындар конфигурациясы әртүрлі болады: синусоидты, дөнгелек, үшкір болуы мүмкін. Осы айтылған ырғақты толқындардан басқа, ЭЭГ де ырғақсыз толқындар бар. Олар сырттай үшкір толқындарға ұқсас, бірақ ұзақтығы аз болады. Бұл толқындардың амплитудасы фонды потенциалдың амплитудасынан жоғары және кейде 100 – 1000 мкВ дейін жетеді. Шың және үшкір толқындар баяу толқындар комплексіне кіреді. Мұндай комплекстер “шың – толқын”, “үшкір толқын – баяу толқын” деп аталады. Ырғақсыз биоэлектрлік толқындар ЭЭГ фонында ұзақ әртүрлі пароксизм тәрізді айқын көрінеді. Бұндай разрядтар жоғары амплитудалы альфа, бета, гамма, дельта толқындардан, сонымен қатар үшкір толқындардан немесе олардың баяу толқындары комплексінен тұрады. Аталған ырғақсыз белсенділік формасы патологиялық жағдай болып есептеледі. Мидың әр бөлігінде ЭЭГ компоненттерінің таралуы әртүрлі. Мидың шүйде бөлігінде альфа ырғақ басым, мидың алдынғы бөлімінде тез және баяу ырғақтар көбірек. Қалыпты жағдайда ЭЭГ жазғанда мидың симметриялы аудандарында көрсеткіштер бір типті болады.
Дені сау ересек адамның ЭЭГ-да сергектік жағдайында 100 мкВ аспайтын амплитудалы альфа ырғақ басым. Шүйдеден маңдайға қарай жүрген альфа-ырғақ амплитудасы азаяды. Бұл жерде таралған бета-ырғақ аплитудасы 15 мкВ жетеді. Дені сау адамның баяу толқындары ЭЭГ - да амплитудасы бойынша негізгі ырғақтан аспау керек, ол ұйымдасқан пароксизм тәрізді және жазылу уақытының 15 пайызын алады. Психикалық белсенділіктің жоғарылауы (мысалы қиын ой жұмыстарын орындағанда) ЭЭГ - да өзгерістер туады, альфа ырғақ жиілеп амплитудасы қысқарады. Пассивті және босаңсыған сергектік жағдайында альфа-ырғақтың кері өзгерістері бақыланады. Қысқа уақытта сыртқы тітіркендіргіштің кенеттен әсер етуіне байланысты альфа ырғақ екі секундқа дейін жоғарылайды. Сыртқы тітіркендіргіш ретінде жарықтың жарқылын немесе дыбыстың қысқа уақыт әсерін қолданады. Ырғақты фотостимуляция кезінде науқастың электрлі потенциалының сыртқы ырғақты әсерлерді қайта өңдеу қабілетін зерттейді. Бұл ырғақты меңгеру реакциясы, жарық жыпылықтатқанда мидың шүйде бөлімінде айқын байқалады, бұл зерттелушінің альфа-ырғағына сәйкес келеді. Мидың органикалық зақымдалуын және эпилепсияны диагностикалау үшін ЭЭГ фонында патологиялық белсенді формалар, жоғары амплитудалы үшкір толқындар, шыңдар және олардың баяу толқындармен комплексі пайда болады. Бұл патологиялық құбылыстар эпилептогенді ошақ тұсында айқын байқалады. Гипервентиляция және ырғақты жарықпен ынталандыру арқылы ЭЭГ - дан патологияны анық табуға болады, бұл пароксизмальды белсенділіктің күшеюін немесе пайда болуын, ал кей кезде құрусысыз ұстама және эпилепсияның құрысулы түрінің дамуын диагностикалауға көмектеседі. Ұзақ жүйелі емдеуден кейінгі клиникалық көріністер, қалыпты тұрақты ЭЭГ-ға сәйкес келгенде дәрілік препараттардың мөлшерін азайтуға немесе толық бермеуге болады.
Мидың органикалық зақымданулары кезіндегі ЭЭГ өзгерістері әртүрлі және олар патологиялық ошақтың мөлшеріне, орналасуына, оған айналасындағы қалыпты тіндердің жауап реакциясына байланысты. Көлемді беткей зақымдалуда электрлік тыныштық зонасын зақымдалу ошағына сәйкес жерден байқаймыз. Мұндай ошақтың айналасындағы ми тіндері жоғары амплитудалы баяу толқындар шығарады, олар ЭЭГ – ға жазылады. Терең патологияда қыртысты проекция аумақты жер алады, яғни жалпы фонға сәйкес келмейтін, өзінше электрлік белсенділігі бар ауқымды көлемде көрінеді. Мидың диффузды органикалық патологиясында ЭЭГ – да негізгі ырғақ амплитудаларының арақатынасы, мида симметриясы және таралуы бұзылады, патологиялық белсенділіктің өзгерістері байқалады.
Мидың локальды органикалық зақымдануларынсыз жүретін психикалық аурулар кезінде (шизофрения, маниакальды - депрессивті психоз, невроз, I және II сатыдағы алкоголизм т.б.), ЭЭГ көрсеткіштері органикалық патологиямен дифференциалды диагностика жасауға, мидың функциональды жағдайын және компенсаторлы мүмкіндіктерін анықтауға көмектеседі. Науқасты ауру барысында қайталап зерттеу, аурудың динамикалық тенденциясы мен оны болжауға көмегін тигізеді. Сонымен қатар ЭЭГ өзгерістері бойынша емнің белсенділігі мен эффективтілігін бағалауға болады.
Наркоз және экстремальды жағдайлар - ми ісігі, гипогликемия, кома - ЭЭГ - да тез ырғақтың баяу - тета және дельта ырғақпен алмасуымен көрінеді. Ауыр жағдайларда электрлік үнсіздік және оның жиілеуі көрініс береді.
Реоэнцефалография. Жоғары жиілікті әлсіз электр тогына бас миы тіндерінің қарсыласуындағы өзгерістер көлемін жазу болып табылады. Реогрфиялық толқындар түріндегі электрлік қарсылық тербелістері жүрек жұмысының әсерінен мидың қанмен қамтамасыз етілуінің өзгеруін көрсетеді. Қарсыластықтың 80 – 90 пайыз көлемі ми қантамырлары, 10 – 20 пайызы бас терісінің тамырларыныкі екені анықталған.
Реоэнцефалограмма (РЭГ) пульс тәріздес қисық сызыққа ұқсайды. РЭГ талдау кезінде визуальды бағалау және сандық өңдеу жүргізіледі.
Қисық сызықтың басы, шыңы (ең жоғары нүктесі), соңын бөлеміз. Басынан шыңына дейінгі аймақты өрлемелі немесе анакротикалық реографиялық толқынның бөлшегі, шыңынан соңына дейінгі қисық сызықты төмендеуші немесе катокротикалық бөлшек дейді. Қалыпты жағдайда төмендеуші бөлімнің жоғарғы және ортаңғы үштіктің ортасында 1–2 қосымша толқындар (инцизура) болады. Дені сау жас адамда өрлемелі бөлімі төмендеуші бөлімге қарағанда үлкендеу, ал ұшы үшкір немесе аздап дөңгеленген болып келеді. Церебральды атеросклероз дамуына байланысты толқынның ұшы тегістеліп арка тәрізді түрге айналады.
РЭГ - ның қисық сызығының сандық көрсеткішін анализдегенде толқынның таралу уақытына, барлық толқындардың өрлемелі және төмендеуші бөлімдерінің уақытына, әр деңгейдегі толқындар амплитудасына көңіл аударады, осы көрсеткіштер бойынша әр түрлі индексті есептейді.
Толқынның негізінен шыңына дейінгі ара қашықтықты РЭГ толқынның амплитудасы дейді. Амплитуданың биіктігі бойынша қантамырдың пульстік қанмен толуының мөлшерін бағалайды: қан толуы күшті болған сайын толқынның амплитудасы жоғары болады.
Амплитуданың мөлшері жүрек жиырылуының жиілігіне, қанның соққы көлеміне, артериялық қысым көлеміне, қантамыр қабырғасының тонусына байланысты болады. Тамырлардың локальды бұзылыстарында (инсульт, мидың зақымдалуында, гематоманың асқынуы) реоэнцефалографияны зерттегенде өзгеріс, зақымдалған ошаққа сәйкес келеді. Функциональды сынамалар арқасында бұзылыстың түрін, оның орналасқан жерін, реактивтілігі мен қантамырларының компенсаторлы мүмкіншіліктерін анықтауға болады. Функциональды сынамалар ретінде фармакологиялық жүктемелер, гипервентиляция, бастың орналасу жағдайын өзгерту әдістері қолданылады.