Түркі тілдері туралы ғылым
Түркі республикалары басқа да көптеген мәселеде Ресей ауқымында болғаны сияқты тілдері туралы ғылымда да оны жетекші, көшбасшымыз деп санады, соған жалтақтап келді. Одақтық ғылым академиясы жанындағы "Түркология" секторын өздерінің ғылыми бас штабымыз деп санады, соның айналасына топтасты.
Түркология - жалпы Шығыстану ғылымының бір саласы. Шығыстану ғылымына араб, иран, монғол, қытайтану ғылымдары енеді. Түркология-түркі халықтары туралы ілім. Ол түркі халықтарының тілін, әдебиетін, тарихын, этнографиясын зерттейтін ғылымдар қосындысы ретінде Ресейде XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқан. Түркология - өте күрделі ғылым. Онымен тарих, философия, этнография, археология, лингвистика, әдебиеттану сияқты көптеген ғылымдар айналысады. Аталған ғылымдар өкілдері жазған еңбектер де мол. Қазірде түркология бұрынғыдай өте кең мағынада емес, негізінде, түркі халықтарының тілдері мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін зерттейтін ғылым мәнінде қолданылады.
Түркология ғылым атауы ретінде "түрік", түркі деген сөздер негізінде пайда болған. "Түрік, түркі" атаулары түркі халықтарының көне жазбаларында өте ертеден бар, ал еуропалық жазбаларда біздің заманның X ғасырынан басталады.
"'Түрік " сөзінің этимологиясы белгісіз. Ғалымдардың айтуына қарағанда, ол батыр, күшті деген мағынаны білдірген.
"Түркі" ертеде этникалық атау ретінде қолданылмаған, әрқайсысының өздеріне тән этникалық атаулары бар тайпалардың саяси бірлестігінің аты болған. Ертедегі әскери шонжарлар "түркі" деп аталған. Келе-келе түріктер басшылығымен біріктірілген тайпалар түріктер деп аталған да, түрік этникалық атауға айналған.
"Түрік" сөзін өзінің этникалық, ұлттық атауы ретінде иемденген және күні бүгінге дейін сол мағынада қолданатын түрік республикасында тұратын, "Осман түріктері" деп аталатын бір ғана халық. Ал "түркі" деген сөз - "түрік" атауы сияқты бір ғана халыққа, ұлтқа тән атау емес, ол - әрқайсысының өздеріне меншікті ұлттық атаулары бар түркі халықтарының бәрін қамтитын атауы. "Түркі" - бір ғана халықтың атауы мәнінде қалыптасқан "түрік" атауымен шатастырмау, барлық түркі халқы Осман түрігінен тараған екен деген теріс ұғым тумау үшін, түркологияда үстіміздегі ғасырдан бастап қолданылып жүрген, әбден орныққан ғылыми термин.
Ертеректе түркі халқын гректер - скиф, қытайлар - гунн, ирандар - сақ деп атаған. Түркология дербес ғылым ретінде Ресейде қалыптасты. Олай болуының географиялық та, саяси да себептері бар. Географиялық жақтан алғанда түркі халықтары көне заманнан Ресеймен көрші ел, саяси жағынан соңғы уақытқа дейін Шығыс славяндармен бір мемлекет құрамында болып келді "'Түркі тілдері" деген жалпы атау, оның құрамына түркі тілдес 30-ға тарта ұлттар мен этникалық топтар енеді. Солардың бірі - қазақтар. Түркілер - дамудың талай қиян-кескі өткелдерінен өткен көне халық, қазақтар да солай. "Арғы атам ер түрік" деп М.Жұмабаев айтқандай, қазақ халқының арғы тегі, түпкі төркіні - түркілер. Түркілердің бір бөлігі, бір тармағы болғандықтан, олар өткен тарихтық өткендерден қазақтар да өтті. Осы себептен де қазақ халқының азаматтық, тілдік, рухани тарихы, белгілі шамада болса да, жалпытүркілік тарихпен сабақтасып жатады. Сондықтан түркілер тарихынан, түркология қағидаларынан хабардар болмайынша, туған халқымыздың, тіліміздің тарихын жете білу мүмкін емес.
Қазақ тілі туыстық белгілері жағынан да, типологиялық белгілері жағынан да түркі тілдерімен бірлікте. Оның қалыптасу, даму тарихы жалпы түркі тілдерінің тарихымен тығыз байланысты. Осы себептен де қазақ тілі білімі Отандық түркологияның бір саласы болып есептеледі. Отандық түркологияның табыстарына, жетістіктеріне қазақ тілі білімі де ортақ, ол сол табыстарға сүйенеді, соны басшылыққа алады. Сондықтан түркология тарихын білмейінше, қазақ тілі білімінің тарихын жете білу мүмкін емес. Осы себептен де түркі халықтарының ертедегі тарихын білу деген - өз туған халқымыздың тарихын білу деген сөз, сол сияқты, жалпы түркі халықтары тілдерінің, яғни түркі тілінің ертедегі тарихын білу деген сөз ана тіліміздің тарихын білу деген сөз. Түркологияны білудің қажеттігі міне осында.
Түркі тілдерінің бір негізден тараған өзара туыстас тілдер екендігі олардың морфологиялық формалары мен синтаксистік тәсілдеріндегі бірліктен, жақындықтан да, дыбыстық жүйелері мен негізгі сөздік қорындағы бірлік пен жақындықтан да байқалады.
Туыстық жақтан бір топқа жатқызылғанымен, түркі тілдерінің бір-бірімен жақындық дәрежелері бірдей емес: олардың ішінде бір-бірінен шамалы ғана өзгешелігі бар, сөйлеушілері бір-бірімен тілмашсыз-ақ түсінісе алатындары да, тілмашсыз сөйлессе, түсін.се алмайтын алыстары да бар.