Асқақтық категориясының тарихи даму ерекшеліктер.

Асқақтық категориясы ХІХ ғасырға дейін негізінен идеалистік эстетикада көбірек қарастырылды. Онда қорқыныш, үрей сезімі мен сол үрейден арылу мақсатында құдайға жалбарыну сезімдері бір-бірімен байланыста қатар талданып түсіндірілді. Адам өзі өмір сүріп отырған әлемде құмның түйіршігіндей ғана әлсіз жаратылыс екендігі олардың басты дәлелі ретінде көрініс тауып келді. Сондықтан да асқақтық дегенді шығармашылық әлемнің бастамасы ретінде Құдайға телиді. Мысалы, Гегель Құдайды әлемді жаратушы ретінде «асқақтықтың жетілген түрі» деп қарайды, сонан келіп өнердегі асқақтық «тек қана құдайға құрмет көрсету» деп түсіндіріледі.

Асқақтықты құдаймен теңестірудің соңы ХІХ ғасырда көптеген идеалист-эстеттердің оны эстетиканың бір категориясы ретінде танудан бас тартуына әкеліп соқтырды.

Материалист-эстеттердің ішінде орыс ғалымы Н.Г. Чернышевскийдің орны ерекше. Асқақтық құбылысынан құдайшылдық түсінікті сыпырып тастаған философ асқақтықтың үреймен байланысын теріске шығарды. Сонымен қатар ол асқақтық пен әсемдік арасында да ешқандай байланыс жоқ, бұл екеуі мүлдем екі басқа түсінік деп қателесті. Ол әсемдік эстетикалық құбылыстың сапалық қасиеті, ал асқақтық сандық қасиеті деп шатасты. Орыс философы әсемдікті асқақтықтан бөліп қарастыра келіп, тек әсемдікте ғана емес (ұсқынсыз) жағымсыз нәрседе де асқақтық болады деген мүлдем қисынға келмейтін тұжырым жасады.

Басына түскен ауыр қайғы-қасірет немесе өз өмірін ерікті түрде өлімге қию кез-келген адамды асқақтата бермейді екен, халық үшін, отан үшін жасаған ерлік, адамзат көкейіндегі армандарға құлаш ұру, сол жолдағы қиналыстар мен азаптанулар, үлкен мақсат жолындағы ақ өлім ғана асқақтыққа алып келетін көрінеді. Мысалы тарихта өзін махаббат үшін, елеусіз сенім мен көзқарастар үшін құрбан еткендер толып жатыр. Солардың ішіндегі асқақтыққа айналғандары Қозы мен Баян, Еңлік пен Кебек сияқты санаулылары ғана. Өйткені олар сол өздері өмір сүрген заманның әділетсіз талаптарына қарсы шықты, олардың істерін, пікірлерін халық қолдады. Ең басты ескерілетін жайт, осынау ұлы істердің артында олардың образдарының асқақтық категориясына айналуына жол ашқан ұлы өнер адамдарының тұрғанын ұмытпауымыз керек. Шәкәрім Құдайбердиев пен Мұхтар Әуезов болмаса Еңлік пен Кебек образдары асқақтық дәрежеге көтеріле алмас еді.

Ал орта ғасырда хрестиандық инквизицияның құрбаны болған италияндық ғалым Джордано Бруноның өзі көзі жеткен шындық үшін отқа өртеніп қаза табуы асқақтықтың биік үлгісі. Егер ол шіркеудің айтқанына көніп, айдауына жүрсе, мен қателескенмін десе өлмей тірі қалуына да болатын еді, бірақ оған шындық қымбат болды, сол өзі дәлелдеген ақиқат шындық үшін жанын құрбан етті. Егер ол ақиқат үшін өртеніп өлмесе, райынан қайтса оның әрекеті адамзат үшін асқақ болмас еді.

Бетпақтың ұшқан құстың қанаты талатын кең жазира шөл даласын көргенде бойымызды алғашында белгісіз бір үрейдің рахаттану сезімімен қатар билейтінін жоққа шығаруға болмас. Ал Қожа Ахмет Яссауи мазарын көргенде ешқандай да үрей, қорқыныш сезімін аңдамаймыз.

Асқақтыққа ұмтылу өнерде жеке суреткердің стильдік ерекшелігі ғана емес, кейде ол тұтастай бір ағымның немесе бағыттың ерекшелігі болуы да мүмкін. Асқақтыққа ұмтылыстың әсіресе романтикалық өнерде басымырақ болып келетінін атап көрсеткен орынды. Романтик ақындар мен сазгерлер, суретшілер өз өнерлерін асқақтық жағдайында тудырады деген де түсінік бар. Жан Поль Рихтер романтик ақындар «ең жоғарғы көңілді кеңістікте» өмір сүреді деген екен. Ал Врубель деген өзі романтик данышпан суретші өнердің басты міндеті адамдардың жан-дүниесін «алып образдар арқылы ұсақтықтан жирендіру, ояту» депті. Асқақтықта күнделікті күйкі тірліктің күйбеңі сөз болмайды. Онда макро кеңістіктегі макрооқиғалар ғана сөз болады. Микро әрекеттердің де үлкен ұғым тудыра алатын, мәні зор түрлері асқақтық ұғымында өмір сүреді. Қазақ ұғымындағы ірілік, кісілік, мәрттік, ерлік, батырлық, шешендік т.б. түсініктер асқақтық ұғымымен мазмұн жағынан сәйкес келеді. Үлкен ұлы істер, биік адамгершілік асқақтықтың басты шарты болып саналады.

Біз асқақтық сезімінің әсемдікпен астасып жатқан сырлы құбылыс екенін білеміз, солай бола тұрса да олардың арасында аздаған өзіндік айырмашылықтары болады. Ең басты айырмашылығы асқақтықтың ешқашан да күлкі шақырмайтыны. Күлкі асқақтыққа жат қасиет. Асқақтыққа салмақтылық, ойлылық тән. Мейлі оның көлемі шағын болса да мазмұны ірі, тіпті зор, сипаты әсем болуы тиіс. Себебі асқақтық деген қарапайымдылықпен егіз ұғым, ал қарапайымдылық деген әрдайым әсем де сұлу құбылыс екендігі баршаға аян. Бірақ қарапайымдылық ешқашан да күлкі шақырмайды. Мұны біз жоғарыда мысалға келтірген Мағжан өлеңінен де анық аңғарамыз. Өлең мазмұны бізді қаншалықты қуанышқа кенелтіп, рахат сезімге бөлеп, ләззатқа кенелткенімен күлкіден ада. Бұл жердегі ой айқын, сезім шынайы.

Билет

Наши рекомендации