СӨЖ 2. ІЛИЯС –ЛИРИК АҚЫН

Тапсырма 1. Ілиястың пейзаждық өлеңдері (ақын жырлаған табиғат негізінде сурет салу - галлерея құрастыру)

Ағыңды менің Ақсуым

Ағыңды менің Ақсуым,

Ақырып әлі ағасың,

Ақиланған ашумен,

Ақтарды асқар сабасын.

Тас тарпуын, шапшуын,

Қарасаң қайран қаласың,

Жалғыз жазғы бір кеште,

Жағаладым жағасын.

Тұнжыраған торғын түн,

Төндім сұлу суына.

Таңырқап тау-тас тамсанып,

Жымиды жұлдыз мұңыма.

Сүмиген сүңгі сұрша тал,

Шомылды таудың суына.

Таймандаған тайпақ ай,

Желегі ме, туы ма?

Шүйке шарбы бұлтты

Қалқалай қалды қылмия.

Аспанды, ай алтын құшағы,

Қусыра қайың құшады.

Қарамай қайың, қалайша

Қаужиған құшсын бұтаны?

Қайың мен сәуле сүйіссін,

Сүймегенді нысабы:

Итмұрыны меңіреп,

Қудырлап қоңыз ұшады.

Бауырлаған ағынның,

Сумаңдап суы сылдырайд;

Қудиған қоңыр құрақтың

Саусағы суда судырайд;

Суға төнген бір шыбық

Дірілдейд, суда сырылдайд;

Оған қонған бір шымшық

Шиқ-шиқ етед, шырылдайд...

Ақшам

Көкше көкте ақша бұлт

Көміліп күн нұрына,

Жел байырқау, жер сұлық,

Қызғыл алтын шұғыла.

Ақ шашты ана - ала асқар

Оқыды сам жығыла.

Жау көргендей жартастар

Жамылды тұман дулыға.

Қабағын түйіп қоңыр күз,

Қарағай, қайың қалтырап;

Талда аңырап әнші құс,

Таста суыр тантырап.

Жазыла есінеп жапан қыр,

Маужырар сұлап, балбырап,

Даладан, таудан, көшті нұр,

Салбырап, сам жамырап.

Тауды тұман бөкселеп,

Өзен төлі жамырайды.

Көз жұмғанда көкше көк,

Көсіліп жер тымырайды.

Біздің күз

От жақтырды жауратып

Шыңылтар күзгі тымырсық.

Маздаған от болмаса,

Кемпір мен шал ыңырсып.

Қара қи қалап от жанса,

Жылынар бала жыбыршып,

Бүрсеңінен жазылар

Қызыл қарын, бұғы шыт.

Кәрі қойдың сорпасы,

Таңдайға татыр жылымшып.

Атасы берген жілікті,

Келіні тістер қылымсып.

Қойшыға жылытқан көженің

Бет, ауызы мың қылшық.

Ылақ, тоқты күйлесе

«Шашыратқы» дер ырымсып.

Қора жамап Бекей жүр;

Өзгелерден бүйірсіп,

Ат майлап мініп Әлі жүр

Мал тапқыш, арқан ұрысып;

Қызды ауылда Ержан жүр,

Баямбайдың ұлысып.

Барын жөндеп бақгырмай,

Жоғын жөндеп таптырмай,

Әлі менен Ержанды

Иектеп жүр бір қырсық.

Боранда

Қарлатып қатты боран қарпылдап тұр.

Үскірік-аяз қызыл шартылдап тұр.

Қой ығып, басын қоршап ыққа тығып,

Көміліп қалың қарға қарқындап тұр.

Сүйеніп таяғына қой қасында,

Дірілдеп Таймас сорлы қалтылдап тұр.

Аяқта жуан жіппен буған шарық,

Сүйреліп киіз шұлғау жалпылдап тұр.

Ашылып қабырға-омырау қарға қарсы,

Тақымы шалбарынан жалтылдап тұр.

Денесін қалыбымен суық ұстап,

Ызың жел селкілдетіп, аңқылдап тұр.

Мойнына жабысқан қар ери қатып,

Иекте мұз сүңгілер салпылдап тұр...

Жылы ішік, түлкі тұмақ, саптамалы,

Дүйсек бай дөң басында салқындап тұр.

«Ары таман қойды қозғап, жайсаңшы!»- деп,

Таймасқа қожайынсып шаңқылдап тұр

«Алғаның ас болмағыр, ит-шошқа» деп,

Қарғадай қармен бірге қарқылдап тұр.

Бұлт

Түнгі жаймен жуынып,

Көгілдір көк күлімдер,

Шөгіп шоқ-шоқ тұман, бұлт,

Шоқы сүйіп, дірілдер.

Көк мұнарлы белбеуін

Алып тау бел буына;

Сәлем беріп бұлт керуен,

Таңда тауға жығыла.

Қабағы мұз, суық шал

Қолын алып, қас қаға.

Желде, құзда несі бар,

Қалғыды тас жастана.

Бұлт - бөбек, тау - ана,

Ана төсін аймалай,

Ұйықтай тұрсын ол бала,

Шыққанынша жел қалай.

Жайлау

Көк кілем қатипадай жасыл жайлау,

Қаз-қатар ауыл арты желі байлау.

Жайлаудың жаз мезгілін елестетіп,

Мақтаншақ мінезім бар жұртқа айқайлау.

Айы алтын, көк жайлаудың күні күміс.

Ақ тасы бұлағының маржан, күріш.

Етегін шалғын шалып, жел шайқаса,

Бейне той секілденер жасқа жүріс.

Құлын, тай кісінесіп шіңгір-шіңгір,

Тас бұлақ жайлау мақгар қағып сылдыр.

Тырайып көк жотада қой шетінде,

Мастанған қатық ішіп қойшы құрғыр.

Қарағай қалың отыр қарсы бетте,

Қарашы Қалиман мен Бейсембекке:

Теңселіп, тебісіп тұр алтыбақан

Байлап ап отын жібін әлпеншекке.

Айналған аспанында алғыр бүркіт,

Қатындар күрпілдетіп піскен іркіт.

Әуені анда-санда бұлты торлап,

Жайлауды шомылдырар жұпар бүркіп.

Сапырып бәйбіше отыр сары қымыз,

Бай отыр жалшы жұмсап, сөзі нығыз.

Өзекте мұрын жарып, мастандырар,

Қой үзген таңқурайдан аққан уыз.

Үңілген қыз, келіншек бүлдіргенге,

Қуқыл мәз тебеде елді күлдіргенге.

Жапар таз қой, қозыны жамыратгы,

Әуей боп бүлдіргенде бір жүргенде.

Үй басы құрт қайнатқан, өре жайып,

Күнделеп бие сауған келін, зайып.

Дауылда жел қапсырған арқаны жоқ,

Кедейдің қауешегі тұр қисайып.

Іңірде жылқы жиған жылқышылар,

Сызылтып көңіл тербеп әнге шырқар.

Ән толғап бойжеткенді қыбылжытса,

Күрсініп көзден кекіл кейін сипар.

Қысырақ үйірленген бөрте бурыл,

Саяқсып шет жайылып емес жуыр.

Қайнатқан қазан түспей, таң білінсе,

Азанды сықақ қылар таста суыр.

Алады түнгі ұйқыны күндіз сәске,

Сәскеде сары қымыз түсер бәске:

Манаурап гүл толқытқан самал жұтып,

Ақ сұлу ірге жақта тігіп кесте...

Жауын

Көк шатырлап, жел қарпып,

Жайлар түсті жайнақтап.

Қап-қара сұр мұнартып,

Бұлт аспанда ойнақгап.

Қырыққан ешкі бүржектеп,

Күзеген түйе тайрақтап,

Боранды бұршақ шүмектеп,

Жер су болды тайғақтап.

Құздардан құйды күңіреніп,

Сай-саладан ылайтып,

Сұрғылтым бұлты түнеріп,

Моланы езді шұнайтып.

Жадыраған жазғы күн,

Қоштасты бізге «мұң» айтып.

Арық, әлсіз наз-мұңын,

Жылады, шырқап шын айтып.

Қараңғы перде қанаты

Аспанды шалып, жерді алды.

Меңіреу ұйқы қуаты

Ұйтты жеңіп, елді алды.

Қышқыл уайым, ащы сөз,

Бойдағы сіңген терді алды.

Болжаған түс болып кез,

Ел ұйқысын енді алды.

Желді қарағай

Жайлауым желді қарағай,

Жайлауында елі жарасқан.

Жанымда жайлау жағалай,

Жанса, қалай жақ ашпан.

Қарағайың сыңысып,

Қалың малың қаптаған.

Қара бұлт бураң бұлықсып,

Қара інген тауды қапсаған.

Туырлықтай тұманда

Тұмшаланды тұғыл сай,

Тобылғы торы құнандай,

Томсарды қасы қапсағай.

Шоқшиған шұбар шоқының

Шоғырланса ұшпа ұшынан.

Шолақгың лоңқа шоқтығын

Шолады көкте күшіген.

Ол күнде біз бала едік,

Оздыра құнан шауып ек.

Орғыта ойнақ caп едік,

Ойнай қозы бағып ек.

Жалбағай тұмақ, жауқияқ

Жауырынымызға жабысқан,

Жая шыққан қозы-лақ

Жамырауға жарысқан.

Күн шыққанда

Шырт ұйқыда жатқанда

Шырылдады торғайым.

Ұйқыны ашты, оятты.

Құлан иек, құлқын сәр,

Құрылып торғын шымылдық,

Шырға тартты, таң атты.

Желі желпіп желегін,

Жердегі бәйшешегін

Күлдіре, сұлу күн шықты.

Шыру, шыру, шіркін!- деп,

Көмекейі бүлкілдеп,

Торғайдан «тұрлап» жыр шықты.

Жайшы көрпе, жастықты,

Таста тастай тасбықты,

Апа-ау, әне күн шықты.

Шеш қазықтан сиырды,

Аналар жібін иірді.

Алсаңшы, апа, ұршықты.

Оят, кигіз шекпенін,

Қолына алсын кетпенін,

Барсын әкем егінге.

Қызылдап қымыз сабасын,

Жыртығын үйдің жамасын,

Айт, апатай, келінге.

Орамалын оймыштап,

Оған оқа қойғыштап,

Тәтеме айт, тіксін кестесін.

Шүлен шал мал береді,

Қырығы қыздан дәмелі,

Өз қызығын ескерсін.

Текеметін тұйықгап,

Жатыр ма ағай әлі ұйықтап,

Барсын, малын көздесін.

Барсын, барсын малына,

Шаруа! Жалғыз шаруа!..

Қойдық сөздің өзгесін.

Жастық па, әлде мастық па?

Жатыр басы жастықта,

Інішек мұрны шуылдап.

Күн әлемді оятқан,

Күн күлкісін жел айтқан,

Түр торғайың шырылдап.

Мал масайрап өрісте,

Құрт-құмырсқа бәрі істе,

Тұр көкешім, күн шықты.

Малда ағаң, әкең егінде,

Тәтең көргіш керуде,

Иірді апаң ұршықты.

Қалыпсың ұйықтап, қарағым,

Қалады-ау сенің сабағың,

Жуын, жүгір мектепке.

Ашасың көзді сабақган,

Аласың білім кітаптан,

Боласың адам мектепте.

Көктемде

Жауыны жауып, жасылы

Жарқылдайды - жаз кепті.

Өкіреді өзен тасуы,

Қаңқылдайды - қаз кепті.

Ширады шымайт, шаң шықты

Кұрғады құмайт, саз кепті.

Төңірек ашық, тұман жоқ,

Көктен нұрын күн септі.

Тоғайда, көлде той қылып,

Қаптады құстар жер-көкті.

Ауылдың малы балалап,

Айран шықты аз-көпті.

Қонына құйып қоламта,

Қоқаң емдеп таз кекті,

Манаурап мал-жан жадырап,

Жан-жануар мәз бопты.

Құлазыған қыстайғы

Малға толды сай, қоқты,

Күпісі жалба жабағы

Тойтаң қағып, тай бопты.

Ісек шығып есіред,

Көрпелдес кентек көк тоқты.

Есінде шығар, елім-ау,

Емдеп ед Қоқаң қай көкті?

Қоқаң көгі құлпырды,

Құм сіркеден құтылды.

Қунаң қақты, қоң бітті,

Көгі көкке тойынды,

Құтырып Қоқаң орғытты;

Көмір жинап, көрік жығып,

Ұсталар, ойдай, іс соқты.

Ауылдың бейлі биыл кең,

Үйткені мал-жан дін аман.

Қисаймай шықты қылшығы

Қысыңнан да қысаған.

Азықсыраған ауыл жоқ,

Ашып алды астық ұрадан.

Ақ шықгы, жатыр жағысып,

Жарлысы жоқ жылаған.

Шығынсыз шыбыш лақтап,

Төлдеген тоқты бір заман.

Астығын, малын базарлап,

Қажетін алды қаладан.

Кооперативтен көздеме ап,

Киінді ауыл жаңадан.

Бас-аяғы бір болды,

Бастап еді баладан.

Шаңқиған жейде шал киіп,

Киінді кемпір аладан.

Кәрістетті келіншегі,

Шомытын тастап жамаған.

Қыдырыңды азайды,

Қыдырып үйді шұбаған.

Жалқаулары көрінбейд

Жатып ішіп сұлаған.

Елдің түрі көрінді

Етек-жеңін жинаған.

Шаруасына көрінед

Көбінің көңілі құлаған.

Тісін сайлап, тырбанып,

Тіршілік етті тірі адам.

Қызыл ма, қыз ба, қызғалдақ

Қырға біткен, көз салшы..

Көк масаты көрпе көк,

Көлпілдейді, ойға алшы.

Көк ала батшәй көбелек,

Көбелектей ме ол қайсы?

Көлде тойлап толы құс,

Қызығына тойсамшы!

Мал маңырап өрісте,

Қайырып оны жүр малшы.

Өзгесін былай қоялық,

Онда қайда диқаншы?

Диқаншы кім ауылда?

Айтамысың Қоқанды?

Қоқан байдан қол үзген,

Жалпы шығып, бай қалды

Тоқпақтаумен тоқалды.

Тоқал да тұруы екі-ұрық,

Тоқалға да тақалды.

Соңында ноқта сүйретіп,

Қоқаң байдан ақы алды.

Жалшыға да жар шықты,

Бай жегенін қақалды.

Бай жылады, жұлқынды,

Сатала сауыс сақалды.

Қосшыға Қоқаң жазылды,

Қоғам болды, соқа алды.

Tic темірін тапта деп,

Оны ұстаға апарды.

Қазына берген қарызға

Арбасы мен ат алды;

Сайлады саймандарын да

Шұжықтап мойыл шапанды

Қырқаға әкеп қос салды,

Сықыр-сықыр соқасы,

Солқылдатты сол маңды,

Қоқаң шашты тұқымды,

Қоқаң жерді қопарды.

Көлге

Көмкеруің көк көгал,

Күлмеңдеген күміс көл,

Көнерең кесте - құрақ, тал.

Кестеңді өртер күзгі жел.

Оранып ұлпа ойдымды,

Ойпанда жатып етгің наз,

Төсінде құстар той қылды,

Той бастады қу мен қаз.

Сүңгуір, сұқсыр сүмеңдеп,

Қасқалдағың қалтылдап,

Шүрегейің шүмеңдеп,

Шағалаң шулап шаңқылдап.

Шомылған сұлу суыңа,

Шапылдатып алақан.

Мықшиған мерген қуыңа,

Балалар қуып балапан.

Көк құндақты күміс көл,

Күбірлеме, жыр айтам.

Сал құлақты, көңіл бөл,

Болды сендей бір қалқам.

Ол да сендей сұлу ед,

Жасы да оның жас еді.

Жаз өмірімде туып ед,

Жазы да оның аз еді.

Бейне біткен қайыңдай,

Білегі мінсіз балғынның.

Ақша төсі айдындай,

Шашы сенің, шалғының.

Қасы сенің қабағың,

Лебі сенің лебіңдей.

Саусағы сенің шабағың,

Шынтағы шыбық өрімдей.

Оның да өмірі жартымсыз,

Болды, лажсыз күз жетгі.

Өмір күзі сұрқынсыз,

Екі он бестен жасы өтті.

Сен де сондай боларсың,

Жаздың жақын өтері.

Сен де сондай боларсың,

Бір боларсың екеуің.

Күлмеңдемес көзің көл,

Өлезір де тұнжырар.

Күй күйлетер күзгі жел,

Бақа-шаян шыңғырар.

Толқын бетіңді ажымдап,

Қартаярсың қалтырап.

Долы дауыл азынап,

Жалп-жалп ұшар жапырақ.

Қиқу салған құстарың,

Қош айтысар күн болар.

Құшағыңа құштардың

Қалмас бірі, жым болар.

Қарашалап қар жауса,

Қалармысың қартаймай?

Қамыс, қоғаң сарғайса,

Қартаярсың қалқамдай...

Ыс

Қыс, қар, мұз, қырау, қылау - жерді көміп,

Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп,

Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,

Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп.

Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,

Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ,

Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,

Сапырар сұрапылды кейде бір уақ.

Ойда омбы, дөңде қағыл қырдың қары,

Жылмық, мұздақ болса - қырғындағы.

Қатындар қалтырасып судан қайтқан,

Қарғанып қыдырғанға қырдың шалы.

Көл өлік, қаз қуы жоқ дауыстаған,

Қалған құс - қарға, шөже, сауысқаннан,

Көтеріп көтеремін, көз түрткі боп,

Арсыз жоқ азық-шөбін тауысқаннан.

Шөкитіп шөбін тиеп шанасына,

Қазақ бар қатынасқан қаласына.

Ас-тойдың, бата оқырдың бірі де жоқ,

Мал қамы, ауыл алаш шаруасына.

Күн күңгірт, аспан шаңғыт. Қылаулаған.

Қылаудан бұта бұғып қырауланған.

Ол бір жұт, арамза қой қоздаған,

Ол бір құт, сиыр ерте бұзаулаған.

Қой, жылқы, қайрат қылып жерді қазған,

Ауыл да жүдеу-жадау қыстан азған.

Үсініп аяз, боран үскірікте,

Өткізген қырда өмірін малшы жазған.

Қорада жабуланған арық-тұрақ,

Шөмшеңдеп шөп айнала шыбыш, лақ.

Шанасын шиқылдатып, ит үргізіп,

Ауылға тартқан қонақ, ымырт уақ.

Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан,

Бір қазақ таба алмайсың қысты ұнатқан,

Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар,

Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан.

Істеген жаздай еңбек Иван мұжық

Базарды асырап тұр мая бұзып.

Етпеген жаздай еңбек Иса қазақ,

Сасулы, көрінеді қыс құбыжық.

Жалғыз-ақ мектеп іші қыста қызық

.

Тапсырма 2. Ақын жырларындағы адамның мінез- құлықтары (поэтикалық талдау)

Кесте №1

Наши рекомендации