Транскрипция және транслитерация

Графика ауызекі сөйлеу тілінің дыбыстық жағын, оның ерекшеліктерінің барлығын түгелдей қамтып бере алмайды. Мұндай қызметті транскрипция (Транскрипция - латынның tгаnsсгірtiо - «қайта жазу»деген сөзінен термин) ғана атқара алады. Транскрипцияның әдеттегі жазудан мынадай айырмашылықтары бар: әдеттегі жазу жүйесінде сөздердің дыбыстық жағымен бірге олардың әр түрлі байланыстары, атап айтқанда, этимологиялық және морфологиялық байланыстары да қарастырылып, есепке алынады. Ал транскрипцияда сөздің дыбыстық жағына ғана назар аударылады. Транскрипция үшін сөздің этимологиялық, морфологиялық байланыстарының ешбір мәні жоқ. Бұл - бір. Екіншіден, графика сөздің дыбысталуын әрқашан дәлме-дәл көрсете бермейді. Ал транскрипцияның ең негізгі қызметі - сөздің дыбыстық немесе фонемалық құрамын дәлме-дәл көрсету. Бір әріп ыңғайына қарай әр түрлі фонемаларды белгілей алса, транскрипциялық таңба бір ғана мағынаға ие болады. Бір фонема жазуда (графика) әр түрлі әріптермен таңбалануы мүмкін, ал транскрипцияда ол (фонема) әрқашан бір ғана таңбамен белгіленеді.

Транскрипцияның екі түрі бар: 1) фонематикалық (немесе фонологиялық) транскрипция, 2) фонетикалық транскрипция. Фонетикалық транскрипцияда фонемалардың барлық реңкі (оттенки) бір ғана таңбамен берілсе, фонематикалық транскрипцияда фонеманың әрбір реңкі әр басқа таңбамен белгіленеді.

Фонематикалық транскрипция әрбір жеке тілдің фонемалық жүйесін айқындап белгілеу үшін жасалады да, фонетикалық транскрипция барлық тілдердегі немесе тілдердің тобындағы дыбыстық ерекшеліктерді түгел қамтып көрсету үшін жасалады.

Транскрипциядан транслитерацияны (Транслитерация-латын тілінің tгаns-«арқылы» және litега-«әріп» деген сөздерінен алынған; бір жазудағы әріптерді екінші бір жазудағы әріптермен беру дегенді білдіреді) ажырата білу керек. Транслитерация жазылғанды бір алфавиттен екінші алфавитке, мысалы, орыс алфавитінен латын алфавитіне немесе, керісінше, аударып жазуда қолданылады. Транслитерация әсіресе географиялық атауларды және т. б. жалқы есімдерді жазуда жиі қолданылады.

Дәріс №7

Лексикология және оның түрлері мен салалары

Жоспар:

1. Тілдің лексика жүйесі және негізгі обьектісі (сөз және ұғым)

Сөз мағынасын ауыстырып қолдану жолдары мен түрлері

Табу және эвфемизмдер

Омонимдер және олардың түрлері

Этимология және оның салалары

Тірек сөздер: лексикология, диалектология, этимология, семасиология

Лексикология - тілдің лексикасы туралы ілім. Тілдің лексикасы дегеніміз - бір тілдің барлық сөздерінің жиынтығы, яғни тілдің сөздік құрамы. Мұнымен қатар лингвистикада лексика термині тағы да бірнеше мағынада қолданылады: лексика - тілдегі сөздердің жасалуы мен шығу тегі, негізіне қарай топтасқан сөздердің барлық жиынтығы; лексика - тілдегі сөздердің қолданылу аясы мен шеңберіне қарай топтасқан сөздер жиынтығы; лексика - тілдің сөздік құрамының белгілі бір стилистикалық қабаттарында қолданылатын сөздер тобы; лексика - белгілі бір әдеби бағытқа тән сөздер жиынтығы; нақты бір жазушының немесе көркем шығарманың сөздік құрамы (романтикалық, стильдегі лексика; Абай тілі лексикасы; «Абай жолы» романы лексикасы т. б.). Қолданылу аясы мен шеңберіне қарай тіл-тілдің лексикасы ауызекі сөйлеу тілі лексикасы, тұрмыстық лексика, кітаби-жазбаша лексика, ғылыми лексика, қоғамдық-публистикалық, өндірістік-техникалық, ресми-іс қағаздары, аймақтық, әлеуметтік лексика т. б. деп те көптеген түрге бөлінеді.

Лексикологияның негізгі объектісі - сөз. Сөз - біреу мен біреу қарым-қатынас жасағанда қолданылатын ең негізгі единицасы. Сөзсіз пікір алысу мүмкін емес. Түсінісу, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы сөз арқылы болады. Сөз - тіл дыбыстарынан құралатын негізгі единица. Олай болса, сөз - лингвистиканың ең басты объектісінің бірі. Өйткені тілді зерттейтін тіл білімінің өзі де өз қағидалары мен заңдарын, тіл ерекшеліктері туралы қорытындылары мен тұжырымдарын сөз негізінде жасайды.

Наши рекомендации