Азақ халқының дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптарының этномәдени табиғаты
Қазақ халқының дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптары осы күнге дейін пайда болып, қалыптасуы жағынан музыкалық ерекшеліктері мен дыбыстық мүмкіншілігі, сондай-ақ жасалу тәсілдері мен технологиясы, құрам-құрылымы тұрғысынан біршама зерттеліп, ғылыми бағасын алып келген болса да, бұл ұлттық феномен тілдік тұрғыдан, атап айтқанда, этнолингвистикалық, семасиологиялық қырынан аз қарастырылғаны белгілі.
Қазақ халқының ұлттық аспаптары этномәдени болмыспен біте қайнасқан этноменталитетік ерекшелік негізінде қазақ топырағында туындаған, яғни зауыттар мен арнайы шеберханаларда емес, қарапайым қазақ шеберлерінің өз қолымен жасалып, өз өнерінің өнімі ретінде дүниеге келіп, ат қойылып, айдар тағылған ұлттық рухани және материалдық құндылықтарымыздың бірегейі.
Яғни қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары халқымыздың тұрмысы мен тіршілік қам-қарекетіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі, бірегей заттық мұрасы, рухани-мәдени байлығы болып табылады.
Ұлттық аспаптарға қатысты кездесетін көптеген сөздер мен сөз тіркестері қазақ тілінің сөздік қорының ең байырғы, әрі құнарлы құрамы болып табылады. Сондықтан да сөзқорының бұл құрамын саралап көрсетудің, мағынасы мен этимологиясын ашуға талпынудың өзі лексикология тарихынан да бірқатар мағлұматтар беруді талап етеді. Өйткені, бұл атаулардың көбі – көненің көзіндей болып сақталып, бізге жеткен тарихи мұра. Академик Ә.Т.Қайдар сөзімен айтсақ, «халық пен тілді бір тұтас құбылыс деп қарасақ, тіл – халық өмірінің материалдық және рухани байлықтарын бойына жинаған, оның наным-сенімдерін, дәстүрін көрсететін, ұрпақтан ұрпаққа беріп отыратын баға жетпес байлық» [Ә.Т. Қайдар, 7 б.].
Егер біз ұлттық тіліміздің тарихи даму барысында ұмыт болып, сыры ашылмай келе жатқан төлтума элементтер бар деп есептесек, солардың қатарына, домбыра, қобыз, жетіген, шертер, сырнай, шаңқобыз, дауылпаз, керней, шыңдауыл, ұран, кепшік сияқты көнеден келе жатқан дәстүрлі аспаптар атауларын жатқызуға болады. Тілдің бұл тәрізді деректерін белгілі бір тақырып ауқымында және нақтылы мақсатқа, яғни дәстүрлі ұлттық музыка аспаптарының табиғатын танып-білуге байланысты қарастыру оларды ұлт негізінде тереңнен тексеретін этнолингвистикалық көзқарастың нәтижесі болады.
Домбыра – қазақ музыка аспаптарының ең көне, әрі байырғы, ұлттық музыка өнерінің ұйытқысы, халықтың жан серігі, көңіл күйі болып саналатын бірегейлеріне жатады. Домбыра – қазақ халқының өзімен бірге дүниеге келіп, бірге қайнасып кеткен, музыка мәдениетінде басқаша қайталанбайтын феноменді құбылысы. Домбыра, қазақ халқы үшін көненің көзіндей, ертеден сақталып келе жатқан рухани өмірдің асылы, қасиетті де кәделі белгісі. Қазақ үшін домбыра әуездік төл мұра болуымен бірге, оның ұлт үшін рәміздік нышаны да айрықша. Домбыраны жан-жақты танып-білуге бағышталған арнайы зерттеулер мен әртүрлі (тарихи этнографиялық, аңыз-әңгіме т.б.) пікірлерге, домбыраның түрлеріне, домбыра атауының этнолингвистикалық, этимологиялық табиғатын саралаған жөн.
Ұлттық музыкалық аспаптар ішінде домбырадай кең тараған, халық жадында ертеден сақталып, оның жүрегіне етене жақын, оның мұңын мұңдап, жырын жырлаған аспап жоқтың қасы десек, артық айтқандық емес. Көшпелі ел салтына бұдан артық ыңғайлы, қарапайым да қолайлы аспапты табу қиын.
Домбыра аспабының қазақ халқымен бірге туып, біте қайнасып кеткен көне де байырғы дүние екендігінің бір айғағы – оның үлгі-нұсқалары мен атауларының көптігі.
Домбыра атауларының көп болуының басты себебі бір жағынан, оның жасалу нұсқа-үлгісіне байланысты болса, екінші жағынан, оның құрамдық бөлшектеріне (атрибуттарына), дыбыс шығару мүмкіншіліктеріне, сондай-ақ өз өрнегімен жасатып, өзінше баптап ұстаған қазақтың біртуар, әйгілі адамдары мен атақты домбырашы, әуесқой күйші, ақын-жырау сияқты ерекше адамдардың есімдеріне байланысты.
Ахмет Жұбанов домбыраның қазақ даласында соншама кең таралуын айта келе, оның үш себебін атап көрсетеді: «Біріншіден, кешегі көшпелі дәуірде, құрал-сайман жоққа жақын кезде жасауы қиынға түспейтін аспап керек болды. Екіншіден, біреуге біреу қадағалап, профессионалдық қалыпта үйретіп отыратын жағдай жоқта, өз бетімен талапкерлік дәрежеде үйренушілер үшін техникалық жағы оңай аспап керек болды. Үшіншіден, оңай аспап әнді, жырды сүйемелдегенде ұстауы жағынан тұрып та, отырып та тартуға ыңғайлы болды» - дейді [А. Жұбанов, 25 б.].
Қалай болғанда да, домбыра өнерінің ұзақ тарихында қазақы домбыра үлкен өзгерістерге ұшырады, тұлға, сырт көрінісі жағынан да, ішкі дыбыстық мүмкіншілігі жағынан да дамып, әсемделе, әспеттеле түсті. Домбыра бүгінде қазақ ұлттық музыка өнерінің ең басты тұлғасына айналып отыр. Алайда домбыра 50-ге жуық дәстүрлі ұлттық аспаптардың ішінде «дара тұлғалы аспап» болып саналса да, жападан жалғыз тұрған аспап емес. Ол жеке өзі ғана емес, өз үйірімен дамыған, өз кіндігінен тараған ұялас аспаптардан тұрады. Олардың затына сәйкес өзіндік аттары бар және сол аттары бойынша аспаптар қорында қалыптасқан. Домбыра атауының біршамасы олардың материалдарына (ағаш домбыра, қарағай домбыра, шырша домбыра т.б.), жасалу үлгі-нұсқасына байланысты (қалақ домбыра, қос жақты домбыра, тұмар домбыра, қуыс мойын домбыра, үшем домбыра, бүркемелі//опырмалы домбыра, кең шанақты домбыра), ішегінің санына, түріне байланысты (екі қос ішекті домбыра, үш ішекті домбыра, шіңкілдек домбыра) қалыптасқан. Бұл топқа бас домбыра, прима домбыра атауларын да жатқызуға болады.
Домбыра түрлерін білдіретін атаулардың қатарына ертеректе әуесқой домбырашылар мен ел ішіндегі атақты адамдар ұстаған, не жеке аталықтар мен ру-тайпалар меншіктеген домбыра түрлері жатады. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптар арасында мұндай атаулар, негізінен, домбыра мен қобыз атауларында ғана кездеседі. Ру-тайпалардың, жеке адамдардың, атымен аталған домбыраларға мыналар жатады: Керей домбырасы, Адай домбырасы, Абай домбырасы, Махамбет домбырасы, Әбікен домбырасы, Ахмет Жұбанов домбырасы, Жамбыл домбырасы, Балтағұл домбырасы, Сейтек домбырасы, Майлыбай домбырасы, Байжігіт домбырасы, Ділдә домбырасы, Күбірә домбырасы, Құрманғазы домбырасы, Дина домбырасы т.б.
Бұл дәстүрден аңғарылатын тарихи-әлеуметтік, тәрбиелік, моральдық мәні зор мәселенің бірі – домбыра аспабының қазақ мәдениетінде ең жоғарғы құндылықтарының қатарына жатқызылуында. Қазақ музыкалық аспаптар қорында атауы ресми және бейресми (халық дәстүрінде) қалыптасқан түрлері де біршама.
Қазақтың қара домбырасы – шанағын жалпақ қалақша етіп, ағаштан ойып жасаған, 8-9 перне қадалған, мойны қысқа, ақын-жырау, сал-серілер ұстаған шағын да қарапайым домбыра үлгісі.
Домбыраның бұл түріне қазақ арасында ертеректе (оның кейінгі кезде жетілдіріп, музыкалық мүмкіншілігін дамытып жасаған жаңа нұсқаларына дейінгі) қарапайым халық арасында кең тараған нұсқасы жатады. Көне домбыралардың қарапайымдылығы оны көбінесе домбыра құмар жұрттың өзі жасап алуына байланысты болады. Оларды әнқұмар жұртшылық сөз сайысы – айтыста, жыраулар толғауларын, әнші-өлеңшілер өз дауысын сүйемелдеу үшін пайдаланған.
Күйшінің домбырасы – күй тартуға арналған, кең шанақты, мойны ұзын, пернесі көп шешен домбыра. Күйшінің домбырасы мен әншінің домбырасының бір-бірінен айырмашылығы бар деп саналады. Күйшінің домбырасы әдетте дыбыстау мүмкіншілігі күшті, оның бетіне, әдетте ою-өрнек салынбайды.
Әншінің домбырасы – дауысымен қатар сырт көрінісі сәнді, ою-өрнекті болып келеді. Оған шешен болу да міндетті емес. Әншінің өз дауысына сәйкес, ыңғайлы болғаны абзал.
Қауақ домбыра - форма жағынан ешқандай түрленбейді. Өзгеретіні тек шанақтың көлемі мен мойнының ұзындығы ғана.
Қалақ домбыра - өзінің сыртқы түрінің қалаққа ұқсас болғаннан кейін осылай аталған тәрізді.
Шаппа домбыра – домбыра шеберлерінің айтуына қарағанда, домбыраның бұл түрі шанағын тұтас ағаш кесіндісінен ішін ойып, шауып алып жасайды. Сырт тұлғасы Жетісу, Арқа домбыраларының стиліне келеді. Үні жатықтау, есесіне – қазақы.
Құрама домбыра – шанағы бөлек-бөлек жасалған бөлшектерден құралып (желімделіп) жасалатын домбыра. Бүгінгі таңда құрама домбыраны сазгерлер классикалық шығармаларды орындауға, оркестрде пайдаланып жүр.
Үкілі домбыра – қас шебердің қолтумасы, бәсеке-жарыс, көрмелерде өзінің шешендігімен, дәулескер домбырашының шебер тартуымен үздік бағаланып, жүлде алған, сонысымен ел арасында атағы шыққан, иесін «тіл-көзден сақтасын!» - деп басына үкі тағып ұстайтын домбырасы.
Әмбебап домбыра – қазақы домбыралардың көне нұсқаларының бірі. Оның шанағы жұқа, шанақтың екі жағы бірдей қақпақ, бір жағының қақпағы ұрғашы қарағайдан жұқа етіп жасалады да, кіші жағындағы қақпағы түйенің шикі шап терісінен керіп жасалады. Домбыраның екі қапталына екі-екіден төрт шек тартылады, олар екі-екіден бекітілген төрт құлақ арқылы керіліп тұрады. Екі жағына бірдей тек салынады.
Домбыра атауының шығу төркініне байланысты акад. Ахмет Жұбанов, Броктауз-Ефронның сөздігіне сілтеме жасай отырып: «.....домбыра деген сөз Иранның «дүнбәкі буррә» - қозы құйрық деген сөзінен шыққан және Россияға ол басқа шығыс елдерінен келген», - деп жорамалдайды [А. Жұбанов, 111 б.]. Осы пікірін жалғастыра келе, зерттеуші домбырадан өзгертілген орыстың балалайкасының пернелерін бұрын мал ішегімен байлағанын және оның қазақ домбырасымен тарихи байланыстылығын Москваның этнографиялық музейінде тұрған Архангель губерниясының үш ішекті домбырасына ұқсайтындығын, домбыра мен орыстың балалайкасы арасында кейбір ұқсастықтың бар екенін ескертеді [А. Жұбанов, 111 б.]. Жалпы алғанда домбыра тектес екі ішекті аспаптар Шумер дәуірінен бері қарай белгілі. Көне сөзде ду – «екі», тар – «ішек» деген ұғымды береді. Көшпелілердің домбыраны дутар деп атағандығы көрсетіледі [Ә. Марғұлан, 10 б.]. Біріншісі, ду – «екі» деген мағына, ал тар деген «ішек» деген мағынаны білдіреді. Бірақ бұл түркі (қазақ) тілдеріне тән сөз емес және ол домбыраның да атауы бола алмайды. Бүгінде ол ұйғыр, өзбек, түрікмен т.б. түркі халықтарының салтында бар, бұл дутар аспабы, домбыраға кейбір ұқсастығы болғанымен айырмашылығы да бар.
Домбыра атауының шығу төркіні туралы музыка аспаптарын зерттеуші ғалым Болат Сарыбаевтың пікірінше: «Домбыраға өте ұқсас танбура деген аспапты өз кезінде Әл-Фараби зерттеген. Танбуралар екі және үш ішекті болыпты. Екі ішекті танбуралардың басында бір-біріне қарама-қарсы немесе мойнының бір жағында ғана екі құлағы болған. Құлақтан сәл төмен, ішектер үшін кетігі бар шайтан тиек орналасқан»; «перне саны - бесеу» [Б.Сарыбаев, 118 б.]. Осы пікірді жалғастырып, домбыра зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы: «Осы танбураны қазіргі домбыраның орта ғасырлық нұсқасы десе де болғандай» деп жобалайды [С. Медеубекұлы, 10 б.].
Домбыра атауын Н. Оңдасынов А. Жұбановтың пікіріне сүйене отырып, «парсы тіліндегі «домбә бәррә» («қозының, тоқтының құйрығы» деген мағынадағы) тіркестен қысқартылып алынған», - деп басып айтқанын көрсетеді [Н. Оңдасынов, 138 б.]. Домбыра табиғаты туралы сөз етуші еңбектер мен деректерде бұдан басқа да пікір-тұжырымдар баршылық. Олардың басым көпшілігі домбыра атауының төркінін қазақ тілі әлемінен емес, шет тілдерден (мысалы, иран тілдерінен) іздеуге тырысады. Біздіңше, қалай жасалып, қандай мағыналық уәжге сүйеніп қалыптасса да, домбыра аспабының атауы қазақ халқының төл туындысы. Мұны негізгі үш тұғырға сүйеніп дәлелдеуге болады: 1) этникалық-мәдени орта– ол қазақ қауымы; 2) этимологиялық негізі– қазақ тілі; 3) аталу уәжі– домбыра аспабының дыбыстық ерекшелігі.
Домбыра атауы бірен-саран туыс тілдерде ғана кездескені болмаса, сол тілдегі аспаптың өз басында «домбыралық қасиет» дамымаған, не мүлдем оған ұқсас емес. Осыған байланысты домбыра атауын біз қазақ тілінің өз табиғатынан туындаған төл атау және домбыра шығаратын дыбысқа еліктеп, соны бейнелеуден туындаған байырғы атау деп қараймыз. Музыка – дыбыс өнері. Шынында да музыкалық аспаптардың аспап санатына қосылар бір сәті оның дыбыс шығару (яғни музыкалық) мүмкіншілігіне байланысты. Міне, осыған орай біз домбыра атауын сонау ерте кезде оның қарапайым кескін-келбетінен шыққан табиғи дауысына байланысты қалыптасқан деп қарастырамыз. Ал, тіл заңдылығына сүйенсек, бұл қазақ тіліндегі (басқа түркі тілдеріне ортақ) еліктеуіш сөзжасам категориясына тән құбылыс. Мысалы, тіліміздегі: күңгірле-дірілде, дарылда, барылда, сарылда, қырылда, сырылда, даңғырла, қаңғырла, дүмбірле, күмбірле т.б. осы қатардағы еліктеуіштер табиғаттағы мың сан дыбыстарды бейнелеуден туындаған. Міне, домбыра атауы да сол табиғи дыбыстардың (домбыра үніне ұқсас) біреуіне еліктеуден туған деп жобалауға болады.
Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары дыбыс ерекшеліктеріне қарай былайша жіктеледі. Олар: соқпалы-шулы аспаптар, үрлемелі аспаптар, ыспалы-шертпелі аспаптар. Осы жіктелу тәртібін сақтай отырып төменде олардың сыртқы сипатына, аспап жасалатын затына, жасау әдіс-тәсілдеріне, қолданылатын құрал-саймандарына шолу жасаймыз.