Темперамент туралы теориялар
Темпераменттер жөніндегі ғылымның ірге тасын қалаған ежелгі грек дәрігері - Гиппократ (б.э.д. V ғ.). Оның тұжырымы бойынша, адамдар төрт "дене шырындарының" - қан, шырыш, өт, сµл - өзара қатынасымен ажыралады. Осы психологиялық тағылымды арқау ете отырып, ежелгі дүние дәрігері Клавдий Гален (б.э.д. ІІ ғ.) алғашқы рет темперамент түрлеріне ғылымдық сипат берді. Гален темперамент түрін денеде жоғарыда аталған шырындардың бірінің басымдылығымен байла-ныстырды. Ол біздің заманымызға дейін жеткен темперамент атауларын белгіледі: сангвиник (sangіus - қан), флегматик (phlegma - шырыш), холерик (chole - өт), меланхолик (melaschole - запыран).
Ежелгі дәуірлерден бастап зерттеушҢлер адамдардың дене құрылымы және физиологиялық қызметінің ерекшеліктерімен сай келетін көп түрлі әрекет-қылықтарды топтап, ретке келтіруге ат салысты. Осы?ан орай темпераменттің көп түрлі типологиясы қалыптасты. Бұлардың ішінде назар саларлықтай тип - адамның дене құрылымына байланысты дараланып, тума темперамент ?асиеттерҢне негізделген - конституциялық типология (Э.Кречмер). Бұл теорияның мәні: әр адам өз дене құрылымына орай өзіндік психикалық ерекшелікке ие. Осыдан, дене мүшелерінің (қол, аяқ, бас, кеуде ж.т.б.) сырттай өлшемдеріне байланысты төрт конституционалды психикалы? тип белгіленген:
1. Лептосоматик (єлжуаз) - бойшаң, нәзік денелі, көкірек тұсы жайылыңқы, тар иықты, қол-аяғы ұзын, сидыйған.
2. Пикник (шєлтік) - мығым, семізшең, кіші немесе орта бойлы, қарны қампиған, домалақ бас, қысқа мойын.
3. Атлетик (шомбал) - бұлшық еттері күшті дамыған, денесі мығым, берік; ұзынша не орта бойлы, кең иықты, жамбас сүйектері тартылған.
4. Диспластик (м‰гедек) - дене бітімі қисынсыз. Бұл адам-дар - әрқилы мүшелік зақым-сырқаттарға ұшырағандар (сырықтай ұзын, қауға бас, тума аяқ-қолы кемістер).
Аталған дене құрылымы типтеріне үш темперамент типі сай: шизотомик, иксотомик, циклотомик. Шизотомик - дене құрылымы нәзік, әлсіз дамыған (асте-нический), тұйық, эмоциялары ауыспалы, тұрақсыз, талаптар мен көзқарастар өзгеріміне ере бермейді, осыдан қоршаған ортаға икемдесуі қиын. Иксотомик- денесі мығым (атлетический), мінезі байсалды, сезімталдығы кем, ым-ишараға жоқ, ойлау қабілеті шабан, көбіне майдашыл. Циклотомик - семізшең, домаланған денелі, эмоциялары қайғы мен қуаныштың арасында бірдей, тіл табысқыш, көзқарастары шындықтан ауытқымайды (Э.Кречмер).
Темперамент түрлерінің кейбір жалпы психикалық процестер ерекшелігіне тәуелді келуі И.П.Павлов және оның шәкірттерінің еңбектерінде эксперименталды дәлелденген: И.П.Павлов иттің шартты рефлекстік әрекет ерекшеліктерін зерттей отырып, олар қылық-әрекеттеріндегі даралық өзгешеліктердің пайда болуына назар аударды. Мұндай айырмашылықтар ең алдымен иттердің рефлекс-тік қозулары мен сол қозулардың сөну теңдігі мен дәлдігінен көрінген. И.П.Павлов темперамент типінің жүйке қасиеттері ретінде қозу мен тежелу күшін, тепе-теңдігін және қозғалмалылығын атап көрсетті.
Қозу күші мен тежелу күші - бір біріне тәуелсіз жүйке жүйесінің дербес қасиеттері. Қозу күші жүйке жасушаларының әрекетшеңдік қабілетінің белгісі. Осы күшке орай жүйке төзімді, ұзақ не қысқа мерзімді әсерлі қозуды сақтай алады, тежелуге бейімделеді. Ал тежелу күші жүйке жүйесіндегі күшті әсерлерді басып, сөну және біріктіру шартты реакцияларын іске асыру қызметін атқарады.
Жүйке жүйесі процестерінің тепетеңдігі қозу мен тежелу құбылыстарының өзара бірдейлік сипатын көрсетеді. Осы екі процесс күштерінің аралық қатынастарынан, бір процесс күші екіншісінен басым болуынан тұлғаның ұстамды, байсалдылығы не ұстамсыз, ауыспалылығы туындайды. Жүйке жүйесінің үшінші қасиеті - жүйке процесінің қозғалмалылығы - бір жүйке процесінің екінші түріне ауысу жылдамдығында көрінеді.
Жүйке қозғалмалылығына қарсы құбылыс - жүйке жүйесінің селқостығы (инертность). Бір процесс түрінен екіншісіне өту үшін қаншалықты көп уақыт пен күш қажет болатын болса, жүйке жүйесінің селқостығы сонша үлкен болғаны.
Аталған жүйке процестерінің қасиеттері негізінде жүйке жүйесінің типі немесе жоғарғы жүйке қызметінің типі деп аталатын құрылым түзіледі. Бұл жүйе әр дара тұлғаның жүйке жүйесіне тән негізгі қасиеттер бірлігінен құралады. Ол қасиеттер: қозу мен тежелу процестерінің күші, тепетеңдігі, қозғалмалылығы. Осы үш қасиетті негізге ала отырып, И.П.Павлов жүйке процесінің күшіне орай және күшті тип пен әлсіз типті айыра, жүйке жүйесінің төрт негізгі типін ажыратты:
· к?шті, қозу мен тежелуі теңдей, қозғалмалы - сангвиник;
· күшті, қозу мен тежелуі теңдей, салғырт - флегматик;
· күшті, қозуы басым - холерик;
· әлсіз тип - меланхолик.
Темперамент түрлері
Темперамент - бұл адамның психика-лық әрекетінің динамикасын айқындайтын дара қасиеттерінің жиынтығы. Ал қасиеттер іс-әрекеттің барша түрінде мазмұн, мақсат, сеп-түрткілерге тәуелсіз, бірдей сипатта көрініс береді, ересек шақта да өзгеріссіз тұрақталады. Психикалық қасиеттер өзара байланысқа келумен белгілі темперамент типіне негіз болады. Темперамент типінің нақты көрінісі сан алуан. Олар тек сырттай әрекет-қылықта ғана емес, сонымен бірге барлық психикалық құбылыстар да: сезімде, ниет пен әрекетте, ақыл-ой жұмысында, тілдесу ерекшеліктерінде ж.т.б. байқалады.
Дәстүрлі қабылданған темпераменттің төрт (сангвиник, холерик, флегматик, меланхолик) түрінің психологиялық сипатын түзу үшін көбіне төмендегі аталған негізгі темперамент қасиеттері қолдануда:
Сезімталдық (сензитивность) - адамның қандай да психикалық жауап әрекетінің (реакция) пайда болуына себепші сыртқы әсер күшінің ең төменгі деңгейі мен сол жауап-әрекеттің туындау шапшаңдығы.
Жауап-әрекетке келу (реактивность) - бірдей ықпалды сыртқы не ішкі әсерлерге болған ырықсыз жауап-әрекет дәрежесі.
Белсенділік (активность) - мақсатқа жетуде адамның қоршаған дүниеге ықпал жасау және кедергілерді жеңу үшін жұмсалған әрекет-қылығының қарқындылығы (табандылық, зейін қою, бағдар таңдау ж.т.б.).
Жауап-әркетке келу мен белсенділік қатынасы - адам іс-әрекетінің өзін пайда еткен себепке қанша- лықты тәуелді екенін білдіруі: кездейсоқ сыртқы немесе ішкі жағдайлар (көңіл-күйден, кездейсоқ оқиғалардан), болмаса ниет, мақсат, талғам ж.т.басқалардан.
Икемділік (пластичность) - адамның сыртқы әсерлер мен өзгерген жағдайларға қаншалықты жеңіл әрі жылдам үйренісе алуы немесе жаңа жағдайға салғырт (инертно), тіпті жат қылық көрсетуі.
Жауап-әрекет қарқыны - әрқилы психикалық әрекеттер мен процестер, сөйлеу, ым-ишара қозғалыстары мен ой білдіру шапшаңдығы.
Экстраверсия, интраверсия - адамның жауап әрекеті мен іс қимылына себепші жағдайлар - нақты мезеттегі сыртқы сезімдер (экстраверт) немесе өткен мен болашаққа байланысты санадағы бейне, елес пен ойлар (интроверт).
Сезімдік қызбалық(эмоциональная возбудимость) - эмоционалдық жауап болуы үшін қажет ең төменгі әсердің шамасы мен оның туындау жылдамдығы.
Аталған қасиеттерді ескерумен қазіргі заман пси-хологиясында темпераменттің барша ғылыми қауым қабылдаған төрт типінің сипаттамасы төмендегіше:
Сангвиник. Жоғары дәрежелі әрекетшең адам, дегенмен, бұл әрекетшеңдік оның белсенділік қасиетіне сай, қозу мен тежелуі тепетең. Назарын тартқанның бә-ріне араласа кетеді, ым-ишарасы мен қозғалыс қимылдары мәнерлі, шапшаң. Мұндай адам көтеріңкі белсенділікке ие, жұмыс қабілеті мен қуатының жоғары болуынан жаңа іске қаймықпай кіріседі, ұзақ уақыт тауып - шаршамастан қызметін жалғастыра алады. Зейінін таңдаған объектіне тез шоғырландырады, тәртіпті, қажет болса, өзінің ырықсыз әрекеттері мен сезімдеріне тоқтау, тиым бере алады. Әрекеті жедел, ақылы-ойы икемді, тапқыр, сөйлеу қарқыны шапшаң. Сезімдері, көңіл-күйі, қызығулары мен ниеттері өзгерген жағдайға байланысты жеңіл ауысып отырады. Сангвиник төңірегіндегілермен тіл табысқыш, жаңа талаптар мен жағдайларға икемшіл. Қиналмастан бір істен екіншісіне ауыса алады, қажет болса, қайта үйреніп, жаңа дағыларды қабылдауға шебер. Әдетте, бұл типті адам өткені мен болашағын болжастыруда өзінің субъектив пайымдауларының жетегінде қалып қоймай, көбірек сыртқы әсерлерді объектив бағамдауға бейім, экстраверт.
Холерик. Сангвиник сияқты жай әсерлерге берілмейді, әрекетшең және белсенді. Бірақ холериктің әрекетшеңдігі белсенділіктен басымдау, сондықтан ол ұстамсыз, шыдамсыз, қызба. Сангвиникке қарағанда салғырттау, икемі кемірек. Осыдан - ниеттері мен қызығулары тұрақтылау, табанды, зейінін ауыстыруы қиындау, сезімі көбіне сырттай көрінеді, сондықтан - толық экстраверт.
Флегматик - әрекеті енжар, сезімталдығы мен көңіл шарпулары кем көріністі. Оны күлдіру де, мұңайту да оңай емес, төңіректің бәрі күлкіден жығылып жатқанда, ол мізбақпас. Қай жағдайда да сабырлылығы мен байсалдылығын жоймайды. Ым-ишара жоқ, сөзі сылбыр, әрекеті жай. Жаңарған жағдайға икемделуі қиын, дағдылары мен әрекеттерін өзгертуі ауыр. Солай да болса, флегматик өте қуатты, жұмыстан шаршамайды. Шыдамды, ұстамды, сезімге берілмейді. Әдетте, жаңа адамдармен араласып кете бермейді, сырттай әсерге төзімді. Бар білгені ішінде - интраверт.
Меланхолик. Өте сезімтал, бірақ әрекетшеңдігі кем адам. Болмашы нәрседен көзіне жас үйіріліп, өкпе-легіш, сырттай әсерді күйзеліспен қабылдайды. Ым-ишарасы жоқтың қасында, дауысы мен қозғалысы өте сылбыр. Әдетте, өзіне сенімсіз, үркек, болмашы қиындықтан шегінеді. Меланхоликтің жігері кем, тез шаршайды, қызметі болымсыз. Зейіні тұрақсыз, оның барша психикалық процестері әлсіз. Көпшілік меланхоликтердің өздерінің тұйықтығы мен адамдардан оқшаулануынан ішіне түйгені көп - толық интраверт.