Мәңгілік образдардың генезисі
Зерттеуші Е.Ысмайылов: «Өмір талабы – әдебиет талабы. Ол әдеби процестің ішкі даму қажеттілігімен жарасымды ұштасады. Ұлт әдебиеттерінің басым бөлігінде осы заман тақырыбын игеру өткен заманның көркем шежіресін жасау жолымен жүзеге асып отырғанын әлдебір кездейсоқтық деп түсінуге болмайды. Бүгінгі күннің қаһарманын тану үшін сол қаһарманның әдеби «генеологиясына», үрім-бұтағына да көз жүгірту керек. «Халықтың кешегісі мен бүгінін, бүгіні мен ертеңіне салыстыра отырып білу үшін де бұл өте қажет», – деп кез келген категорияны жете тану үшін оның шығу тегіне қарау керектігін өте дұрыс көрсеткен» [6, 110].
Неліктен әрбір көркем шығарманың кейіпкерлері мәңгілік образға айналмайды? Тіпті кейде шығарма қанша танымал болса да, немесе көркемдік тұрғыдан қанша жоғары дәрежеде болса да оның жасаған образдары мәңгілік тұғырына көтеріле алмай жатады?
Әрине, оған көптеген нәрселер әсер етуі мүмкін және бұл «мәңгілік образдың генезисі» деген мәселеге келіп тірелетіні анық. Мәңгілік бейнелердің дүниеге келу мен жетілу тарихын жете түсіну үшін мәңгілік образдары мықты бекіген шығармалардың бойына үңілу керек. Осыған орай, мәңгілік образдардың галереясын түзе білген Э.Хемингуэй және төл әдебиетімізден қайтадан М.Әуезов пен О.Бөкей шығармашылықтарына назар аударуға болады.
Негізінен, аты аталған үш жазушының стилі, тілі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Тіпті жазу мәнерлері де әртүрлі. Дегенмен, үшеуінде де өзгермейтін ортақ бірнәрсе бар. Ол – жазушының қалам тартып отырған басты тақырыбы, идеясы. Яғни, бұл жазушылар туындыларын «кімге, қалай жазуды» емес, «нені жазуды» көбірек ойлайтындай. Мысалы, Э.Хемингуэй – әдебиетте «жоғалған ұрпақтың» ең ірі өкілі болып саналады.
«ХХ ғасырдағы тарихи оқиғалар, соның ішінде Ресейдегі төңкеріс, бірінші дүниежүзілік соғыс әдебиетке де өз әсерін тигізді. Ол әлемдегі күшті әдеби ағымдардың бірі – «Lost generation», «потерянное поколение», яғни «жоғалған ұрпақты» дүниеге әкелді» [7, 29]. Бұл ағымның өкілдері ретінде Э.Хемингуэйден басқа Ф.С.Фицджеральд, У.Фолкнер, Э.М.Ремарк, О.Т.Кристенсен, Дж.Дос Пассос сияқты жазушылар да танылған.
«Жоғалған ұрпақ» – сол кездегі өмірдің әділетсіздіктерін ерекше сезінген, соғыста шынайы адами құндылықтардың жоғалуын ауыр күйзеліспен қарсы алған, заманның бірімен-бірі келіспейтін қарама-қарсы қайшылықтарын жеке басының ауыртпалығы ретінде қабылдаған қауым. Олар маңайынан кісілік, сұлулық пен адами құндылықтарды іздейді, бірақ таппайды.
Ең алғаш бұл атау әдебиетке Э.Хемингуэйдің қолдануымен енеді. Ол бұл сөздерді Париждегі көлік жөндеушінің өз көмекшісіне айтып жатқанын естиді. Содан кейін Э.Хемингуэй бұл сөздерді өзінің «Фиеста» атты шығармасына эпиграф етіп алады. Содан бері термин болып кеткен атау белгілі бір ұрпақтың бар екенін, олар туралы дүниежүзілік әдебиетте тақырып қалыптасқанын білдіреді. Аты аталған жазушылар соғысты көрген, жастық шағын қан майданда өткізген ұрпақтың жан жарасын көркем сөзбен жазды. Кейіпкерлері – ешнәрсеге сенбейтін, әдемі сөздерден де қашатын, тәні мен рухы жараланған, рухани жүдеген «жоғалған ұрпақ» өкілдері.
Мысалы, «Қош бол, қару!» романында Э.Хемингуэй соғыста адам адамгершілігінен қалай айырылады, «жоғалған ұрпақ» кімдер және олардың қалай қалыптасқаны туралы жазады. Адам тағдыры мен қоғам арақатынасы біржақты және аяусыз күрделі екені бұл шығармада еріксіз алға шығады. Роман кейіпкерлері тән мен жанның қажеттіліктерін айрықша түсінеді. Шығармадағы граф Греффи бас кейіпкер Генриге рух пен тән туралы былай деп түсіндіреді: «Тело стареет... А дух не стареет, и мудрости не прибавляется... Это великое заблуждение – о мудрости стариков. Старики не мудры. Они только осторожны» [7, 35].
Ойламаған жерден Генри махаббат сезімін бастан кешеді. Соғыс пен махаббат, өлім мен өмір заңдылықтарының күресіне айналады. Ал Гарри көз жұмарда өлім тіпті оған кейіпкер ретінде көрінеді. Өлімнің адам тәнін қалай жаулайтынын жазушы өте шебер бейнелейді. Бірақ оның адам жанына әсер ете алмайтынын да айта кетеді. Сондықтан Гарридің кеудесіндегі жаны бұрынғы ауыр жүктен арылып, керісінше, ерекше жеңілдікпен көкке жол тартады. Әңгіменің соңында Гарри тамаша әсемдікті көреді: «...там, впереди он увидел заслоняющую все вперед глазами, заслоняющую весь мир, громадную, уходящую ввысь, немыслимо белую под солнцем, квадратную вершину Килиманджаро. И тогда он понял, что это и есть то место, куда он держит путь» [7, 49].
Э.Хемингуэй өз замандастарының көркем шежіресін жазып кетті. Оның кейіпкерлері жан мен тәннің айырмашылығын түсінеді, істері мен құлықтарын өздері талдайды және сезімдері мен күйлерін қысылмастан еркін жеткізе алатын тұлғалар. Л.Н.Толстой мен Ф.М.Достоевский секілді ол көркем әдебиетке бұрын болмаған кейіпкерді әкелген жоқ. Ол бар болғаны «жоғалған ұрпақ» кімдер екенін түсіндірді, заман мен тұлға арақатынасы қандай деген мәселеге өз үлесін қосты. Сондықтан оның оқырманы бүгін де аз емес. Өмірінің соңында Э.Хемингуэй өзінің замандастары, яғни өзінің кейіпкерлері туралы былай деп жазады: «Погибшее поколение! Нет... Мы были очень выносливым поколением, многим из нас не хватало воспитания, но это со временем приходит» [8, 41].
Демек, осыдан келіп мәңгілік образдардың генезисінің бірінші алғышарты шығады. Ол – шынайылық.Не жазса да Э.Хемингуэй суреткерден өмірдің заңдылықтарын білуін талап еткені белгілі. Оның айтуынша, жазушы тек өзі бастан кешкен тәжірибесі туралы жазуы тиіс. Себебі, ойдан шығарылған образ – әдебиет емес. Яғни, шығармалардың нақты өмірлік деректен шығуын талап етіп, оны шартты деп санаған. Көркем нақтылық пен дәлдікті басшылыққа алған жазушы үшін кейіпкерге қойған талаптар да осыған сәйкес болуы керек: «Когда писатель пишет роман, он должен создавать живых людей, а не литературные персонажи. Персонаж – это карикатура... Если автор романа вкладывает в уста своих искусственно вылепленных персонажей собственные умствования, то это не литература» [8, 39-40]. Яғни, әдеби кейіпкер емес, тек әдеби қаһарман ғана мәңгілік образға айналмақ. Сонда мәңгілік образды дүниеге әкелу үшін нағыз жазушыға қандай қасиеттер керек? Осы орайда Хемингуэйдің тағы бір сөздері еске түседі: «Во-первых, нужен талант, большой талант. Такой, как у Киплинга. Потом самодисциплина. Самодисциплина Флобера. Потом нужно иметь совесть, такую же абсолютно неизменную, как метр-эталон в Париже. Потом от писателя требуется интеллект и бескорыстие, а самое главное – умение выжить» [8, 44].
М.Бахтин де: «Әдебиеттің өмір сүруі – суреткердің өз кезінен басқа, оған дейінгі және оның кезеңіндегі әдебиеттермен тұрақты байланыста, диалогта болуы, жазушының оған дейінгі түрлермен көбіне бейсаналы түрде пікірталаста болуы» [7, 105], – деп бұл туралы өз ойын білдіріп кеткен екен.
Э.Хемингуэй қолданған талдау, синтез, монтаж, архитектоника, пауза, ішкі монолог, диалогтың, әңгімелесудің бейнеленуі және сол арқылы мәңгілік образ қалыптастыру тәсілдері оның көркемдік әлемінің ерекшеліктерін құрайды» [7, 55].
Э.Хемингуэйдің туындыларының тағы бір ерекшелігі – олардың тақырыптарының мәңгілік символдылықты арқалауында. Мәселен, жазушы «Қош бол, қару!» романына дейінгі «Күн де шығады» романының аталуы да тегін емес еді. Романның ішкі мазмұны адамның өмірі әлсіз, оның әрекеттері мәңгілікке қарағанда жалған екенін алға тартады. Әр адам басына түскен қиыншылықтарымен оңаша қалады. Роман кейіпкерлерінің рухани құлдырауына соғыс себеп болған, біреуінің тәніне жарақат түсірсе, көбінің жаны жазылмас күйге түсіп, жоғалған руханилықты, әділдік пен адалдықты аңсап іздейді.
Оның кейіпкерлері бізге ХХІ ғасырда несімен жақын? Ең бірінші, олардың биік руханилықты аңсауларымен, абыройға ие болған кейіпкерлер соған сай өмір сүрулерімен жақын. Олар ХХ ғасырдың қатаң соғыстары кезінде де батылдық көрсетіп, ешнәрседен қорықпай, әділдік пен шындықты іздеуімен, сол үшін күресулерімен есте қалады. Олар жалғыздыққа, адамның жеке басының менмендігіне рухани тұрақтылықты қарсы қоюымен құнды. Жазушы кейіпкерлерінің ғана емес, өзінің де өмір мен өлім, жақсы мен жаман, шындық пен өтірік, ақ пен қара, дұрыс пен бұрыс, шынайылық пен жалған туралы қиналған толғаулары бүгінгі ХХІ ғасыр оқырманына да қажетті екені түсінікті.
Оқырманына бірден ие болып отырған Э.Хемингуэйдің шығармалары әркімге түсінікті. Мәселе оның көркемдік әлемінің нанымдылығында, оның өз заманының басты қайшылықтарын, адамдардың қарым-қатынастық типтерін дәл ашып беруінде.Бұл – мәңгі образдылықтың тағы бір генезистік қыры.Бұл сипаты олардың қоғам, қарапайым адамдардың өміріне араласуы дегенді білдіреді. Мысалы, мәңгілік образдарға бай тағы бір туынды – «Абай жолы» эпопеясы да адамның дүниетанымын, ой-өрісін, жан-жақты кеңейтіп көркейтеді. Ұлт тарихынан, мәдениетінен, өнерінен, тілі мен дінінен, жер-су табиғатынан, ел басқару жүйесінен, халықтың салт-дәстүрінен, ырым-нанымдарынан, тұрмыс-кәсібінен толық, терең хабардар боласың. Аңшылық, саятшылық, музыкалық, ұлттық ойын-сауық өнеріне, ру-тайпалар, таңбалар сырларына, ай аттарының, мезгіл ерекшеліктерінің жай-жапсарына, тал бесік пен жер бесік аралығындағы небір әдет-ғұрыптарға қанығасың.
«Абай жолы» эпопеясының мәңгілік образдары арқылы ұлтымыздың замандар мен дәуірлер бойы жасаған рухани әрі заттық мәдениетінің ғажайып үлгілерін табуға болады. Қ.Сәтбаев: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі кітапты жанап өте алмайды: ғалым-философ одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілінің тууы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманнан қоса көнерген небір тұрмыстық бейнелер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саяттық құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық көріністерінің әрқайсысы жеке-жеке-ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге пара-пар, ғалым-экономистер Қазақстанның ХІХ ғасырдағы халықтың мал шаруашылығы құрылысынан нақты мәлімет алады, ондағы тап қайшылығының түрлерімен, өзіндік ерекшеліктерімен танысады, ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне дейінгі даланың заң жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды» [2, 114-115].
Бір сөзбен айтсақ, шынайы мәңгілік образ қандай мамандықтың иесі, қандай дін өкілі, қандай көзқарасты ұстанса да өз әсерін өткізе алады, бойынан дәл оған қажетті нәрсесін тауып береді.
Кезінде Ф.М.Достоевскийді замандастары «Өмірдің ұстазы» деп атаған.Себебі оның шығармалары адам баласының жанына тікелей тәрбиелік жағынан әсер етіп, оның көңіл-күйінің, рухани ахуалының өзгеруіне ықпал етуімен дараланады. Сондықтан Ф.М.Достоевскийдің шығармаларын жай, селқос оқу мүмкін емес. Оқу процесі оқырманнан үнемі жанының тынбай еңбектенуін, оның іштей қиналуын талап етеді. Қылмыскер кім? Ол шынымен кінәлі ме? Адамдық пен арамдықтың арақашықтығы қандай? Бұл қылмысқа кім кінәлі? Қоғам ба, орта ма, әлде жеке адамдардың пейілі ме? Бұл сауалдарға романның көлемінде жан-жақты, қанша кейіпкер болса, сонша пікірлер беріледі.
Әуелі, дүниежүзілік әдебиеттануда орыс әдебиетін «сауалдар әдебиеті» деген анықтама-ұғым қалыптасқаны белгілі. Неге Ф.М.Достоевскийдің осы шығармасы бүкіл дүниежүзілік әдебиетке ерекше әсер етті? Оның бірден бір себебі – роман тек орыс халқына емес, жалпы адамзатқа, оның ішінде пендешілігі басым қауымға тән нәпсіқұмарлықтың табиғаты, онымен күресуге бет алған кейіпкерлердің іс-әрекеттері суреттелгенімен қызықты. Адамның тәні мен жанының арпалысуын Ф.М.Достоевский бір отбасының мысалымен анықтап берген. Сондықтан мәңгілік сауалдарға жауап іздеп жүрген роман кейіпкерлерінің өмір тәжірибесін бүгінгі зиялы оқырман да қажет етеді. Нағыз суреткер өмірдегі адамның жаны мен тәнінің қажеттіліктерін және олардың көбіне бір-біріне қарама-қайшы болуының сырын ашуға тырысады. Жазушы осыған орай былай деген екен: «Художник приходит в мир, чтобы возвестить нам тайну о человеке, души человеческой» [7, 8].
Демек, мәңгілік образ – өзі де бойында «мәңгілік сауалдарды» арқалап жүруі тиіс. А.Байтұрсынұлы мен М.Бахтин үшін әдебиеттің өзі – адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап іздеуші. Бұл туралы М.М.Бахтин тағы да былай деп кетеді: «С героями полемизируют, у героев учатся, их воззрения пытаются доразвить до законченной системы. Герой... воспринимается как автор собственной полновесной идеологической концепции, а не как объект завершающего художественного видения Ф.М.Достоевского» [7, 9].Ф.М.Достоевскийдің соңғы жазылған «Ағайынды Карамазовтар» романы бүгінгі ХХІ ғасырдағы замандастарымыздың ақылына, қиялына, көңіліне қажетті ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты, адал мен арамды анықтап беретін рухани азық. Мұндай классикалық шығарманың мәңгілік сыры да осыған байланысты. Кейіпкерлердің қайталанбас сана ағымы, қиялы, көңілге түйгендері оларды типтік дәрежеге көтереді. «Мәңгілік» және «қарғысты» сауалдарға жауап іздеуші роман кейіпкерлерінің дүниежүзілік әдебиетте сақталуы да сол себепті болып табылады.
А.Байтұрсынұлы өз еңбектерінде: «Жер жүзіндегі жұрттардың түріндегі шығармалары бір-біріне көбінесе ұқсас келеді. Ондай ұқсас болатын себебі, олар шыққан заманда халықтың бәрінің, бір ананың қолында өскен балалар сияқты, көргені, өнегесі, үлгісі бір болған. Ол уақытта қай халықтың да болса табиғат бауырында болып, табиғат тауқыметінде тұрып, табиғат қабағына қарап өмір шеккен»[7, 116].Яғни, әлем әдебиетінде әр елдің әдеби генотиптерінің тоғысуы. Олар бір-біріне әсерін тигізе отырып, жылдар бойы қат-қабат бейнелер жинақталып, ақырында бір мәңгілік образдың дүниеге келуі.Себебі, әдебиеттердің бір-бірімен арақатынасы саясаткерлердің ойлап тапқан құбылысы емес. Бұл мәдениеттің әлдеқашан мойындалған ішкі заңдылығы. Ұлттық мінездің өзі генотип пен мәдениеттің тоғысуынан туатын дүние. Осыған қатысты М.Бахтин өте ұтымды бір пікір келтіріп кетеді: «Чужая культура только в глазах другой культуры раскрывает себя полнее и глубже (но не во всей полноте, потому что за другой культурой последует другие культуры, которые увидят еще больше). Один смысл раскрывает свои глубины, встретившись и соприкоснувшись с другими смыслом: между ними начинается как бы диалог, который преодолевает замкнутость и односторонность этих смыслов, этих культур. Мы ставим чужой культуре новые вопросы, каких она сама себе не ставила, мы ищем в ней ответы на эти наши вопросы, а чужая культура отвечает нам, открывая перед нами новые свои стороны, новые смысловые глубины. Без своих вопросов нельзя творчески понять ничего другого и чужого. При такой диалогической встрече двух культур они не сливаются и не смешиваются, каждая сохраняет свое единство и открытую целостность, но они взаимно обогащаются» [7, 85].