Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі

Ғылыми ізденістердің дамуына сәйкес тілдегі адам факторының орнын белгілеуді, тілдің табиғатын адам табиғатымен тығыз байланыста қарау нәтижесінде антропоөзектік ұстаныммен әлем бейнесін тану уақыт пен кеңістік аясында кешенді түрде қарастырыла бастады. Адам баласының тілі “Адам-әлем” қатынасының нәтижесінде пайда болатын жалпы, адамзат атаулыға ортақ ғаламдық бейне “тіл-ойлау” бірлігінің көрінісі болып саналады. Тіл-ойлау-әлем қатынастары негізінде әлем бейнесі анықталады. Г.В. Колшанскийдың: “Язык не может раскрывать истину бытия только через свою форму - через материю знака. Закономерности мира отражаются и познаються только в концептуальной системе человека. Вот почему язык со стороны внешней; - знаковой формы не образует самостоятельного государства ”,- деген пікірінен адам баласының дүние, ғалам, қоршаған орта туралы таным-түсінігі антропогенезистік іс-әрекетпен байланысты екенін байқаймыз [Колшанский В.Г., 37].

“Әлемнің тұтас бейнесі тілде сақталған” деген қағидатқа сәйкес соңғы жылдардағы ғылыми ізденістердің даму бағыты антропоөзектік ұстанымды негізге алып, тілдің табиғатын адам табиғатымен тығыз сабақтастыра қарастыру арқылы “Адам-Қоғам-Мәдениет” үштағанын қалыптастырып отыр.

Бұл бағытта тіл бірліктері таза лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік құрылым тұрғысынан ғана қарастырылумен шектелмей, ұлт тілінің этномәдени ерекшеліктері, лингвомәдениетттанымдық, этнолингвистикалық, когнитивтік, социолингвистикалық, психолингвистикалық, концептуалдық жүйелермен сабақтастыра зерделегенде ғана ұлт тілінің асыл қазыналары мен қайнар бұлақтары жан-жақты ашылады.

Осыған орай, бүгінгі ғылыми парадигмада ұлт мәдениетінің тілдік ерекшелігін айқындауда көптеген тірек ұғымдар мен кілт сөздер қолданылып жүр. Олар: әлем бейнесі, концепт, символ, ментальдылық, стереотип, этнографизм, этнофразеологизм, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар, баламалар, ассоциация, фрейм, ойсурет, схема, скрипт, мәтіндік прецеденттер және т.б.

Танымдық лингвистикада әлем бейнесі ұғымы ғалам бейнесі, ғаламның тілдік бейнесі, ғалам моделі сияқты терминдік атаулармен жарыса қолданылып жүр.

Ғаламның тілдік бейнесі - әмбебап сипатқа ие кешенді дүние бейнесі құрылымындағы концептуалды моделінің негізгі бөліктерінің бірін құрайды, ол адам үшін монолиттік тұтастыққа ие дүние бейнесін танып білуге апаратын ұғым-түсініктер мен білімдер жиынтығы” [Кубрякова Е.,169].

Дүниенің концептуалды (объективті, ғылыми) бейнесі – адамды қоршаған объективтік шындық. Ол танымға тәуелсіз өмір сүргендіктен, ақиқат шындықтың символдық мәнімен пара-пар келеді. Дүниенің тілдік бейнесі – сол концептуалды бейненің ажырамас құрамдас бөлігінің бірі болып табылады. Ғалам моделінде дүниенің реалды бейнесі толық көрініс таппағанмен, жалпы немесе маңызды басты белгілері ғана көрініс беруі мүмкін. Ал дүниенің тілдік бейнесі ақпараттық көлемі жағынан ауқымды әрі кең, құрылымы жағынан да күрделі. Өйткені дүниенің тілдік бейнесінде тілдік (вербалды) және тілдік емес ақпараттардың сан алуандығы мен молдығы да әртүрлі контексте қамтылады.

Концепт - соңғы жылдары тіл білімінің арсенал терминіне айналып, негізгі ұғым-сөз мәнінде жұмсалып, тек мәдениетпен байланысты таным-түсініктерде ғана емес, идиоэтникалық қабат пен барлық әмбебап қабаттағы қарым-қатынас қызметіне айналып келеді.

Концепт мәселесімен шұғылданып жүрген Д.С. Лихачев, Е.С. Кубрякова, Н.Д. Арутюнова, А. Вежбицкая, А. Бабушкин В.В. Колесовтың еңбектерінде концепт термині екі аспекті тұрғысынан түсіндіріледі:

1. Рухани мәдениеттегі тірек сөздер;

2. Психоментальды құбылыс, алғашқы түсінік.

Концепт термині - біздің санамыздағы ментальдық сөздік қорды және психикалық ресурстарды бейнелейтін әлем бейнесінің бірлігі; яғни концепт - этностың, ұлттың ақиқат өміріндегі болмыс-бітімін жан-жақты терең ашып көрсетуге барынша талпыныс жасайтын лингвомәдени мазмұны мол тірек-ұғым.

Д.С. Лихачев: “концепт қатарына кіретін лексемалардың (өмір, махаббат, бақыт, ес, іс-әрекет т.б) мағынасы ұлттық тілдік сана мен ұжым тілінің “қарапайым әлем бейнесін” жасайды. Бұндай концепттердің жиынтығынан тілде концептілік қабат құралады”, - деп тұжырымдайды [Лихачев Д.С., 3].

Фрейм –санада бейнеленген концептілік құрылымдардың бір тармағы, қарапайым үлгісі. Адам өзінің жадында сақталған кейбір мағлұматтарды еске түсірген сайын олардың нақты мазмұны ұдайы толықтырылып отырады, сөйтіп адамдар санасында сақталған әрбір ақиқат (көш, алтыбақан, қонақ күту) фрейм бола алады. Себебі, қоршаған орта, әлем суреті жайлы мағлұмат жинақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады Фрейм ассоциативтік, стереотиптік таңбалар арқылы көрінеді. Мысалы, өмір концептісінің фреймдік құрылымы күн көру, тіршілік, таңның атуы мен кештің батуы, тағдыр, жан бағу, тамақ асырау т.б. танымдық элементтерге ие.

Ойсурет –концепт қалыптастырудың ең күрделі формасы. Концепт құрайтын элементтерді санада метафоралау, яғни суреттеу тәсілі. Ойсурет санада бейне, символ, метафора, аллегория көмегімен танылады. Бұл көркем мәтінде жиі көрінетін құрылым. Ойсурет суреткердің қиялдау, суреттеу, ұқсату шеберлігінен тындайды. Автордың жинаған білімі мен қиялы бай болса, концептіні ойсурет құрылымында таныту деңгейі жоғары болады. Мысалы, Абайдағы Махаббат - жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс; өмір концептісінің ойсурет құрылымындағы көрінісін күміс жалды күн дейтін көлікпенен, көріп келем, өмірді көріп келем өлең жолдарынан көруге болады.

Схема– концептіні көзбен көріп, қолмен ұстауға болатындай формада түсіндірілетін таңбаларды құрайды. Әрбір схема белгілі бір топқа жататын заттың немесе заттың назар аударуға тұрарлық ерекше қасиеттерін сұрыптау арқылы сигналдар мен таңбалар үйлесуін көрсетеді.

Автордың поэтикалық танымында өмір концептісінің схемалық құрылымы бейнелі ой арқылы: Өмір деген бұйым емес қолдағы, өмір деген ұлы бекет жолдағы: Өмір дейтін өзгермес мекеме. (М. Мақатаев)

Скрипт – фреймнің күрделенген үлгісі, жағдаяттың себебін анықтаушы, оқиғалардың өрбуінің, бірін-бірі ауыстыруының, алмастырудың себептерін анықтайтын көріністік амал. Скрипт көзбен көрген, нақты тәжірибеден өткен оқиғалар арқылы, балалық шақтан келе жатқан стереотиптік ақпараттары арқылы немесе басқа адамдардың әрекеттердің мұқият есте сақтау арқылы жинақталған ақпараттардан құралады. Мәтінге фреймдер мен сценарийлердің қайталануы скриптке тән нәрсе.

Миф- адамзат мәдениетінің базистік феномені, адам баласының ең ерте заманғы ұғым-түсініктерінің, дүниені танып білу ой-өрісінің өте ерте ескі көрінісі. Мифолог Қондыбай Серікбол мифке берілген «ертегі сияқты, яғни жалған, ойдан шығарылған, қиял» деген түсініктемені теріске шығарады. Миф – нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі-сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәрежесі туралы түсініктердің жиынтығы [Қондыбай Серікбол, 25].

Символ– әмбебаптық сипатқа ие эстетикалық идея, жиі қайталанудан тұрақты түсінікке айналған тұспал мен меңзеуге негізделген астарлы бейне. Көрінбейтінді, мүмкін еместі жеткізуге тырысатын салыстырып бейнелеудің арнайы түрі, шындығында ой-сана идеяларына сәйкес келетін пайымдау өз үшін өмір сүрмейтін, барынша кең жалпы мағынада түсіндіруді қажет ететін, пайымдалатын сыртқы күрдел болмыс.

Стереотип– қоршаған ортадағы нысандарды танудың санадағы қарабайыр моделі. Этнос дүниетанымында әдетке айналып, жиі қайталанудан тұрақты қалыпқа түскен, терең ойлауды қажет етпей-ақ еске бірден түсетін психоментальдық түсінік. Мысалы, қазақ – қонақжай; ара еңбекқор; қой – момын, жуас; түлкі - айлакер, қу.

Менталитет –психологтардың пікірі бойынша,белгілі бір мәдениетке қатысты адамдардың психикалық өмірінің өзгешелігі (спецификациясы), ұлттық мінез-құлқы. Этнологтардың пікірінше, менталитет – жүріс-тұрыс, мінез-құлық нормалары, модельдері, ұстанымдары жайындағы этникалық түсініктердің жүйесі, ол жүйе рухани құндылықтар жүйесі мен әлеуметтік ортада қалыптасады. Мәдениеттанушылардың пікірінше, менталитет – тұлғаның рухани болмысы, бұл болмыста тіл, ақыл, сана және адамның «мені» бар.

Баламалар – тіліміздегі негізгі атаулардың бейнелі түрде суреттеуден туындаған жасанды баламалар (перифраздар), наным-сенімдер, әдет-ғұрыпқа байланысты тыйым салынған табу сөздерді алмастырып қолданатын эвфемистік баламалар жатады Мысалы, қасқыр – итқұлақ.

Этнографизмдер – өткен тұрмысымызда да болған, көбі әлі де қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулары мен сөз тіркестері [Қайдар Ә., 92 б.].

Этнофразеологизмдер - белгілі бір ру, тайпа, этнос, халық таным-түсінігіне сай қалыптасқан фразалық тіркестер, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер. Олар сол халықтың өмірінен, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, рухани және материалдық мәдениетінен фразалық бірліктер арқылы орасан зор мол мәліметтер мен хабарлар береді.

Мақал-мәтелдер – халықтың сан ғасырлық көрген-білгенін, бастан кешкен оқиғаларынан қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы, табиғатта, өмірде үнемі қайталанып тұратын оқиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өнеге-өсиет ретінде көркем бейнелеп жеткізетін даналық сөз.

Фразеологизмдер – кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, құрамы мен құрылымы тұрақты, сөйлеу кезінде конструкцияланбай, даяр қалпын сақтай отырып жұмсалатын, семантикалық біртұтастықта тұратын ауыспалы мағынада тұрып, этностың өзіндік ойлау жүйесі мен этномәдениетін танытатын бейнелі, образды тіл бірлігі.

Жұмбақтар – ұлттың астарлы ойлау дүниетанымын танытады. Әрбір жұмбақтың астарында лингвомәдени дүниетаным ретінде ғана айқындап түсіндіруге болатын шешімдер жатады.

Тұрақты теңеулер – бір затпен екінші бір затты салыстыру, ұқсату, балау, теңеу арқылы анықтау, сипаттау, бағалау, өлшеу арқылы қалыптасқан тұрақты тіркестер жатады. Көбінесе адам іс-әрекетін, сын-сымбатын (арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты) тағы басқа қасиеттерін сипаттайды.

Фольклор - халықтың дәстүрлі мәдениеті, қоғамның арман-аңсары (идеал) тудырған, сол қоғамның мәдени және әлеуметтік төлтума жағдайымен үндесе көрініс тапқан, дәстүрді тұғыр еткен топтар мен жеке адамдардың ұжымдық шығармашылығы. Фольклордың үлгілері мен бағалы нұсқалары ұрпақтан ұрпаққа ауызша, еліктеп үйрену арқылы және басқа да тәсілдермен ауысып отырады; фольклордың да санатына тіл, әдебиет, музыка, би, ойындар, әфсаналар, әдет-ғұрыптар, салт-жоралар, қолөнер кәсібі, архитектура және басқа өнер түрлері жатады.

Ауыз әдебиет үлгілері – ұлттың әлем бейнесін танытуда ақпараттық мазмұны бай қабаты. Құрамы: 1. Авторы белгілі ақыл-нақыл сөздер. 2. Салт-дәстүрге қатысты деректер. 3. Той-томалаққа байланысты ресми салтанат үлгілері. 4. Көріпкел, сәуегейлікке қатысты әңгімелер. 5. Әзіл-ысқақ, тұрмыстық жеңіл жанр үлгілері жатады.

Тілдік ұжымның когнитивтік санасында лингвомәдени, этнолингвистикалық, психоментальдық ақпараттарды бойына мол жинақтаған бұл ұғымдар жүйесі қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетін анықтауда айырықша рол атқарады.

Тапсырма.

1. Қазіргі лингвомәдениеттану ғылымында қандай бағыттар мен мектептер қалыптасқан?

2. Лингвомәдениеттану ғылымындағы гештальт ұғымы туралы түсінік беріңіз.

3. Ғаламның тілдік бейнесі туралы түсінік. Концептуалды және ғаламның тілдік бейнесі арасындағы ерекшелікті айқындаңыз.

4. Мәдени коннотация ұғымына түсініктеме беріңіз. Мәдени коннотацияның қайнар көзі неде?

 
  Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru

Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru Алиса

 
  Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru

Гулім

               
  Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru   Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru
 
    Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru
      Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru

Тіл мен мәдениет қатынасындағы іргелі ұғымдар жүйесі - student2.ru Кенже агай

ДӘРІС 3

Наши рекомендации