Аспан денелері мен амал атауларының этномәдени сипаты
Рухани мәдени лексикамызды құрайтын кез келген сөзді, сөз тіркесін, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді, ырым-жоралғылар мен салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жалаң тілдік мәліметтер негізінде ғана қарастыру жеткіліксіз болып саналады. Өйткені бұл ұжымдық құндылықтардың астарында сол этностың ұжымдық санасы, дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік шаруашылығы, өмір тәжірибесі, рухани және материалдық мәдениеті мен моралі, этикасы мен эстетикасының баға жетпес асыл қазыналары мен когнитивтік ақпараттар тасқыны мол, бұл әсіресе қазақ тіліндегі аспан денелері мен амал атауларының мазмұнындағы деректерде молынан ұшырасады.
Қазақ халқы - табиғаттың төл перзенті. Ата-бабаларымыздың көшпелі тұрмыс-тіршілгі қоршаған ортадағы табиғат құбылыстарын жіті бақылай отырып, бағдар жасап табиғатпен тығыз гармониялық байланыста бірге өмір сүруге бейімделген. Жазы-қысы далалық өмірде тіршілік еткен қазақ халқы өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең меңгергендігі сондай, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа тіршілігіне зер салып, жыл мезгілін ерте болжап, өзінше қам жасай білген. Жылдың әр айлары мен тоқсанында болатын ауа райындағы өзгерістер мен құбылыстарды дала халқы әр кез назарына ұстап, оған ат қойып, айдар тағып, баға берген. Мұндай жайларды үнемі қадағалап болжап және оны күн ілгері хабарлап отыратын қазақ қоғамындағы жұлдызшылардыңролі өз заманында аса зор болған.
Аспан денелері мен амал атауларын білдіретін сөздер мен сөз тіркестері, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер - белгілі бір халық, ұлт, этнос, социумның ғасырлар бойы жинақтаған өмір тәжірибесі мен дүниетанымының нәтижесі, аспан әлеміндегі нысандардың қозғалу жүйесін табиғат заңдылықтарымен сабақтастыра игеріп астрономиялық білім-біліктің озық үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыздың сараптаулары мен тұжырымдауларынан маңызды когнитивтік ақпарат беретін құнды да құнарлы дүниелер екені сөзсіз.
Бұл жөнінде Қ.Ғ. Аронов былай дейді: «Халқымыз аспан денелеріне табынып қана қоймаған, олардың туып, батуын бақылай отырып, бұл құбылыстарды тұрмыс-тіршіліктің қажетіне жарата білген» [Қ. Аронов, 80 б].
Қазақстанның ежелгі тайпалары Күн мен Айдың қозғалысын, көптеген жұлдыздардың туатын және бататын кездерін, көрінетін орындарын жақсы білген. Астрономияға байланысты аңыздар, ертегілер, жырлар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақалдар мен мәтелдер қазақ ауыз әдебиетінде ұшан-теңіз.
Халықтың шаруашылық жағдайы түнде көп жүруді керек етті. Түннің қаншасы өткенін, таңның қашан атуын білу үшін, жер тараптарын айыру үшін малшылар жұлдыздар жүйесін бақылаған. Әлем бейнесінің шеңберінде аспан денелері атауларының берер ұлттық дүниетанымдық ақпараты мол.
Ай мен Күн.Ай сөзі айяз тұлғасынан шыққан. Айяз тұлғасы көне түркі тілінде «таза» деген мағынаны білдірген. Г.Вамберидің пікірінше, «ай» сөзі ақ сын есімімен байланысты. Дәлел ретінде «ай юз лук» мағынасына тоқталады. Ай сөзі о баста ақ түсті білдіретін сын есім болған. Осыдан келіп тіліміздегі сын есім туындаған, яғни ай - ах - ақ.
Ай мерзімі 4 ширекке бөлінеді: бірінші ширегі – толық ай, одан кейінгісі жарты ай, өліара – соңғы ширегі, одан жаңа ай.
Ұлттық дүниетанымымызда Ай мен Күнге байланысты аңыз-әңгімелер, ырым-жоралғылар, табу мен тыйымдар этномәдени ерекшелігімізді танытады. Аңыз бойынша Ай мен Күн егіз туған керемет сұлу екі әйел екен. Әсіресе Ай сұлуырақ болып мақтанып, Күн оны қызғанып, Айдың бетін тырнап, оған дақ түсірген. Кесірлі Ай жазасын осылай тартқан. Ай бетіндегі «қарауытқан дақ осыдан қалған-мыс» екен деседі.
Айдың кеш туғанын және кемігенін тілімізде ай қорғалады тіркесі арқылы береді. Мұның этномәдени когнитивтік мәні Күнге жақындап барғанда Ай «қорғалап» бетін жасырады, ал қашықтағанда Ай толып, Күнді қызықтырып, бетін түгел көрсетіп, ереуілдейді дегенді білдіреді. Бұл ертедегі Ай мен Күннің өзара орналасуына байланысты жаңа Ай, ширек Ай, толған Ай болып Ай түрінің өзгеру құбылысын аллегориялық формада қисындырып түсіндірмек болғаннан туындаса керек. Ұлттық дүниетанымымыздағы түсініктерге сай Ай мен Күнді салыстыра келе, Айдың жүзіне көз тоқтатып қарауға болады - кісінің жүзі таймайды, ал Күн ащырақ, тура қарай алмайсың. Сондықтан Ай сұлуырақ дейді кейбіреулер. Ал, бірақ Күн мен Айды шын мәнісінде салыстыратын болсақ, әрине, нағыз сұлулық Күнде. Күн жарық пен жылылықтың сарқылмас көзі, ал астрономиялық тұрғыдан Ай өзі жарық шығара алмайтын қараңғы дене екен.
Қазіргі тілімізде ай және күн атауымен байланысты ай қорғалау, ай тұтыну, ай қарамысы, бетін айдай қылу, ай қарап отырма, айың оңынан тусын, күн тоқырады, күн жайлату, күн қайыру сияқты этнофразеологизмдер де орасан мол.
Тегінде қазақтың ауыз әдебиеті үлгілеріндегі сөз қолданыстарға қарағанда Айдың қадірі Күндікінен артық болмаса кем түспейді. Мәселен,
«ай десе аузы, күн десе көзі бар» немесе «айым да сен Ғалия, күнім де сен» деген сияқты толып жатқан теңеулерді және Айсұлу, Айбала, Айкерім, Айгүл, Айкүнім, Айжарық деген сияқты Ай түбірлі антропонимдік атаулардың этностың рухани дүниетанымында көп тарап кеткендігі дәлелдей түседі.
Айдың ортасы, яғни 15-інде Ай тура Күнге қарама-қарсы тұрады да, бізге толған ай болып көрінеді. Ақындар поэзия тілінде сұлу қыздардың бейнесін осы 15-тегі толған Аймен салыстырып соны теңеулер жасайды. Мысалы:
Жалғыз қызы Гүлбаршын
Он бесте туған ай еді (Алпамыс батыр)
Немесе
Толған айдай толықсып
Ақ сазандай бұлықсып,
Бұралып кетіп барады
Неше алуан қылықсып (Қыз Жібек).
Бір қызық нәрсе, Күнді құдірет тұту салт-дәстүрінен рухани дүниетанымымызда ел ортасында із қалмаған. Мұны Шоқан Уәлиханов та өз жазбаларында растай түседі.
Тіліміздегі «күн көру», «күнелту», «күні қараң», «маған да күн туар», «күнің маған түсер», «күнің өшкір» сияқты тұрақты тіркестер мен сөз қолданыстардың мазмұнынан күннің жердегі тіршіліктің көзі екенін халықтың дүниетанымдық көзқарасынан аңғаруға болады.
Ай (күн) тұтылды. АйЖерсерігі болғандықтан оны айналып жүріп, кейде Жердің көлеңкесіне сәйкес келеді. Мұндай сәтте Айдың беті жай көзге қарауытып, қара көлеңкеге оранып көрінеді. Қазақ бұл құбылысты ай тұтылды дейді. Ал кей жерде Ай Жерді айналып жүріп, Күн мен Жердің арасына сәйкес келеді де, Күннің бетін көлегейлеп, Жерге қара көлеңке түсіреді. Мұны халқымыз күн тұтылды дейді.
Ай мен Күннің тұтылуы көне замандарда қорқынышты құбылыс ретінде қабылданып, халықты қатты үрейлендірген. Әсіресе Ай тұтылғанда оның бетінің кейде қызғылт түске боялып көрінуін ел алдағы күндердегі жұттың, соғыстың белгісі деп түсініп, осы жаманшылықтардың алдын алу үшін тұтылу кезінде Құдайға құлшылық жасап, тасаттық берген.
Күн тоқырады. Көктемгі күн мен түн теңелген соң күн өткен сайын біртіндеп күн одан әрі ұзара береді де, соған сәйкес түн қысқара береді. Осы процесс 22 маусымға дейін созылады да, бұдан әр күн ұзармайды. Бұл табиғи құбылысты қазақтың этномәдени дүниетанымында күннің жазгы тоқырауы деп атайды. Күннің жазғы тоқырауынан кейін енді түн ұзара бастайды. Қыркүйекте күн мен түн теңеледі. Одан ары түн ұзарады. Мұны қазақтың этномәдени дүниетанымында күннің қысқы тоқырауы деп атайды. Қазақ есепшілерінің болжамы бойынша күн тоқырау кезінде табиғатта түрлі өзгерістер болады. Х. Әбішев ай арасы ұғымын өлара ұғымымен байланыстырып, өлара кезінде қыс болса, қар-боран, жаз болса, жауын-шашын көп болады, - дейді [Х. Әбішев, 38 б].
Шолпан. Шолпан түн қараңғысын жеңіп, дүние жүзіне нұрын шашып келе жатқан Күннің хабаршысы болғандықтан, қиялмен ертедегі Еуропалықтар оны Венера (ғашықтық құдайы) деп атаған. Ал қазақ дүниетанымында жазды күні таң алдында туылып жақсы көрінсе, «Айдың қызы» деп ат қойып айдар таққан, ал суықта туса жексұрын көрініп «Тұлқатын» атаған [О.Әбуталіп,62 б.].
Түркі тілдерінде: өзб. Чолпан, алт. Чолман, Чөлбөн. қырғ. Чолпан, Чолпон. Парсы тілінде бұны Зухра деп атайды. Бізде, халық арасында Шолпан атауының Жарық жұлдыз, Тұлқатын, Нарық жұлдыз, Зухра жұлдыз, Керуен жұлдыз, Таң Шолпан деген жарыспа қатарлары да бар. Шолпан атауының халық арасында бұлайша бірнеше атауға ие болғанына қарағанда көне алтай тілі жүйесінен қалған жұрнақ болса керек [О. Әбуталіп, 448 б.].
Ел аузында Ай Күнмен үзеңгілес жүретін болса, Шолпан Аймен тетелес келеді. Қазақ дүниетанымында ғашықтық символы ретінде әйел есімдерінің көбі Шолпан аталады. Халық поэзиясының үлгілерін талдап қарасақ, Шолпанды мадақтау, асқан сұлуларды Аймен, Шолпанмен теңеу жиі ұшырайтынын көреміз. Қазақ лиро-эпос дастанында бас кейіпкерлері әрі ақылды, әрі пысық тетелес екі сұлу – Айман мен Шолпан болғаны белгілі.
Қазақ аңыз-әңгімелерінде Шолпан өзгеден бөлек, жарқыраған асыл жұлдыз, жарығы кішігірім Айдай. Ол туғанда мал жусап тұрады. Ол бірде аш, бірде тоқ болып туады. Бірде Шолпандардың аспан шамына ұқсап жарқырап, ал бірде нәзік бастау болып туады. Оның толымдысы (тоқ туғаны) жақсы. Кейде өзге жұлдыздан айрылмай қалады, онда шөп нашар шығады. Ол жайнап туғанда жарық бола бастады деп егіншілер егінге, малшылар малына кететін болған. Сондай-ақ қазақ дүниетанымында Таң атар, таңды Шолпан оятар, Шолпан - жұлдыз серкес, Шолпан жатып қалды сияқты халық ауыз әдебиетіндегі сөз қолданыстар Шолпан жұлдызының негізгі қасиеттерін аңғартады.
Есекқырған. Ертедегі халықтардың аспан шырақтарына қойған аттарының ішінде Арыстан, Аю, Тоқты, Торпақ, Ат, Сілеусін деген сияқты бірқыдыру түз және үй хайуандарының атаулары кеңінен қолданылғаны белгілі. Бірақ олардың ішінде жайшылықта қыңыр, ақымақ дегендей эпитеттер қосылып айтылатын есек атауы жоқ.
Есекқырған жұлдызының номинациялық уәжінде қызықты дерек жатқанын тарихи жәдігерлік аңыздардан аңғаруға болады. Жүк тиеулі шаналарға есек жеккен керуен неше күн үдере көшіп, жолдағы бекетке келіп қонады. Нарқы жоғары жүкті базарға тезірек жеткізсем деп жанталасқан көпес бастығы күзетшіге:
- Шолпан туа оят, ертерек жүреміз, - деп бұйрық беріп жатып қалады. Ұйқылы-ояу қалғып отырған күзетші бір кезде күншығыстан туып келе жатқан жарық жұлдызды көреді. Шолпан туып қалыпты, тұрыңдар деп керуеншілерді оятады. Таң жақын деп керуен жолға түсіп тартып береді. Бірақ таң атпайды, оның үстіне борасын көтеріліп, күн суытады. Керуен жолдан адасып, жылы қорадан шығып кеткен есектер суықтан ( есек суық көтермейді ) қырылып қалады. Мен Шолпан екен десем, ол есекті қыруға шыққан жұлдыз екен ғой депті аңқау күзетші. Осылай таң алдында туған жарық жұлдыз Шолпан емес, Есекқырған аталып кеткен екен [М.Ысқақов].
Есекқырған жұлдызына байланысты кейбір нұсқада оңтүстік жақтағы шөлге жақын елдер аңызды азырақ өзгертіп, керуен адасып, шөлге шығып кетіп, құдық таба алмай, есектер шөлдегеннен судан қырылыпты деген уәждер келтіреді. Қасқырдан әбден запы болған елдер, Шолпан туды деген оймен керуен есектерін жайылсын деп ағытып жіберсе, әлі жарым түн ғана екен, оларды қасқыр қырып кетіпті деп аңызды өзгертіп айтады.
Есекқырғанның ғылыми атауы - Юпитер. Оның кесірінен бір заманда, бір жерде есектер қырылуына байланысты жұлдыз Есекқырған аталып кеткен.
Күн системасындағы ең үлкен планета Юпитер көлемі жағынан Жерден 1300 есе үлкен. Юпитер Шолпаннан кейінгі ең жарығы күшті жұлдыз. Оны кейбір астрономиялық деректерде «қыдырма жұлдыз» деп те атайды. Өйткені ол іңірде де, түн ортасында да, таңға жақын да, қысқасы, түннің кез-келген уақытында әр жерде туа береді. Мұның Жарықжұлдыз, Сарыжұлдыз деген атаулары да кездеседі. Шынында Юпитердің ақшыл-сары түсі көзге ә дегеннен жарқырап түседі, осы белгісі бойынша халық арасында солай аталуы да мүмкін.
Темірқазық. Қазақ атаулының күллісіне мәшһүр Темірқазық жұлдызы ғылым тілінде α дейтін жұлдыз. Дүние полюсіне жақын тұрғандықтан оны көбінесе Полярная звезда деп атайды. Арабша-орысша сөздікте оның арабша аты Құтыб деп көрсетіледі.
Қырғыз, түрікмен сияқты түрік тілдес халықтардың бәрі де оны әртүрлі фонетикалық вариантта Темірқазық деп атайды. Қазақ тілінің оңтүстік говорында Алтынқазық немесе Жалғызқазық деген атаулары да ұшырасады.
Аспан әлеміндегі Темріқазық пен Жетіқарақшы жұлдыздары шөміштің басы тәріздес бір түзудің бойында орналасқандықтан бұл екеуінің байланысы туралы этнограф ғалым Г.Н. Потанин былай дейді: «Первобытный человек наблюдая небо и видимое движение звезд, должен заметить, что ....Большая медведица ... как будто движется на привязи, приклепенной к Полярной звезде. В голове дикаря могла явится идея о зависимости существования вселенной от эта звезд: если б этот кол (Полярная звезда) был выдернуть, семь прикрепленных к нему звезд сорвались бы со своего места, порядок движения звезд нарушился бы, и мир постигла бы гибель. Отсюда говоря и легенды о кончине мира, связывающие о с Большой Медведицы» [5]. Яғни барлық жұлдыздардың тәулік сайын қозғалатынын, ал Темірқазықтың көрер көзге қозғалмайтынын халық ежелден танып біліп, ол арқылы адамдар жер тараптарын – «дүниенің төрт бұрышын» айыратын болған. Өйткені Темірқазық аспанның солтүстігінде болады да, әрдайым дүниенің солтүстігін көрсетіп тұрады. Міне, сондықтан да этностың дүниетанымында солтүстік (терістік) жақ дегеннің орнына Темірқазық жақ деп айтатын болған.
Этнос танымында Темірқазық жұлдызын қозғалмайтын негізгі бағдаршы ретінде танып ауыз әдеиеті үлгілерінде жиі өлеңге қосады.
Мысалы:
Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық,
Бәйгіден келген аттың бауры жазық
Бетінен ғашық жардың сүйіп алсаң,
Жеріңе алты айшылық болады азық, – деседі.
немесе
Шынжырлап Ақбозат пен Көкбозатты,
Жылжымай Темірқазық мүлгіп қапты.
Қарақшы жеті бірдей торуылдап,
Бар жұлдыз жымың қағып, бірін бақты (Асқар Тоқмағанбетов).
Сондай-ақ қазақ тіліндегі темірқазық жастану фразеологизмінің мағынасы қайтыс болған адамды жерлеу салтымен байланысты шыққан болуы керек. Бұл жөнінде Х. Әбішев: «Өлген кісінің басын Темірқазыққа қаратып қою ескіден келе жатқан салт. Темірқазық жұлдызы адамның сәбилік сатыдағы сана-сезіміне мықты әсер етті. Ендеше өліктің бас ағзасын соған бейімдеп қою табиғи нәрсе, мұнда ешқандай бейсауыттық жоқ,» - дейді [Х. Әбішев].
Бұл фразеологизмді дауылпаз ақын Махамбетте өзінің поэтикалық сөз қолданысында шебер пайдаланған:
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме ?!
Жетіқарақшы. Қазақ атаулы түгел білетін шоқ жұлдыздың бірі -Жетіқарақшы (Большая Медведица). Жетіқарақшы тәулігіне Темірқазықты
(дәлірек айтқанда дүние полюсін) бір рет айналып өтеді. Оның іңірдегі, түн ортасындағы, таң алдындағы орны жыл мезгілдеріне қарай әрқилы өзгеріп отырады. Мал шаруашылығымен шұғылданған ата-бабаларымыз Жетіқарақшының қозғалысын бақылай отырып түн мезгілдерін анықтайтын аспан сағаты есебінде пайдалаған. Жетіқарақшы туралы этномәдени когнитивтік ақпарат төмендегі аңызда кеңінен баяндалады.
«Жетіқарақшы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған баукеспе ұры болыпты. Халық болып соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей аспанға қашып шығып кеткен. Бастаған алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Ана екі бүйірдегі екі жарық жұлдыз – екі батыр. Сонау көрінген қатар екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да көрініп тұрады. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп, айналып жүреді. Ұрылар қайтсе де осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады. Ертеңінде тағы солай болады.
Ұрылар жетеу ғана емес. Қалың жау – қырыққарақшы алыста торуылдап жүр. Анау Босаға мен Жетіқарақшының арасынан көрінген ұсақ жұлдыздар Қырыққарақшы жұлдызы. Жетіқарақшы - олардың барлаушысы. Алдымен батырлардың мықты аттарын қолға түсіріп алып, Қырыққарақшы содан кейін елді шаппақшы деген халықтың дүниетанымында қатталған аңыздың көне нұсқасы мифологиялық наным-сенімнен бастау алса керек.
Жетіқарақшы (Большая Медведица) ожау бейнесі бар жеті жұлдыздан (алдыңғы төртеу ожаудың басы, соңғы үш тізілген жұлдыздар ожаудың сабы) тұрғандықтан, әрі халық түсінігі бойынша елді күзететін қарақшы ретінде танылғаннан кейін «Жетіқарақшы» атанған болуы керек.
Тіл әлемін түбегейлі зерттеуде ұлттық дүниетанымдық ұғым- түсініктерден жинақталған кешенді түсініктемелер, анықтамалар, топшылаулар, болжамдар мен жорамалдар сияқты этнолингвистикалық арналардың рөлі зор екенін осы когнитивтік ақпараттар дәйектей түседі.
Үркер. Қазақ дүниетанымындағы танымал шоқжұлдыздың бірі. Оны біреулер алты жұлдыз, біреулер жеті жұлдыз деп атаған. Үркер көне түркілік атау болғандықтан, оның шығу төркініне халықтың дүниетанымындағы аңыздар негіз болған деседі. Яғни Жетіқарақшы мен Үркер жұлдызы жайында кездесетін аңыздардың бірінде Жетіқарақшы Үркердің қызын алып қашады. Содан үркіп қашқандықтан жұлдыздар тобы Үркератанған екен [М. Ысқақов,]. Жетіқарақшының жанында тығыла орналасқан бір жұлдыз бар. Ол Үркердің Жетіқарақшы алып қашқан қызы деседі.
Түрколог С.Е. Малов бұл жұлдыздың этимологиясын төмендегіше түсіндіреді. Үркердің түркіше ескі нұсқасы «үгір», «үкір», шоғыр», «үйір» сөздері болуы тиіс. Себебі, Үркер «Торпақ» шоқжұлдызының құрамындағы жыпырлап, бір-біріне жақын орналасқан бір топ жұлдыз шоғыры. Яғни Үркердің ежелгі нұсқасы «бір үйір мал» деп түсіндіреді [С.Е. Малов,].
Үркердің өзіне тән ерекшілігі көкке жоғарыласа күн суытады, ал төмендесе күн жылына бастайды. Осы ерекшелігіне орай халықтың этномәдени дүниетанымында үркерлі айдың бәрі қыс деген түсінік қалыптасқан.
Қазақ есепшілері Үркер жұлдызының қозғалысына бақылау жасай отырып, табиғаттағы өзгерістерге бақылау жасаған. Содан тілімізде осыған байланысты көптеген тіркесімдер сақталып қалған. Мысалы, үркер туса таң ұзарады, үркер құрғақ жерге түссе, аңызақ жел көп болып, қуаңшылық болады, үркер тасқа түссе, шылыңғыр қатты ыстық болады, үркер көтерілсе, бидай бас тартады, үркер жерге түспей, жер қызбайды, үркер жерге түсерде қой қырқылады, үркер туса, сорпа қоюланады, қой семіреді, үркер көтерілсе, қошқар басын көтереді, үркер батқанда таутеке тастан ұшады сияқты ұғым-түсініктер ертедегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен когнитивтік санасындағы этномәдени дүниетанымынан мол ақпарат береді.
Қызылжұлдыз (Марс). Лапылдаған оттай қып-қызыл болып көрінеді. Осы қызыл түсіне қарап Марс планетасын қазақ халқы Қызылжұлдыз деп атайды. Марс өзі жарық шығармайтын суыған планета. Марстың қызыл жарығы, айта берсек, тіпті оның өзіне меншікті емес, қызыл сәуле Марс бетінен шағылған күн сәулелері.
Ұлттық дүниетанымда қызылжұлдыз жоғарыласа, қыс қатты болады деген түсінік қалыптасқан. Ол шарықтағанда суық күшейетіндіктен оны солай деп атаған. Сөйлеу тілінде шағырма жұлдыз, шарт аяз деген қосалқы атаулары да кездеседі. Елдің бұл жұлдызды ұнатпауының бір себебі оның қанталағандай қызыл түсі және ол қайсыбір жылдар Жерге ұрымтал келген кездерде шоқтай жайнап, қызыл іңірден туады да, күннен-күнге көкке өрлей береді. Осылай Қызылжұлдыз суықты ала жүреді деп елдің оған жаманат тағуына оның қан қызыл түсі және күзде төмен түсіп, суық түсе шарықтап көтеріле беруі себеп болған деседі.
Отандық түркологияда жалпы жұлдыз атауының этимологиясы туралы екі түрлі ғылыми көзқарас қалыптасқан.
1. Алтай тілдері семьясының көрнекті зерттеушісі Н.Вамберидің пікірінше, «иылдыз» сөзінің түбірі, «иылдырыл» етістігінің негізінде шыққан, ол найзағай деген мағынаны білдіреді. Ал бір буынды «иыл» көне түркі ескерткіштерінде «иол, иыл» тұрпатында жарқыра мәніндегі түбір етістіктен жасалып, түбірлес сөздердің семантикалық дифференцацияға ұшырауынан болғанын алға тартады. Ал Текин деген зерттеуші «иылтуз» - иылдыра етістігінің түбірі «бір» деп санайды.
2. Этимолог Э. Севортянның пікірінше, иылтуз түбірі «иут» (еліктеуіш сөз) және -у, -з бөлек жұрнақ десе, академик Ә. Қайдар - жұлт еліктеуіш сөз, -дыз көпше мағынаны білдіретін аффиксация деп топшалайды [7].
Жұлдыздардың символдық бейнесі рухани дүниетанымнан материалдық дүниетанымға ауысып қолөнер бұйымдарында кемпірқосақ, күнсәулесі, күнкөзі, бесжұлдыз сияқты өрнектер арқылы де жиі қолданылғанын рухани және материалдық сабақтастық деуімізге болады.
Қазақ халқының когнитивтік санасында ерте дәуірден-ақ жұлдызнамалық танымның көп болғандығына байланысты жұлдызы жарық, жұлдызы биік, жұлдызы жоғары, жұлдызы оңынан туу, жұлдызы ыстық, жұлдыз санау, жұлдызы қарсы, жұлдызы сөнді, жұлдызы ұшты, Темірқазық, Жетіқарақшы, Үркер, Шолпан, Есекқырған, Құс жолы сияқты тілімізде қалыптасқан тұрақты тіркестер мен теңеулер, әр жұлдызға байланысты жекелеген атаулар мен сөз қолданыстарының болғандығы дәлел бола алады.
Жазба күнтізбесі болмаса да өз заманында астрономиялық білім-біліктің озық үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыз жыл он екі айдағы әлем бейнесін өз дүниетанымында зерделеп, он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас етіп, сабақтастыра білгенін ұлт мәдениетіндегі аса маңызды рухани құндылыққа жатқызуға болады.
Қиыншылығы көп қыстан малды аман алып шығамын ба деп, қардың тез кетерін, не кетпесін болжаған. Осы күнгі күнтізбесі бойынша 14-наурыз күні қыс бойы аттылы кісіні көтеріп кететін қар бетінде жатқан құмалақ өз салмағымен батса, жаз тез шығады дескен. «Қардың басын қар алар» деген сөз өліраға, яғни 26-28 наурызға байланысты айтылса керек. Ол күндері жапалақтап қар жауып, іле еріп, не жаңбыр сіркірейді. Бұл қарды ұлт дүниетанымында «құсқанаты» деп атаған.
Ал Отамалыдағы ызғырық қара суық өте жайсыз. Сондықтан ұлт этномәдениетіндегі «сәуір болмай, тәуір болмайды» деген тіркес осыдан қалған. Отамалының 25-27 күндері «Тобылғы жарғанның» қара суығы өтеді, тобылғы бүршіктейді. Көкек айының 17-25 шамасында өтетін «Құралайды» да қазақ халқы ырым еткен. Құралайдың жаңбырлы болуы егін-шөптің молдығының көрінісі деп те есептеген.
Шілденің аптап ыстығынан кейін саршада туатын Үркер бір-екі күндік жүріп өткен жаңбырмен ауаны шайып өтіп отырған, мұны ел «Үркер толғағы» деп атайды. Ал тамыз айында Сүмбіленің суы жүреді. Сондықтан қазақ «сүмбіленің суы жүріп пе екен» деп сұрасқан.Сүмбіле жаңбыры жүріп өткен жердің кәдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге тебіндеткен. Сол айдың 17-19 арасында болатын салқын да есепке алынып отырған. Сүмбіле туа су суыса, келесі қазан айында Таразы туып таң суыған. Қазан айының 20-21 шамасында Күн райы салқындай бастайды. Қыркүйектің 3-5 шамасындағы суық «боз қырау» немесе «боқырау самалы» деп те аталған. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25 шамасындағы қардың көрінуін «ұшқын» деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5 шамасында қар түсіп жатып қалады. Осы айдың 17-19 шамасында қай жылы болмасын, жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын, есепшілер күні бұрын ел құлағына салып отырған. «Ақпан ақырып» келеді дейді ел арасында. Осы айдың 5-7 шамасында аяз көтеріліп, 30 градусқа дейін жетеді. Айдың 15-20 шамасында атақты «Текебұрқыл» бораны соғып өтеді. Қаңтар айының 3-5 шамасында кейде қатты аязды не жапалақтап жауған қарлы, жұт жылдары жаңбырлы болып келеді. Жалпы қаңтар – қыстың ең қиын айы. «Күн көзі қыраулы қыс күнінде мәлім жоқ» деген қазақ. Үт айының 3-5 шамасында ең суық күшті аяз болып өтеді. Онан кейін аяздың күші бәсеңдей береді. Үт айының 15-17 шамасында жылымық болып кейде жаңбыр жауып кетеді. Осының ақыры 20-25 шамасында болып өтетін «Бөрі сырғақ» атты борасынға ұласады. Бұл боранда итт-құс жұпталып, қаншығы жерік болады. Жыл он екі айдың амалдарын мал шаруашылығының тұрмысымен байланыстырған ел келер күннің жауын-шашыны мен бұрқасын боранын көңілге түйіп есептеп жұлдызға қарап шамалап отырған. Енді осы атаулардың семантикасына түсінектеме бере болсақ:
Амал. Жыл он екі айда айналып соғып тұратын ыстық пен суықты, қар мен жаңбырды, жел мен боранды халық бір сөзбен «амал» деп атаған. Яғни жылдың әр мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарының өткінші тосын аз уақытта болып өтетін өзгерістерінің көрінісін және оның бірнеше түрлерін атаған. Ұлттық рухани санамызда «жеті амал» бар. Олар: 1. Күннің тоқырауы, 2. Қарашаның қайтуы. 3. Үркердің батуы. 4. Мұздың қатуы. 5. Киіктің матауы. 6. Қыс тоқсан. 7. Ай тоғамы.
Өліара. Екі айдың арасын «өліара» дейді. Осы арқылы айдағы айға болжам жасалады. Өліарада жауын-шашын болса, жаңа келесі айда солай болады дейді халық. Бұл болжам қазақ тұрмыс-тіршілігінде қатесіз келіп отырған. Е.Жанпейісовтің еңбегінде: «Өлі ара – ескі ай бітіп, жаңа ай басталар аралықта екі-үш күндей ай тумайды, көрінбейді. Осы кезді, міне, өлі ара дейді», – деп түсіндірілген. [1, 106].
Құс қанаты. Наурыз айының соңғы күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Олардың келуімен қар аралас жаңбырмен суық жел тұрады. Мұны ел «құс қанаты» деп атап, амалға жатқызған.
Аласапыран. Көктемде наурыз айында кейде сәуірде қар күрт еріп, жер лайсаң болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз қолайсыз мерзімді ата-бабаларымыз «аласапыран» деп атаған.
Бес қонақ. Ескіше Наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауын-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған.
Кей жерде сәуір (көкек) айындағы бесқонақ амалы өтпей, қазіргі малшы-шопандардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қалмайды.
Самарқанның көк тасы жібитін күн. Наурыз айының 22-і күні шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Бұл күні шығыста күн жылып, жер жібіп, ашық шуақты мезгілдер басталады. Самарқандағы Ұлықбек обсерваториясына байланысты қағидаға айналған бұл сөз «көктем, жаңа жыл басталады» деген ұғымды білдіреді.
Отамалы. Ішкі бөкейліктер: «Ертеде ақсақалдар «Отамалы – ойылған қыс, сәуір – санды қыс, зауза-саратан, сенен де қорқам», – деп мал баққан қазақты сақтандырған» деп айтатын-ды.
Қызыр қамшысы. Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте аздың жайлы күндері басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, ескіше он бесінші наурыз Қызыр Ілиястың қамшы сілтер күні деп аталады [Мәшһүр Жүсіп, 55 б.].
Тобылғы жарған. Сәуірдің соңғы күндерінде 2–3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл «тобылғы бүршік жарған» яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
Қызыл жұмыртқа. Мамыр айының алғашқы он күндігінде дала құстары балапанын шығара бстайды. Халық тілінде «қызыл жұмыртқа» деп аталатын осы кездерде 1-2 күнге созылатын суық болады.
Құралайдың салқыны. Мамыр айының аяғында соғатын суық желді «Құралайдың салқыны» деп атайды. Өйткені осы желге қарсы киік өз құралайларын аяқтандырып, жүгіртіп, өргізеді. Киік қанша көп болса да олар 2–3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады. (Киіктің тағы бір айта кететін ерекше қасиеті – енелері кез келген құралайды емізіп, бауырына ала береді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмауы осыдан).
Құралай – жаңаша санат тізбегі (григориан) бойынша 15–18 заузада (мамырда) кіріп, 25–28-інде яғни он күнде аяқталатын амал. Қатты ұшырма жел салқындық болады. Мезгіл-мезгіл нөсерлетіп, кей жылдары қар аралас жаңбыр жауады. Бұл он күнде киік лағын өргізіп, жаңбырға сауырын тосып, тазарады.
Құралайда Шуан жайылып өліпті деген аңыз бар: «ертеде осы бөкейлікте өмір сүрген Шуан деген бай осы құралай амалы кезінде малын бағып жүріп, боранға ұшып өліпті, ыссылағандай сезініп, үстіндегі киімін бір-бірлеп шешіп тастай беретін көрінеді. Шуан байды да солай шашылған киімінің ізімен тапса керек. Ол жақтағы Шуанша жайылған деген мәтел содан қалған екен...»
Үркердің батуы. Кейде мұны «үркердің жерге түсуі» дейді. Маусым айының басында үркер мүлде көрінбей кетеді. «Үркердің батуы» деп осыны айтады. Содан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» деген сөз осыдан қалған. Шілденің аптап ыстығынан кейін саршада туатын Үркер бір-екі күндік жүріп өткен жаңбырымен тынысты бір кеңітіп тастап отырған, мұны ел Үркер толғағы деп атайды.
Қырық күн шілде. Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Осы аптапты күндерге орай халық арасында «қырық күн шілде» деп аталатын халықтық календарлық атау пайда болған.
Үркердің толғағы. Осылай аталатын мал-жанға жайлы кезең шілде айының орта кезінде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
Таразының тууы. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болады. Алғашқы күз нысаны біліне бастайды. «Таразы туса – таң суыр» деген мәтел осындайдан шыққан.
Мизам шуақ. Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады. Жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Осы кездерде күндізгі шуақты күндер де болады. Далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді мизам шуақ деп атайды.
Қазақ: «Қыркүйектің қызыл желі» – дейді. Бір жұма аумай, жел оңында түседі. Он екі айда желдің қисынын түзейді – деп, есеп айтқыштың бір тәжірибесі күні (Мәшһүр Жүсіп).
Сүмбіленің тууы. «Сүмбіле туса – су суыр» деген халық қағидасы бар. Яғни қыркүйектің соңғы онкүндігінде күз келеді. Жауын басталады.
Сүмбіленің суы жүрді. Тамыз айында Сүмбіленің суы жүрмек, сондықтан да Сүмбіленің суы жүріп пе екен? – деп сұраған қазақ. Сүмбіле жаңбыры болып өткен жердің көдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге тебіндеткен.
Қазанның қара дауылы (жем). Қазан айының ішінде күн суытып, қар аралас жаңбыр болады. Қазанның желі қаққан ащы шөптерді осы амалдан кейін қой, түйе малдары жеп ащылайды. Мәшһүр Жүсіптің айтуынша «Ескіше үшінші қазанда құмырсқа жер астына кетеді».
Қазанның қағуы. Қазан айында кіші қазан, үлкен қазан аталатын амалдар бар. Бұл екі амалдың да ұзақтығы он күннен арасына екі апта салып, кезектесіп келеді. Қарттарымыз бұл амалдардың кіруі мен шығуын ескі санат (юлиан) күнтізбегі бойынша есептейтін. Кіші қазанда жел тұрып, күн аздап суытып, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердің бояуы оңып қурайды. Ал ащылы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота, т.б. піседі, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөпті қазанның қағуы» дейді. Жоғарыда аталған ащылы шөптерді «қазан қақпай мал жемейді. Сондықтан да мал өсіретін ел бұл шөптерді «қазан қақпай» шаппайды. Себебі, қазан қақпай шабылған ащылы шөп малдың ішіне тиеді, ас болмайды. Ал үлкен қазанда қар аралас жаңбыр жауады, қатты ұшырма жел болады. Өсімдік атаулы түгелге дерлік қурайды, яғни көктемде бой алып өскен өсімдік атаулы қараотқа, бойында нәрі жоқ өлі шөпке айналады. Байырғы кезді қазақтар үлкен қазан амалы жақындағанда-ақ кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарды өріске жібермей, ауыл маңына ұстайды және олардың ішінен қазан асын соя да бастайды.
Қарашаның қайтуы. Қараша айында құс оңтүстікке қайта бастайды. Бұл кезде алғашқы қар түседі. Күн суиды. Ноябрьдің жиырма бесі – қыс тоқсанының басы, Үркердің батқан күні болады. Қарақұйрық ұйығады: адал аңның алды (Мәшһүр Жүсіп).
Бозқыраудың амалы. Қазан айының 20–21-лері шамасында күн райы салқындай бастайды. Бұл құбылыс «бозқырау» деп те аталған. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20–25-і шамасындағы қардың көрінуін «ұшқын» деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4–5-інде қар түсіп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын есепшілер күні бұрын ел құлағына салып отырған.
Қырбастың қызылы. Қазақстанның солтүстігінде қыс ерте басталады. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «қырбастың қызылы» деп атайды. Бұл кездерде қатты аязды суықтар болады.
Текебұрқылдақ.Желтоқсанның соңғы онкүндігінде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киік текесі маталады, яғни ұрғашы киіктерді қашырады. Және бұл екі-үш күн ішінде аяқталады. Мамыр айының аяғында киіктердің лақтауы 2–3 күннен әріге созылмауы да осыдан.
Күннің таласуы. Халықтың айтуында «күн бойы көтерді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде ауа райы өзгереді. Қар жауады немесе сырғыма жүреді.
Қыс шілдесі. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. «Тіпу десе түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяздар» басталады. Мұны қазақтар қыс шілдесі деп атайды.
Бөрі сырғақ. Ақпан айының қысы да ақырып келеді. «Ат құлағы көрінбейтін борандар» осы айларда күш салады. Ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көнекөздер бұл амалдың «бөрі сырғақ» деп аталуы да осыдан шыққанын айтып отыратын.
Ақпан-дақпан.Ақпан-дақпан амалы өткеннен кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз деп те атайды. Яғни күннің көзі шуақталып, ашық күндері түс қайта жіпсіленденіп тұратын жайын суреттегені.
Тапсырма.
1. Сүмбіле туса – су суыр, Темірқазық жастану, жұлдызы биік, жұлдызы қарсы тұрақты тіркестерінің этномәдени ақпараттық мәнін түсіндіріңіз.
2. Үркер, Жетіқарақшы, Темірқазық және өзге де аспан денелері атауымен байланысты ұлт дүниетанымында қалыптасқан этнографиялық бірліктердің символикалық мәнін айқындаңыз.
3. Осы этнографиялық бірліктер бойында сақталған көне ақпараттарды ұлт болмысымен, ұлт мәдениетімен байланыстыра отырып сипаттаңыз.
4. Текебұрқылдақ, Құралайдың салқыны, Бес қонақ, Отамалы, Бөрі сырғақ, Бозқырау сияқты амал атауларымен байланысты қалыптасқан этнографиялық этюдтерден мысалдар тауып жазыңыз
ДӘРІС 7