Азіргі айтыс тіліндегі дерексіз сөздер мен діни лексика
«Көш бастау қиын емес, қонатын жерде суы бар, Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жауы бар, Шаршы топтың алдында сөз бастау қиын, Шешімін адам таппас дауы бар» деп от ауызды, орақ тілді қазақ би-шешендері мен ақын-жыраулары қазақ халқының рухани мәдениетінде ой жарыстыру, сөз сайыстырудың тамаша үлгісін көрсете отырып, қазақ сахарасында айтыс өнерінің қалыптасып, дамуына өз үлестерін қосқаны тарихи фактор.
Айтыс – қазақтың ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы, тарих керуенімен бізге жеткен тапқырлық пен шешендікке, терең ой мен өткір сынға, әншілік пен әуенге, ең бастысы ұлттық мүдде мен ұлттық идеяға құрылған сахналық сұлу өнері. Рас, импровизациялық поэзияның басқа ұлттар мен ұлыстардың рухани мұраларында кездесетіні туралы зерттеу еңбектерінде дәлел-дәйектер келтіріледі. Мысалы, Орта Азияда айтыс үш-ақ халыққа: қазақтарға, қырғыздарға және қарақалпақтарға тән. Алыс шетелдерден Мадагаскар аралының халқы мальгаштарды атай аламыз.
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұлттық моральдық кодекстің алтын діңгегіне сүйенетін айтыс, қай заманда болса да, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің қай-қай саласындағы қалтарыстар мен бұлтарыстарды, қоғамның көлеңкелі тұстарын өткір де өзекті ой-пікірімен, көркем де бейнелі, поэтикалық кестелі тілімен өрнектеген ұлттық рухани құндылықтың бірегейі.
Айтыс - қазақ халқының маңдайына біткен біртуар бағы, төл өнері сөз өнерінің озық үлгісі, синкретті жанр. Синкретті болуы – оның аттаныс нүктесі эпостық шығармалармен төркіндес, тамырлас болып, ертедегі тұрмыс-салт өлеңдерінен бастау алып, әуен, мәтін, мақам, қимыл бірге жүретін философиялық, психологиялық, прагматикалық қасиеттерді бойына жинақтаған әмбебап кешенді құрылымдығында, әлеуметтік мәселелерді замана шындығына сай жырлайтын поэтикалық туынды.
Қазақ халқы есте жоқ ерте замандардан бермен қарай қызыл тілдің қасиетін де, құдіретке толы құндылығын да жақсы білген. Жақсы біліп қана қоймай, сан ғасырлар бойы көргенін-білгенін, естіп-екшегенін көкірегінде түйіп, ақыл таразасында салмақтап, көмейінде балқытып, буынсыз тіл арқылы бүгінгі ұрпағына қатпарлы қазына қалдырған. Мұны тілдің кумулятивтік қызметі деуімізге болады.
Сөз өнерінің озық үлгісінің бірі айтыс туралы танымал Еуропа білімпаздары мен қазақ ғалымдары сан алуан пікір айтқаны белгілі. Енді зерттеушілердің айтыс туралы ой-пікірлеріне жүгінсек.
Суырып салмалық айтыстың пайда болуы мен өзара ұқсастығын мал баққан қазақ және араб бәдәуи тайпаларының көшпелі тұрмыс-тіршілігімен, этностық дүниетанымымен байланысты қалыптасуы мүмкін деген ойды айтыс тақырыбына алғаш қалам тартқан ғұлама ғалым Ш.Уәлиханов айтқан болатын. Ол: «Поэзияға, әсіресе суырып салмалық өнерге деген бейімділік барлық көшпелі халықтарға тән. Бәдәуилердің ұшқыр қиялды суырып салма ақындары еуропалықтарға қашаннан да жақсы таныс. Арабтың шексіз шөлдері мен ондағы жұрттың күйкі баспана шатырларын өз көзімен көрген саясатшылардың бәрі де жартылай жалаңаш араб балаларының өздеріне қойылған сұрақтарға төрт тақталы жатық өлеңмен мүдірмей жауап бергенін сұқтана жазып жүр. Бұл монғол-түрік ұрпақтарына да тән қасиет. Бұған олардың көшпелі бейғам өмірі себепкер ме, яки үнемі әсем табиғаттың құшағында жүріп, көгілдір ашық аспан мен шексіз қиыры жоқ құлпырған жасыл қаланы сезінудің әсерінен бе кім білсін, дала көшпенділері ақындық пен сезімталдыққа жан-тәнімен бейім тұрады», – деп [Ч. Валиханов,192 б.], бәсекенің бейбіт түрі – айтыс өнерінің шығу себептеріне болжам жасайды.
Қазақтың сөз өнері мен айтыс өнеріне еуропалық білімпаздардың да тамсана да таңқала қарайтынына төмендегі ой-пікірлер дәлел бола алады:
А. Янушкевич өзінің «Қазақ даласындағы күнделігі мен хаттары» атты еңбегінде: «...Осының бәрін мен дүние жүзі тағы және жабайы санайтын, далада көшіп жүретін халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры есітпеген шешендерге таңқалып, қол соққанмын. Ал бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жайлы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнті етті. Сонда бұлар тағы, жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған, маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойынша осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы әлі талай қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады», - деп тебірене сөз етеді [А. Янушкевич, 39 б.].
Қазақтың тілі мен халық ауыз әдебиетінің зерттелуіне қомақты үлес қосқан академик В.В. Радлов та қазақ халқын түркі тайпаларының ішіндегі тақпақтап айтысып сөйлеудегі сөз шеберлігіне, шешендік пен тапқырлыққа аса мықты ұлттардың бірі екенін таңқала: «Қазақтар қашанда мүдірмей, кідірмей ерекше екпінмен сөйлейді. Тіпті ауызекі сөйлесіп отырғанның өзінде оның сөйлемі мен ой кестесі өлең жолдары мен шумақтары секілді ұйқасып, үйлесіп кететіндігі сонша, нағыз өлең екен деп таң қаласың»,- деп жазады [Радлов В., 327 б].
Ауыз әдебиетінің құнарлы саласы, өнер бәсекесінің қызықты түрінің бірі айтыс туралы Ахмет Байтұрсынов та өз пікірін төмендегіше өрбітеді: «Айтысқан да екі күрескен балуан сияқты, бірін-бірі аңдиды, бірін-бірі бағады. Күрескендей бірін-бірі жығу үшін істейтін әдіс-амалдарды, тәсілдерді мұнда да істейді. Айтысқанда жай сөзбен айтыспай, өлеңмен айтысады. Сондықтан өлеңмен ғана айтысу деп аталады. Күрескенде күшке әдіс серік болуы сияқты айтысқанда ақындыққа да әдіс серік болады. Әдісі жоқ әйдік ақынды әдісті ана-мұнау ақын жеңіп кетуі мүмкін», – деп айтыстың ерекшелігін көрсетеді [Байтұрсынов А., 67 б.].
Қазақтың ұлттық рухы тілі мен мәдениетінде екенін, қазақы рухани мәдениеттің биік белестерінің бірі айтыс өнерін Ұлы Мұқаң үнемі жоғары бағалап әрқашан өзіндік ой толғаныстарын білдіріп отырған. «Айтыс заманында өзге елдерде де болған. Парсыда мүшайра, арабтарда мұғалләкәт деген. Арабтардың көшпенді бәдәуилері қара сөзбен емес, үнемі өлеңмен сөйлескен, қазақ халқының бір ұлы қасиетті сол қынаптан суырып алған қылыштай қолма-қол қиып айтатын айтқыштығында, айтыскерлігінде. Бұл қай халықтың алдында да мақтануға тұрарлық өнер», – деп толғайды [Әуезов М., 215 б.]. Халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы айтыстың жинастырылып, зерттелуі тіл ғылымында кенже түсіп жатса да, әдебиеттану ғылымы тұрғысынан белгілі дәрежеде жинастырылып, зерттелген өзіндік табысқа қол жеткізген сала ретінде бағалауға болады.
Қазақ айтыстарының жинастырылуы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы В.В. Радлов бастаған орыс зерттеушілерінен басталып, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, С. Жантөрин, Т. Сейдалин сияқты оқымыстылармен жалғасын тапса, кеңес өкіметі тұсында Ә. Диваев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов жинастырып зерттегендері, одан кейінгі тұста М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, М. Ғабдуллин, Е. Ысымайылов, Р. Бердібаев, Н. Төреқұлов сынды әдебиетші ғалымдар қарастырғаны қазақ әдебиеті тарихында айтылып жүр.
Айтыс өнерінің тарихи тамырына шолу жасайтын болсақ, сонау ежелгі халық ауыз әдебиетінен бастау алып, Шалкиіз, Қазтуған заманынан бері қарай қазақтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің айнасы болып, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Шөже, Кемпірбай, Орынбай, Ұлбике, Сара, Әсет, Біржан сияқты дүлдүл ақындардың өткір де өзекті ой-пікірлерімен жалғасын тауып, тіпті ХХ ғасырдың 40-жылдарының өзінде де Кенен мен Нартайдың, Шашубай мен Болманның, Орынбай мен Маясардың сөз жарыстыруы арқылы қоғамдық пікірдің көшбасшысы болғаны белгілі.
Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірдің өзінде де Көкен Шөкеев, Қалихан Алтынбаев, Әбікен Сарыбаев, Надежда Лушникова, Қалдыбек Әліқұлов, Көпбай Омаров секілді ақындарымыз айтысқа бел шеше кірісіп, айтыс деген жаттанды сөз емес, терең ой мен жүйелі мазмұнға құрылған, суырып салма ақындық өнер екенін өз істерімен, шындықты, әділдікті ақындықтарымен әлденеше рет дәлелдеді.
1980 жылдардан бастап республикалық-телевизиялық айтыс дүниеге келді. Бұрын тек сүре айтыс қана елдің назарына ұсынылып жүрсе, енді қыз бен жігіт, жұмбақ, қайым, өтірік өлең, түре айтыстар қайтадан туған халқымен қауышып жандана бастады. Осы жылдары көгілдір экраннан айтыскер ақындар Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Әселхан Қалыбекова, Тәушен Әбуова, Әбдікерім Манапов, Шорабек Айдаров, Есенқұл Жақыпбеков, Айтақын Бұлғақов, Ерік Асқаров, Нәсілхан Тоқтасынова сияқты халық жүрегінен орын алған «от ауыз, орақ тілді» суырып салма ақындар айтыстың көшін ары қарай жалғады. Бұл ақындардың өлеңдері де әлеуметтік мазмұнының өткірлігімен, көркем тілдің құнарлығымен, суырып салмалықтың озық үлгісмен ерекшеленді.
Ал қазақ елі тәуелсіздік алған тұстан кейінгі 1990 жылдардан бері айтысқа жаңа толқын, жаңа леп келіп, айтыстың түрі де, мазмұны да, сапасы да жаңа сатыға көтерілді. Бұл тұста азат тіліміздің тұсауы кесіліп, айтыс ақындарының еркін ой толғап, кең көсіле шабуына ерікті жол ашылды. Осындай қоғамдық-саяси өзгерістерге тап келген айтыскер ақындардың өлең жолдары өздері өмір сүрген ортасының қолтаңбасы іспетті болды.
Еркін ойлайтын, батыл айтатын алмас қылыштай өткір тілмен кесіп түсетін, поэтика тілінің нағыз сөз зергерлері жас буын ақындар легі келді. Олар: Аманжол Әлтаев, Айбек Қалиев, Мэлс Қосымбаев, Қуаныш Мақсұтов, Мұхамеджан Тазабеков, (Оразәлі Доспосынов), Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, Айнұр Тұрсымбаева, Кәрима Оралова, Балғынбек Имашев, Дәулеткерей Кәпұлы, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы және т.б.
Жалпы айтыс тілінің өрнегіне қатысты мақалалардың бірінде профессор Р. Сыздық өз пікірін төмендегіше білдіреді: «Айтыстың негізгі шарты – ақындардың поэтикалық дарыны, сөз көркемдігі болып есептеледі. Әрине айтыстың импровизация (суырып салмалық), ой қисыны (логика) мен дәлелінің күштілігі, қарсыласы ұсынған тақырыпты іліп әкете білуі, қойған сұрағына әрі дұрыс, әрі әсерлі етіп жауап қайтару сияқты толып жатқан, тіпті отырыс-тұрысы, айтыс мақамы, дауысы, домбыра шертісі сияқты «ұсақ түйектерді» қоса есептейтін өзге де дәстүр шарттары бар. Осыларды салмақтай отырып, басты талап сөз шеберлігі мен экспрессиясына қойылатынын байқаймыз. Көбіне-көп осы шартқа тіл көркемдігі, сөз өрнегі толатын айтыскерлер жеңіс тұғырынан көрініп келеді», – деген ой-пікірі бүгінгі айтыс тілінің өзіндік ерекшеліктерін дөп басып айтуы деп білеміз [Сыздық Р.,11б.].
Қазіргі айтыс ақындарының қай-қайсысы болмасын рухани лексиканың құнарлы қабатын құрайтын өмір, тағдыр, ақыл, парасат, адамгершілік, бақыт, байлық, бақ, береке-бірлік, асқақ арман, ар-намыс, махаббат, сұлу сезім, үміт пен күдік сияқты дерексіз ұғымдарды білдіретін сөздерді өз шығармашылықтарында кеңінен қолданады.
Айтыс ақындары дерексіз ұғымдардың философиялық мәніне терең үңіліп, қазақ халқының тарихында елімізге пана болған арғы ата-бабаларымыздың есімдерімен семантикалық байланысқа түсіріп, олардың елімізге сіңірген еңбегін, ұлан байтақ жерімізді қорғаған ерліктерін, ақылды да көреген көсемдіктерін, ел басқарған білікті саясаткерліктерін дидактикалық мақсатта, тәрбие, үлгі-өнеге етіп, ұлттық идеология мен ұлттық патриотизмге, жалпы ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал ететін тілдік таңба ретінде жиі жұмсайды.
Мәселен,
Ардақты айбын асқан алашымнан,
Ақылды азаматтар жаратылған.
Ақ тулы Абылайлар дара тұлғаң
Бұқар жырау байламды бағыт беріп,
Бірлігімен қазақтың бағыашылған.
Төле би, Әйтеке мен Қазыбектер,
Өмір мәнін қопарған нақ асылдан.
Қабанбай, Бөгенбай мен Наурызбайлар,
Қазақты алып шыққан нақ асылдар.
Кеңгірбай, Алшынбай мен Құнанбайлар,
Ақ сұңқардай аспанда аласұрған.
Ұлы Абай, Мұхтар менен Шәкәрімдей,
Семейдің даласында данатуған
Бас иіп, бақ тіледім бар анаға,
Ардақты тағдырларды ана туған (Ринат).
Айтыс тілінде қолданылатын өмір, тағдыр концептілерінің рухани мәдениеттегі лингвофилософиялық пайымдауларына тоқталатын болсақ.
«Өмір» концепті. «Өмір» концептісі дүниенің тілдік, көркем бейнесінде кең мағынада «адамның уақыт өлшемі», «адамның тағдыры», «адамның жүрген жолы», «адамның қуанышы мен реніш», «адамның бейнесі» сияқты фреймдік құрылымдармен түсіндіріледі.
«Өмір» концептісінің құрамдас бөліктері ретінде: 1. Заман, 2. Дәурен, 3. Дүние, 4. Ғұмыр, 5. Тіршілік, 6. Тағдыр макроконцептілерін жатқызуға болады.
Өмірдің лингвомәдени анықтамасын зерттеуші А.Ислам былайша түсіндіреді. «Өмір» қазақ тіліне араб тілінен енген сөз: бірінші мағынасы «өмір» дегенді білдірсе, екінші мағынасы «адамның жасы, ғұмыры» мағынасын білдіреді, олар сайып келгенде «уақыт», «заман», тағдыр», «өлім» концептілерімен макрофреймдік қатынаста, ал тілдік белгі ретінде ортақ лексика семантикалық топта болады [Ислам А., 32].
Жалпы ұлттық рухани мәдениетімізде дерексіз ұғымды білдіретін «өмір» концептісі өмір-өзен, рахат өмір, бақытты өмір, сән-салтанатты өмір, ертегі өмір, өмірінің өзегі, өміріне риза, өміріне жетерлік, өткінші өмір, алдамшы өмір, қапас өмір, ит өмір, өмір өзегінен тепті, өмірдің ащы запыранын көп татты, қашының сабындай қысқа өмір сияқтытіліміздегі көптеген сөздермен, тіркестермен, фразеологизмдермен, мақал-мәтелдермен, қанатты сөздермен ассоциативтік байланысқа түсіп, ұлтымыздың аялық білім қорымен астасып философиялық, психологиялық, физиологиялық, поэтикалық аспектіде дәйектеледі.
Философиялық аспектіде: дүние, жалған, күрес, тіршілік, мәңгілік, рух, өмірге сену, шектілік, құндылық фреймдері арқылы түсіндіріледі.
Психологиялық аспектіде: тәтті өмір, бақытты өмір, нұрлы өмір, аласапыран өмір, қарбалас өмір, ит өмір, махаббат, арман, сыр, құпия, үміт, күдік, шыдамдылық фреймдері арқылы түсіндіріледі.
Физиологиялық аспектіде: туылу, ержету, гүлі ашылу, есею, қартаю, ауру, жүрек, жан, дем алу фреймдері арқылы көрініс табады.
Поэтикалық аспектіде: от, жарық, сәуле, күйкі тірлік, атақ-даңқ, билік, қызмет, ақша, баспана, балалы болу, достар, жары және т.б фреймдері арқылы түсіндіріледі.
«Тағдыр» концепті. Қазақ дүниетанымындағы «тағдыр» концептісінің ішкі мәні ислам дінінің қағидалары тұрғысынан түсіндіріледі. Мұсылмандар дүниетанымында Алланың жазмышы, яғни алдына ала белгілеп қоюы, оған еш қарсылықсыз көну мәнінде сипатталады. Сондайақ ислам философиясында Алла адамға өз тағдырын, өз жолын таңдауға өз іс-әрекеттерін істеуге ерік береді. Адам дүние есігін ашысымен-ақ тағдыр жетегінде болады. өйткені адамның өмір сүргені, өмірде істеген амалдары, қуанышы мен қайғысы тағдырына байланысты. Тағдырды өзгерту, жақсы жаққа бұру, яғни қоғамына сәйкес өмір сүру, білім алу, ол адамның күнделікті амал әрекеттері мен ісіне байланысты.
«Тағдыр» концептісі славяндардың дүниетанымында да Құдайдыңөмірді басқарып, бағыттап отыратын күші. Қытай философиясында «тағдыр» концептісі жоғарыдан берілген жазмыш ретінде қабылданатын бұйрық оны міндетті түрде орындау қажет деп түсіндіріледі.
Қазақ дүниетанымындағы «Тағдыр» концептісінің мәнін хакім Абай дәл түсіндірген.
Тағдыр жазмыш, бұйрық
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек.
Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек,- деген өлең жолдарында тағдырды Алланың бұйрығы, соған көну, оны тағдыр деп қабылдау адам баласының ісі екенін айтады.
Сонымен рухани мәдениетіміздегі «тағдыр» концептісінің лингвофилософиялық пайымы - Алланың бұйрығы, соған көну сабырлық пен шыдамдылыққа ұласады, ал адам өміріндегі өз іс-әрекеттерін ақылымен, санасымен өзгерту өз қолында семантикасы тұрғысынан дәйектеледі.
Қазіргі айтыс ақындар тілінде рухани мәдени лексиканың мифологиялық көне қабаты қоғам өмірінің белгілі бір дәуірінде қолданыстан шектеліп, пассив лексика қатарына өткен, бүгінгі тәуелсіздік тұсында айтыс тілінде қайта жанданып тілдік айналымға белсенді араласа бастаған Алла, Құран, әулие, аят, шариғат, сопы, мұсылман, шайыр, періште, пері, дуана, әзірейіл, шайтан, жын, азан, мүбарак, табарак сияқты діни сөздер кеңінен қолданыс тапқан.
Мұсылман болсаң момын бол,
Таусылмасын тағатың.
Періштелер мекендер,
Жеті қат көктің қабатын.
Әулие, сопы, шайырлар,
Алла деп аят оқыса,
Дәрия теріс ағатын (Мэлс);
Серігің жоқ бір Алла,
Өлмейтін мәңгі тірі Алла,
Құдіреті күшті ірі Алла,
Ойыма орнат нұр Алла(Әбілқайыр)
Баһадүр ұлдарыңа пейілді боп,
Бойында базар ашқан келісті өнер.
Парыз, уәджип, сүннәтті түгендеген,
Пенденің ұжмаққабір шын бармағы (Бекжан);
Осынау дүниеде түйіні өктем,
Аналар бұл пәниде биік өткен.
Қабырғадан жасалған Хауаананың,
Менің Адам атама сыйы жеткен (Аманжол).
Жалпы, тіл мен дін этностың рухани мәдениетінде бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Жалпы көптеген діни ұғымдар мен атаулар қазақ ұлты қалыптасқанға дейінгі орта түркі кезеңде ислам дінін қабылдаумен байланысты енген кірме сөздер болып табылады. Яғни бұл атаулардың семантикалық сипаты ұлт мәдениетінде лингвистикалық тұрғыдан гөрі философиялық мәнге ие болды. Осы себепті дін тарихы мен мифологиялық топтастыруда: тотемизм, зиянды ғұрыптар, бақсылық, эротикалық салттар, жерлеу салты, ерте тайпалық культ, кәсіптік культ, әулиелердің отбасы-туыстық культі, бабалар культі, шаманизм, нагуализм (жеке пірлер), жасырын байланыстар культі, көсемдер культі, тайпалық құдайлар культі, аграрлық культтар сияқты түрлері көрсетіледі [Сафиуллина Р., 8].
Алла - Құдай, тәңір, жаратқан, ие. Алла сөзі күллі мұсылман қауымына ортақ, үнемі жалқы, тура мағынасында жұмсалатын сөз. Айтыс ақындарының тілінде Алла, Құдай, жаратқан ием, жасаған атаулары контекстік семантика үрдісімен бір-біріне эквивалент синоним ретінде жұмсала береді.
Тілімізде Алла сөзімен байланысты көптеген тілдік бірліктер қалыптасқан. Мысалы, Алла тағыла, Адамның басы Алланың добы, Алланың әмірі/ бұйрығы/пәрмені, Аллаға шүкірлік қылды, Алла жар болды, Алла нәсіп етсін, Алла рақым қылды, Алла жар болды, Алланың сынағы, Алланың қаһары тиді, Алланың сүйген құлы және т.б.
Ғайп ерен қырық шілтен - Мұсылман түркілер (қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз) мифологиясындағы көзге көрінбейтін, рух сипатына ие, ғаламды билейтін қырық құдіретті әулиелер мен пірлер.
Мұндағы ғайып сөзі «көзге көрінбейтін», шілтен сөзі парсылық чил+тон, чил «қырық», тон «тірі пенде» мағынасын білдіреді.
Әзірейіл -мифтік таным түсінікте «жан алғыш» мәнінде қолданылады.
Татар тілін зерттеуші Р. Ахметьянов бұл атауды ертедегі діни мифологиялық түсінікпен байланыстырып, марий, чуваш тілдерінде де мифологиялық бейнеде көрініс тапқан рухани лексика қатарына жатқызады.
Пері - мифтік дүниетаным бойынша көзге көрінбей ұшып жүретін әйел бейнесіндегі рух. Шығыс халықтарының дүниетанымында бұл сөз екі мағынада кездеседі. Көне парсыларда жын-шайтан сөзінің құрамында қолданылып үрей рух, жағымсыз күш мәндерінде қолданса, түркі тілдерінің кейбірінде періште сөзімен семантикалық байланыста қолданып жағымды мәнге ие.
Сонымен қазіргі айтыс өнері тақырыбының сан алуандығымен қатар, көркем тілінің де өзіне тән ресурстары ретінде тілдің лексика-семантикалық күрделі қабатын айтуымызға болады. Атап айтар болсақ, ұлттық дүниетанымдық мәдени лексика мен этнографизмдер, жаңа сөздер мен архаизм сөздерге жаңа мағына беру, синоним, дублет, вариант сөздерді мәнмәтіндік кеңістікте қолдану, мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің құрылымын өлең мәтінінің заңдылықтарына сәйкес өзгертіп қолдану, антонимдік және омонимдік қатарларды, табу сөздер мен эвфемизм, дисфемизмдерді, мысқыл сөздер мен әжуа-қалжың сөздерді өзіндік авторлық стильдік қолданыс мақсатына сәйкес жұмсау, сөздерге келтірінді мағына берудің лексикалық және семантикалық типтері мен түрлерін ұтымды пайдалану, коммуникативтік-прагматикалық процесте ақпараттық-коммуникациялық жағдаятты қабылдаумен ғана шектемей, тілдің негізгі ықпал тудырушы, әсер етуші қызметтерін басты назарда ұстау, адамдарды жақсы істерге жұмылдыруға, жұрт жүрегінде қайырымды сезімдер туғызуға, ақиқат пен тәртіпке құрылған жаңа қоғам орнатуға, қоғам мен адамның келеңсіздіктері мен көлеңкелі тұстарын өткір де әзіл тілмен сынап-мінеуге ықпал ететін кешенді де әмбебап коммуникативтік-прагмалингвистикалық категория ретінде көрініс беріп отыр.
Тапсырма.
1. Айтыс ақындары тіліндегі окказионал сипаттағы эпитеттік қолданыстарды тауып, олардың жасалу уәжіне түсініктеме беріңіз.
Басыңнан жамбы жырды құлатайын,
Маңмаңгер жырды бүгін тулатайын;
Көбелек жыр қондырдым терген гүлге,
Соқтырсам дауыл жырды алай-түлей,
Ұйытқып соқса-дағы жел іргеден,
Көрікті сөз шығарам көңілден мен;
Ұлы сөз ұлыларда көп болғасын,
Тұрады бетегелі белден биік;
Қыл-қыбыр ұсақ сөзді айтқанымен,
Ант берер азаматсың семсер сүйіп
(Тілеген)
Төгейін саумал жырды тандырланбай;
Атыңнан айналайын, Балғынбегім,
Мойныма сөз салығын салдың менің;
Жыр бәйге дүбіріңе еліктірдің,
Қоздырып аруағын ерікті ұлдың
(Иманғазы)
Таратып әрі қарай әкет аңыз,
жұртқа біз жыр сыбаға асатамыз
(Дәулеткерей)
Сәби өлең әкелдім құндақтағы,
Бесік қып жүрегіңді тербе, халқым
(Аманжол)
Қынаптан суырғанда қылыш сөзді,
Бұлтақсыз қиып айтар алмас едім (Серік)
2. Айтыс ақындары тіліндегі окказионал теңеулердің жасалу жолын түсіндіріп, ұлттық менталитетті, ұлттық мәдениетті, ұлттық символ көрінісін сипаттайтын аялық білім жүйесіне назар аударыңыз.
Қайрап-қайрап кім салды сені маған,
Ұрлап алған балтадай көршілерден,
Ине боп қадалғаннан именбесең,
Кәдімгі пышақ пенен қайрақ құсап (Балғынбек)
Оңдырмай от көсеген көсеу құсап,
Қазақы салт-санадан тақыр болдық (Дәулеткерей)
Жарқырап жаныма кеп бір айдай боп,
Түпкі ойың түріңнен еш байқалмайды,
Қар астында құрылған қақпан құсап (Мұхамеджан)
Бөрідей жігіт болсаң бөгелмей айт»,
Азу басып көр енді арыстанға,
Басып жейтін қарақұс мен емеспін,
Шашып жейтін алғанын сұңқардаймын (Аманжол)
Болашақ жастарымыз рухтанып,
Махамбеттей болса деп мақұл көрдік (Дәулеткерей)
Жұрттың бәрін жапырап барасың ғой,
Кәдімгі таңқы танау Тайсон құсап.
Бекарысты бөктере қоямын деп,
Өзіңе зиян тауып алып жүрме.
Тайсон, Тайсон дегенге тайран қалып,
Холифилдша жолығып қалып жүрме. (Бекарыс – Оразалы);
Ал енді ақылы бар сөз айтсайшы,
Бол деп саған тұрғам жоқ Менделеев. (Оразалы – Бекарыс);
Айтыста жарылқаушы Мұхтар боп тұр,
Шведтің миллиардер Нобеліндей.
Атадан асыл туған бір ұл екен,
Атымтайдың бүгінгі дерегіндей. (Мұхамеджан – Балғынбек);
Өзің айтқан жаңағы
Әсет пенен Біржандай,
Бір шабайық шаршамай.
Олардан гөрі, ағасы,
Отырмыз ғой екеуміз,
Дон Кихот пен Санчодай (Балғынбек);
Жездем менің Балғынбек
Өлең айтты өрісті.
«Анкл Бэнс» секілді
Деді кеше Мэлсті (Әсем).
3. Алла, өмір, тағдыр, жан, махаббат, мұң, ұжмақ, періште сөздерімен концептілік өріс құрайтын тілдік бірліктеріді жинастырып, мәнін түсіндіріңіз.
Үлгі: өмір-өзен, рахат өмір, бақытты өмір, сән-салтанатты өмір, ертегі өмір, өмірінің өзегі, өміріне риза, өміріне жетерлік, өткінші өмір, алдамшы өмір, қапас өмір, ит өмір, өмір өзегінен тепті, өмірдің ащы запыранын көп татты, қашының сабындай қысқа өмір және т.б.
Дәріс 6.