Шекейленуіне, жабдықталуына байланысты атаулар.
Алтын ер // алтынды ер – ердің алтын шытыралармен, алтын жалатумен әшекейленген қымбат түрі.
Жаппай күміс ер – күміс ердің алдыңғы және артқы қастары түгелдей күміспен жабылып, мық шегелермен, асыл тастармен әшекейленген түрі. Күміс ерді жаппай күміс ер, ойма күміс ер, құранды күміс ер деп бөледі. Күміс бас ер – алдыңғы қасы күміспен күптеліп, асыл таспен яки ою-өрнекпен безелген сәнді ер.
Күміс тұрман – күміспен күптелген, әр жерінен күміс шытыралармен әшекейленген ат жабдығы.
Күміс шытыралы ер-тоқым – күмісті тұтас жаппастан, тек әр жеріне күмістен құйған түйме сияқты әшекейлер шауып сәндеген ер-тұрман. Сүйек бас ер – алдыңғы қасы сүйекпен мол әшекейленген ер. “Астына көк жона төсеніп, басына сүйек бас ер жастаныпты” (Ә. Кекілбаев. Үркер, 1981, 114 б.) т.б.
Ер қаңқасының жасалу әдістеріне, өңдеу тәсілдеріне байланысты атаулар:
Былғары ер – сырт былғарымен қапталған ер.
Бітеу ер – ағаштан тұтас шауып жасалған ер түрі.
Көк бас ер – ердің былғарымен қапталған түрі.
Тоздалған ер – бетіне қайыңның қабығын (тоз) жапсырған ер. “Түркістан, Шымкент қалаларындағы ершілердің кейбіреулері өзбек шеберлерінің әсерімен тоздалған ердің сыртын бояулармен әдемілеп бояп келді” (Х. Арғынбаев. Қазақ халқының қолөнері, 1987, 24 б.).
Көнделген ер – сырты көнмен қапталған ер (ер мықты болу үшін оның сырты кейде көнмен қапталады).
Этникалық ерекшеліктеріне байланысты ер түрлері: адай ері, алтай ер, арғын ері, найман ері, дулат ері, қызай ері, бежін ер, қазақ ері, қалмақы ер, өзбек ері, қоқан ері, қырым ері, орыс ері т.б. Бежін ер – алды-арты шошақ, сырты иленген терімен қапталған ер (бұл – Қытайдың Бейжин, Пекин деген сөзінің қазақшаға икемделген атауы).
Материалына байланысты қалыптасқан ер атаулары:
Ағаш ер – былғарымен қапталмаған, ағаш қаңқалы, көпшілік қолды ер.
Ақ бас ер – сүйекпен әшекейленген ер.
Былғары ер – сырты былғарымен тегіс қапталған ер түрі.
Темір ер – ершік; арбаға жегетін атқа салатын ершік.
Ердің жоғарыдағы түрлерінен басқа да мынадай атаулары қолданылады: айыр ер (жауыр атқа салатын ер), арбагер (ыңыршақ, бұл атау арба және егер сөздерінің бірігуінен жасалған), мұны кей жерде арба ер деп айтады, ашақ (аттың жабуы түспеу үшін қолданылатын темір ер), ашамай – жалғыз өркешті қоспақ өркешті түйелердің өркештеріне жүк салмағы түспеу үшін ағаштан жасалған ыңыршақ сияқты әбзел; “Нарға – ашамай, қоспаққа – жазы”, “Нар сәулеті – ашамай”, “Ашамай нарға жарасар, Ақ түйе барға жарасар”, “Бала ханнан үлкен, ашамай нардан үлкен” секілді мақалдар ашамайдың осы түріне байланысты туындаса керек.
Жоғарыдағы тіл деректерінен ердің бірнеше қызмет атқарғанын, түрлі мақсатта қолданғанын байқаймыз. Мәселен, ерді салт атқа міну үшін, сонымен бірге сән-салтанаттық үшін де қолданған (алтын ер, күмісті ер, сүйек бас ер т.б.). Балаларды 3-4 жасынан бастап атқа мінуді үйрету үшін ашамайды пайдаланған. Ертеде өгізге, сиырға мініп жүру үшін де оларға лайық ер түрлері болған. Арбаға, шанаға атты жегуге лайықты ағаштан, темірден жасалған кішкене ер түрлері қолданылған. Әрбір ру-тайпаның өзіндік ерекшеліктері де ер түрлерінен байқалған. Ер түрлерінен көршілес өзбек, орыс, қытай елдерінің де әсері көрінеді.
Ердің құрамдас бөліктерінің атаулары:Ердің құрамына тоқым, желдік, терлік, үзеңгі, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, жүген, жабу, аткөрпе, тұсау, шідер сияқты заттар жатады.
Тоқым – аттың арқасына ерттелетін ердің батпауы үшін екі-үш қабат киізден сырып, былғарымен қаптап, өрнектеп жасайтын ер жабдығы. “Тоқым” деген ұғымға тебінгі, тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, өң деп аталатын төсеніш жабдықтары да кіреді. Тоқым жасауды кәсіпке айналдырған адамдар тоқымшы деп аталған. Өйткені тоқымдар қарапайым жасала бермей, сәндік үшін киіз сыртынан қапталған былғарыға, оның жиектеріне кеспе, құйма, шытыра, шыбық, ширатпа, бүркеншік аталатын алтын, күміс әшекейлер орнатылып, ер жабдығының сәнін келтірген.
Сонымен, аттың үстінен бастап ерге дейінгі тоқым түрлерінің реті былай болады: терлік // өң, ішкілік, ішпек, тебінгі // тебінгі тоқым, сосын ер тұрады. Терлік қозы-лақтың, қарақұйрықтың терісінен, жұмсақ иленген ешкі жарғағынан жасалады. Атқа салынатын терлік саны ердің жайлылығы мен желдіктің болу-болмауына байланысты. Ер жайлы болса екі терлік, ер желдікпен ерттелетін болса бір терлік салынады.
Шалбардың балағын, аяқ киімді аттың терінен сақтау үшін тоқымның екі жағынан бірдей жалғастырыла жалпақ әрі қалың былғары тігіледі. Бұл тебінгі.
Тебінгі кейде су тисе созылмайтын, күн тисе қурамайтын таза жүн киізінен де жасалады. Көп жағдайда тебінгі киіз тоқымдарға жапсырыла тігіледі, яғни оны өз алдына бөлек жасап жатпайды. Бұл әдіс тоқымның үзеңгі бау тиетін тұсының тез тозбауын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты тебінгі тоқым, тоқымның тебінгісі тәрізді атаулар қалыптасқан.
Қайтып келіп еліңе
Тебінгіден тер келіп,
Қарғы баудан қан келіп,
Бүліншілік салармын (Едіге батыр, 1996, 135 б.).
Тоқымның ақ киізден жасалған түрі ақ тоқым, былғарымен қапталған, беті өрнекті, түсті металдармен әшекейленген түрі былғары тоқым, қызыл күрең түске яки қара түске боялған былғары тоқым құрым тоқым деп аталады.
Құрым тоқым Абылай,
Құрдасың ба еді Әтекем.
Тері тоқым Абылай
Теңдесің бе еді, Әтеке-ау (Абылай хан, 1993, 76 б.).
Қазақ тілінде құрымға боялған етікті құрым етік дейді. Құрым көне түркі тілінде “қара күйе” дегенді білдірген. Ескірген немесе қара күйе басқан киізді қазақтың “құрым киіз” деп айтуы осыған байланысты шыққан. Былғарымен қапталған, әшекейлі, шашақты, көлемді тоқым түрі олбыр тоқым деп аталады, ол әйелдер үшін жасалады.
Үзеңгіағаш үзеңгі, темір үзеңгі, қола үзеңгі, күмісті үзеңгі деп бөлінеді. Ағаш үзеңгі тек қайыңнан ғана иіп жасалады, кейде мықтылық үшін оны темірмен құрсаулайды. Ағаш үзеңгі ауа райына байланысты қолданылады. Оны қыстыгүні қатты аязда атқа да, адамға да жайлы болу үшін жылқышылар көбірек пайдаланған.
Айыл– ер-тоқымды бекіту үшін аттың бауырынан орай тартылатын тартпа, құр. Жүннен тоқып жасалған айыл түрі құр айыл, қайыс таспалардан өрілгені өрме айыл, қайыстан жалпақтау етіп жасалғаны қайыс айыл, тағылатын орнына қарай төс айыл, шап айыл деген түрлері бар. Жергілікті тілде айылды тартпа деп те атайды.
Құйысқан– ер-тоқымның алға сырғып, ат мойнына кетпеуі үшін қалың былғарыдан жасалған ер жабдығы. Құйысқанның өрме құйысқан, ширатпа күміс құйысқан, үзбелі құйысқан, түймелі құйысқан, термелі құйысқан, құр құйысқан, құймалы құйысқан, алтын құйысқан т.б. түрлері бар.
Өмілдірік – ердің кейін сырғымауын қамтамасыз ететін ер жабдығы. Оның түрлері күмбезді өмілдірік (күміс күмбезбен әшекейленген түрі), күміс өмілдірік, алтын өмілдірік т.б. деп аталады. Өмілдіріктің екі басы ердің алдыңғы қасының екі жағына тартпаға бекітіліп, омырауды басып тұрады. Өмілдірік екі жақтау, бір жырым, бір айылбас не бүлдірге, бір салпыншақ сияқты бөлшектерден тұрады. Әшекейлі өмілдірік атаулары байырғы ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған.
Ноқта, жүген– қазақ шеберлері көлікті бұрып басқарып отыруға арналған ноқта, жүген аталатын әбзелдер жасаған. Ноқтаның құр ноқта, былғары ноқта т.б. аталатын түрлері, жүгеннің күміс жүген, өрме жүген, алтын жүген, былғары жүген, түйме жүген, қайыс жүген, шаужайлы жүген, шаужайсыз жүген, шытырмалы жүген сияқты атаулары көне бабалар тілінде кеңінен қолданылған.
Қазақ жүгендеріноқта, ауыздық, тізгін және шылбыр деп аталатын төрт бөлшектен тұрады. Тарихи жағынан алғанда, алдымен ноқта шыққан. Ноқтада ауыздық болмайды. Жүген ноқтаға ауыздық салудың нәтижесінде шыққан. Ноқта, жүгенге байланысты оның бөлшектерін білдіретін жақ, жақтау, желкелік, сағалдырық, кекілдік, кеңсірік, сулық, шаужай тәрізді атаулар қолданылады.
Сағалдырық – жүген мен ноқтаның ат алқымы астынан орап тұратын бауы.
Желкелік– қамшылар жақтың ат желкесін ораған бөлігі.
Шылбыр – ноқта сағағына, жүгенде мінер жақ сулыққа тағылатын екі жарым құлаштай бау,
Кеңсірік – жүгеннің жақтауларын ат кеңсірігі үстінен орап барып жалғастыратын бау.
Кекілдік – жүгеннің маңдай тұсындағы бөлігі.
Сағақ– шылбыр тағуға арналған орын (мал иегінің асты да сағақ аталады).
Шаужай– ауыздық пен сулықтың арасына бекітілген, ұзындығы сынық сүйем екі бөлшек жабдықтың аты, жүгенге орнатылатын шаужай атты тежеп басқару үшін қажет. Тізгінді бір жағынан бұра тартқанда шаужай аттың езуіне кесе-көлденең тұрады да, жақ сүйекті қысады. Соны сезген ат сыңар езулемей, бір жағына қарай (тартқан жаққа) бұрылады.
Тізгін – жүгеннің екі ұшына бекітілген, ортасы тұйық, атты басқаруға және қаңтарып қоюға қажетті бөлшек.
Отқа қойылатын аттардың аяғын тұсауға (тұсамыс), кісен, өре, шідер деп аталатын ат жабдықтары қолданылады.
Шідер– қылдан өріліп, қайыстан яки шынжырдан жасалған. Ол аттың алдыңғы екі аяғы мен аттанар жақтағы артқы аяққа салынады. Шідер жасалған материалына, технологиясына қарай қыл шідер, қайыс шідер, өрме шідер, шынжыр шідер деп бөлінеді. Шідер балақ, тұсау, өре деп аталатын бөліктерден құралады. Балақ – тұсаудың жіліншікке бекітілетін екі ұшы мен өренің жылқы тілерсегіне бекітілетін кейінгі ұшы; әдетте, балақ үшеу болады. Әр балақтың бір-бірден алақан, тиек, балақ бау аталатын бөлшектері бар.
Өре–аттың аттанар жақ алдыңғы аяғы мен артқы аяғын шалып байлауға арналған жіп. “Түнде өрелеп қоя берген атты әлдекімдер ұрлап кетті” (Ертегілер, 1-том, 64 б.). Өрені кейде өз алдына жеке жасамай, шідердің алдыңғы екі балағын аттың аттанар жақ аяғынан байлап, өре есебінде қолдана береді. Бұл жағынан алғанда, өре – жылқының үш аяғына салынатын тұсау. С. Қасиманов өрені “үш аяқтап тұсауға арналған өрежіп, шідер” деп түсіндіреді [С. Қасиманов, 232 б.], “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” (1999) өре “бір шетін аттың алдыңғы оң аяғына, екінші шетін артқы сол аяғына салатын тұсау” [.ҚТТС., 514 б.].
Кісен – кілтпен ашылып-жабылатын темір тұсау. Оны отқа жіберілген ат қолды болып кетпесін деп ұсталарға арнайы соқтырады. Әр кісеннің коды (кілті) әр басқа болады. Кісен алдыңғы екі аяққа салынады, соның нәтижесінде оттаған ат алыстап кетпейді. Тұсау көбінесе жіптен, қайыстан жасалып, ол да алдыңғы аяққа салынады. Оның ашылып жабылатын құлпы болмайды, тек байлап қоя береді. Тұсауды кейде шынжырдан да жасаған.
Қамшы– көлікті айдап жүргізу үшін, жүріс екпінін арттыру үшін қолданылған құрал. Оның бірінші түрі – салт атқа мінген адамның қамшысы, ол көлікті жүргізу үшін қолданылған. Екінші түрі бақсылардың ұстайтын қамшысы. Ол жын-шайтандарды үркіту үшін пайдаланылған. Үшінші түрі – керек болған жағдайда қару есебінде пайдаланылған қамшы. Оны қасқыр соғуға, барымта кезінде қолданған. Бірақ бұл әскери қаруға жатпайды. Мұндай қамшының өрімі жуан, салмақты, ұзын болады да, оның өзегіне металл (сым) салып дайындаған.
Қамшы сабы тобылғы, ырғайдан немесе елік сирағынан, тауешкі мен ақбөкен мүйіздерінен жасалады. Қамшының қолға ұстайтын сабын былғарымен қаптап, металл шығыршық орнатып, қайыстан бау (бүлдірге) тағады. Күміс сапты қамшылар әйелдерге арналады. Еркектерге арналған қамшылардың сабына темірден бауырдақ салып, таспамен немесе жезбен орап тастайды. Мұндай қамшыны ел арасында сары ала қамшы деп атаған. Қамшының құрамдас бөліктері сап, алақан, өрім, бүлгірге деп аталады.
Алақан – қамшы сабына орнатылған өрменің түбін бекітетін жердегі жалпақтау келген қайыс. Алақан қалың былғарыдан екі қабатталып тігіледі. Оның жалпақ жағынан өрім ұштасады, ал жіңішке жағы саптың бауырына бекітіледі. Алақан – сап пен өрімнің арасындағы дәнекер. Алақан ноқтаға байланысты да қолданылады. Ноқтаның түп жағын түп сабақ, екі бөлек шұбатылып тұратын ұштарын алақан немесе балақ деп атайды. Өрім – жұмырлап яки қырлап өрген таспа. Бүлдірге – қамшы сабының білекке іліп қоятын қайыс бауы.
Қазақ тұрмысында қамшының түрлері көп болған. Мысалы: арба қамшы, өрме қамшы, ат қамшы, түйе қамшы, қайыс қамшы, соқа қамшы. Ат қамшылар салт қамшы, ат соғар, ат жүргіш, шыбыртқы, өрілген таспасының санына қарай – алты таспа қамшы, сегіз өрім қамшы, бес таспа қамшы, он екі таспа қамшы, қырық өрім қамшы, екі таспадан ширатылған түрі – еспе, қайыстан өрілмей жасалғаны – сапалақ, өріміне өзек салғаны – дырау, дойыр, бұзау тіс қамшы т.б. деп аталады. Сабының жасалуына қарай мүйіз сапты қамшы, тобылғы сапты қамшы, өрме сапты қамшы деп аталады.
Қамшы құрал ретінде де, сәндік бұйым ретінде де қолданылған. Мәселен, үкілі қамшы, қоңыраулы қамшы, күміс (сапты) қамшы, жезді қамшы, бауырдақты қамшы, сарыала қамшы, алтынды қамшы – сән-салтанат құрудың белгісі болып табылады.
Өткен тұрмыста қамшы әртүрлі мақсатта жиі қолданылған, соған орай қамшы түрлі белгі, нышан (символ) қызметін атқарған. Мысалы: “Қамшы тастасаң, дауға оқталғаның. Қамшымен нұқысаң, зәбір көрсеткенің. Қамшыны қонышқа тықсаң, сабаласамын дегенің. “Ат мінгіземін” дегенің – ауыз байлық. Қамшыны қоса беру – екі айтылмас ант. Қара танымаған қазақ белгіге қамшыны жолдаған” (Т. Әлімқұлов. Кертолғау, 1988, 133 б.).
Яғни қамшы атауы да өз уақытында қазақ дүниетанымында рухани және материалдық мәдениетінен жан-жақты мәлімет беретін символдық мазмұнға аса бай құралдың бірі болған.
Сонымен халқымыздың ежелгі тұрмыс-тіршілігінде ер-тұрман, ер-тұрман жабдықтары, ат жабдығы, ат әбзелдері, әбзел, ат-тұрман, ат сайман, ер-тоқым жиынтығын танытатын ершілік өнерде өте көп тіл бірліктерінің жұмсалғанына көз жеткідік. Олардың көпшілгі бүгінгі сөздік қорымызда көнерген сөздер қатарына енгенімен ұлтымыздың материалдық лексикасын айқындайтын маңызды этномәдени бірліктер болып табылады.
Тапсырма.
1. Көп нүктенің орнына тиісті этнографизмді тауып өлеңді толықтырыңыз.
Ереуіл атқа ........ салмай,
..................... қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
...................... терге шірімей,
.....................майдай ерімей,
Ерлердің ісі бітер ме?!
................... тесе атқан,
.................... кесе атқан,
Біздің қайсар батырдың
Жүрегін сөйтіп оятқан.
2. Мәтіндегі ер-тоқым этнографизміне этнолингвистикалық және символикалық талдау жүргізіңіз.
-Не болды, келінжан? Ұлымнан жаманат естідің бе?! – деп, енем мені құшақтап ойбай салды.
- Жоқ, - дедім өксігімді баса алмай. –Тыныштық. Нартай Ақанның ер-тоқымын сұрайды.
- Шал-ау. Шал. Нартай Ақанның күмістелген ер-тоқымын сұратыпты. Береміз бе?
- Атасының басы, - деді атам ентігін баса алмай. –Ақметтен қалған көзді Нартайдың сасық бұтына салайын ба? Оттаған екен. Енеңді... –Маған жалт қарады да одан арғысын айтпай қоя қойды.
- Ата, - дедім мен иіле төмен қарап. –Егер ерді бермесек, бастық үстімізден құрық түсірмейтін сыңай бар. Боен салық төлеңдер деп қиғылықты салды.
- Салықтың орнына мені алып кетсе де бермеймін, - деп кесіп айтты. (О. Бөкей. Бәрі де майдан)
Бикешжан бүгін түс көрді,
Түсінде жаман іс көрді,
Астындағы көк жорға ат
Ер-тоқымсыз бос көрді. (Қыз Жібек).
3. Көркем мәтін негізінде қазақ халқының ершілік, үйшілік және ұсталық өнеріне қатысты этномәдени ақпараттар жинастырып, халықтың дәстүрлі және қазіргі заманауи мәдениетімен салыстыру жұмыстарын жүргізіңіз.
Негізгі әдебиеттер:
1. Қайдар Ә. Қазақ этнолингвистикасы. // Қазақ тілінің өзекті мәселелері. - Алматы, 1998.
2. Маслова В.А. Лингвокультурология. - Москва, 2001.
3. Манкеева Ж.А. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. - Алматы, 2008.
4. Ахметьянов Р.Г. Общая лексика духовной культуры народов Среднего Повольжя. – М., 1981.
5. Жанпейісов Е.Н. Этнокультурная лексика казахского языка. -Алматы, 1989. -282 с.
Қосымша әдебиеттер:
6. Қайдаров Ә.Т. Тысяча метких образных выражений. –Астана: Білге, 2003. -368 с.
7. Жанпейісова С. Қазақ тілінің рухани мәдени лексикасы. Фил, ғыл., канд., дисс қолжазбасы. -Алматы, 1996.
8. Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. –Алматы: Қазақстан, 1993. –182 б.
9. Жанұзақов Т. Қазақ ономастикасы. -Алматы, 2006.
10. Кейкин Ж. Қазақы атаулар мен байламдар. -Алматы, 2006.
11. Сейілхан А. Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдениеттанымдық негіздері. Фил, ғыл.канд.дисс қолжазбасы.
12. Аронов Е.Г. Этнолингвистическая природа народных космонимов в казахском языке. Автореферат. дисс. канд. филол.наук. Алма-Ата, 1992.
13. Айтова.Н.Н. Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының когнитивтік семантикасы. -Ақтөбе, 2006 ж.
14. Күркебаев К.К. Қазақ тіліндегі өлшемдік атаулардың этнолингвистикалық сипаты. Фил, ғыл., канд., дисс қолжазбасы. -Алматы, 2003.
15. Қондыбай Серікбол. Арғықазақ мифологиясы. -Алматы, Дейк-Пресс 2004.
16. Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обетавших в Средней Азии в древние времена. Т.2.Ч.3 –Москва-Ленинград: Академия Наук СССР, 1950. -353 с.
Сөздіктер:
1. Қайдар Ә.Т. Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік). І,ІІ,ІІІ – том. -Алматы: Дайк-пресс, 2009 ж.
2. Тіл білімі сөздігі. Жалпы редакциясын басқарған проф.Э.Д.Сүлейменова.
-Алматы: Ғылым, 1998 ж.
3. Шипова Е.Н. Словарь тюркизмов в русском языке. Москва: Наука, 1976.
4. Севортян Э. Этимологический словарь тюркских языков. Москва: Наука, 1974. -466 с.
5. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. 2-кітап. -Алматы: Ғылым, 1999.
-240 б.
6. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. III том.
7. Будагов. Л.З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. - Спб., 1869.
8. Қошғари М. Девону луғотит турк. Ташкент. 1963.
9. Покровская Л. Термины родства в тюркских языков. // Историческое развитие лексики и тюркских языков. Москва , 1961. – 465 с.
«Қазақ тілінің рухани және материалдық лексикасы»