Р ұлт өкілдерінің ым-ишарат және интонацияны қолдану ерекшеліктерін салыстыру.
Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі – тілдік қатынас, екіншісі - тілсіз қатынас. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың сәйкес жақтары мынада: олардың екеуі де, біріншіден, адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет етеді. Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір дерек, ой, мағлұмат хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін. Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен емес, сырттай болуы да мүмкін, бәрібір адамның белгілі бір хабарды ұғып, соған қатысты іс-әрекет жасауына мүмкіндік туады. Алайда тілдік қатынас адамдардың бір-бірімен ұғынысуында, ойын еркін, толық жеткізуінде ерекше қызмет атқарады.
Тілсіз қарым-қатынасты зерттейтін сала – паралингвистика (гр.«para» - жанында, қасында деген мағынаны білдіреді). Яғни ол хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды(сөзбен білдіру)тәсілдерімен қоса, сөйлеу үстінде қолданылатын бейвербалды (тілсіз) амалдармен берілуін және сөйлеу кезінде қолданылатын бейвербалды тәсілдердің жиынтығын зерттейді. Өмірде адамдар тек тілмен сөйлесу арқылы ғана бір-бірімен түсініспейді,кейде әртүрлі жағдайларға байланысты олар бір-бірін тілсіз-ақ ұғып, соған қарай іс-әрекет жасайды. Қарым – қатынас вербалды (сөйлеу мен сөзге негізделген) және бейвербалды (сөзге негізделмеген дене мен қолдың қимылы, ишаралар (бас изеу, бас шайқау, қол сермеу және т.б.), көзқарас, бет-бейнедегі мимика сынды көптеген құрамдас бөліктерден тұратындығын сонда нақ түсіне бастағандай боламыз. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей,коммуникативті арқылы жүзеге асады. Олардың пайымдауынша «ақпараттардың 55 % бет-бейне қимылдары, ым, ишаралар арқылы, 38 % дауыс қарқыны, ырғағы,тембрі арқылы қабылданса, қалған 7% тек сөздің құзырында» .«Бейвербалды коммуникацияның ең басты ерекшелігі, барлық адам сезім мүшелері: көру, есту, сипап сезу, иіс түйсігі, дәм сезу арқылы жүзеге асырылуында» . Осыған байланысты ғалымдар бейвербалды қарым-қатынас құралдарын бірнеше топқа бөледі, олардың ішіндегі негізгілері төмендегілер болып табылады:
1.кинесикалық: ым, мимика, кейіп.
2.окулесикалық: көзқарас.
3.проксемикалық: коммуниканттардың арақашықтығын бағдарлау.
4.сенсорлық: киімі, гүлді, иісті қабылдауы
Бейвербалды қарым-қатынаста көз, қас, қабақ, ерін, тіл, тіс,мұрын т.б арқылы жасалған қарым-қатынастың ерекшеліктері анықталады. Олар адамның ойынан, көңілінен хабар беретін қимыл-әрекеттер ретінде адамдардың бірін-бірі психофизиологиялық тұрғыдан қабылдауын білдіреді. Қ.Жұбановтың «аузын шылп еткізу, аузын бырылдатулар дыбыс пен ымды қосып ұстаған синкретизм түрі»деген тұжырымына сәйкес бейвербалды амалдардың бұл түрін синкретті мимика деп атаймыз.[4] Келбет мимикасы сөйлеу кезіндегі көз, қас, қабақ, еріннің қарым-қатынастық қызметін анықтайды. Келбет мимикасы айтылған ойға қосымша мағына үстейді. Сөйлеп тұрып тыңдаушының қалай қабылдап отырғанын оның көзі арқылы білуге болатыны т.б келбет мимкасына тән құбылыстарға жатады. Сонымен бейвербалды коммуникация сөйлеу стереотиптерінің құрамында міндетті түрде жұмсалып, тілдік бірліктердің құрлымдық компоненттері сияқты қандай да бір композициялық тәртіппен үйлесім табады.
Тілші ғалым Т. Қордабаев: «Ым тілі жасанды емес, ол ұрпақтан ұрпаққа ауысып, мұра ретінде беріліп отыратын табиғи құбылыс. Шарттылық ым тілінде тым елеусіз,сондықтан ол негізінде интернационалдық құрал, оны бірінің тілін бірі білмейтін адамдар да түсіне алады. Барлық халықта жұдырық көрсетуді қорқыту деп,қол бұлғауды шақыру деп түсінеді.Сөйленістің вербалды тәсілдерімен бірге жүретін кинесикалық, проксемикалық, просодикалық амалдар мен қимылдар лингвистикада бейвербалды қатынастың құрамында болатынын түсіндіреді .С.Мағжан қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көп мағыналылығы еңбегінде: Паралингвистика сөйленіс кезіндегі, оның ішінде ауызша қатынас кезінде қатарласа жүретін дыбыстық кодтармен шұғылданады. Бұл дыбыстық кодтар ақпараттың белгілі бір мән-мағынамен баюын,бағалауыштық және мағыналық түрлі реңтердің болуын, сонымен бірге олардың тілдік қатынас кезінде өмір сүруін қамтамасыз ететін мағыналық дыбыстық кодтар. Аталмыш паралингвистикалық құбылыстарға сөйлеу қарқыны, дауыс түрлері, интонация, еліктеуіш сөздер, күлкі, жылау, сыбырлау т.б. жатады. Ал дене қимылдары, мимика, кейіп сияқты коммуникацияның көмекші құралдары кинесиканы құрайды . Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, тілдегі бейвербалды амалдар, біріншіден, бірінің тілін бірі білмейтін халықтардың арасындағы қатынас құралы қызметін атқарады. Мысалы: «бас бармағын» көрсету ишараты қазақ және орыс, қытай, корей, Ұлы Британия халықтары тілдерінде «жарайсың», «керемет», «күшті», «тамаша» сияқты сөздерінің орнына қолданылса, Австралия, Жаңа Зеландия елдерінде осы мағынасымен қатар «барлығы жақсы» және көлікті тоқтату кезінде қолданған. Аталған ым-ишараттар барлық елде бірдей мағынада қолданылмайды. Кейбір елдерде бас шайқау қимылы «иә» деген мағынаны білдіреді. Мысалыға айтатын болсақ, Үндістан мен Шриланкада. Осыдан біз қарым-қатынастағы белгілі бір қимыл әр халықта басқаша мағынада жұмсалатындығына, әр халықтың өзіне тән ым тілі болатындығына, сонымен қоса ол түрлі жағдайға байланысты түрліше көрінуі мүмкін екендігіне көз жеткіземіз. Мәселен, Болгарияда адам басын шайқауарқылы «иә» дегендi бiлдiріп, басын изеу арқылы «жоқ» дегенді білдірген. Арабтар «жоқ» дегендi бiлдiргенде басын артқа шалқайтып, таңдайын қағады. Екіншіден, дыбыстық тілмен қатар қолданылып, қосымша қызметті атқарады. Себебі адамдардың бет-әлпетіне қарап-ақ олардың актуальды психологиялық, көбінесе эмоциялық жай-күйін, мысалы, оның ашулы немесе таңырқаулы ма әлде, қандай да бір жайға мазасыздануы не қуанышты екенін өздері айтып жеткізбей-ақ аңғара аламыз. Мысалы: Елемес қайтадан қуанды. Көзі жайнап кетті, бетіне күлкі жүгірді. Қолын жайып, Ильяны құшақтап сүйіп-сүйіп алды. Илья қуанып тұрып бас бармағын көрсетті (С. Ерубаев. Менің құрдастарым, 215-б.) деген сөйлемдердегі Елеместің қуанышын оның жүзіндегі түрлі қимылдарынан байқауға болса, Ильяның «бас бармағын көрсетуі» арқылы «жарайсың», «кереметсің» деген ойларды аңғаруға болады. Үшіншіден, бейвербалды амалдарды қарым-қатынас кезінде ойды, пікірді нақтылай түсу үшін қолданып, сөзбен тығыз байланысты бола келіп, ойға түрліше реңк береді және нақтылайды, сөйтіп оның дұрыс қабылдануына ықпал етеді.
Осы сияқты ойды дәлме-дәл беруде ым белгілі бір сөзбен айтылатын ұғымды алмастыра алады. Мысалы: қасын керу, көзді барынша ашу, ерін шығару, ауыз ашылуадамның таң қалғандығын білдіреді. Ал ашу-ызаны білдіруде қабағын түю, маңдайын тыржиту, көздерін сығырайту, ернін жымқыру немесе тістеу сияқты ишарамен түсінідіріледі. Бірақ бұл ишарат кей жағдайда басқа мағынада да қолданылады.
Бейвербалды амалдар қатарына ым, ишара, бейнелеуші (иллюстрациялаушы) кинемалар және мимикалық кинемалар жатады. Ым, тілдік таңбалар сияқты лексикон түзейді. Қол бұлғау − шақыру, қоштасу, жұдырық түю − қорқыту, қол көтеру− сәлемдесу т.б ретінде жұмсалып, таңбалық ақпараттың кинетикалық белгісі ретінде қызмет атқарады. Ишара сөйлеуші қолданып отырған қатысымдық бірліктерге қосымша мән беріп, қарым-қатынастың өту жағдайы мен коммуникантторлардың арасындағы байланысты реттейді. Ишара ресми және бейресми түрде орындалады. Ресми ишаралар конативтік (сыпайылық таныту) қызмет атқарады.Бұл құбылыс негізінен, ресми жиындар мен басқосуларда орындалады. Оған орындыққа қарай қол созып ілтипат көрсету, алдынан шығып қарсы алу, қос қолдап сәлем беру т.б жатады.Бейресми ишаралар эмотивтік (тыңдаушының көңілін аулау) қызмет атқарады. Олар негізінен туыстық, жолдастық, достық, қарым-қатынасқа түсушілер арасындағы маңдайдан, қолдан, беттен сүйіп амандасу, арқадан қағу т.б сияқты бейвербалды амалдар арқылы орындалады. Баяншы вербалды амалды қолдана отырып, ойының бір бөлшегін бейнелеуші кинема арқылы жеткізуі мүмкін. Мысалы, үлкендігі мынадай торт алу керек дегенде мынадай сөзінің мәні бейнелеуіш кинема арқылы анықталады.
Адамдардың ым, қимыл-әрекет тілі, үнсіз түсінісу қабілеті белгілі бір кинетикалық амалдар арқылы орындалып, жалпыадамзаттық және жеке халықтық сипатқа ие болады. Адамдардың бір-бірімен өзара ұғынысу, хабар алмасу мүмкіндіктерін жүзеге асыратын мимикалардың танымдық әрекеттері бар.Осыған орай, бейвербалды коммуникация мен тактикалық коммуникацияның өзіндік ерекшеліктері айқындалады. Жоғарыдағы пікірімізді қорытындылайтын болсақ - бейвербалды коммуникация коммуникативтік актіні жалғастыра отырып, адамдардың өзара түсінісуін және қарым-қатынас процесін жеңілдету қызметін атқарады.