Классикалық антика дәуіріндегі эстетиканың даму ерекшелігі.

Классикалық антика дәуірінде өнердің эстетикалық ерекшеліктері қалай зерттелгенін талқыға салмас бұрын сол антикалық кезеңдегі театр, музыка, сәулет өнері, мүсін және сурет өнері қалай жасалды, оларды қандай эстетикалық талғамға негіздеп жасады, ол туындылар қандай көркемдік қажеттіліктерге жауап бере алды деген мәселелер төңірегінде ойланып алғанымыз жөн.

Біз классикалық антика кезеңі деп біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІ ғасырдан ІҮ ғасырға дейінгі аралықты, яғни грек ақсүйектер полисінің гүлденуі мен құлдырап қирауына дейінгі екі жүз жылдан аса уақытты қамтитын кезеңді атаймыз. Әлемдік классикалық әдебиеттің басында тұрған Эсхил, Софокл, Еврепид, Аристофан секілді драматургтер дәл осы уақытта сөз өнері аспанында жарқырай көрініп, ертедегі гректердің трагедия және комедия жанрларын бұрын адамзат баласы қол жеткізе алмаған шырқау биіктерге көтерді. Бейнелеу өнері де ерекше қарқынмен дамыды. Сурет өнері туындылары біздің заманымызға дейін сақталып жетпесе де сол кезден қалған жазба деректер Аполлодор, Полигнот, Зевксис сияқты әйгілі шебер суретшілердің болғаны туралы маңызды мәліметтер қалдырған. Сол көне дәуірдің өзінде гректерде суреттерді сақтап, көрме өткізетін «Пинакотек» деп аталатын арнайы ғимараттар болған деседі. Жылына бірнеше рет сурет өнерінің көрмелері ұйымдастырылып, бейнелеу өнерінің майталман білгір сыншылары салынған суреттердің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салатын болған. Ол нағыз өнер мерекесі ретінде тойланып, шебер суретшілер жүлде алып, атақтары шартарапқа жайылып жатады екен. Ал «тастан қашалған адамдармен жан-жануарлардың мүсіндері көшеде жүргентірі адамдардан да көп еді» деген Плутархтың сөзі сол замандағы грек халқының өнерге деген керемет ынта-ықыласын, көзқарасын айқын танытса керек. Сол кезден қалған дене бітімі сымбатты ер жігіт пен сұлу әйел мүсіндері туралы жазылған мына сипаттаманы осы арада толық келтіргенді жөн санап отырмыз. «Монументтік мүсінге ерекше тән ер жүрек атлет-сарбаз типі б.э.бұрынғы VI ғасырдың бедерлібейнелерінде жиі кездеседі. Б.э.бұрынғы 510 жыл шамасында афинылық шебер Аристокл Аристионның бейнесі салынған мәрмәр құлпытас жасады. Оның кеудесіндегі қалың былғары сауытының астынан хитоны көрінеді, басында дулыға, аяғында қола саптама сауыт. Сарбаз найзаға сүйеніп тұр, ол бар тұлғасымен ұзынша тақта тасқа келісті ойылған. Шебер Аристионның бет әлпетін, қолының саусақтары мен аяғының башпайларын, бұлшық еттерін айқындап тұрған хитонының нәзік күлтелерін таңғажайып өнерпаздықпен сомдаған. Шынайы өміршең көріністерді берудегі айрықша бір сүйіспеншілік бейнеге тұтастық дарытып тұр. Бедер сырланған. Сарбаздың сәнді шашында, сақалы мен қару-жарағында қызғылт сырдың ізі сақталған. Антикалық көркем мәдениет, соның ішінде эстетика неге классикалық деп аталды?Классика дегеннің өзі не нәрсе? Гегель аталған термин жайлы терең толғана келіп: «Ұжымдық мақсаттар мен құндылықтар жеке тұлғаның мақсаттары мен құндылықтарыментең дәрежеде болатын қоғамдық жағдай мәдениет тарихында классикалық деп аталады», – деген қорытынды жасаған екен. Біздіңше бұл сол дәуірдегі өнер дамуның ерекшелігін терең талдап түсінген соң, аталған кезең мәдениетінің табиғатын дұрыс танығаннан кейін барып айтылған ең дұрыс пікір деп ойлаймыз.

2. Тарихи шындық және көркемдік шешім.Өнердегі шындық суреткердің биік адамгершілік қасиетіне де байланысты. Автор жалғандықтың, өтіріктің сырын ашу үшін алдына саналы түрде мақсат қойып, өз өнері арқылы мәнін тереңге жасырған ақиқат шындықтың шынайы болмысын ашып танытуға тырысады. Мұндай жағдайда өнердегі ақиқат тек оқырман мен көрермен үшін ғана әсем болып қабылданбайды, автордың өзі үшін де биік эстетикалық идеалға айналады.

Нағыз суреткердің міндеті әрдайым ақиқат шындықты көлегейлеп тұрғанның бәрін «жұлып тастау», барлық заттар мен құбылыстардың бет пердесін сыпырыпалып, оның терең астарындағы шынайылықты көрсету. Ол барлық таланты мен ақыл-ойын сырттайғы әсемдікті, бүтіндікті ғана көрсетуге емес, оның қалың қатпарына жасырынған ақиқат бейнені, сырты жылтыраған жалғандықпен бүркемеленген зымыстан ойдың шынайы бейнесін танытуға жұмсайды. Абайдың, М.Жұмабаевтың,М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің, т.б. қазақ қаламгерлері шығармаларының өміршеңдігіде сол ақиқат шындықты ашып көрсете алуларында. Мына өмірдегі адамдар арасындағы қарапайым қатынастардың өзінен терең сыр түйе білулерінде, сол сырдың әлеуметтік, қоғамдық, философиялық сипатын көркем жинақтап көрсете алуларында деп сеніммен айта аламыз.

Ал енді көркемдік шешім туралы сөз қозғайтын болсақ, біз бұл мәселені көркем туынды аясында да, театр саласында да қарастыруымызға болады. Мәселен, театрдың кинодан басты ерекшелігі, театрда көрермен кинодағыдай ең соңғы нәтижемен танысып қана қоймайды, онда сол оқиғаның сюжетпен өту (процесімен)үдерісімен тікелей байланыста болады. Театрда көрермен шығармашылыққа тікелей болмаса да қатысушы ретінде араласады. Әрбір сюжетті, әр актердің ойнау шеберлігін, режиссердің түпкі ойын, идеясын сол мезетте көріп, бағалайды. Ал кинода олай бола бермейді. Онда көрермен шығармашылық процестен тыс қалады. Бірақ театрға қарағанда киноның аудиторияны қамту мүмкіндігі кең. Өйткені бүгін дүниеге келген киноның аз уақыттың арасында күллі әлемді аралап шығуға техникалық мүмкіндігі жетеді. Сонымен қатар, образ сомдау және режиссерлік қойылым тұрғысынан да кино театрға қарағанда әлдеқайда тұрақты болып келеді. Ал елдің әр түкпірінде қойылған бір автордың белгілі бір пьесасы театрда әр режиссердің көркемдік шешіміне орай әр түрлі және әр алуан актерлердің орындалуында қойылып жатады. Әрбір режиссер, әрбір актер өзі орындаған образға тек қана өз көзқарасы тұрғысынан келетінін, өзі таныған шындықты ғана жеткізуге күш салатынын айтып дәлелдеп жатудың өзі артық.

Мысалы, Ж.Шанин қойған М.Әуезовтің «Абай» пьесасындағы Абай образын Қ.Қуанышбаевтың сомдауы бір басқа, ал Ә.Мәмбетов қойған «Абай» пьесасындағы М. Сүртібаевтың сомдауы бір басқа. Әр режиссер, әр актер аталған образды бейнелеуге өзі таныған ақиқат шындық тұрғысынан келуі – заңдылық.

3. Әдеби шығармадағы кейіпкерлер жүйесі. Әдеби портрет. Әдеби бейне – адам өмірін қоршаған ортамен байланыста суреттеудің көркемдік құралы, белгілі бір ойды, идеяны ашудың жолы. Сонда әдеби кейіпкер дегеніміз – өмірлік фактілердің негізінде көркемдік бояумен белгілі бір идеяны мегзейтін адам өмірінің нақтылы,жинақталған бейнесі. Кейіпкер –әдеби туындыда өзінің шығармадағы орны мен қызметіне қарай бас кейіпкер, қосалқы кейіпкердеп бөлінеді. Көркем шығармадағы бейнелі суретке қатынасатын адамдардың бәрі де кейіпкер болады. Егер кейіпкер шығарма оқиғаларының нақ ортасында жүріп,сюжеттік оқиғалар жүйесін дамытатын болса, ондағы шиеленіскен түйіннің шешілуінде жетекші қызмет атқарып, автордың айтар идеясын аңғартса, онда ол бас кейіпкер болып саналады. Ал автордың айтар ойының ашыла түсуіне,оны толықтыруға көмек ететін кейіпкерлер қосалқы кейіпкерлер деп аталады. Мәселен, Оралхан Бөкей шығармаларының тақырыбы әр алуан, баянладатын оқиғалардың ауқымы кең. Бұл мақалада қаламгердің белгілі шығармаларының бірі «Құм мінезі» повесіндегі кейіпкерлер жүйесіне тоқталмақпыз.Қаламгердің «Құм мінезі» повесіндегі кейіпкерлердің сыр-сипатын ашуға арналған жұмыстың негізгі ой өзегі-бас кейіпкер бейнесінің өсу жолын, қалыптасып жетілуін қоғам дамуымен байланыстыра түсіндіру болып табылады. Образдылық – көркем әдебиетке тән негізгі ерекшелік. Мұнда адам өмірі суреттеледі. Ол адамдардың өзара қатынасы, қоғамға,қоршаған айналаға көзқарасы арқылы көрсетіледі. Мысалы, повесте бас кейіпкер рөлінде-Бархан, қосалқы кейіпкер рөлдерінде – жары Жұмакүл, қайын атасы Егемқұл, қызы Нұргүл, озат шопан Сейітқұл, совхоз директоры Әліқұл, құдықшы үш жігіт,құдықшы Серік,т.б. суретеледі. Қаламгер сомдаған кейіпкерлер жөнінде академик С.Қирабаев былай деп жазады: «Оралхан геройлары – біздің бүгінгі замандастарымыз. Кәрісі бар, жасы бар – қайсысы болса да қазіргі дәуірдің азаматтық міндеттерін белсенді атқарып жүрген іс адамдары. Жазушы солардың әрекеті, мінез-құлқы, көзқарасы арқылы бүгінгі өмір шындығын, оның алуан сырларын ғана ашып қоймайды, өткенімізге де ой тоқтатып қарайды, болашағымызға да көз жібереді. Ол характерлерді шебер ашады, солардың көзқарасы, түсінігі арқылы дәуірдің өзекті проблемаларын батыл көтереді».

Билет

1. Эллинизм дәуіріндегі эстетикалық ойлар.

Көне Грек мәдениеті дегенде алдымыздан антикалық кезең, эллинизм мәдениеті деген терминдердің жиі кездесетіні де шындық. Бұл тарапта кейде біздің ғалымдар арасында түсініспеушіліктің орын алып жататынын да айтпай кете алмаймыз. Элинизм мәдениеті шығыс пен батыс өркениетінің қым-қиғаш араласуынан пайда болған. Александр Македонскийдің жорықтарынан кейін үлкен империя пайда болды да, оның ыдырауы салдарынан элинизм мәдениетінің ошағы болып пұтқа табынушы Рим империясы қалды. Сонда біз антикалық дәуір деп атап жүрген кезең біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырдан біздің дәуіріміздің бесінші ғасырына дейінгі мыңжылдық уақытты қамтиды. Аталған мыңжылдықтың классикалық антика эстетикасы200 жыл уақытын иеленсе, қалған 800 жыл эллинизм дәуіріне тиесілі болып шығады екен. Көптеген ғалымдар эллинизм адамзат мәдениетіне айтарлықтай ештеңе әкеліп қосқан жоқ, ол дәуірдегілер тек классикалық көне грек мұрасының көбігін қалқып алып пайдаланды десе-дағы, аталған уақыттың кеңдігі, бұл тарапта әлі де болса кеңірек ойлануды қажет етеді.

Әрине эллинизм дәуіріндегі көркем шығармашылық процестер грек өнері мен эстетикасы негізін қалаған заңдылықтарға сүйенді, олардың көптеген жағын үлгі тұтты, дамытты. Сөйте тұра, бұрын гректер жасамаған көркемдік сананың тек эллинизм дәуіріне тән жаңа бағыттарын өмірге әкелгенін жоққа шығара алмаймыз. Оны сол эллинизм дәуіріндедүниеге келген өнердің барлық салаларындағы жәдігерлер арқылы дәлелдеуге болады. Эллинизм дәуірінде эстетика мәселесіне кеңірек тоқталған ірі ойшылдардың бірі Плотин болса «Эйнеадтар» деген шығармалар жинағын жариялаған. (Эйнеад – тоғыздық дегенді білдіреді, оның еңбегі алты трактаттан тұрады, ал әр трактат тоғыз бөлімнен құралған). Ол кейінгі антикалық эстетикада неоплатонизм идеяларын ары қарай дамытты. Плотин эстетика саласында өзінің «эманация теориясын» өмірге келтірді.

Эллинизм дәуірінің ең көрнекті өкілі – Цицерон. Цицерон теоретик, шешен ғана емес философ ретінде де артына мол мұра қалдырған ойшыл. Оның эстетика туралытрактаттарында алғаш рет стиль мәселесі жан-жақтықарастырылып, талданған. Оған дейін стиль туралы ұғымөнер туралы ғылымда сөз болған емес. Ол бірінші рет стильдіәдістер жиынтығы ретінде танып, ғылыми айналымға енгізді.Ғалым өзінің «Міндеттер туралы» трактатында рухани бай адамдар фәни өмірде де материалдық жағынан бай болу керек деген көзқараста болды.

Христиандық эллинизм дәуірінің алғашқы жылдарында өмір сүрген Филон Александрийский(б.д.д. 28 – б.д. 49 жылдар) көркемдік шындықты көрінбейтін әлем символдарының сәулесі деп дәлелдеді. Бұл тұрғыда оны орта ғасыр эстетикасының негізін қалаушы болды деуге де болар еді. Егер пұтқа табынған антика дәуірінде дене сұлулығы өзінен өзі бағаланған болса, Ф.Александрийскийдің эстетикалық жүйесінде көркем туындының символдық астарына ерекше мән берілетін болды. Кез келген шығарманың мәтінінің мазмұнынан астарлы сөзді, аллегориялық ойды, терең қабатындағы жұмбақ сырды табуға тырысты.

Наши рекомендации