Тергеушінің процессуалдық функцияларының түсінігі мен олардың тергеуші қызметіндегі орны

Е С Е П

Кіріспе

Мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Юп 313- тобының 3 курс студенті Қабдрашев Тілек Бақытжанұлы 2017 жылдың қаңтар айының 16-нан бастап, наурыз айының 25-не дейін Медеу ауданының ІІБ Тергеу бөлімінде тәжірибеден өттім.

Осы күндер аралығында өндірістік тәжірибеден өту барысында мен ең алдымен Медеу ауданының ІІБ Тергеу бөлімінің ғимаратымен және ішкі бөлімшелерімен толықтай таныстым.

Мақсатым, Қазақстан Республикасының ІІМ-ң Тергеу бөлімдері атқаратын қызметі туралы, нақты қандай нормативтік құжаттармен жұмыс жасайтыны туралы, қылмыстық істерді қандай жолмен тергеп, шешетіні туралы, нормативтік құжаттарды қалай рәсімдейтіні және т.б. сол сияқты қажетті ақпараттармен танысу барысында тәжірибе жинақтау.

Міндеттерім, Медеу ауданының ІІБ Тергеу бөлімінің ішкі тәртібін сақтауға, Тергеу бөліміндегі барлық қызметкерлермен жақсы қарым қатынаста болып,өндірістік тәжірибе өту кезіндегі менің жетекшімнің маған жүктелген барлық тапсырмаларын бұлжытпай орындау.

Негізгі бөлім

Бөлім. Медеу ауданының ІІБ-ң Тергеу бөлімі

Медеу ауданының ІІБ-ң Тергеу бөлімі туралы

Сонымен: Медеу ауданының ІІБ Тергеу бөлімінің ғимараты 4-қабаттан тұрады. 1- қабатта:Кезекші бөлімінің, криминалистика бөлімінің кабинеттері және уақытша қамау изоляторы орналасқан, 2-қабатта әкімшілік істер бойынша жекелеген мамандар кабинеті және штабтың кеңсе кабинеті орналасқан, 3 қабатта Тергеу бөлімінің қызметкерлерінің кабинеттері, жауап алу кабинеті, Бас тергеушінің кабинеті орналасқан, 4-қабатта мұрағат орналасқан.ІІБ-ң Тергеу бөлімінің негізгі қызметі азаматтардың арыз-шағымдарын, наразылықтарын қабылдап, сол қылмыс фактісі бойынша қылмыстық істерді қозғап,мән-жайлары бойынша тергеп-тексереді.

Тергеушілер өз лауазымы бойынша қаулы шығаруға құқықтары бар.Қылмыстық істердің дұрыс және уақтылы шешілуі осы тергеушілерге тікелей байланысты.

Мамырдың 1 күні аға тергеуші подполковник Чапурин Алексей сол бөлімнің тергеушісі майор Ыдрышев Аңсағанды менің жетекшім ретінде таныстырды. Сол күні жетекшіммен танысып оның көмекшісі лауазымына тағайындалдым.

Медеу ауданының ІІБ-ң Тергеу бөлімінің атқаратын қызметі

Тергеу бөлімінде құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Азаматтар өз арыз-шағымдарын, наразылықтарын жазбаша түрде толтырып, тергеушіге ұсынады, тергеуші жәбірленушілерден түсініктеме алады, түсініктемеде: аты-жөні,тегі, туған жылы, жері, тұратын жері, білімі, жұмыс орны, отбасы жағдайы, жеке құжаты, және психиатриялық есепте тұратындығы-тұрмайтындығы, бұрын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны-тартылмағаны, егерде жалған жауап берсе қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескерту, істің мәні бойынша жауап беруі, күдіктенетіндігі т.б. көрсетіледі. Түсініктеме алынып болған соң хаттама жасалып, қылмыстық іс қозғалады. Егерде қылмыстық іс белгіленген мерзімде шешілмесе, мерзімін ұзарту үшін прокурорға жолдама жібереді, егерде прокурор мерзімді ұзартуға келіссе, жолдама сотқа жолданады, егерде сот келісімін берсе мерзім ұзартылған болып есептеледі.

Қылмыс болған жерде тергеу жүргізгенде, қылмыс болған жерді тергеп-тексеру хаттамасы толтырылады, заттай айғақтар, куәлерден жауап алу хаттамасы жасалады, жәбірленушіден жауап алу хаттамасы жасалады, куәгерлерден жауап алу хаттамасы толтырылады.Қылмыс болған жердің сызбасы сызылады.Қылмыс жасалған қару табылса заттай ағақ болып хаттамаға тіркеледі.

Бөлім. Тергеу бөлімінің негізгі қызметі

Тергеушінің процессуалдық функцияларының түсінігі мен олардың тергеуші қызметіндегі орны

Тергеушінің қызметі мен рөлі, оның қызметінің мазмұны мен түрлері осы қызметтің ішкі құрылымына еніп, оның барлық құрамдас бөліктерін жеке-жеке және өзара органикалық біртұтастықта қарастырған кезде ғана толығымен ашылады, талданады және дұрыс түсіндіріле алады.

Мұндай көзқарас, егер ғылыми құрал ретінде процессуалдық функцияларды нақтылы бағыт ретінде, қылмыстық-процессуалдық қызметтің дара тұсының ерекше үлгісі ретінде пайдаланса ғана әбден мүмкін және шынайы бола алады.

Қылмыспен күрес жүргізуді мемлекеттің арнайы органдары – сот, прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қаржы полициясы, Ұлттық қауіпсздік комитеті жүзеге асырады. Соңғы үш ведомствоның құрамында тергеу аппараты іс-әрекет жасайды.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 8- бабында қылмыстық іс жүргізудің міндеттері айқындалады, яғни қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолану.

Қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің заңда белгіленген тәртібі азаматтарды негізсіз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кінәсіз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Егер ішкі істер органдарының тергеушілері басым көпшілік қылмыстар бойынша алдын ала тергеуді жүргізетін орган болса, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің (қаржы полициясының) қылмыстық ізге түсу функциясын орындау жұмысы 1998 жылдың басынан басталды. Қаржы полициясы 50-ден астам салыққа байланысты қылмыс құрамдарын тергеуде.

Алдын ала тергеу өндірісі бойынша тергеушінің іс жүргізу құзіреті заңмен көрсетілген міндеттерді қамтамасыз ету үшін оның өкілеттігін және алдын ала тергеу әрекеттерін жүргізуде өз бетімен дербестігін арттырады.

ҚР ҚІЖК-нің 64-бабына сәйкес, тергеуші өз құзыреті шеңберінде қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу жүргізуге уәкілеттік берілген лауазымды адамы. Қылмыстық процесте тергеуші бір-ақ функция атқарады. Ол функция – қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу. Осыған сәйкес тергеушінің негізгі міндеті - қылмысты тез арада және толық ашу, қылмыс жзасаған адамды тиісті жауапкершілікке тартып, оның сотқа берілуін қамтамасыз ету болып табылды.

Қылмысты ашу, қылмысты жасаған айыптыларды әшкерелеу, істердің көпшілігінде арнайы құралдар мен әдістерді қолданатын ұзақ күрделі жұмыстарды қажет етеді. Қылмыс жасаған айыптыларды әшкерелеу, қылмысты тез арада және толық ашу мақсатында алдын ала тергеу органдары құрылып, өз әрекеттерін жүзеге асырады. Бұл органдар қылмыстың барлық жасау жолдарын және қылмыстың оқиғасын анықтауға, қылмысты жасауда айыпты адамдарды анықтауға және оларды жазалауға, сонымен қатар айыптының жауапкершілігін ауырлататын және жеңілдететін жағдайларды бекітеді; қылмыс нәтижесінде келтірілген материалдық зиян мөлшерін және материалдық зиянды өндіру үшін қолданатын шараларды бекітеді; қылмысты жасауға итермелеген себептерді анықтайды. Барлық дәлелдерді тауып, оларды процессуалды түрде бекітеді.

Тергеушілердің барлығының (ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының және қаржы полициясы органдарының) өкілеттіктері бірдей болып табылады. Ол өкілеттіктерінің ішінде тергеушінің процессуалдық дербестігі бар екендігін және оның маңызын атап айту қажет.

Тергеушінің процессуалдық дербестігі – оның тергеудің бағыты мен тергеу әрекеттерін жүргізу жөнінде шешімдердің барлығын өзі дербес қабылдайтындығын және іс бойынша жүргізілетін процессуалдық әрекеттердің заңды, әрі уақытында орындалуы үшін толық жауапты болатындығын білдіреді.

Заңда көрсетілген кейбір жағдайларда ғана тергеуші прокурордың санкциясын немесе соттың шешімін алуы тиіс (мысалы, тінту жүргізу үшін прокурордың санкциясын алу қажет (ҚР ҚІЖК-нің 232-бабының 1-бөлімі), қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамды мәжбүрлі түрде сот-психиатрлық сараптамасын жүгізу үшін медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыру үшін соттың шешімі қажет(ҚР ҚІЖК-нің 14-бабының 2-бөлімі).

Прокурор немесе тергеу бөлімінің бастығы тергеу жүргізудің барысында қандай шешімдер қабылдау және қандай процессуальдық шаралар қолдану қажеттігі жөнінде тергеушіге шектеу қоя алмайды. Сондықтан да ҚР ҚІЖК-нің 63-бабының 3-бөлімінде былай деп көрсетілген: тергеу бөлімі бастығының қылмыстық іс бойынша нұсқауы тергеушінің дербестігін және оның құқықтарын шектей алмайды. ҚР ҚІЖК 64-бабының 5-бөліміне сәйкес, тергеушінің қызметіне заңсыз араласуға жол берілмейді, оның қызметіне заңсыз араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады. Тергеушінің процессуалдық дербестігін қорғауға бағытталған тағы бір мынадай ереже бар: тергеуші прокурордың қылмыстық іс бойынша нұсқауларымен келіспеген жағдайда ол жөнінде жоғарғы тұрған прокуррға шағымдануға құқылы (ҚР ҚІЖК-нің 64-бабының 6-бөлімі).

Келесі маңызды мәселе – тергеушінің анықтау органдарымен қарым-қатынастарының процессуалдық тәртібінің заңмен реттелуі болып табылады. Тергеуші өзінің тергеуіндегі қылмыстық іс бойынша: анықтау органдарына орындауға міндетті іздестіру және тергеу әрекеттерін жүргізу туралы тапсырмалар мен нұсқауларын беруге және олардан тергеу әрекеттерін жүргізуге жәрдемдесуді талап етуге; сондай-ақ жедел-іздестіру шараларының материалдарын сұратып алуға, олармен танысуға және қажет болған жағдайларда ол материалдарды заңда белгіленген тәртіп бойынша іске қосуға құқылы.

Тергеушінің құқықтық жағдайына байланысты оның қызметіне биліктік бастама тән екендігін де айту қажет. Яғни, тергеушінің өзінің жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша заңға сәйкес шығарылған қаулыларын орындау басқа мекемелер, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады. Олай болмаса, тергеуші өзінің алдына қойылған міндеттерін, соның ішінде қылмыстарды тез арада және толық ашу, қылмыс жасаған адамдарды тиісті жауапкершілікке тарту қызметін жүзеге асыра алмас еді.

Алдын ала тергеу жүргізген кезде тергеудің бағыты туралы және тергеу әрекеттерін жүргізу туралы барлық шешімдерді тергеуші өз бетімен, дербес қабылдайды. Іс бойынша алдын ала тергеу кезінде жиналған, сотқа жіберілген материалдар басты сот талқылауының негізін құрайды. Жан-жақты, объективті, толық түрде жүргізілген алдын ала тергеу сотта іс қарау барысында заңды, негізделген, әділ үкім шығаруға жағдайлар туғызады. Егер тергеуші заңмен белгіленген алдын ала тергеу органдарының дәлелдемелерді жинау, бекіту, зерттеу тәсілдері мен құралдарын толығымен қоланбаса, істің мән-жайын бір жақты, үстірт зерттесе, бұл сотта іс жүргізуді қиындатып жіберуі мүмкін, кейде тіпті заңсыз үкімнің шығуына әкеліп соқтырады.

Тергеушіге тек жасалған қылмыстың бетін ашып, қылмыс жасаған адамдарды әшкерелеп, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту ғана тапсырылып қоймай, сонымен қатар қылмыстың алдын алу, қоғамға қауіпті әрекеттерді болғызбау, заңдылықты нығайту және азаматтардың құқықтық сана сезімін тәрбиелеу тапсырылады.

Қылмыстық істер бойынша анықтау мен алдын ала тергеу жүргізуді арнаулы органдар жүзеге асырады және бұлардың қызметі сот пен прокуратурадан бөлінген. Алдын ала тергеу органдарының негізгі міндеті – қылмысқа қарсы күрес, қылмыстарды ашу мен алдын ала тергеу жүргізу. Мұндағы негізгі тұлға – тергеуші. Сондықтан тергеуші мәртебесін көтеру кезек күттірмейтін мәселе болып табылады.

Қылмыстық процесстің теориясындағы мына тұжырымды қатып қалған деп айтуға болады: яғни, бұл бойынша қылмыстық-процессуаллдық қызметтің әрбір субъектісі нақтылы функцияларды жеткізуші, соның ішінде, тергеуші, прокурор сияқтылар қылмыстық процесстің негізін құрайды, оның құрылымын және құрылу принциптерін айқындайды.

Алайда, процессуалдық функциялар түсінігі және олардың түрлері туралы мәселе даулы деп айтуға болады. Кейбір ғалымдар қылмыстық сот ісін жүргізуде қылмыстық-процессуалдық қызметтегі қатысушылар (субъектілер) жүзеге асыратын қылмыстық-процессуалдық функциялардың болуын көрсетеді.

Басқалары, керісінше, қылмыстық процессте бір-бірінен оқшауланған қандай да бір процессуалдық функциялардың болуын жоққа шығарады, олардың пікірінше, қылмыстық-процессуалдық заңдылық қылмыстық-процессуалдық қызметті түрлі функцияларға қатаң межелей бөлу үшін негіз бола алмайды.

Дегенмен, қылмыстық-процессуалдық функциялар концепциясының жақтаушылары арасында да бірталай мәнді мәселелер бойынша, мәселен, нақ осы процессуалдық функциялардың түсінігі, олардың мәні, қылмыстық процесстегі саны туарлы көзқарас сәйкестігі жоқ. Тіпті, аттас функциялардың түсінігінің өзіне түрлі авторлар көбінесе әртүрлі мазмұн береді. Кейбір авторлар, қылмыстық-процессуалдық қызметтің алуан түрлі субъектілерімен тең жағдайда жүзеге асырылатын қылмыстық-процессуалдық функциялар жоқ, болуы да мүмкін емес дегенге саяды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 8-бабында белгіленгендей, Қылмыстық процестiң мiндеттерi қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту, әдiл сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану болып табылады.

Сондай-ақ, қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзудiң заңда белгiленген тәртiбi адамды және азаматты негiзсiз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кiнәсiз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда - оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуi, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртiбiн нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесуi тиiс.

Қылмыстық істің барлық қатысушыларының қызметі осы міндеттерге бағынған, бірақ жоғарыда аталған мақсаттардың нәтижесі әрбір қатысушылардың функцияларының нақты бөлінуінде ғана мүмкін бола алады, соның ішінде тергеушінің де.

Бұл үшін мемлекет тергеушінің құқықтық мәртебесін анықтап, оған нақтылы құқықтар берді және міндеттер жүктеді. Тергеушінің процессуалдық мәртебесін реттейтін нормаларды жетілдіру үшін, тергеуші немен шұғылдануы тиіс, сот ісін жүргізудегі мақсаттарға жетуде оған қандай рөл берілген, міне, осыларды нақты айқындау қажет.

Тергеуші функциясының заңмен нақты, дәл айқындалуы, әсіресе, заңға маңызды өзгерістер енген кезде, оның реформалануы мен жаңа қылмыстық - процессуалдық кодекс қабылдау кезінде қажет.

Өкінішке орай, қолданыстағы процессуалдық заң нормаларының талдауы көрсеткендей, заңдық тұрғыда тергеуші функцияларының бәрі бірдей заңда тура белгіленбеген. Функцияларды айқындау, тергеушіге қандай да бір немесе басқа да функциялардың қатыстылығын, олардың түрлерін анықтау, сондай-ақ олардың заң нормаларында нақты бекітілуін, және осылар жайлы қандай көзқарастар бар – жоғарыды айтылғандардың барлығы осы жұмыстың өзектілігін айқындайды деп ойлаймыз.

Процесстің әрбір қатысушысы тек оның өзіне ғана тән қылмыстық-процессуалдық функцияны жүзеге асырады, және осыған сәйкес процессуалдық функия деп ең басты міндеті көрсетілетін және процесстің әрбір қатысушысының процессуалдық рөлі айқындалатын негізгі процессуалдық міндетті айтады.

Сонымен бірге, процесстің барлық қатысушыларының алдында тең дәрежеде тұрған негізгі процессуалдық міндеттердің ортақтығы бұл міндеттердің процесс кезінде түрліше, олардың әрқайсысының арнайы тәсілдермен, алуан түрлі процессуалдық формада орындалатынын жоққа шығармайды.

Қылмыстық сот ісін жүргізуде қылмыстық-процессуалдық қызметтің дербес қатысушысы ретіндегі тергеушімен орындалатын процессуалдық функцияларға келетін болсақ, кейбіреулер тергеуші бір мезгілде үш функцияны атқарады деп санайды: айыптау, қорғау және істің шешілуі, - және де айыптау (қылмыстық қуғындау) мен қорғау функциясы тергеушіде процессте кінәлі пайда болғаннан кейін ғана көрінеді деп атап көрсетеді.

Осы сәтке дейінгі тергеушінің бүкіл қызметі – процессуалдық функциялары жіктелмеген тергеу қызметі, бастапқы тергеу, және де бұл қызмет қылмыстық қуғындауға қажетті дайындық түрінде болады, бірақ қылмыстық қуғындаудың нақ өзі емес. Осының нәтижесінде тергеушінің аса жауапты қызметі көбінесе бастапқы тергеу ісінен айып тағуға дейінге әжептәуір маңызды кезең бойы дербес және қандай да бір процессуалдық функциямен қамтылмаған күйінде қалады.

Дегенмен де, тергеуші жұмысының қылмысты ашуға, қылмыскерді табу мен әшкерелеуге бағытталған зор, тынымсыз, шешуші бөлігі процессуалдық функция теориясында өзінің тиісті көрінісін таппаған.

Қылмысты тергеудің мемлекеттік-құқықтық функциясын жүзеге асырушы мемлекетттің органы тергеуші болып табылатынын атап өту керек. Тергеушілер осы функцияны жүзеге асыру үшін арнайы құрылған. Қылмысты ашу және тергеу, кінәлілерді табу, адамның адамшылық келбетін қалпына келтіру – тергеуші жұмысының мәні. Істің қалай аяқталуы, көп жағдайда, оның істі қаншалықты білетіндігі мен күш-қайратына, бірбеткейлігі мен ширақтығына, бастамасы мен ержүректілігіне байланысты.

Сондай-ақ, тергеушілерге бес функцияны бөліп берген авторлар пікірі де бар, соның ішінде жұртшылықты қылмыспен күреске тарту және тәрбиелеу функциясы сияқтылар.

Кейбір авторлар тергеуші қызметіндегі негізгі бір ғана функцияны –тексеру функциясының жүзеге асуын ғана қарастырады.

Бұл пікірді жақтаушылар тергеушінің қылмыстық істі тергеу ісі бойынша процессуалдық қызметінің біртұтас сипаты мен мәнін негізінен іс жүргізудің басқа қатысушыларына тән бірқатар дара функцияларға жіктеу жасанды болып табылады деп есептейді.

Қылмыстық істі тергеудегі тергеуші қызметінің түрлі жақтарын қарастыратын тергеушінің процессуалдық функцияларының атауы қылмыстық процесстің нақтылы бір кезеңінін атауымен сәйкес келмеуі мүмкін немесе бұл функцияны тергеушінің жүзеге асыруы қылмыстық істің барысындағы сотқа дейінгі барлық кезеңіне таралуы, яки қылмыстық істің қозғалу стадиясындағы немесе алдын ала тергеудегі белгілі бір уақытты ғана қамтуы мүмкін.

Қылмыстық істің жүргізілуі, қылмыстық процесстің дамуы қылмыстық-процессуалдық қызметтің өз бағыттары бойынша диалектикалық тұрғыдан қарама-қарсы екі түрінің – айыптау мен қорғаудың «күресімен» байланысты.

Бұл «күрестің» қорытындысын және тиісті шешім шығару үшін қылмыстық-процессуалдық қызметтегі істі шешудің үшінші түрі қажет. Демек, қылмыстық процессте, тергеуші қызметінде қылмыстық-процессуалдық функциялардың үш түрі бар: а) айып тағу (қылмыстық қуғындау); б) қорғау және в) істі шешу. Автор көрсеткен функциялар, көп жағдайда, басқа авторлар да атаған функциялармен ұқсас, бірақ олардың қайсысы қай кезде пайда болу мәселесі басқаша шешілген.

Түрлі қылмыстық-процессуалдық функцияларды бөлуде, олардың процесстің түрлі қатысушыларына жүктелуі тәрізді, психология заңының біліміне сүйену қажет. Айыптау мен қорғаудың біріктірілген функциясын бір адамның орындауы екі міндетті шарттың қатаң сақталуында ғана мүмкін болады.

Біріншіден, мұндай адам ішкі сенім бойынша ол белгілеуге және бағалауға тиіс істің нақтылы жағдайын ескере отырып, алда тұрған таңдауға толық еркіндік алуы тиіс.

Екіншіден, бұл адам психологиялық тұрғыдан, іс бағдарындағы осыған дейін жасалған тұжырымдармен күні бұрын байланысты болмауы қажет. Тұжырымның әлі жасалмағаны маңызды.

Демек, бұл – тұлға бір мезгілде айыптауды да, қорғауды да оған (оның ұғымында) ана жақ та, мына жақ та артықшылықта, дұрыс немесе негізді болып көрінбегенге дейін ғана жүзеге асыра алады деген сөз. Қандай да бір тұжырыммен келген және оны ашық айтқан адам, әдетте, бұдан әрі де осы тұжырымдарды қорғауға және қарама-қарсы сипаттағы дәлелдерді жете бағаламауға бейім.

Жеке тұлғаның психологиялық мүмкіндігі шектеулі, сондықтан да ол, әдетте, белгілі бір бағыттағы және көлемдегі ақыл-ой жұмысын жақсы атқарады.

Тергеуші қызметін жеке құрамдас бөліктерге (функциларға) мүшелеу тек қана механикалық тәсіл емес, оның негізінде қарастырылып отырған қызметтің сол және басқа да бағыттағы өзгешелігі бар.

Қылмыстық іс жүргізуден туындайтын қылмыстық-процессуалдық функциялар қылмыстық-процессуалдық құқықта жеке-дара бекітілген. Олардың кейбіреуі заңда анық көрсетілген (мысалы, қылмыс туралы хабарды қаарстыру және қылмыспен келтірілген материалдық шығынды өтеу), басқалары нақтылы институтар арқылы байланыстырылған (мысалы, айыптау функциясы). Яғни, процессуалдық функциялар тек қана теориялық қана емес, сонымен бірге құқықтық категория.

Процессуалдық функциялар процесске қатысушылардың міндеттері мен құқықтық жағдайының арасындағы байланыстырушы буын, олар көбінесе, тергеушінің процессуалдық жағдайын, оның құқықтары мен міндеттерін алдын ала анықтайды, жекелеген құқықтық институттар мен нормаларда нақтыланады.

Тергеушінің процессуалдық функциясы жүйесін тану, оның қызметінің негізгі бағыты ретінде қылмыстық іс жүргізудің міндеттерінің орындалуындағы тергеушінің рөлін барынша толық танып-білуге, оның қызметін реттейтін әрбір құқықтық институт пен әрбір норманы дұрыс түсінуге және қолдануға мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталғандарды назарда ұстай отырып, бағыттар, түрлер, құрамдас бөліктер, қылмыстық іс жүргізу міндеттерімен негізделген оның қылмыстық-процессуалдық қызметінің бөлігі ретіндегі тергеушінің процессуалдық функциясының мынадай анықтамасымен келісуге болады.

Осылайша, тергеушінің процессуалдық функциялары сот ісін жүргізу мен тергеушінің құқықтық жағдайының арасындағы міндеттерді байланыстыратын өзгеше буын болып табылады. Ізінше, логикалық түсініктің бірізді қатарын түзуге болады, олардың әрқайсысы келесінің қажеттілігін тудырады: қылмыстық сот ісін жүргізу міндеттері – тергеушінің қылмыстық-процессуалдық қызметін, қылмыстық-процессуалдық функциялар – тергеушінің процессуалдық өкілеттілігінің қажеттілігін тудырады.

Тергеушінің процессуалдық функцияларының түрлері мен мазмұны

Процессуалдық функцияларға қылмыстық істің туындауы, қозғалуы және шешімін табуы тәуелді болатын процессуалдық қызметтің түрлерін жатқызу керек. Мұндай көзқарас процессуалдық қызметтің арнайы бағыттағы түрін негізді түрде айқындауға және сонымен бірге қызметтің барлық түрлерін қажетті мөлшерде анықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы түрде, тергеуші қызметіндегі мынадай функцияларды (содан кейін нақтылауға жататындарды) атап көрсетуге болады: айыптау, қорғау, істің жағдайын зерттеу, қылмыстық істі шешу.

Айыптау функциясын айыпталушы ретінде жауапқа тартылған тұлғаның қылмыс жасағанын әшкерелеуге, оған тиісті жаза шарасын қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған, яки қылмыс жасалған кездегі әшкерелеуге және соттауға бағытталған қызмет түріндегі процессуалдық әрекеттердің жиынтығы деп қарастыруға болады.

Қылмыс жасаған тұлғаны айыптау үшін жеткілікті дәлелдердің бар екені туралы тергеуші тұжырымын материалдауға ынталы арнайы институттың бар екенін жоққа шығару өте күрделі. Бұл институтты қолдану айыптау функциясын құрайды.

Қорғау функциясы айыптауды теріске шығаруға, айыпталушының кінәсіздігін қалпына келтіруге немесе оның жауаптылығын жеңілдетуге бағытталған процессуалдық әрекеттердің жиынтығы.

Тергеу қорғау функцияларын бір-біріне қарама-қарсы қою дұрыс еместігін аңғартады. Қорғау мен тергеудің арақатынасын бұлайша талдау соңғысының мәнін жоққа шығарады. Тергеу қорғау институтының бөлінбес құрамдас бөлігін құрайды.

Тіпті бұл инстиут тергеу орындарының да алдында тұрған мынадай міндеттердің жетістігіне қызмет етуге борышты: әрбір қылмыс жасаушы әділ жазаға тартылып және бірде бір кінәсіз қылмыстық жауапқа тартылмай және жаза кесілмеу үшін заңның дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету.

Қорғауды тергеуге қарсы қою соңғыға, сөзсіз, айыптау сипатын береді, ал айыптау (күдіктену) фактісінің өзі тергеушіні оның негізділігін тексеруден ол дәлелденбеген (немесе оны жеңілдету жағына қарай өзгерту) жағдайда да босатпайды.

Бұны жүзеге асыру да «тергеу» ұғымына енеді, олармен қамтылады. Бір нәрсе айдан анық: қорғау тергеуге қарсы тұрмайды, айыптаудың негізділігін тексеру немесе одан бас тарту айыпталушы немесе қорғаушы тарапынан ба, тергеу ұйымдарындағы кімнің бастамасымен екендігіне қарамастан, керісінше, оны болжайды.

Әрине, күдікті немесе айыпталушы ретінде негізсіз жауапқа тарту, яки айыптау оның әрекетіне сәйкес келмейтін оқиғалары кездеседі. Заң бұны мойындайды және ескереді. Міне, сондықтан да заңда мынадай нормалар бар: егер алдын ала тергеуде тағылған айып қандай да бір бөлімде дәлелденбеген болса, тергеуші өзінің қаулысымен осы бөлімдегі істі тоқтатады, бұл жөнінде айыпталушыға хабарлайды.

Айыпталушының қорғануға құқығы коституциялық принципі тиісті мемлекеттік ұйымдарға осы құқықты қамтамасыз етуді жүктейді. Қорғау функциясын жүзеге асыруға тергеушінің қатысуы айыпталушының қорғануға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстық - соттық іс жүргізудің міндеттерінің бірі – бірде бір кінәсіздің қылмыстық жауапқа тартылмауының орындалуына кепілдік береді.

Тергеуші қызметіндегі қорғау функциясы процессуалдық шешім қабылдауда қандай да бар дәрежедегі айыпталушыны (күдіктіні) оңалтудан немесе оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайдың бар екендігі туралы шешім шығарудан, яғни, азаматтарды негізсіз айыптаудан және қылмыс жасады деген күдіктен арашалаудан тұрады.

Заңда бұл функцияның тікелей көрсетілмеуі тергеушінің айыптау мен қорғауды жүзеге асыруына қарсы дәлел бола алмайды. Көптеген ғылыми ұғымдар жинақталған, жалпыланған сипатты білдіреді.

Процесстің бұл сатысындағы айыптау мен қорғау функцияларының сәйкестігі, егер олардың істің мән-жайын зерттеу функциясынан туындайтынын және олардың бірін немесе басқасын жүзеге асыру істің мән-жайын зерттеудің нәтижелеріне байланысты екенін ескерсек, түсінікті және ұғынықты.

Тергеуші қызметінің қисыны мынада: тұлғаны айыптай отырып және сондықтан да осы айыптаудың шындыққа сәйкес келуіне, оның дұрыс әрі онан әрі теріске шығарылмауына (айыпталушымен, қорғаушымен, прокурормен, сотпен) ниетті бола отырып, ол өзі таққан айыптауды теріске шығаратынын яки теріске шығара алатынын немесе ауыстыра алатынын жоққа шығара алмайды.

Тіпті, оған негізсіз айыптау нәтижесінде тиімді емес зардаптың туу мүмкіндігі тұрғысынан алып қарағанның өзінде, тергеуші ақтау, сондай-ақ істі жеңілдету жауапкершілігін ескеруге, және керісінше, қорғау функциясын жүзеге асыруда оның айыпталушыны қорғау әрекеті кінәліні негізсіз қорғаштау болып бағаланбауына мүдделі.

Тергеуші көбінесе дәлелді хабар алады, алынған сәтте оның әшкерелеуге яки ақталуға бағытталғанын анықтай алмайсың. Тек қана бағалау және басқа дәлелдемелермен салыстыруда ғана оның әшкерелеуші немесе ақтаушы екенін шешуге болады. Айыптау, қорғау және істі шешу істің мән-жайын зерттемейінше, іс бойынша ақиқатты ашпайынша ақылға сиымсыз болып табылады.

Қылмыстық процессте зерттеуге және соттық тергеуге арналған арнайы құқықтық институттардың болуы кездейсоқтық емес.

Айыптау, қорғау және істі шешу функцияларын іс жүзіне асыру істің мән-жайын зерттеу нәтижелерімен алдын-ала анықталады, тіпті, жалпыға таныс, тергеушінің барлық қызметіндегі басым салмақ нақ осы істің мән-жайын зерттеу, ақиқатты ашу. Жоғарыда айтылғандардың бәрі істің мән-жайын зерттеу – тергеуші қызметіндегі процессуалдық функцияның бірі деп тануға мүмкіндік береді.

Қылмыстық істі шешу функциясының орындалуы да жоғарыда санамаланған үш функциялар сияқты тергеуші қызметіне жатады. Бұл функцияны мойындау тергеушіге соттық функция тиесілі, яки сот төрелігін жүзеге асыру деген тұжырымға әкелмеуі керек, бірақ та қылмыстық істің түрлі шешімін сот төрелігін жүзеге асырумен теңестіруге болмайды. Сот төрелігі бұл – істің сотпен шешілуі. Негіз болған кезде және заңмен белгіленген тәртіпте қылмыстық істі тергеуші мен прокурор тоқтата, яғни шеше алады.

Қылмыстық істің тоқтатылуы туралы қаулы қылмыстық істің шешілуінің бір формасы ретінде қарастырылады. Істің шешілуі тергеушіге өте тар шекте ғана тән: қылмыстық істің тоқтатылуы, кейбір жағдайларда істің тек прокурордың келісім арқылы ғана тоқтатылуы формасында.

Тергеуші қызметіндегі санамаланған бағыттар қылмыс туралы арыздар мен хабарларды қарау мен шешуді, материалдық шығынды өтеуді қамтамасыз ету мен мүлікті тәркілеуді, қылмыстың алдын алу мен болдырмауды, айыпталушыны іздеуді тергеушінің процессулдық функцияларынан сырт қалдырады.

Дегенмен, тергеуші қызметінің бұл бағыттары қылмыстық сот ісінің міндеттерінен туындайды, қолданыстағы заңда нақты белгіленген және іске асыру формалары мен жуық арадағы міндеттері тұрғысынан ұқсас. Процессуалдық функциялар ұғымын қолданудың мәні – процессуалдық қызметтің барлық негізгі қырларын айқындау және ашу, оның құрылымын танып-білу.

Процессуалдық қызмет жасалған қылмыс туралы дабыл түскен сәттен басталады. Қылмыс туралы арыз бен хабарды қарау және олар бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім шығару яки тиісті органдарға бұл тұрғыда қарсылық білдіру міндеті заңмен жүктелгендіктен, бұл функцияны да тергеуші қызметіне жатқызуға болады.

Жасалған қылмыс жауапкершілігінің бұлтартпастығы туралы ереженің мәні кінәлінің қылмыспен залал келтірілген материалдық шығынды өтеудің де бұлтартпастығын білдіреді.

Қылмыстық процессте азаматтық-құқықтық санкцияларды қолданудың, қылмыспен келтірілген материалдық шығынды өтеуді қамтамасыз етудің мақсаты – қылмыстан зардап шеккен тұлғаның (жеке немесе заңды) қылмысқы дейінгі материалдық игілігінің көлемін қалпына келтіру.

Заңға сәйкес, қылмыспен келтірілген материалдық шығын туралы жеткілікті мәліметтер болған кезде тергеуші талап қоюды немесе болашақта болуы мүмкін азаматтық талап істі қамтамасыз ету шараларын қолдануға міндетті. Егер азаматтық талап ету қойылмаған болса, сот үкім шығару кезінде өз бастамасымен материалдық шығынды өтеу туралы мәселені шешуге құқылы.

Демек, қылмыспен залал келтірілген материалдық шығын туралы жеткілікті мәліметтер болған кезде азаматтық талап етудің қойылған қойылмағанына және азаматтық талап етуші бұл жөнінде өтініш білдірген, білдірмегеніне қарамастан тергеуші материалдық шығынды өтеуді қамтамасыз ететін шараларды қолдануға міндетті.

Қылмыстық іс бойынша іс қозғалған кезде мүлікті тәркілеу түріндегі жаза түрі қолданылуы мүмкін болса, тергеуші айыпталушының мүлкін жасырмауын қамтамасыз ететін шаралар қолдануға міндетті.

Өзінің мазмұны бойынша ол қылмыспен келтірілген материалдық шығынды қамтамасыз ету функциясына ұқсастығы сонша, тіпті онымен бірге қылмыспен келтірілген материалдық шығынды қамтамасыз ету функциясымен және мүлікті тәркілеу бойынша үкім орындау функциясымен бірігіп кетуі мүмкін.

Тергеушінің процессуалдық қызметінің бірі қылмыстың жолын кесу және қылмысқа итермелейтін жағдайды жоюға бағытталған шара қолдану. Бұл функция қылмыстық іс бойынша сот ісін жүргізудің қылмыстың алдын алу мен оны түбірімен жою сияқты жалпы мақсаттарынан туындайды.

Тергеуші қылмыс жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды ашып, және оларды жоюдың шараларын қолдануы керек. Көрсетілген себептер мен жағдайлардың ашылуына істің мән-жайын зерттеу процесінде қол жеткізіледі.

Тергеуші қызметіндегі дербестік бағыт – бұл айыптыны іздестіру. Бұл функция қылмыстық-процессуалдық заңда барынша анық көрсетілген: айыптының мекен-жайы белгісіз болған кезде, тергеуші оны іздестіруге қажетті шараларды қабылдайды.

Тергеуші мынадай процессуалдық функцияларды жүзеге асырады деп айтуға болады:

- қылмыс туралы өтініштер мен хабарламаларды қарастыру;

- істің мән-жайын зерттеу;

- азаматтарды қылмыс жасаған деп негізсіз айыптаудан қорғау;

- қылмыс жасады деп айыптау;

- қылмыспен келтірілген материалдық шығынды өтеуді қамтамасыз ету, және де мүлікті тәркілеу бойынша үкімді орындау;

- қылмыстың жолын кесу және қылмыс жасауға итермелейтін мән-жайды жою шараларын қабылдау;

- мекен-жайы белгісіз айыптыны іздестіру (айыптыларды);

- қылмыстық істі шешу.

Тергеуші функцияларының ара қатынасы

Тергеушінің процессуалдық функциялары бір-бірімен өзара байланысты. Бұл байланыс, біріншіден, белгілі бір функцияның басқаның нәтижесімен үйлесімділігінен, екіншіден, бірнеше функциялардың бір мезгілде жүзеге асуынан көрінеді.

Алдымен өзара байланыстылық мынадан көрінеді: қылмыс туралы өтініштерді немесе хабарламаларды қарастыру мен шешу функциясын жүзеге асырудың нәтижесіне байланысты істің мән-жайын зерттеудің қажеттілігі туындауы да, туындамауы да мүмкін. Бұл хабарламаны шешу үшін қылмыс белгісінің бар яки жоқ екені туралы мәселеге жауап беруге мүмкіндік беретін тексеру жүргізген уақытта болады.

Қылмыстық іс қозғалғаннен кейін істің мән-жайын зерттеу функциясы міндетті түрде жүзеге асырылады.

Тіпті егер оның жүзеге асырылуы іс қозғалғаннан бұрын басталса да, бұл сатыда ол әжептәуір кең көлемде жүзеге асырылады әрі басқаша процессуалдық құралдар арқылы жүргізіледі.

Бұл функцияның жүзеге асырылуы тергеушіні тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдеме жеткілікті (осы кезде айыптау функциясы жүзеге асырылады), немесе қылмыстық істі тоқтатуға күші бар негіздеменің (осы кезде істі шешу функциясы жүзеге асырылады) бар екені туралы қорытындыға әкеледі.

Бірінші жағдайда істің мән-жайын зерттеу тергеу аяқталғанға дейін жүргізіледі. Оның қорытындысының нәтижесінде (алдын ала тексеру аясында) айыптау функциясы (іс айыптау қорытындысымен прокурорға немесе медициналық сипаттағы күштеу шарасын қолдану туралы мәселені қарастыру үшін істі сотқа жіберу туралы қаулымен) немесе істі шешу функциясы (іс тоқтатылған кезде) толығымен жүзеге асырылуы мүмкін.

Егер істің мән-жайын зерттеу күдіктің яки тұлғаны қылмыс жасаған деп айыптаудың негізсіздігін немесе айыпталушының жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлардың бар екенін көрсетсе, тергеуші айыпталушыны негізсіз айыптаудан қорғау шараларын қабылдайды.

Қылмыс туралы хабарламаларды қарастыру мен шешу функцияларын жүзеге асыру және істің мән-жайын зерттеу процесінде қылмыстық әрекеттің жалғасып жатқаны немесе олардың жасалу мүмкіндігі сақталғандығы мәлім болса, яки қылмыстың жасалуына мұрындық болатын мән-жай анықталған болса, тергеуші қылмыстың жолын кесу және аталған мән-жайды жою шараларын жүзеге асырады, сөйтіп, қылмыстың алдын алу функциясын жүзеге асырады.

Ең соңында, істің мән-жайын зерттеу құралы арқылы қылмыспен келтірілген материалдық шығынды қалпына келтіруді қамтамасыз ету функциясын жүзеге асыру үшін негіздің бар яки жоқ екендігі, және де мүлікті тәркілеу бойынша үкімді орындау белгіленеді.

Істің мән-жайын зерттеу функциясының жүзеге асырылуы өз кезегінде басқа да функциялардың, көбінесе, айыптау мен қорғаудың жүзеге асуына байланысты болады.

Тергеушінің процессуалдық функцияларының өзара байланыстылығы олардың қатар, кейде, тіпті бірдей формада жүргізілуінен де көрінеді. Мысалы, айыптау, қылмыстың жолын кесу және алдын алу, материалдық шығынды өтеуді қамтамасыз ету мен мүлікті тәркілеу бойыншы үкімді орындау, сондай-ақ істің мән-жайын зерттеу бір-бірімен қатар жүргізілуі мүмкін. Қорғау функциясы туралы да осыны айтуға болады. Айыпталушыны іздестіру тек қана оның мекен-жайы белгісіз болғанда да ғана жүргізіледі.

Бұл функцияны табысты түрде жүзеге асырмайынша, басқа да көптеген функциялар толығымен іске аспайды, мәселен, айыптау, материалдық шығынды өтеуді қамтамасыз ету, істі шешу, ал кейде істің мән-жайын шешу, қылмыстың жолын кесу мен алдын алу сияқтылар жүзеге аспайды.

Істі шешу функциясы басқа функциялармен тығыз байланысты; бұл байланыстылық істің шешілуі логикалық тұрғыдан басқа процессуалдық функциялардың жүзеге асуынан ғана емес, сондай-ақ істің шешілу функциясы істің мән-жайын зерттеу, айыптау мен қорғау функциясын жүзеге асырудың шарықтау шегі болып табылуынан да көрінеді.

Істі тоқтату туралы қаулы істің мән-жайын зерттеуді ұшпаққа шығаратын жинақталған дәлелдемелердің қорытынды талдауынан тұрады (яғни, осы функцияның жүзеге асуы). Кінәлілік немесе кінәсіздік, кінәліліктің деңгейі, жауапкершіліктің формалары мен мөлшері туралы түйіндемеде айыптау, ал кейде қорғау функциясы жүзеге асырылады.

Ақталмайтын негіз бойынша іс тоқтатылған кезде қылмыс жасаған тұлғаның кінәлілігі туралы түйіндеме тұжырымдауда айыптау функциясы, ал қорғау функциясы айыптауды азайтатын немесе айыпталушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайды анықтауда жүзеге асырылады.

Ақтау негізі бойынша іс тоқтатылған кезде істі шешу функциясымен бір мезгілде қорғау функциясы да жүзеге асырылады. Бірақ айыптау немесе қорғау тіпті де істі шешудің міндетті элементі бола алмайды.

Көбінесе, бұл функциялар қылмыстық іс күдікті немесе айыпталушы жоқ, қылмыс оқиғасы болмағандықтан тоқтатылғанда, көптеген басқа функциялар сияқты, істің мән-жайын зерттеу және істі шешу функциясынан басқасы, жүзеге аспайды.

Тергеуші өзінің функцияларын процесстің басқа да қатысушыларымен өз ара әрекеттесе отырып жүзеге асырады, олардың рөлдері арнайы тағайындау (куә, сарапшы, маман, аудармашы, куәгер), яки олардың дербес процессуалдық мүдделілігі арқылы анықталады.

Процесске қатысушылардың аталған рөлдерін тәптіштей қарастырмай-ақ, олардың тергеуге қатысуы нәтижелі сипатқа ие екенін атап өту қажет. Олар қандай да бір формада болмасын істің мән-жайының қойылуына және оның дұрыс шешілуіне ықпал етеді.

Қорғау функциясын жүзеге асырушы айыпталушы мен қорғаушының рөлдері көбінесе үндес болып келеді. Тіпті айыпталушы үшін қорғау функциясы мен тергеушіге мән-жайды анықтауда жәрдем беру функциясы факультативтік болып табылады.

Қорғаушы тек қана қорғау функциясын жүзеге асырушы, және осы функцияның аясында ғана әрекет ете отырып, істің мән-жайын анықтау мен оның дұрыс шешілуіне атсалысады. Істің мән-жайын зерттеудегі алдын ала тергеуде процесске мүдделі қатысушылар және олардың өкілдері белсенді түрде қатыса алады.

Олар тікелей дәлелдемелерді көрсетуге, сондай-ақ куәлардан жауап алу жөнінде қолдау білдіруге, экспертиза жүргізуге және дәлелдеме жинау бойынша басқа да тергеу әрекеттерін жүргізуге құқылы.

Заң сараптама жүргізудің мүмкіндігін қарастырған (сараптама тағайындалғаны туралы қаулымен танысу, қосымша сұрақтарына сарапшыдан қорытынды алу, сараптама қорытындысымен танысу, сарапшыға қарсылық білдіру құқығы және т.б.). Тексеру жүргізген кезде тергеуші айыпталушыны, күдіктіні, жәбірленушіні, куәні қатыстыруға құқылы, сөйтіп, оларды істің мән-жайын зерттеудің белсенді қатысушыларына айналдырады.

Тінту мен алу кезінде аталған тұлғаларды қатыстыру мүмкіндігі туралы заңда көрсетілмеген. Алайда, көрсетілген норманың мазмұны мен тағайындалуы тұрғысынан бұл қатысушыларды үйлесімділікпен тінту мен алу процессіне қатыстыруға болады. Материалдық шығынның көлемі мен сипатын анықтау кезінде жәбірленушінің өзінің көмегін пайдалануға болады (азаматтық талапкерді).

Тергеушінің процессуалдық функцияларының табысты орындалуының маңызды алғышарты – алдын ала тергеудің қатысушыларына, қылмыстық процесстегі олардың рөлдері сәйкес келетін және тергеушінің міндеттері мен функцияларын хабарландырып тұратын белгілі бір процессуалдық міндеттерді

жүктеу.

Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңдарына сәйкес, тергеу функцияларын атқаратын тергеуші өз құзыреті шеңберінде қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу жүргізуге уәкілеттік берілген лауазымды адамы. Қылмыстық процесте тергеуші бір-ақ функция атқарады. Ол функция – қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу. Осыған сәйкес тергеушінің негізгі міндеті - қылмысты тез арада және толық ашу, қылмыс жзасаған адамды тиісті жауапкершілікке тартып, оның сотқа берілуін қамтамасыз ету болып табылды.

Наши рекомендации