Арақ, мастық, жар, жан, шатақ иманның шешуі

Арақ — ақыл, мастық — ой, жар — хақиқат
Жан — нәпсі, шатақ — иман, дін — қиянат.
Маскунем, әйел сүйгіш, дінсіз ғой деп,
Сырын білмей сыртымнан қылма ғайбат.
Хақиқаттан басқаға бас ұрмаймын,
Дәлелсізге нанам деп болмаймын мат.
Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,
Терең ой мен ақылға айтамын дат.
Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат.
Шатақ дінге, әдетке, не білгішке
Ноқталатпай ойымды қылам азат.
«Ақылға билетпеген пенде айуан,»
Десем де бола қоймас сөзім ағат.
Құранның шын мағынасын шатақ ұғып,
Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат.
Ақылыңа сынат деп дәлел айтқан
Құраннан табылады талай аят.
Тәпсір деп қасиетін талқан қылып,
Бұзғанмен құран болмас адасқан хат.
Жарық нұрдан жаралған Күн жоғалмас,
Бетіне перде жапсаң неше қабат,
Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы,
Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат
Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне
Дін десе тұра қашты есті азамат.
Бар обалы олардың тәпсіршіде,
Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.
Ол қатені түзеткен әлімдер кеп,
Соның сөзін оқысам боламын шат.
Киянатың бар болса — иманың жоқ,
Маған десе мың жылдай қыл ғибадат

Дін

Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық бар,
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.

Бұл қалай деп ойласам.
Мұның да бір сыры бар,
Терең ойға бойласам,
Дәл мынадай түрі бар:

Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.

Біреу отқа жағынды,
Нұрдың түбі құдай деп.
He суретке табынды,
Олай емес, былай деп.

Бірі: «құдай бір десе»,
Бірі айтады: «көп құдай».
Бірі: «тәңірі - Күн» десе,
Бірі дейді: «жоқ құдай».

Міне, осыдан байқалды,-
Бәрі іздеп жүр иесін.
Табамыз деп ойға алды.
Жаратқанның киесін.

Жас қозыдай болып тұр,
Білсек, мұның мысалы.
Қолтық, шабын түртіп жүр,
Анық соған ұқсады.

Ойды кімнен алғанын
Адам өзі сезбейді.
Жанның айдап салғанын
Сезбесе де іздейді.

Хақиқаттың тарауы
Түгел жетпей қалмайды.
Әр түрлі боп қарауы,
Көбі анықтай алмайды.

Жердің жүзін дәл тауып,
Ешбір дін жоқ орныққан.
Бәрінде де бар қауіп,
Дін көбейді сондықтан.

Сол көп дінде шешу бар,
Ол шешудің арты бар.
Адасқанға кешу бар,
Кешудің де шарты бар.

Мейлі, кімге шоқынсын,
Шын іздесе тәңірісін.
Қиянатты жау білсін,
Онан тыйып нәпсісін.

Тәңірі жолы - ақ жүрек,
Сайтан деген - қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы, қыл әдет...

Тәңірі мен жан

Күн аязда терезеге
Неше түрлі гүл түсер.
Мұнша әдемі түсті неге
Кім түсірді?- Ой жібер.

Нысабыңмен ойласаң сен,
Істей алмас оны адам.
Ең адамның шеберінен
Соны салған жан шебер.

Сипатын көр тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тексер көзді сал да,
Қандай оның түрі бар?

Таң қаларсың, ойға салсаң,
Қар жасаған шытырасын.
Жаралыстан ғибрат алсаң,
Болар едің ойқұмар.

Неше түрлі гүл, жапырақ,..
Әрбіреуін қолыңа ал.
Құры көрігп қойма бірақ,
Онда не бар ойға сал.

Түсі қандай, түрі қандай,
Тамыры бар неше тал.
Тесе қара, тексере алмай
Ұқпадым деп айтпа жал.

Өлсе өсімдік, тіріледі,
Күн жылынып, тамса су.
Кейі тамақ, кейі шарап,
Кейі дәру, кейі у.

Тән - терезе, ой қожасы,
Оймен анық байқасаң.
Бар ғылымның түп атасы -
Таза ақыл мен ойлану.

Тағы бір шөп ортасында,
Тіпті, тәтті балы бар.
Тарауының ең басында,
Өткір ине талы бар.

Балға қонса бір шыбын кеп,
Шаншылады инелер.
Қылды қорек шыбын шөп жеп,
Таң қаларлық хал бар.

Зор мұхиттың дариясының
Ең түбінде бар балық.
Денесінде сол балықтың,
Бір нұры бар жап-жарық.

Сол жарықтың арқасымен
Тамақ аулап күн көрер.
Оқы ғылым, нанбасаң сен,
Жалған емес, бұл анық.

Сиқырына таң қалатын
Тас бар, аты - магнит.
Темір оған құл болатын,
Бар осындай қасиет...

Магниттің қуаты еді
Қыбылнама дегенің.
Терең оймен тексереді,
Табады ақыл керемет.

Мына маржан - судан өскен
Тал сияқты, жануар.
Адам еді оны кескен,
Тағы өсетін жаны бар.

Тіпті кетпес еш жоғалып,
Байқасаңыз, барша жан.
Тағы дене тауып алып,
Тағы өседі қайтадан.

Түрлі жанда дене түрлеп,
Өзгеріп тұр бұл ғалам.
Жоғалатын нәрсе жоқ деп,
Айтты ғылым байқаған.

Көзге сеніп, ойға сенбей,
Жанды жоқ деп қаңғырып,
Адасып жүр ақты көрмей,
Көнді соқыр көп надан.

«Ана сансыз кереметті
Кім жаратса,- тәңірі сол!»-
Десе нетті,
қойса бетті,
Хақиқатқа жайнаған.

Шала дін мен қате пәннің
Сөзіне ерме, маған ер.
Міне жаның, міне тәңірің,
Міне дінің, міне иман.

Адамдық борышың

Адамдық борышың -
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
Талаптан да бiлiм мен өнер үйрен,
Бiлiмсiз,
Өнерсiз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшiн.
Нәпсiңе билетпе
Басыңның бағы үшiн.
Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшiн.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсiң.
Барыңды,
Нәрiңдi
Тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң
Шын бақыт-
Осыны ұқ,
Мәңгiлiк өлмейсiң!

«Ойдан шығарылған бар түрлі әндерім...»

Үйрен,
Білсең әннің мәндерін.
Дәл толқындарын толғап,
бұлжытпай,
Келтір кемеліне сәндерін.
Ән менен күйдің тілі - үн,
Ұқпасаң оны, саған мін.
Жасыңнан талаптан білуге сырын,
Жете ұғып алған соң,
Жарасады әнге қоссаң жырын.
Мұңлы,
Зарлы
Үндер еріксіз жылатар,
Қамыққанды кейі жұбатар.
Ой, ақылымды
Қозғар ән-күйді
Жаным жай тапқандай ұнатар.
Маңызсыз айғай ән болмас,
Татымды онда мән болмас,
Сазды үнмен билеп ал
Тыңдаушы ойын.
Елжіретіп жүрегін,
Әсер беріп, ән балқытсын бойын.
Әсем әннен ғажап
Ләззатты үн шығар.
Ойы сергек оны жан ұғар
Бар сезіміңді билер
Ән-күйге,
Жастар,
Тілімді ал,
Бол құмар.
Үн сырын сезер адам аз,
Айғайға құры болар мәз.
Ұқпайды тас құлақ
Ән мен күй мәнін.
Сезер ме еді,
Оларға салып берсе Сиреннің әнін?
Гомер ән сиқырын көрсеткен Сиреннен,
Қиялдаған оймен тереңнен.
Ол әннің жайын ашып берумен
Күткен сондай әнді өреннен.
Шығардым әндер жаңалап,
Саларсың сынға саралап,
Жараса, ойладым,
Әншілер салсын деп.
Белгі болып бір мұра,
Кейінгіге әнімнен де қалсын деп.

Ош, жұртым

Шарлайсың, ойым, шарлайсың,
Алыстан мені барлайсың.
Таяу тұр ажал алдыңда,
Сарынға салып сарнайсың,
Мақсатың не ендігі?

Бостандық таңын көргенім -
Кемеліме келгенім.
Қорқытпайды мені ажал,
Арман емес өлгенім,
Кейітер істің кемдігі.

Қалған қараңғыда елім,
Ойлап толғаумен
Сынатұғын менің белім.
Бұл алтын таңның атқан нұрынан
Тұр есе ала алмай ерім.

Қазақтың жайнар даласы,
Жетілер оқып баласы.
Шошытатын мені сол -
Олардың күндес, таласы.

Дағдысы сіңген бойына
Тастаңдар күндес, мақтанын,
Көрген соң таңның атқанын,
Ел бастайтын, жастарым,
Жөн емес жай жатқаның.

Нұр құймай елдің ойына,
Баста адал жолға елді!
Еңбек жанатын заман мынау,
Ерлерім келді,
Қош арманым жоқ, жұртым, жасарсаң,
Мен сапар шегем енді!

«Мен кетемін...»

Мен кетемін,
Келеді тағы өмірге мендей,
Олар мінді көреді,
Қисық жерін жөндей.
Бара-бара айқындалып
Ақтық істің анығы,
Адасқанмен хақиқатқа
Қоймақ емес сенбей.
Ақ жүрек пен Таза ақыл,
Қылсаң Адал еңбек,—
Бәрінен де сол мақұл —
Артқыға жол бермек.
Арсыздардың түкке тұрмай
Арам ойы жойылып,
Аяғында хақиқатты
Бұл үшеуі жеңбек.
Сен бола гөр аққа хақ,
Болам десең адам,
Адал еңбек берер бақ,
Бассаң соған қадам.
Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның
Таппасы жоқ бұл өмірде,
Осынымды ұқ, балам!

А жауап

Тием
біреуге нахақ демесе,
Күйеу
арға деп арам жемесе,
Тыйылып зорлықтан.
Бәрі
адамның бірдей ағарып.
Ары
нәпсіні жеңсе тазарып,
Құтылар қорлықтан.
Бар еңбегін,
шын тілегін.
Салса адалдық жолына.
Алып білім,
төгіп нұрын,
Түссе адамдық соңына.
Кісі
адамды ала көрмесе,
Ісі
санамен алға өрлесе,
Бірігіп бастары.
Тамақ,
керегін жерден іздесе,
Қалап,
еңбекті ғана көздесе,
Болмайды қастары.
Табиғаттың,
барша заттың
Білер адам айласын.
Орнар бейіс,
кетер кейіс,
Көрсе еңбектің пайдасын.
Жойып,
зорлық пен қару жолдауды,
Қойып,
күндестік, мақтан, алдауды,
Мансапқор жойылса.
Ерді
адалдық жолға бастайтын,
Елді
арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.
Еңбекпенен,
өрнекпенен
Өнер ойға тоқылса,
Жайнар көңіл,
қайнар өмір,
Ар білімі оқылса.

Наши рекомендации