Мінез және адамның жас сатылары
Адамның алғашқы өмір қадамдары тіршілік проблемаларын шешуден гөрі көбірек төңіректегі оқиғалар мен құбылыстарды бақылауға (созерцательность) бағытталады. Негізінен объекттермен қатынасқа түсе отырып, бала болмыс мәнін түсінуге ұмтылады. Соған байланысты өз қылық-әрекеттерінің орынды не орынсыз екенін бағамдай бастайды. Баланың сезімталдығы жас ұлғайған сайын кеми бастайды. Солайда болса, балалық шақта игеріл-ген тәржірибе мен білім бозбалалық кезеңнің тұрақты мінез бітістеріне арқау береді.
Бозбалалық (юность) шақтың өмірге қойған талаптары өте жоғары да бірбеткей келеді, қажеттіктер ауқымы кеңейеді, аласапыран, күйзелісі мол, ерік күшін керек ететін өмір басталады. Қоршаған дүниемен белсенді араласу, тікелей қатынас жасау сырттай бақылаудан гөрі анағұрлым қиын. Көрер көзге әдемі іс, оқиға, зат нақты орындауға келгенде сүйкімсіз де ауыр болуы мүмкін. Жағдайға билік ету оңай емес, ал өзіңді өзің басқаруың одан да күрделірек. Өмір бұрқасынында әрекет ете білу алғы шарт, ал кей жағдайларда өз әрекетің басқалар қимылынан ұтымды болғаны керек. Бұрын жағымды түртүс, әуенге толы дүние енді бозбаланы әлеуметтік талаптар мен қалтқысыз міндеттерге орайды. Бозбалалық шақтың дағдарысынан балалық шақтағы жасанды бағыт моделі құрдымға кетіп, "бақыт" мән-мағынасы өзгеріске келеді. Бақытқа деген көзсіз ұмтылыс енді "бақытсыздықтың" қорқынышына ауысады. Бірақ бұл жаста бұрқасын қуат мол, сондықтан қиыншылықтардың бәрі де өтпелі. Болашаққа деген сенім шексіз. Сонымен бірге, өзіңді дербес, бірде біреуге керегі жоқ дүние екеніңді сезіп, оқшаулана түсесің. Бірақ дүние жұмбақ, оны тануға болған ұмтылыс өте күшті.
Адамның ендігі өмір желісі көп шарпусыз, байсалды да аңдап басу кейпіне келе бастайды. Өмірдің бәрі тек бақыттан тұрмайтынын түсініп, адам қанағат, шүкіршілікке бой бағындыру қажеттігін аңдай түседі. Қиялдық өмірден кешегі бала нақты, күтілмеген, бұлтарыстары көп ақиқат өмірге өте бастайды. Енді бозбала өзінің бар қуат-жігерін пайдалы да қажетті, қолынан келер іске бағыштайды. Тәжірибе, нақты іс-әрекетке араласудан жас жігіт, бойжеткен бұрынғы жалған түсінік, ұғымдарынан арыла бастайды. Өмір енді адамға ішкі тұңғиық, тылсым тарапынан танылып, айқындала түседі. Тұлғаның әлеуметтік кемелденуі байқалады. Бірақ әліде жас жігіт басқаларды бағалауда өз сезім өлшеміне көбірек сенеді, махаббат, достық, әлеуметтік қатынастардың басқа да формаларында өзінің тұлғалық бейнесін нығайта түседі.
36-40 жаста адам өмірдің жаңа сатылық деңгейіне көтеріледі. Осы шақтан бастап өмір қуаты кеми бастайды. Бірақ бұл процесс алғашында рухани құндылықтар молдылығынан онша байқала бермейді.
Ал адам егде тартқан сайын оның көптеген рухани құндылықтары қайта қарастырылып, көбі жойылып, өткен өмір жеке оқиғалар жиынтығы ретінде еске алынады. Тек өмірдің алғашқы шерегі ғана ең ұзақ, қымбат әрі бақытты көрініп, қайталана жадқа келе береді. Қалған шақтардың бәрі қысқа да сарсаң өмір күйбеңіндей көрінеді. Көп жайт естен шығады. Өткендегі күйзелткендер мен қинаған-дардың баршасы мәнін жоғалтып, елеуден қалады. Осы жайтты даналықпен түсінген ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауи былай депті: "Баз кештім елу екіде жиғанымнан, Мал-мүлкім артық емес бір жанымнан". Ендігі өмірдің әр күні жылдарымдай шалт ағып, ізін жуып-шайып, өткеннің бәрін татымсыз күйге түсіреді. Кешкен дүние тұманданып, көз алдыңнан кете бастайды. Солай да болса, кейбір бастан өткен қызғылықты оқиғалар анда-санда жылт ете, көрініп, көңілді рахатқа бөлейді. Осының бәрі уақыт ендігіндегі адамның барша "Мені" санада сақталып қалмай, оның кейбір көріністері ғана бекіп қалатынын дәлелдейді.
Өмірдің екінші жартысының мәні бірінші өмір бөлігінде топталған материалды және рухани қордың шамасымен күні ілгері анықталады.
Адам мінезінің сан-қилы көріністері жас сатыларына байланысты әрқилы. Бұған дәлел "Диуани хикмет" шумақтары:
"Ғашық боп жиырма сегіз жасымда
мен, жан кешіп, мехнат шегіп,
бас ұрған ем ..." "Қанағат елу сегізде
сезіндіріп, Тыя гөр, қаһарлы ием, өзің біліп,
Құдайым бар непсімді безіндіріп". (Қ.А.Яссауи)
Өмір ақырына жасанды, жалған сенімдер (иллюзии) ғайып болып, өмір жағдайынан жамылған бүркеме-лер ысырылып, шынайы мінез көрініс береді, әлеуметтік роль мән-мағынасын жоя бастайды. Адам фәни ақырында өзін танып, өз болмысының төркінін білетін халге же-теді. Өмір балалық күндердегідей бақылау, меңзей қарау (созерцательность) кейпіне қайта оралады. Жас күнде де игілік, ләззәт бермеген көптеген құмарлықтар өшеді. Алайда, бозбалалықтың мұңнан қашып құтылмағанындай, кәрілікке де рух көтеріңкілігі жат емес. Көптеген шектеулерден босап, өмір аяғында адам өзін еркін сезініп, дүниемал, дос-дұшпанның шын мәнін пайымдау деңгейіне жетіседі.
Қоғамда әдейі, мансап иелеу үшін бүркенген жалған зер-оқалары (мишура) мен дүниеқоңыздық күйбеңдерін ысырып қойып, кәрілік ақиқат дүние құндылықтарына объектив баға береді.
Кәрі адамның ең күшті психикалық қасиеттері - өткен өмірдегі өз мәнділігін сезінуі, жетіскен адамдық дәрежесі және жемісті іс-әрекеттерінен қанағат рахатын тауып, мәңгілік өмір дариясының бір тамшысы болғанынан қуанышқа бөленуі. Бұл фаниден бақи дүниеге жолдама алып тұрған шақта да адам өзінің мәңгіліктен өшіп кетпейтінін біліп, оны медет тұтады. Оның өмірі адамзаттың мәңгілік ағымын жалғастыруға себін тигізді; мұны түсіну - кәрілік даналығы.