Ф.оңғарсынованың лирикасы
60 – жылдары әдебиет әлемінің айшықты жанры – поэзияда адуынды жырларымен көпшілікті елең еткізген ақынның бірі. Фариза Оңғарсынова 1939 жылдың 5-желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.
1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркіндала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектебінде ұстаздық еткен. 1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкері. 1968-1970 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарған. 1970-1978 жж. республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы, 1978 ж. желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы. Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Камшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді.
Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем. Ақынның жазған жырлары сандуғаш болып сайрады. "Маңғыстау монологтары" ақынның отыз жасындағы қолтаңбасы. Содан бері "Мазасыз шақ", "Мен сенің жүрегіңдемін", "Шілде", "Сенің махаббатың", "Дауа" сияқты кітаптары адам атты күрделі жаратылысты сан зерттейді. Олар не туралы? Махамбеттің мұңын сезгенде, қайратынан жыр жанығанда өршіл сарынға ерік береді. Міне, Фариза ақынның халқына ұсынған өр мінезді жырлары осы еңбектері арқылы белгілі болды.
Лирикалары. Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ол сезім күйлерін шертуге, Әлия мен Мәншүктің тағдыры мен трагедиясына дастандар арнады.
Ақын - өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы - поэзия.
Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау - Фариза туындыларының бір қыры.
Фаризаның беріліп, шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы - махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа да саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз. Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алумен ерекшеленеді.
«Жүрек сенсің...» деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.
Бар сияқты менде де сана шыдам,
Жылағанды демеуге тағы асығам,
Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
Қорқам ардың айбалта – жазасынан.
Немесе ақын арсыз жандардың жағымсыз жат қылықтарын ашына былайша жырлаған:Не қасиет күтерсің бүгінгі елде
Жасқаншақтап күйеудей ұрын келген.
Айтар сөзін көмейге көміп қойып,
Күн кешеді қорқумен, дірілдеумен.
Ақының творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.
1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Ф.Оңғарсынова поэзиясының табиғатын тану – алыптардан бастау алады. Көркем сөз зергерлері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев өрбіткен баянды бағам – байлауды әдебиетші ғалымдарымыз М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, С.Сейітов, З.Ахметов, Ә.Жәмішев, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев т.б жалғастырды. Ақынның өз тұстастарынан және қаламдас іні – сіңлілерінен К.Ахметова, Н.Оразалин, Ә.Кекілбаев, С.Ерубаев, У.Қалижанов, А.Егеубаев, Т.Шапай және басқалардың пікір – пайымдарының мәні зор болды. Өз кезінде осындай бағасын алған ақын Ф.Оңғарсынова лирикасы – қазақ әдебиеті майданындағы ұшан теңіз дүние. Ақынның сан – салалы лирикалық шығармаларында сыры ашылмаған қаншама дүние жатқаны баршаға аян.Ф.Оңғарсынованың әр тақырыптағы лирикалық шығармалары, ондағы кейіпкерлер әлемі, яғни лирикалық қаһарман мәселесі, ақындық шеберлік сырлары әр адамды қызықтырары айдан анық. Күллі шығармашылық- өнерпаздық қабілет – талантымен әдебиет зерттеушілерінің назарын аударып, ойлы да сыншы, талғампаз оқырмандарының көңілінен шыққан Фариза ақындығынның арнайы да мақсатты, сондай-ақ міндетті зерттеу сөзіне айналып, обьекті өрісіне імуі - өмір талабының пәрменіне сай рухани қажеттілік.
Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік өрісіне лайықтап жырлау – Фариза туындыларының бір қыры. Әйел – Ана тақырыбы. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім – әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы", – дей келе:
Өз-өзіммен өртеніп барам жанып,
Жүректен жас ағады тарамданып.
Менде жоқ қой бұл күнде тым болмаса,
Ақтарылар алдыңда саған барып.
Жасқа ғана толады жанар налып,
Мен үшін тұр дүние қараң қалып, – деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді.
Фаризаның беріліп, шабыттанып, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік тақырыбынан басқа да саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларға ауысып суреттегенін көреміз.