Негізгі грамматикалық ұғымдар
Грамматика және оның салалары. Негізгі грамматикалық ұғымдар.
1.Морфология, оның зерттеу объектісі.
2. Синтаксис, оның зерттеу объектісі.
3.Негізгі грамматикалық ұғымдар.
4.Грамматикалық мағына, оның түрлері.
Тіл білімінің қай саласын алсақ та, оның зерттеу объектісі я тікелей, я жанама түрде сөзге келіп тіреледі. Өйткені, сөзде фонетикалық қасиет те, (дыбыстық комплекс) лексика-семантикалық қасиет те (ішкі мағына), сөзжасам қасиеті (жаңа сөз я жаңа мағына) де, грамматикалық қасиет (морфологиялық құрам мен құрылыс ы, сөздің түрленуі, сол арқылы бір-бірімен байланысқа түсуі, алуан түрлі грамматикалық мағыналар білдіріп, сөйлем құрауы) те бір-бірімен қабаттасып келіп отырады.
Қазіргі қазақ тілі атты ғылыми және практикалық курстың басты саласы – грамматика. Тілдің грамматикалық құрылысының жүйелері мен оның сан салалы ерекшеліктерін белгілеуде сөздің грамматикалық сипатын толық талдап анықтаудың мәні зор. Өйткені, тілдің грамматикалық құрлысы сөздің грамматикалық сипатына тығыз байланысты.
Адамдар өзара сөйлескенде жеке лексикалық сөз арқылы білдіруге болмайтын неше алуан мағыналардың бәрін де тек грамматикалық амал-тәсілдердің көмегі арқылы ғана түсінікті етіп айта алады. Ендеше, грамматикалық тәсілдер де лексикалық тәсілдермен қоса қабат қолданылатын аса қажетті тәсілдер болып саналады. Әрбір тілдің өзіне тән грамматикалық амал-тәсілдерінің жиынтығы грамматикалық құрылыс деп аталады.
Ал грамматика гректің грамматике – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан, ол сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөйтіп сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматика ғылымы тілдің грамматикалық құрылысын зерттегенде, өзінің тексеретін объектісінің негізі, өзегі етіп – сөзді және сөйлемді алады. Тексеру объектілерінің осындай ерекшеліктеріне қарай, грамматика ғылымы морфология және синтаксис деп аталатын екі салаға бөлінеді.
Грамматиканың бір саласы морфологияның (гректің морфе – форма, тұлға және логос – сөз, ілім) да зерттейтін басты объектісі - сөз. Морфология сөздердің жалпы қасиеттерін, ортақ қасиеттері арқылы сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін, соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп сипаттайды. Морфология сөздердің грамматикалық сипаттарын зерттейді.
Синтаксис (гректің синтахис – құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп) те грамматиканың бір саласы. Егер морфология сөздің жалпы сипатын, сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық (септік, тәуелдік, жіктік) қасиетін сөз формаларының ерекшеліктерін, соның нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесін жеке-жеке емес жалпы түрде қарау арқылы, ортақ белгілері негізінде, яғни сөздердің грамматикалық сипаттары негізінде грамматикалық топтарға, олардың категорияларға жіктелуін қарастырса, синтаксис сол түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің сол тұлғаларында атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады. Морфология мен синтаксис бір-бірімен тығыз байланысты.
Негізгі грамматикалық ұғымдар
Тілдің грамматикалық құрылысын танып ,оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала-сала жүйелерден құралады да ,олардың тұтастығы сол жүйелерге тән белгілі заңдылықтарға сүйенеді.Қазақ тілінде ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория енеді. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.