Баланың психофизикалық дамуындағы ауытқулар және оларды түзету.

1. Баланың психикалық дамуының жалпы және спецификалық заңдылықтары.

2. Баланың психикалық дамуындағы әртүрлі факторлардың ролі.

3. Коррекциялық психологиядағы даму категориялары.

4. Дизонтогенездің психологиялық параметрлері.

5. Психикалық даму бұзылуының типтері.

Баланың қалыпты дамуына қажет, Г. М. Дульнев пен А. Р. Лурияның тұжырымдаған негізгі 4 шартын бөліп алуға болады.

«Бірінші, ең маңызды шарт – «ми мен оның қатпарларының дұрыс, қалыпты қызметі»; түрлі патогендік әсерлердің салдарынан туындаған, патологиялық күйлер болса – тітіркендіргіш және тежелгіш үдерістердің дұрыс қатынасы бұзылады; түскен ақпаратты талау және жинақтаудың күрделі формаларының жүзеге асуы қиындайды; адамның түрлі психикалық қызметтерінің түрлі аспектілеріне жауап беретін, ми блоктарының өзара әрекеті бұзылады.

Екінші шарт – «баланың дене бітімінің қалыпты дамуы, сонымен байланысты жұмыс істеу қабілетінің, жүйке үдерістерінің дұрыс сақталуы».

Үшінші шарт – «баланың сыртқы ортамен дұрыс қарым- қатынасын қамтамасыз ететін, сезім мүшелерінің қалыпты сақталуы».

Төртінші шарт – балаға отбасында, балабақшада және мектепте білім берудің жүйелілігі мен реттілігі.

Балалардың психикалық, дене бітімі және әлеуметтік денсаулықтарын үнемі тексеріп отыратын түрлі қызметтердің (медициналық, психологиялық, білім беру, әлеуметтік) талдаулары, қазіргі кезде дамуында ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдер санының артып келе жатқандығын, барлық көрсеткіштерге сай, дені сау балалар санының керісінше азайып келе жатқандығын көрсетеді. Жоғарыда аталған мекемелердің берген мәліметтеріне сүйенсек, балалардың басым көпшілігі, өздерінің түрлі даму кезеңдерінде, арнайы психологиялық көмекті қажет етеді.

«Баланың психикалық дамуындағы ауытқу заңдылықтарын, алғаш рет В. И. Лубовский тұжырымдады. Ол ауытқулы дамудың үш иерархиялық деңгейін көрсетеді.

Бірінші деңгейге дизонтогенетикалық дамудың барлық түрлеріне тән заңдылықтар жатады.

Ақпараттарды қабылдау, қорыту, сақтау және пайдалану үдерісінің бұзылуы. Кез-келген патологияда, қоршаған ортаны қабылдау бұзылады. Даму ауытқуының түріне қарай, қоршаған орта туралы мағлұматтар бұрмаланады, мысалы, сенсорлы патологияда зақымданған анализаторлар арқылы алынған сенсорлы ақпараттар бұрмаланады, эмоцианалды–ерікті саласының патологиясында (психопатия, ерте жастағы балалар аутизмі), әлеуметтік ақпараттарды пайдалану бұзылады. Ересектер тарапынан көрсетілген кезкелген қарым-қатынас талпыныстары, агрессиялық реакциямен қабылданады.

Сөйлеудің бұзылуы

Л. С. Выготский баланың екі жасынан бастап, сөйлеудің оның өмірінде маңызды рөлге ие болатындығын, сөйлеу негізінде, басқа психикалық үдерістердің дамуы жүзеге асатындығын айтады. Нейрофизиологиялық зерттеулер, сөйлеудің мидағы маңдай аймақтарының жетілуіндегі тежелулер мен ауытқулар, дизонтонгенияның патогенетикалық сипаттамасына негіз болатындығын көрсетеді, мысалы, психикалық дамудың тежелуі, ақыл-ойдың кемдігі, ерте жастағы аутизм. Ал даму ауытқуының басқа түрлерінде, вербальды және вербальды емес әрекеттердің арасындағы алшақтық немесе дивергенция байқалады. Әрине, бұл өз кезегінде, балалардың оқу бағдарламасын меңгеру үдерісіне кедергі жасайды, оқыту мен тәрбиелеудің арнайы, ерекше әдістерін қажет етеді.

Қоршаған орта туралы мағлұматтар мен түсініктердің баяу және ұзақ уақыт қалыптасуы.

Кез-келген даму ауытқуында, психикалық үдерістердің жартылай немесе тұтас бұзылуы байқалады: ой-өрісі немесе зият қабілеттері төмендейді, есту-көру арқылы қабылдау бұзылады, ойлау операциялары жетілмейді т.б. Әрине, мұның барлығының дамуы мен жетілуі, ұзақ уақыт пен арнайы әдіс-тәсілдерді қажет етеді.

Әлеуметтік-психологиялық дезадаптация қаупі.

Бұл көрсеткіш соңғы уақытта пайда болды, себебі білім беру саласында пайда болған интеграциялық үдерістер, қоғамдағы адамдардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін, жоғары талаптар қоя бастады, нәтижесінде дамуында ауытқуы бар балалардың қоғамға кірігу мәселесі қиындай түсті.

Екінші деңгейге, дизонтогенетикалық бұзылу топтарына ғана тән заңдылықтар жатады (анализаторлық жүйелердің бұзылуы), мидың ерте кездегі органикалық зақымдануындағы даму заңдылықтары (ақыл-ойдың кемдігі, церебральды-органикалық генезді ПДТ) жатады.

Үшінші деңгейге, дизонтогенездің белгілі бір түріне ғана тән заңдылықтар жатады (ақыл-ойдың кемдігі жағдайындағы, жалпы және тұрақты психикалық жетілмеу немесе ерте балалар аутизміндегі бұрмалана даму).

Л. С. Выготский адамның психикалық даму теориясының мәдени–тарихи негізін қалай бола отырып, мынаны дәлелдейді: «Сау баланың өркениетке кірігіп өсуі, әдетте, оның органикалық жетілу үдерістерімен біріккен тұтастықты көрсетеді. Дамудың екеуі де – табиғи және мәдени – бір-бірімен сәйкес келеді және тұтасып кетеді. Екі қатардағы өзгерістер те өзара кірігеді, нәтижесінде, баланың жеке тұлғасының әлеуметтік–биологиялық қалыптасуының біртұтас Клиникалық зерттеулерге сәйкес, психикалық қызметтердің бұзылуы немесе жетілмеуі эмбриогенезде, яғни, ми құрылымының ерте жасушалық дамуында, түрлі зақымдаушы зиянды әсерлерден пайда болады (1-сурет).

Адамның психикалық және дене бітімі жағынан кемтар дамуына әсер ететін, әсер ету уақытына қарай, патогендік факторлар үшке бөлінеді: пренатальды (тууға дейін); натальды (туу кезінде); постнатальды (туғаннан кейін, ерте сәбилік кезеңнен 3 жасқа дейін).

Бала дамуының биологиялық факторларына мыналар жатады:

- тұқым қуалайтын және гендік мутациялар, хромосомдық абберациялар нәтижесінде пайда болған, хромосомдық-генетикалық ауытқулар;

- ананың жүкті кезіндегі жұқпалы және вирустық аурулары (қызамық, токсоплазмоз, тұмау);

1-сурет. Адамның психикалық және дене бітімі жағынан кемтар даму қаупін туғызатын факторлар

- венерологиялық аурулар (соз, мерез);

- ананың эндокриндік аурулары, оның ішінде қант диабеті;

- резус-фактордың сәйкес келмеуі;

- ата-ананың маскүнемдігі мен нашақорлығы;

- биохимиялық зияндылықтар (радиация, қоршаған ортаның экологиялық ластануы, айналада қорғасын, сынап тәрізді ауыр металлдардың болуы, агротехникада жасанды тыңайтқыштарды пайдалану, медициналық дәрі-дәрмектерді дұрыс қолданбау, тамақтағы жасанды қоспалар т.б.);

- ананың соматикалық денсаулығындағы ауытқулар, оның ішінде гиповитаминоз, ісіктер, әлсіздік;

- гипоксия (оттегінің жетіспеуі);

- ананың жүктілік кезіндегі токсикозы;

- туу патологиясы, әсіресе, мидың жарақаттануы;

- баланың ерте сәбилік кезіндегі ми жарақаты, ауыр жұқпалы және токсиндік-дистрофиялық аурулар.

Генетикалық әсерлер. Гендегі ақпараттарда барлық адамдарға тән белгілер, жеке адамдарға тән дара өзгешеліктер, даму ауытқуларының пайда болуы бар. Зерттеулер көрсеткендей, зият және сенсорлы кемшіліктердің тегі, генетикалық болып келетіндігі анықталған.

Мысалы, ата-ананың екеуінде ешқандай даму ауытқуы жоқ, бірақ олар саңыраулықты жасырын тасымалдаушы болып табылады, демек, екеуінің бірінен балаға саңыраулық беріледі.

Даму патологиясына сондай-ақ, хромосом сандарының кемшілігі мен артық болуы себеп болады, яғни 23 жұптан артық немесе кем. Көптеген жағдайда, хромосомдық аномалиялар, ұрықтың құрсақтағы кезінде өлуіне немесе мерзімінен ерте тууына, түсік тастауға әкеп соғады. Бірақ, қазіргі кезде Даун синдромы(трисомия) кең таралып келеді. Туа біткен патологиясы бар балалардың тууының алдын-алу мақсатында, ата-аналарға тиісті генетикалық кеңестер беріледі, сөйтіп, қандай да бір патогендік белгінің болашақ балаға берілу қаупі анықталады. Ол үшін ата-ананың кариотипі зерттеледі.

Соматикалық фактор. Жүйке-соматикалық әлсіздік күйінің анағұрлым ерте пайда болған түрі, әрі баланың психикалық, дене бітімі және эмоциональды жағынан дамуына кедергі жасап, қиындықтар туғызатын түрі – невропатия.

«Невропатия – баланың құрсақтағы даму кезінде немесе туу кезінде пайда болған, туа біткен көп факторлық бұзылу ретінде қарастырылады. Оған себеп болатын жайлар: ананың жүктілік кезіндегі ауыр токсикоздары, түсік қаупін туғызатын жүктіліктің патологиялық дамуы, эмоциональды стресс күйлері.

А.А.Захаров бойынша невропатияның негізгі белгілері:

- Эмоциональды тұрақсыздық – эмоциональды бұзылуларға, мазасыздыққа, ашушаң әлсіздікке және аффектілердің тез пайда болуына бейімділік.

- Вегетативті дистония – ішкі ағза қызметтерінің түрлі бұзылуы түрінде көрінеді: асқазан-ішек қызметінің бұзылуы, бас айналу, тыныс алудың қиындығы, лоқсу, т.б. мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларда, балалар мекемелеріне бейімделу қиындығы туған кезде бастың ауыруы, қысымның тұрақсыздығы, жүрек айну сияқты соматикалық реакциялар байқалады.

- Ұйқының бұзылуы – ұйықтаудың қиындығы, түнгі елегізулер, күндізгі ұйқыдан бас тарту тәрізді болып келеді.

- Зат алмасу үдерісінің бұзылуы, аллергияға бейімділік, түрлі жұқпалы науқастарға сезімталдық, әсіресе, ер балалардағы тамаққа тәбеттің нашарлығы, анасының жүктілік кезіндегі ішкі эмоциональды қанағаттанбау күйімен байланысты.

Жалпы соматикалық әлсіздік, ағзаның қорғаныс күштерінің төмендеуі: бала шұғыл респираторлық аурулар (ОРЗ), шұғыл респираторлық вирустық жұқпалы аурулар (ОРВИ), асқазан-ішек ауруларымен, тыныс алу жүйесі сырқаттарымен жиі ауырады.

- Психомоторлық бұзылулар (түнгі және күндізгі ұйқы кезінде, кіші дәретті ұстай алмау, тартылулар, тұтығу). Бұл бұзылулардың органикалық текті бұзылулардан айырмашылығы, бала өскен сайын жоғалады, маусымдық сипатқа ие болады да, көктем мен күз айларында ғана асқынады. Балада мұндай бұзылулардың пайда болуына, ананың жүктілік кезіндегі дене бітімдік және эмоциональды қатты қалжырауы себеп болады.

Невропатияның алғашқы көріністері, бала өмірінің алғашқы жылында-ақ, оның жиі құсуына, дене қызуының өзгергіштігіне, ұйқысының бұзылуына, қатты жылауына байланысты бірден диагностикаланады. Невропатия патогендік факторлардың тек базасы ғана болып есептеледі, оның негізінде баланың жалпы белсенділігі төмендейді, психикалық және дене бітімдік жетілу қарқыны баяулайды, өз кезегінде психикалық даму тежелуіне әкеп соқтырады. Сондай–ақ, әлеуметтік талаптарға бейімделу қиындығы артады, жеке тұлғалық жағымсыз өзгерістер (басқа біреулердің көзқарасына толық тәуелді болу, депрессивті күйге түсу, өмірге деген қызығушылықты жоғалту) пайда болады.

Дер кезінде ұйымдастырылған сауықтыру, шынықтару шаралары, оның ішінде психологиялық қолайлы атмосфера орнату, жылдар өткен сайын невропатия белгілерін жояды. Ал, жайсыз жағдайларда, невропатия созылмалы, соматикалық науқастардың, психоорганикалық синдромдардың асқынуына қолайлы жағдай жасайды. Соматикалық аурулар, баланың психикалық–дене бітімдік қалыпты дамуы, жеке тұлғалық-әлеуметтік дамуына, мектептегі оқуды сәтті меңгеруіне кедергі жасайтын себептердің ішінде, мидың органикалық зақымдануынан кейін, екінші орынды иемденеді.

«Назеркем» балабақша мекемесі

Наши рекомендации