Басқа аспаптық зерттеу әдістері
Эхоэнцефалография – эхолокация феноменіне негізделген, миды ультрадыбыс көмегімен зерттеу әдісі. Мидың орталық құрылымынан шығатын ультрадыбысты сигнал ұсталады: мидың алдынғы бөлімінде мөлдір аралықтан, ортаңғы бөлімінде - III қарыншадан, артқы бөлімінде - эпифизден ұсталады. Зерттеу екі жақтан бір мезгілде жүргізіледі. Ісіктерде, қан құйылуда, іріңдікте, мидың медиальды бөлігі жарты шардың сау жағына қарай ығысады, ал ми атрофиясында жарты шардың зақымдалған жағына қарай ығысады. Бірінші жағдайда ультрадыбыс жолы зақымдалған жағында көбірек ұсталады және осцилоскоппен бейнеленген сигналдын тіркелу уақыты да өседі, ал екінші жағдайда ультрадыбыс зақымдалмаған жақпен салыстырғанда аздау болады. Аралық құрылымның ығысу шамасы ультрадыбыс сигналының арақашықтығымен анықталады, қалыпты жағдайда ығысу 1 – 2 мм – ден аспауы керек. Бұл әдіс мидың органикалық ауруларын зерттеу және диагностикасы үшін қажет.
Миды рентгенографиялық зерттеу әдісіне краниография, пневмоэнцефалография, ангиография және компьютерлі томография кіреді.
Краниографияда бастың рентген суретін контрасты заттарды жібермей – ақ алуға болады. Рентген суретінде бас сүйегі, ондағы өзгерістер мен қалыңдаулар және жарақаттан кейінгі ми қабығындағы әктенуді, бөгде денелерді көруге болады. Бас сүйегінің өсіп келе жатқан ісікпен жанасуының нәтижесінде бас қысымының өсуіне байланысты ісік жіңішкеріп, ми иіріміне “басылған саусақ белгісін” түсіреді.
Бас ішілік қысым көтерілгенде, веналық қан ағыс төмендейді де, ми тамырларының суреті күшейеді. Бұл әдіс мидың органикалық зақымдалуын анықтауға мүмкіндік береді.
Пнемоэнцефалография - бұл жұлын сұйықтығының бір бөлігін ауа немесе оттегімен толтырғаннан кейін миды рентгенографиялық зерттеу әдісі болып табылады. Ми қарыншалары және субарахноидальды кеңістік пневматизациясы қабынулық және спайкалық үрдістер, ісіктер, туа біткен ауытқулар кезіндегі патологияны, олардың орналасу аймағын анықтауға мүмкіндік береді.
Ангиография – қантамыр жүйесіне контрастылы немесе радиоактивті затты енгізу арқылы жүргізілетін мидың рентгенографиялық әдісі. Бұл әдіс ми тамырларының зақымдалуын, әртүрлі жаңа түзілістер – ми қанайналысын бұзатын ісіктерді зерттеуге мүмкіндік береді.
Сурет 2. Бас миының атрофиясы бар науқасты зерттеу нәтижесінде алынған томограмма
КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФИЯ – мидың барлық бөліктеріне қатысты патологиялық өзгерістерді зерттеуге мүмкіндік беретін қабатты, рентгенографиялық, рентгеноскопиялық зерттеу.
ЭВМ көмегімен бір уақытта алынған мәліметтерді өңдеу өлшем нәтижелерін бірден алуға мүмкіндік береді. Ми ісіктері, киста, гуммалары, селдіреуі және бас миының семуі диагностикаланады.