Ж.Нәжімеденов шығармашылығы

Ол Құрманғазы атындағы консерваториясының ұлт аспаптары факультетінде оқыған. М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары курсты бітірген. Еңбек жолы 1955 ж Қарағанды шахтасында жұмыс істеуден бастаған. Тұңғыш кітабы «Балауса» деген атпен 1961ж жарық көрді. Содан кейінгі уақыт ішінде өлеңдері мен шығармалары, үш романы аударма кітаптары шықты. 1967ж «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Шығармалары: Балауса, Сыбызғы сазы, Өз көзіммен, Жарық пен жылу, Күй кітабы, Мезгіл әуендері, «Ақ шағыл» романы, «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт»романдары бар. Содан соң «Мен-тамырмын» дастандар жинағы «Менің топырағым» атты жыр кітабы жарық көрген.

Ол сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ жұрт назарына өзінің ақындық ерекшелігімен ілінді. Әбділда Тәжібаев Нәжімеденовтің тырнақалды туындылары туралы бірден: “Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас, Жұмекен – жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын” деген болатын.

Ж.Нәжімеденовтің ақын ретіндегі жемісті еңбек еткен кезі – алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдар, яғни қазақ поэзиясының философиялық тұрғыдан тереңдеп, көркемдік жағынан әрлене түскен кезеңі. Қазақ поэзиясына ақын өз үлесін осы тұста қосты және ол қазақтың сөз өнерін өркендету жолында қаламы қолынан түскенше еңбек етті.

Жұмекен поэзиясы сан қырлы. Ақын поэзиясы бірден қалыптаса қалған жоқ. Өмірді шынайы бейнелеу жолында талай ізденіс соқпақтарынан өтті. Жігерлі талпыныс, бойға біткен табиғи талантты еңбекқорлықпен баптай білушілік оны майталман лирик дәрежесіне көтерді. Шығармашылық болмысындағы ерекшелік пен асқан шеберлігімен Ж.Нәжімеденов қазақ әдебиетінен өзіндік лайықты орнын алды.

Ақынның лирикалық қаһарманы – үлкен интеллект. Ол ұсақ-түйек төңірегінде, отбасы, ошақ қасында қалып қоймайды. Оның басты көтеретін мәселесі – адамгершілік, ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар-ожданына кереғарлықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық проблемалар, бүкіл планеталық мәселелер. Лирикалық қаһарманның ойлайтыны жеке бастың қамы емес, халық мүддесі. Айнала етектен тартқан ескілік, мансапқорлық, көрсоқырлық, аярлық, опасыздық, қаныпезерлік тынышын алып, түн ұйқысын төрт бөледі. “Өлең – сирена”, – дейді Қадыр Мырзалиев. Жұмекен ақынның әр өлеңі – ақын сезімінің сиренасы. Оның лирикалық кейіпкері әлем алдында, адамзат баласы алдында үлкен жауапкершілік сезінеді.

Ж.Нәжімеденовтің азаматтық үні “Жүрегімде бір тамшы қан болса егер” деп басталатын өлеңінде-ақ анық естіледі. Ақын ойлары кесек айтылған бұл өлең – кеудеден қайнап шыққан көңілдің ақ жамбысындай үлкен толғанысты туынды. Лирикалық кейіпкер өзін денені аралайтын бір тамшы қанға балап, сол қан сияқты туған жердің тамыр-тамырын аралайтындығын айтады. Адам қансыз өмір сүре алмайтын болса, ел де адамсыз өмір кешуі мүмкін емес деген ой айта келіп:

Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке,

Бүкіл дүние тұрып қалар секілді, – деп тұжырымдайды. Ақынның осы шағын өлеңі ақынның бүкіл поэзиясының лейтмотиві деп есептеу керек.

Ақын – заман перзенті, сондықтан заман үнімен үндесе, заман ағымымен бірге болуы керек. Заманның әр сәт сайын қояр сауалына жауап беру – әр қаламгердің азаматтық борышы. Жұмекен мұны терең сезінеді. Оның кез келген өлеңінен өмірге деген ерекше құштарлықты көретініміз осыдан. “Жүрегімде бір тамшы қан болса егер” деген өлеңімен үндесіп жататын “Соқ, сағат” атты топтама жырлардың мәні де ерекше терең. Ақын уақыт, заман, өмір туралы ой-сезімдерін бес өлеңге топтастырады.

Жұмекен Нәжімеденов поэзиясы – әрқашанда үлкен марапатқа ие болуға лайық шығармашылық.

Оның нәзік лирикасы, балладалары, дастандары өзіндік ерекшеліктерімен, нұсқалылығымен, озық қасиеттерімен өз замандастарынан қара үзіп, әлі күнге дейін алдыңғы саптан көрінуде. Оның өлеңдері мен дастандарының әрбіреуі – болмысы бөлек, үлгілі туындылар.

Ақынның «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен поэмалар жинағын «Атамұра» корпорациясының Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуы – өте орынды. Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының 2010 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі республикалық комиссиясының хабарламасында ақынның осы жинағы да бірнеше жазушылардың қатарында халық талқысына салуға жолданыпты. Бұл Жұмекен шығармашылығын зерттеп, бірнеше дүркін монография жариялаған мені үлкен қуанышқа бөледі.

Наши рекомендации