Етістіктің грамматикалық категориялары

1. Етістіктің грамматикалық категориялары.

2. Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары.

а ) Салт-сабақты етістік категориясы.

ә) Болымды-болымсыз етістік категориясы.

б ) Етіс категориясы.

в ) Күшейтпелі етістік.

г ) Амалдың өту сипаты категориясы.

Қазақ тілінде сөз таптарының бірі болып табылатын етістік өзіне тән белгілі бір мағына білдіре алатын, бірақ қазіргі кезде сол күйінде қолданылмайтын түбір тұлға және неше түрлі грамматикалық мағынаның тұлғалық көрсеткіштері болып табылатын формалардың түрлену жүйесінің бірлігінен тұрады.

Тілімізде етістік түбірдің грамматикалық сипатын айқындауда кездесетін пікір-таластар көп. Мәселен: А.Ысқақов етістіктің грамматикалық категорияларына:1) қимыл атау категориясы, 2) салттылық және сабақты категория,3)етіс категориясы,4)болымдылық және болымсыздық категория, 5) амалдың өту сипаты категориясы, 6) есімшелер категориясы, 7) көсемшелер категориясы, 8) рай категориясы, 9) шақ категориясы, 10) жіктік, көптік жалғауының шаққа қатынасы ( Қ.Қ.Т. 286-287б).

Педучилищеге арналған оқулықта Ғ.Әбуханов етістікті лексика –семантикалық категориялар (көсемше,есімше, болымды және болымсыз етістік, сабақты және салт етістіктер) және грамматикалық категориялар (рай, шақ) деп екіге бөлген(Қ.Т. 175-181 б). Ы.Маманов етістік атаулыны негізгі етістік және функциялық етістік деп екіге бөлген. Одан кейін негізгі етістікті түбір етістіктер және модификациялы етістіктер деп бөліп, модификациялық етістікке етістіктің салт және сабақты, етіс, күшейтпелі етістік, күрделі етістік, сыпат, болымсыздық етістік категорияларын енгізген. Сонымен қатар ғалым етістіктің берілу тәртібін көрсетеді : бірінші орында түбір етістіктер,екінші орында модификациялы етістіктер, үшінші орында функциялы етістіктер, төртінші орында рай, шақ категориялары (И.М. Қ.Қ.Т. 3-5 б).

Етістіктің грамматикалық категорияларының жіктелуінде елеулі ерекшеліктер бар : 1-ден, ол –етістік түбірінің бір жағынан грамматикалық сипатын өзгертпей, екінші жағынан түбірдің семантикасына аздап болса да өзгеріс енгізіп, басқаша грамматикалық мағына немесе жаңа мән үстейтін тұлғалар. Олар етістіктің басқа тұлғаларынан түбірге бұрын жалғанады. Ы Мамановтың оларды модификациялы етістік деп ерекше бөлуі тегін емес. Етістіктің бұл түрлеріне лексика-семантикалық, грамматикалық сипат та тән. Оларға салт-сабақты етістік категориясы, етіс категориясы, күшейтпелі етістік категориясы жатады.

Бұл категорияның бұл түрінде тұрған етістік тұлғасының түбір етістіктен грамматикалық сипаты жағынан өзгешелігі, айырмашылығы болмайды.

1) Бұйрық райдың 2 жақ анайы түрімен сәйкес, ұқсас келеді, яғни омоформалық сипатта болады.

2) Сол күйінде қолданылмайды, яғни басқа сөздермен тікелей синтаксистік қарым-қатынасқа түсе алмайды

3) Тікелей жіктелмейді, тек рай,шақ тұлғаларын үстеп барып қана жіктеледі.

Сөйтіп, етістіктің грамматикалық категорияларын лексика –грамматикалық (салт-сабақты етістік, етіс, күшейтпелі етістік немесе көрініс, болымсыз етістік) категориялары және таза грамматикалық ( рай, шақ, жақ) категориялары деп қарау керек дейді профессор С.Исаев. Бірақ бұлардың ішіне есімше, көсемше, тұйық етістік немесе қимыл атауы енбеген. С.Исаев бұларды етістіктің ерекше бір түрлері деп қарастырады. Ал басқа еңбектерде бұларды категориялар деп қарастырады.

Етістіктің сабақты-салттылық категориялары

Сөйлеу тілінде табыс септікті сөзді, тура толықтауышты керек ететін семантикасы бар етістіктер сабақты етістік деп аталады. Етістіктердің ішінде кімді?, нені?- деген сұрақтарға жауап күтпейтін, табыс септіктегі сөзге сабақталмай-ақ жұмсала беретін етістіктер салт етістіктер деп аталады.

Салт –сабақты етістіктердің семантикалық сипатының басым болу қасиетіне қарап, кейбір зерттеушілер, біріншіден, салт етістікті сабақты етістікке және сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын қосымшаларды сөзжасам қосымшалары деп, екіншіден салттылық-сабақтылық белгіні етістіктің полисемиялық немесе омонимиялық сипатын ажырататын критерий етіп ұсынады.

«Салт және сабақты етістіктердің бір-біріне ауысуы етіс формаларымен ұштасып жатады. Яғни өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема болса, өзгелік етіс жұрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады» - деп санаған Ы.Маманов.

С.Исаев етіс тұлғалары белгілі дәрежеде салт я сабақты етістік тудыру қызметін атқарса да, олардың грамматикалық тұлғалар жүйесі, категориялық көрсеткіші бола алмайды деп тұжырымдайды.

Етістіктің болымды – болымсыздық категориясы

Етістік түбір күйінде де, әр түрлі грамматикалық тұлғаларында қимылдың , іс-әрекеттің болуын білдіреді. Сонымен бірге қимылдың, іс-әрекеттің болуы өмірде болатын құбылыс. Қимыл, іс-әрекеттің іске аспауы, болмауы арнайы грамматикалық амал-тәсілдер арқылы беріледі. Сөйтіп, етістік білдіретін қимыл, іс-әрекеттің қарама-қайшы мәні, ол мағынаның болмауы етістік түбірлеріне етістіктің лексика-грамматикалық категориялары (етіс, күшейтпелі етістік) тұлғаларына - ма, -ме,-ба,-бе,-па,-пе қосымшасы қосылу арқылы жасалады, тек етістіктің болымсыз түрін жасап қоймайды, болымдылық мәнге қарама-қайшы етістіктің болымсыздық категориясын жасайды.

Болымсыздық категория етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады.

Күшейтпелі етістік

Күшейтпелі етістік етістік түбіріне -ыңқыра,-іңкіре жұрнағы жалғану арқылы жасалады.

Мысалы : алыңқыра, жүріңкіре, жуыныңқыра.

Күшейтпелі етістік өзіне ұйытқы болған етістіктердің лексикалық мағынасы өзгермейді, тек соларға күшейту, дамыту түрінде грамматикалық мағына үстейді.

Мысалы : Нұрғали Ділдәні көріп, біраз кідіріңкіреп қалды.

Күшейтпелі етістік формасы жағынан туынды түбір етістіктер сияқты болғанмен, өзінің грамматикалық қасиеті жағынан олардан басқа. Өйткені күшейтпелі етістік, біріншіден, өзіне ұйытқы болған етістікке тек грамматикалық мағына үстейді, 2-ден, бұл барлық түбір етістіктерге жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды да, сол түбір етістіктермен жарыса, қатар өмір сүреді. Ал туынды түбір етістіктерде мұндай қасиет жоқ.

Амалдың өту сипаты категориясы

Әдетте, амал-әрекет ешқашан біркелкі орындалмайды. Қимыл-әрекеттің шапшаң не баяу, шұғыл не созылыңқы,тыңғылықты не босаң, біркелкі не немесе үздік-создық түрлері де кездеседі. Сондықтан тіліміздегі етістіктер өз-өзінен тұрып мұндай мән-мағынаны бере алмайды. Ондай әрекет-қозғалысты етістіктің грамматикалық формалары ғана аңғарта алады. Негізінен бұған аналитикалық формалар ғана қызмет етеді. Себебі аналитикалық формалардың бойында амалдың жүзеге асуын сипаттайтын грамматикалық мағыналар болады. Мысалы: айта бастады, айта жөнелді, айта салды, айта қойды, айта тұр, айта бер дегенде түрлі форманттар жалғанып, айту қимылының сан түрлі өту сипатын байқатып тұр.

Етіс категориясы

Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте етіс қимыл , іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады.

Қазақ тілінде жазылған еңбектердің ішінде етіс туралы алғаш пікірді А.Байтұрсыновтың « Тіл – құрал» оқулығынан кездестіреміз. А.Байтұрсынов етіске ереже бермей, бірден етістің он түрін көрсетеді : сабақты етіс, салт етіс, шығыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс, өздік етіс, беделді етіс, ырықсыз етіс( А.Б.Тіл тағылымы .А.1992.231).

Ы.Мамановтың пікірінше: « Етіс категориясы –түбір етістіктен туатын грамматикалық форма. Яғни етіс формалары - өзі жасалған түбір етістікпен коррелятивті түрде өмір сүретін және екеуінің лексикалық мағынасы бір болып келетін етістіктер» (М.Ы.ҚҚТ.36).

Етіс тұлғаларының тағы бір ерекшелігі ол етіс қосымшалары етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді:

1) сырттай бұйрық райдың 2 жақ жекеше, анайы түрімен сәйкес келеді,

2) тікелей жіктелмейді, тек рай, шақ (көсемше, есімше) тұлғаларын үстеп барып жіктеледі және сол тұлғалар (рай, шақ( жалғануға негіз болады,

3) Сөйлемде тек етіс тұлғасында етістік қолданылмайды.

Етіс қосымшалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілген сипаттары негізінде етістіктің лексика грамматикалық категориясы болып табылады.

Етістің түрлері жайында да талас пікірлер аз емес. Мектеп оқулықтары мен арнаулы курстарда негізінен төрт түрге бөлініп баяндалған бұл категория біраз зерттеулерде беске бөлінеді.

1967 жылғы Академиялық грамматикада: «Мағыналық ерекшеліктері мен синтаксистік қызметіне және тұлғалық ерекшеліктеріне негізделіп, қазақ тіліндегі етістіктерді де:негізгі етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс деп беске бөлуге болады. Соның төртеуі әрқайсысы өзіне тән аффикстермен түрленеді, ал біреуі негізгі етіс өзінің ондай аффиксі болмағандықтан тұлғасынан ерекшеленеді. Сондықтан да етіс аффикстерімен әлі тұлғаланбаған негізгі және туынды түбір етістіктерді тұтас алып, өз алдына жеке бөліп негізгі етіс деп атаймыз. Бұл жағдайда субъекті мен объектінің іс-әрекетке деген қарым-қатынасы етістіктің бастапқы семантикалық мәніне қарай анықталады » деп көрсетіледі ( ҚТГ.169).

Бұл пікірді А.Ысқақов та айтады : « Етістер жұрнақтарының түрлеріне , мағыналары мен қызметтеріне қарай 1)негізгі, 2) ортақ етіс, 3) өзгелік етіс,4)ырықсыз етіс,5) өздік етіс болып бөлінеді. Негізгі етістің арнаулы көрсеткіші болмайды. Оған әрбір түбір я туынды етістіктердің де күрделі етістіктердің де негіздері жатады.

Негізгі етіс деп өзге етіс формаларына таяныш негіз болатын, солардың түрлерін, мағыналарын, қызметтерін салыстыра айқындайтын формасы» (А.Ы.ҚҚТ283).

Осыдан байқағанымыз: негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғыммен не семантикалық жағынан, не формалық жағынан еш айырмасы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория негіз болатын тұлға яғни негізгі етіс, дұрысында етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді. Сол категорияның берілуіне негізгі түбір, туынды түбір негіз болады. Сол себепті де Ы.Маманов етіс категориясының өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс деген түрлерін ғана көрсетеді.

Өздік етіс

Өздік етіс формасымен берілетін қимыл-әрекеттің иесі әдетте адам немесе басқа жанды зат болып келеді. Кейде қимыл иесі жанды зат болмай, табиғат атаулары болуы да мүмкін.

Кез келген етістік өздік етіс мағынасында жұмсалмайды, өздік етіс мағынасын бере алмайды. Мысалы . баянда, оқы, үз, апар деген етістіктерден өздік етіс жұмсалмайды. Себебі адам өзін-өзі баяндауы, оқуы, үзуі, апаруы мүмкін емес.Сондықтан қимыл иесінің өзіне бағыттауға, өзіне қарата жұмсауға мүмкін болатын қимылдарды білдіретін етістіктер ғана өздік етіс бола алады. Мысалы: қимыл иесі өзін-өзі жуады, сүртеді, тарайды. Сонымен өздік етіс қимыл іс-әрекеттің орындаушысына субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістікке -ын,-ін,-н,-ыл,-іл,-л қосымшаларының қосылуы арқылы жасалады.

Ырықсыз етіс

Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып,тек сабақты етістіктерден -ыл,-іл,-л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын,-ін,-н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтады.

Ырықсыз етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі айтылмайды, яғни ол сөйлемде қимыл иесінің кім екендігі белгісіз болады.

Мысалы : Үміт кір жуды. Кір жуылды.

Ырықсыз етіс өздік етіспен ұқсас та, өзгешелік те жерлері бар. Ұқсастығы : 1) қосымшалардың кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекстен ғана байқалады, сөйтіп бір –бірімен омоформа жасайды. Мысалы: Ол дәрігерге көрінді. Алыстан қара көрінді.

2)екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады.

Айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект –грамматикалық субъект ( бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады.

Өзгелік етіс

Сабақты етістіктің тура және ауыспалы түріне өзгелік етістің –ыт,-іт,-т,-қыз,-кіз,-ғыз,-гіз,-дыр,-дір,-тыр,-тір жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Өзгелік етіс – субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы. Қимыл иесі бір істі өзі істемей, екінші біреуге істететіндігін көрсетеді.

Қалижан хатты әрқашан көршісі Қабышқа оқытатын.

Бұл сөйлемде істі орындатушы – Қалижан, атау септігінде, бастауыш қызметінде, істі тікелей орындаушы – Қабыш, барыс септігінде, жанама толықтауыш қызметінде тұр. Сөйтіп өзгелік етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі екеу болады. Біріншісі – орындатушы, екіншісі – тікелей орындаушы ( агенс).

Ортақ етіс

Ортақ етіс қимыл іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъект арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс,-іс,-с қосымшасы арқылы жасалады.

Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей емес болуы да мүмкін.

Екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғана береді.

Мысалы : хат жазысты, қонақтар жайғасып отырысты.

Ортақ етіс мағынасы мен қосымшасы етістің басқа түрлерінен сабақтылық – салттылық сипатқа бейтарап болуы негізінде ерекшеленеді.

Ортақ етістің тағы бір ерекшелігі – қимыл атауын білдіруге бейім тұрады да, кейбіреулері сол арқылы заттық ұғымның пайда болуымен зат есім болып кеткен.Мысалы : соғыс, айтыс, байланыс.

Ортақ етіс пен өзгелік етістің семантикасында бір ұқсастық бар: екеуі де қимылдың, іс-әрекеттің бір субъекті емес, бірнеше субъект арқылы орындалатынын білдіреді, бірақ өзгелік тек сабақты етістіктен жасалып, онда екінші субъект – агенс міндетті түрде болады, ал ортақ етісте бұлар жоқ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.А.Байтұрсынұлы.Тіл тағылымы .А.1992.

2. Ы.Маманов. Қазіргі қазақ тілі.А.1996.

3. Қазақ тілі грамматикасы. А.1967. 1 том.

4. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.1991.

5. С.Исаев. Қазіргі қазақ тілі. А.2007.

6. Н.Оралбаева. қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А.2007.

Лекция №13

Наши рекомендации